«АБАЙ САЛҒАН СОҚПАҚТЫҢ АТЫ ҚАЛАР…»
06.04.2023
3209
0

 

Маржан ЕРШУ (АЙЕК), ақын, филология ғылымының кандидаты

«Ақ бұлт­тар, қара бұлт­тар,
ала бұлт­тар,
Байқасақ, аспанда да алалық бар.
Біреуде жас та болса даналық бар
Біреуде қарт та болса шалалық бар…»
Аманқос ЕРШУОВ

«Әкем менің жігіт­тің тұлпарынан,
Құлыншақтай кезінен ел таныған.
Асауларша алқынбай алғы топта
Басып озған бір күнде алтауынан.
Жалғыз шумақ өлеңнен ел таныған,
Серілерше салданбай жел қайырған.
Тұнжырамай, қамықпай,
озбыр болмай,
Жалғанды басып келеді жалпағынан.
Көлгірсімей, күйінбей еш адамға,
Адалдықпен қайраған төсін арға.
Арамтер боп алысқа ат шалдырып,
Атақ үшін қоспаған көшін алға.
Отауы – орта мектеп ауылдағы,
Ауыл мекен, топырағы жаны-дағы.
Туған жерде түймедей жыршы құс боп
Төсінде Кең Жылойдың дамылдады».


Бұл шумақтар – әкеме арнап жазған «Балапан» ат­ты поэмамнан үзінді. Бала кезімде «Ласточка» деген шоколадқа өте құмар болдым. Ол кәмпит шкафта тұратын, қонақ келгенде дастарханға қойылатын. Төрт жасар кезім болуы керек, бір күні әкем он күндей үйде жатып қағаз жазды. Кәмпит­тің жанында отырғанын біліп, мен де айналшықтап қасынан шықпай қойдым сау тісімді ауру қылып. Қасына барып: «Тісім ауырып тұр», – деп қыңқылдап ем, сөзіме құлақ аса қоймады. Сосын әндетіп: «Тісім-тісім тістеуік, түйреуішпен түйрелік, молаға қарай сүйрелік», – деп едім, маған қарап: «Мынау не деп отыр?!» – деп ұрсып тастады. Қолыммен жағымды ұстап: «Тісім қат­ты ауырып тұр, анау шкафтағы «Ласточка» деген кәмпит­тің үш-төртеуін жесем, жазылып кететін сияқты», – дедім жыламсырап. Әкем шкафқа қарағанда, мен: «Кілт шкафтың үстінде тұр ғой», – дедім. Сол күндері әкем де қағазын жазып бітірді, мен де шкафтағы кәмпит­ті жеп бітірдім.
Төртінші класта оқып жүргенімде, бірде әкемнің анама айтып жатқан әңгімесін құлағым шалып қалды. Ол кезде «Қазақ­стан пионері», «Пионер» журналын жаздыртып аламыз. Әкем: «Балалар да қызық қой. Қостанайлық бір оқушы бала «Шырқау» деген кітабымдағы өлеңімді көшіріп алып, «Пионер» журналына жариялап қойып­ты. Фариза апайдың журналды қарауға қолы тимейтін шығар», – деп айтып отыр екен. Жүгіріп барып кітап сөресіндегі «Шырқау» кітабы мен «Пионер» журналын ақтара бастадым. Иә, шынында көшіріп алыпты. Содан қолыма қалам алып, журналдың бас редакторы Фариза Оңғарсыноваға хат жаздым: «Фариза Оңғарсынова апай! Сіздің журналыңызда бір бала әкемнің өлеңін өзімнің өлеңім деп көшіріп қойыпты. Папам сізге қат­ты өкпелеп жүр». Үлкен шаруа бітіргендей, тиын сұрадым. «Тиынды қайтесің?» – деп сұрады әкем. «Конверт сатып алам». «Конверт­ті қайтесің?» «Фариза Оңғарсыноваға хат жаздым», – деп ем, «Алып кел хатыңды», – деді. Сосын оқыды да хат­ты олай жазбайды, жазу стилі былай болады деп айтып тұрды. Мен жаздым. Содан «Құрмет­ті «Пионер» журналының редакциясы», – деп басталатын хатымызды Алматыға жолдадық. Осылайша «Пионер» журналымен достастым. «Пионер» журналының жас тілшісі, бір жылдан кейін журналдың лауреаты атанып, сол кездегі Қазақ­стан ЛКСМ деген үлкен мекемеден екі рет Құрмет Грамотасын алып, Алматыда өткен пионерлердің республикалық слетіне де шақырылдым. Осылайша менің өлеңге жолым ашылған еді.
90-жылдары Халел Досмұхамбедов атындағы Атырау университетінде оқып жүргенімде әкем мені бір шараға ТШО– ға (ТеңізШевройл) алып барды. Ол кезде «Венгрлер қалашығы» деген болатын. Сол жерде керемет дүкен бар екенін естігесін сонда бардық. Жұмақ деген осы шығар деп ойладым. Дүкендегі қызылды-жасылды дүние көздің жауын алады. Ол кезде біздегі дүкендердің сөресі бос қалған шақ еді. Көзіме түскеннің бәрін алдыма жинай бердім, маған салса, осы дүкенді бар дүниесімен көтеріп кеткім-ақ кеп тұр. Таудай қылып үйген зат­тарыма бір қарап, маған бір қарап әкем қолын қалтасына салды. Ақша жетпейтін еді бәріне. Әкем сол кезде маған бір ақылды әңгіме айт­ты. Кейін осы оқиғаны «Дүкен іші – дүние» деген өлең ғып жазды:
«Дүкендердің сықап тұрған сөресін,
Дүниесін өз көзіңмен көресің.
Көресің де, көп қызыға бересің.
Әр нәрсенің жөні бар ғой, қызым-ау,
Әкеңнің де айтқанына көнесің.
Ақыл айтқыш әдетіммен баяғы,
Тәмам болды сөзімнің де аяғы.
Ал сатушы кездемені қып-қызыл
Қызықтырып алдымызға жаяды.
Өз кәсібін адал сүйген бұл адам
Қалтамызға қандай қаржы қояды?
Ойлайсың ба, оранам деп барқытқа?
Әзір бастан қолды созба артыққа.
Білесің бе, шешең сенің жасыңда
Шет­тен келген шәйі жібек тартып па?!
Одан-дағы он орамал ала сал
Әжелерге үлестірер сарқытқа.
Қызым сонда жадыратып қабағын:
– Базарлық та, басқасын да аламын.
Сенің арқаң Маржан болып жүргенім
Сен болмасаң ұлутас боп қаламын.
Аға деймін, Алатауым өзіңсің
Сүрінгенде тірелетін табаным.
Қарашығым тауып кет­ті…не дейін?!
Көзімде – жас, өксік ат­ты көмейім.
Ал бәрін де, ақша құрсын, берейін.
Мен тіріде үстем болсын мерейің.
Қарғаларым, бір қараға жеткізсем
Қарабайға ұқсамайын… өлейін».
Атам Назар майданнан броньмен қалып, Жаршық колхозында басқарма бастығы болған. Сондай-ақ аудан орталығы – Қосшағылда, аудандық прокуратура, сот орындарында да жауапты қызмет­тер атқарған. Әкем Аманқосты әжем Сарыбөпе тезек теруге барғанда туыпты. Жас келін алғашында қорқып кетеді. Бала емес, кішкентай қара қап, дыбыс та шықпайды. Жанындағыларға: «Енемді шақырыңдар», – деп ақырын үн қатады. Атпен шауып келген Злиха әжеміз бешпентінің жаңқалтасындағы бәкісімен кішкентай қапты тіліп жібергенде баланың шырылдаған даусы шығады. Қазақ мұндай баланы «көйлекшең туған» деп айтады. Бұл 1943 жылдың тамызы екен. Соғысқа кеткендер аман оралсын, ортаға келіп қосылсын, жеңіс орнасын деген ниетпен сәбидің атын Аманқос деп қойыпты.
Бірде жол бойында екі жасар Аманқос қаннен-қаперсіз ойнап отырғанда, інісіне қарай шаңдатып келе жатқан машинаны көзі шалып қалған он жастағы әпкесі Нұржамал жүгіріп келіп, кішкентай інісін жол жиегіне қарай қағып үлгереді. Әкемнің өмірін ұзартып, өзі машинаның астында қалып, қыршын ғұмыры қиылып кете барған екен иманды болғыр Нұржамал апамыздың. Тағы бірде ақшам кезінде ойын балалары үйдің бұрышында асық ойнап, ортадағы үстелде үлкендер шай ішіп отырады. Кенет есік қат­ты соққан желдің екпінінен сарт етіп ашылғандай болады да, бала есікке жалт қарайды. Қараған бет­те аузы ашылып, көзі бақырайып бір орнында қатып қалған екен. Басында тақиясы, үстінде шапаны бар бір қария кіреді де, үйдің босағасына отыра қалып екі қолын жайып, әлдене деп күбірлейді де, бетін сипап орнынан тұрып есіктен шығып жүре береді. Баланың көзі әлі есік жақта. «Ау, асығың қайда?» – дейді ойынның қызығына түскен балалар айқайлап. Балалардың шуына құлақ тосқан үлкендер не болды дегендей балалар жаққа қарайды. Есіктен көзін алмай қатып қалған бала Аманқос: «Әже, әже, көрдіңдер ме? Жаңа үйге бір ата келді. Басында тақиясы бар, шапаны бар. Мына жерде отырып бірдеңе деді, бетін сипады да шығып кет­ті», – дегенде, үлкендер не дерін білмей, шошып кетпесін деп таңдайын басып ұшықтап жатады. Осы сурет әкемнің ойында сақталып қалады. Кейін өлең жазғанда «Бұл өлеңнің киесі шығар» деп те ойлайды.
Сарбөпе әжемнің ағасы Смағұл ескі хиссаларды жатқа айтатын, домбырашы, шежіре кісі болған екен. Әкемнің ақындық қасиетін нағашыларынан дарыған деп отыратын әжем. Осы арада әкем Аманқостың өлеңінен үзінді келтіре кетейін. Өлең әкесі Назарға арналған. «Әкеммен әңгіме» деп аталады:
Биіктен сөз аламын өз атымнан,
Ақынмын көкіректен сөз атылған.
Сонда да ойлап тұрсам, асыл әке,
Өзіңнен қылығым аз оза туған.
Болғанда үзім нанның аты қайғы,
Жарылқап жетім,
жарлы-жақыбайды.
Ең алғаш колхоз құрған бір ісіңе
Менің бар атақ – даңқым татымайды.
Баласы деп айт­ты ел, басқарманың,
Білемін бұл сөзде де астар барын.
Желіден үріккен құлын секілденіп
Жек көрдім лауазым баспалдағын.
Көрдім де бас бұрмадым ол ауылға,
Қайтарда қамшым қалды
«Қарауылда».
Ақындық Абай жолы – азапты жол
Арқамды тосып жүрмін сан ауырға.
Біреудің қан жыладым мұңын көріп,
Жұбат­тым қара өлеңмен
шұғыл келіп.
Мен – Абай, сен –
Құнанбай болмасақ та,
Атыңды ерт­теп жүрдім ұлың болып.
Біреуге бұл дүние тез өткендей,
Ошағын жандыра алмас тезек термей.
Тоқырау тұсындағы тоқ бастықтар
Жазып жүр естелігін кезек бермей.
Жайы жоқ олардың да жатып алар.
Салмақтар өмір деген сахна бар.
Біледі әкімдіктен аты қалмас
Абай салған соқпақтың аты қалар.
Ұлыңның не айтса да еркі бүгін,
Алда талай самғауым, мертігуім.
Әке, мына мен барда сен тірісің
Абай жыры тұрғанда мен тірімін!..
Ең алғаш мектепке барғанымда, мұғалім апай: «Ершеуова», – деді маған. Өкпелеп үйге келген мен Назар атама: «Мұғалім фамилиямды қате айт­ты, балалар мазақтады. Атамызға «Ершу» деп неге ат қойған, басқа ат таба алмай қалған ба?» – дедім. Сонда атам: «Ер – ат­тың ері, атқа мінгенде, «шуу» деп қамшы басады. Ер – деген нағыз жігіт. Сүйінғара батыр атамыздай ат үстінде жүрер ер болсын деп ырымдап Ершу атаған», – деген еді.
Ершу атамыз құралайды көзге атқан мерген, ат жалында ойнаған шабандоз, қызыл тілді, қызуқанды адам болған екен. 1929-32 жылдары қызылдарға қарсы Жылыой, Бейнеу, Үстірт, Маңғыстау бойында адайлар көтерілісі болғаны мәлім. Адайлар көтерілісіне атам Ершу да қатысып, қол бастағандардың бірі болған екен. 60-жылдардың аяғында колхоз басшысы Назар атама Мәскеуден, Орталық Комитет­тен арнайы хат келіп, ол хат­та әкесі Ершудың «Адай көтерілісіне» қатысқаны туралы жазылады. Ол кез әкемнің «Ақ бұлт­тар» деп басталатын атақты өлеңімен ақын деген атағы шығып, аты ел ауызына іліне бастаған уақыт екен. Назар атам баласының болашағын ойлап: «Ол Ершу деген кісі – жай ат­тас адам, біздің атамыз емес екен. Біз – Лениндік ұлт саясатына адал, партияға қызмет еткен жандармыз», – деген сыңайда жауап хат жіберуге мәжбүр болады. Содан әкеме: «Кітабыңды ауылда жазып жүре берсең болмай ма? Алматы деген үлкен қала ғой, шуы көп», – депті. Осылайша әкем Әбу, Жұбан, Қадыр бастаған арқалы ақын ағалары Алматыға шақырса да, ақындар мекеніне жол тартпай ауылда қалып қояды.
…Менің алғаш ел алдына шығып сөйлегенім бәрінен де қызық болды. 4-класста оқитынмын. Бір күні әкем: «Ертең аудандық «Ембі» газетінің 50 жылдық мерекесіне арналған жиналыс болады. Соған Маржанды ертіп бара­йын. Газет пен кітапқа құмар ғой», – деді. Анам шашымды өріп, қызыл шоқтай бантик қадады. Әдемі көйлегімді кигізді. Әкем екеуміз машинамен аудан орталығы – Құлсарыға келдік. Бірден газет­тің редакциясына бардық. Әкем редакциядан баспаханаға дейін саяхат жасатып, газет­тің қалай шығатынын түсіндіріп айтып берді. Ол кездегі баспаханалардың жұмысы қиын болатын. Темір әріптерді соғып жатқан – терімші апайлар… Газет шығару да үлкен мехнат екенін көрдім. Біраздан соң жиналыс басталды. Адамдар сөйлеп жатыр. Әкеме де сөз берілді. Сөзінің соңында: «Осы залда менің Маржан деген кішкентай қызым отыр. Қазір сөйлейді», – дегені. Мен халықтан қорқып, қысылып тұрсам да сахнаға шықтым. Микрофон алдында тұрмын. Зал маған қарайды. Мен халыққа қараймын. Тыныштық орнады. Не деп сөйлеу керек? «Құт­ты болсын!» – деп екі-ақ ауыз сөз айт­тым да, мінбеден түсіп кет­тім. Жұрт­тар қол шапалақтап, күліп жатыр. Сол кездегі «Ембі» газетінің бас редакторы Мұңал Далбаев ағай: «Маржан – газетіміздің жас тілшісі. Құт­тықтауын айт­ты. Қалған сөзін газетке мақала ғып жазады», – деп мені көтермелеп қойды. Жиналыстан шыққасын Шоқпартоғай ауылында тұратын белгілі әдебиетші, шежіреші, әкемнің ұстазы Жанаш Нұрмаханов ағай: «Аманқос, біздің үйге жүріңдер. Маржанның сөйлегенін атап өтейік», – деп үйіне қонаққа шақырды. Жанаш ағайдың үйі кітапқа толы екен. Біздің ауылдың кітапханасы сияқты екен деп ойлағам сонда.
Әкем Аманқос ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп-интернат­тың директоры болды. Бала кезімізде біздің әр түрлі қылықтарымызға орай, табан астында өлең шығаратын. Батырлар жырын жатқа оқитын. Қара сөзден гөрі өлеңнің адамға әсері күшті екенін байқап, ақын болуды армандап өстім. Әкемнің тәрбиесі мен батырлар жырын, ертегілерді сүйіп оқығаным да қаламды серік етуіме ықпал ет­ті.
Анам Алтын – Махамбет Өтеміс­ұлының «Өтемістен туған он едік» ат­ты атақты өлеңіндегі Өтемістің оныншы ұлы Досмайылдың ұрпағы. Досмайылдың ұлы Есет­тің кенже қызы Ақшабалдан менiң анам Алтын туған. «Менің бабам – Махамбет» деп жүргенім содан.
Мектепте оқып жүргенімде республикалық балалар басылымдарына өлеңдерім мен мақалаларым жарияланып тұрды. Студент кезімде әкем: «Енді өлең жазба! Сабағыңды оқы! Өлең жазған адам «қияли» болып кетеді», – деп ақыл айтып, мені орта жолдан тоқтатуға тырысып бақты. «Біздің заманымызда ел жыр оқыды, ақынға ықылас болды. Сенің заманың басқа. Жазсаң, қарасөз жаз», – деген де болатын. «Қасқа-ау, жазу деген – бақыт емес, сор мен бейнет қой. Сорына көнсең де, бейнетін қалай кешесің?» – деп те ұрсатын. Әкемнің айтқаны рас екен. Мен мұны жылдар өткен соң сезіндім.
2003 жылы Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойы өтіп жатқан тұста Атырау университетінде қызмет ететін бір апай жаныма келіп (ол кісі қазір бар): «Әкеңнің жазып берген өлеңімен күн көріп жүрсің», – деп тиісіп сөйлей бастады. Мен оған: «Бұл сөзіңізді менен басқа ешкім естімеді ғой, плакатқа жазып көшеге шығыңдар, ел көрсін, естісін», – деп едім, ол тілін тістеп кете барды. Кейін бұл әңгімені әкеме айтып: «Күшті айт­тым емес пе?!» – дегем. Сонда әкем: «Елдің бұралқы сөзінің бәріне жауап берем десең, бағытыңнан адасасың ғой», – деді де қойды. Сол жылы облыс әкімінің қолдауымен «Атырау ақын-жазушыларының 100 томдығы» шығып, оның 58-томына менің өлеңдерім енді. Кітап еліміздегі барлық кітапханаларға тарап кеткен. Кітапты парақтап, өз өлеңдерімді көріп шошып кет­тім. Бар бояуынан айырып, сөздерін өзгертіп, үзіп-жұлып түсініксіз шатпақ қып жіберіпті редакция алқасы. Редакция алқасы – өзіміздің Атыраудан шыққан ақындар. Бұл әдебиет базарына бет алған жас ақын үшін үлкен соққы еді. Әкем де қат­ты қиналды сол кезде, сонда да маған: «Әйтеуір кітабың көп­пен бірге шығып қалды ғой, ештеңе етпес», – деп жұбату сөзін айтып қоятын. Мені жұбататын сөз тапқанмен, өзін жұбататын сөзді таба алмаған шығар деп ойлаймын. 2004 жылы «Айек» деген псевдониммен «Шырақ» ат­ты кітабымды шығарғанымда әкем қат­ты қуанды. «Тек алға жүру керек», – деді.
«Ақындық – тағдыр» дейді. «Ақындар кейде өз өлеңдерінде болашағын да болжайды. Бірақ оны өздері сезінбейді» деген сөздер айтылып жатады. Әкем Аманқос елу жыл бұрын:
«Көк теңізде сенделдік талай ығып,
Енді олар болады қалай ұмыт?
Асау жүрек, сабыр ет, атыларсың,
Көкірегімнің қақпасын қақ айырып.
Саған салған салмағын –
сырқат емес,
Пенделерден кездескен жабайылық», – деп жыр жазыпты. Сол ақын жүрегі, асау жүрегі, абзал жүрегі өз өлеңінде жазғандай, біраз жылдар бойы жанына батып, ауырып сыздай жүріп, күйіп кет­ті. 2019 жылдың 21 тамызында бақилық болды. Биыл әкем Аманқос Ершуовтың туғанына 80 жыл толады. Үш томдық шығармаларын жинап бастырып, оқырманымен қауыштыруды ойлаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір