МЕТАФОРА ҚҰШАҒЫНДАҒЫ ПОЭЗИЯ (эссе/рецензия)
05.09.2020
2116
0

Дидар АМАНТАЙ

Туындыгер. Кезінде, аласапыран тоқсаныншы жылдары, хас таланты, қабырғалы еңбектері жайлы, дер уағында, нағыз шағында, таратып-тарқатып жаздық, оқырман қауым, қалың бұқара, көпшілік орта – әсте ұмыта қоймаған шығар.

Күрделі образға бай шығармаларына – жан-жақты пайым-пассаж келтірдік. Әдетте, тереңді талдаған – асқарға жолығады, шалқарды көрген – шексізді таниды, биікті іздеген – шыңырауды табады.

Қысқа сөзінің ойы ұзын, көбіне – тұңғиық. Себебі көлемі зор, арыны қатты, арнасы үлкен – телегей теңіз. Бұзып-жарып атомға жеткендей, мансапты, мәртебелі, дәрежелі, өктем сөйлегені, сөздің түбін көздегені шығар, шежірені ақтарады, дүниені қопарады: бөлшектейді, жартыдан толық, кетіктен бүтін жасайды.

Тәңірден кейінгі жер-көктің иесі – ақын. Ақсұңқар кеңістігінде – Серік Ақсұңқар. Ілгерідегі жазбамызда ілкі өлеңдеріне көз жүгірттік. Көз жүгіртіп қана қойған жоқпыз: тіпті, бұлыңғыр тұсына, бұлағай жеріне түсініктеме бердік.

Бүгінде әлемде жаңа тенденция қалыптасып келеді. Ертедегі дүние – енді маңызы арта бастады. Ол – күңгірт проза, көмескі поэзия, айқындалмаған ой, пейілі белгісіз ниет, әсерді тіркеп жазып отыратын бейтарап сана. Автор түсінікті болуға тырыспайды, ештеңе анық емес, тегіс тұманды. Сомдаған бейнесі бейуақ, шығармасы идеясыз, мақсатсыз, бәрі беймәлім.

Біздің автор, дегенмен, басқа – бүкіл халықтық атақ-даңқ иесі, марапат-мақтауы көп, ұзақ жетістік артынан жылдам жүріп, тез басып көл-көсір мадақ та жетті, келе жатыр, бірақ, махаббаты жыр-өлең, поэзияға адал, оның аты: төлтума құбылыс – түпнұсқа түйін – түпкілікті мән.

Өткен ғасырдан жүз жыл бұрын, Гюго, Флобер, Бальзактар дәуірінде, ұлы Абай дәл тапқан шешімін қағаз бетіне түсірген меже, мерзімде, «Құдай сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» (көптеген қоғам, мәдениет, өнер туралы теорияларға негіз бола алатын сүйекті сөз), Серік Ақсұңқар былай деп жазды:

Айғай салған Алланың дауысынан,

Атып тұрды ұйықтаған Періштелер!

Өнердің құдыреті. Біз Алланың тілін білмесек те, періштелер тобы адам тіліне аударып беріп отырады.

Ол – Чарльз Пирс, Фердинанд де Соссюр пысықтаған, гуманитарлық  теория жақтасы, сөз-түсінікті акустикалық дыбыстық образ емес, құлама жартас бетіне түскен белгі, санасына басылған таңба деп түсінген шайырлар үздігі санатынан, яғни, фонетикадан грамматика озған лингвистикалық төңкерістер жетекшілерінің жалғасы, экзистенцалистік абсурдтық сана зерттеушісі, модерн/постмодерн құбылысы, өз тарихының авторы, халық шежіресінің таратушысы, содан соң, Тоныкөк, Күлтегіндерді жырға қосқан біздің заманғы Йолығтегін, Қасым тәлімгері, Махамбет, Абай, Мұқағалилар мұрагері, яғни, азат ақын – азаттық жыршысы, жиырмасыншының жүйрігі – символизм өкілі.

Жыры – соқтықпалы, соқпақсыз тәуелсіздіктің ерлік жолдарындай – асқақ. Қалам тартқан қаһарманы жалғыз: азаттық!

Күнім түсіп қайдағы бір жаманға, –
Өзек жалғар талшығымды табам ба?
Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,
Мұнай деген құдай болған заманда.

Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін,
Өз елімді келді-ау, нұрға бөлегім.
Иномаркалардың моторларында,
Бензин болып жанып кетті өлеңім…

 Мөлт-мөлт еткен көздің жасы жанарда,–
Жанып кетті—тамшы болып тамарда!
…Отқа оранған мендей ақын болған жоқ,
Мұнай келіп  құдай болған заманда.

Серіктің көтеретін тақырыбы – біреу – түркі жұртының мәңгілік еркіндігі. Ертеден еріктілер қатарында, қазақ мүддесіне еңбектеген шағынан бастап қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Жампоз ақын – жасампаз поэзия жазды. Шығармасында елдік мәселе шексіз, таңның атысы, кештің батысы, толғандырады, тебірентеді, шертіледі, ұлт мұраты үздіксіз әңгіме болады. Қыр тіршілігі… қыс көріністері. Түптеп келгенде, ұлттық мүдде дегеніміз – ұлт мәдениетін қорғау, сақтау, өркендету. Оқшау екендігімізді ой-қырға жайып, жаратылысымыз бөлектігін жария ету. Көшпелі жұрт тарихы таңғажайып, тағдырымыз оңаша. «Ат тұяқтарының даламда азан сапты әні, ата-бабамның сол еді қаламсаптары», – дейді ақын. Әр мемлекеттік құрылымның мемлекеттік мұрат-мүддесі де жалғыз-жалқы – ұлттық мәдениет.

Кириллица – ет жақыным,
Жатым да,
Жан тартпаған мендей бөтен ақынға.
Қашан көшіп Қасиетті Латынға,
Айтам осы Алаш-Анам хақында?

 Бодан елдің ақыны боп алғасып,
Ессіз заман –
Егеменмен алмасып –
«Жиырма сәті ХХ ғасырдың»,
Кириллицада қалып қойды
Шаң басып…

 Бірге қонып- гүлге қонған арамен,
Арудың да  қолаң шашын тарап ең.
Құрлықтар мен мұхиттардан өте алмай,
Жанымдағы жапонға да жете алмай,
Кириллицада қаласың ба,  қара өлең?

Ақ сұңқар ақын өлең техникасын виртуоз деңгейге жеткізген, мазмұны кең, мағынасы терең, тақырыбы биік. Әр өлеңі – құпия сырға толы, құнды сөзбен кестеленген, ой қуатына тұнған. Он екі өрім қамшы тәрізді мықты.

Рас, ойы тұнық, образы ашық, әрекеті – анық, жазғанда еркін көсіледі, бірақ, қызыл сөз тұтқынында емес, пафос жетегінде жоқ, қысқа қайырғанда ұшқыр, ұзақ сілтегенде қазанат.

Ұйқас, сағыныш, жылы естелік, гүл-бәйшешек оранған жаз маусымындай таңғажайып емен-жарқын атмосфера тудырады. Таудың қолат-қойнауларынан құлап сырғып ағып келетін қоңыр салқын леп жайлап, білінер-білінбес, ақырын соғып тұрады, сақара даласынан есіп, аңғарларға, сай-салаға жайылған жібек торғын самал жүзін сипап, қарт жиһангер жолаушының мойнына құйылады. Түз күн шуағына шомылады. Шашыңды қозғап, шабытыңды оятады.

Арқадан мен іздеген Күнекей Қыз,
Жүр екен күлімсіреп Түркістанда.

 Жерде – су.
Тас төбеде – Күн тұрады.
Түркістан, сонсоң, күнде құлпырады.
Күлімдеп Күн астында Күнекей Қыз,
Ұмсынып Муза, саған, ұмтылады.

 Армысың, Күн астында Күнекей Қыз,
Көктейін әлі біз де дүр етерміз.
Егіліп табыса алмай, қауыша алмай
Екеуміз екі жақта жүр екенбіз.

Метафора құшағындағы поэзия. Өлшеусіз көп эпитет, ой тұйықтағанда нүктенің өзі – көп нүкте. Ғарыш қанша шексіз болса да, ақынның бір сөзіне оңай сыйып кетеді. Серік – космос. Қай тараптан қарасаң да – шексіз.

Шайыр – адам атынан сөйлеген ғаламзат перзенті. Әлемге үн қатқан дауысында нақыш, дыбыс жеткізген сөзінде нәш бар. Бірінші образы – өзі, өзінің бейнесі – өлеңі. Шын талантта образдың бәрі бірінші, екінші – жоқ.

Серік Ақсұңқардың шығармашылығынан ескі сарын желісі, жорық жырларының екпіні білінеді. Желкілдеген ту соңынан жортқан сарбаздардың қиқуы, қалың қолдың дүбірі естіледі.

Жанын жасынға жаныған жұрт едік.
Көшін ұзатып тұрған шал  —
Ақтамберді дейтін асыл-ды.
Түбім  —  Күлтегін.
Төңірегім  —  Біржан сал.
Қаным  —  Қасым-ды.

 Вискиді сіміріп, жүзімнің өзін жүре жеп,
Кімге керек деп мына сор?Шәміл екеуі
міз базар басқарып жүрер ек,
Ол  —  тауға кетті…
Мен  —  дауға кеттім.
Кінә – сол!

 Қап тауында үйірлі қасқырмен қоса өріп,
Етектен  —  кәуір, құзынан  —  дауыл соққылап,
Тауда жүр Шәміл қар кешіп, көк мұз төсеніп,
Мен   елде жүрмін.
Жетісіп жүргем жоқ, бірақ.

 Төменде  —  ел.
Тәңірі  —  төбемде.
Өртеңге кіріп, өртенді менің өзегім.
Базарға бармай, бағымды сынадым өлеңде.
Өзбекстан емес, өйткені, мынау – өз елім.
Өртеніп барады өзегім…

 

Әр өлеңі – жорық, әр сөзі – сапар. Ой, таным, білім – саяхаты. Сұңғыла автордың қай Шәмілді айтып отырғаны белгілі. Шәміл десе, бүкіл жаужүрек Дағыстан атқа қонады.

Ең мықты туындысы – «Қасқырдың монологы».

Тұңғыш жинағынан бастап, поэзиясы, тіпті, жарияланбай, жарық көрмей жатып-ақ, ғарышты жырлады, тарихты тезге салды, сөйтіп, түркі дүниесінің жалынды жыршысына айналды.

Ол – таласта білімпаз, дау-шарда талғампаз, күресте дауылпаз. Кітап оқитын ақын. Жұртты ізгілікке шақырады. Демек, оқымысты. Ар-ожданы – поэзия, жанрдың нары да – поэзия.

Немістің бір ойшылы: «поэзия болмыстың әуелгі атауы» дейді, тіпті, ол, «тіл таза күйінде – поэзия» дегенді де келтіреді.  

Серіктің поэмалары да қызық. Ол поэмаларында теистік мәселелерді көтереді. Метафизикалық ірі дүниелерді, іргелі таным-түсініктерді ой талқысына салады. Ел өседі, заман ауысады, қоғам өзгереді, жаңа мәселелер пайда болады, адам санасында ғылым дамуы әсерімен, өрелі технологиялар ықпалының күшеюімен озық ұғымдар қалыптасады, кешегі әлем кескіні ескіріп, конструкциясы қирап, орнын жаңа ғалам пішіні басады, басқа концепциялар жасалады, өзге уақыт келеді, жаңа буын, жас ұрпақ сахна төріне көтеріледі.

Ақын шығармашылығы – халық тарихының барометрі. Таныса отырып, тарихын танимыз. Совет заманы – елдің бір бөлшегі, рухани жолының белгілі бір кезеңі, автор кешегіге байланып қалмайды, ол тәуелсіз Қазақстан идеясын насихаттаушы.

Дәлірек, Серік Ақсұңқарұлы – азаттық жыршысы. Отан туралы жазса да азат, опасыздық жайлы қалам тартса да азат, о, махаббат, деп жырласа да азат. Өйткені, ол – азат халықтың арғымақ қазағы. Отаны тәуелсіз ердің ойы да  дербес, өлкесі де еркін, өмірі де бостан. 

Кезінде оқырман, сыншылар тарапынан лайықты бағасын алған, культтік шығармаға айналған «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» поэма-панорамасы бүгінде ұлттық қазынамыз санатынан, қазақ әдебиетінің алтын қорына енген.

Ол аталған панорамалық поэмасымен-ақ алаш поэзиясы тарихына енген еді, енді ұлт рухани кеңістігіндегі өз орнын тауып қана қоймай, оны мықтап шегеледі. Ештеңе жазбаса да болар еді, жоқ, ақын өлеңде ғана өмір сүре алады.

FACEBOOK-тің БОЛЖАМЫ 

«ФБ-да  «Өткен өмірде кім болғансыз?» деген сауалнамаға: «Сіз – Цезарь болғансыз!» – деп тұр…

Бұл – өтірік.
Мен өскемін жусанда,
Соған жудым бет-аузымды – жусам да;
Әкім болып көргем жоқпын ғұмыры, –
Ақын болғам қашан,
Қайда тусам да.

 Талай жерді базарлаған шығармын,
Кір-қоңымнан тазармаған шығармын; –
Ақын болғам…
Мүмкін онда егіліп,
Бүгінгідей жаза алмаған шығармын?

 Күллі дүние сыйып кетіп таңдайға,
«Мал қайда? – деп, ойламаппын,– жан қайда?!»
Цезарьдайын өктем, зілді патша боп,
Елді билеу жазылмаған маңдайға.

 Сонда өкініп, талай басты шайқағам,
Енді келіп Доспамбеттей:
«– Өкінбен!» – деп айта алам.
Қайта тусам – ақын болам әдейі,
Көресінді көру үшін  қайтадан?

 30.08.2020

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір