АЛАКӨЛ ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТ­ТІ
23.03.2023
375
0

Өткен аптада Жетісу облысы Алакөл ауданы Көлбай ауылының Көлбай орта мектебінде сол ауылдан шыққан жазушы, драматург, өлкетанушы Заман Төлеуов пен ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Жангелді Немеребай атындағы Қазақ әдебиеті кабинетінің салтанат­ты ашылу рәсімі өт­ті. Шалғайда жатқан Көлбай ауылындағы «Заман ағам толғайды, Жангелді ақын жырлайды» тақырыбындағы бұл игі шараға алыс-жақыннан елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Атап айтар болсақ, жазушы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының атқосшысы болған полковник Бекдайыр Иманбаев, Мұқағали Мақатаев сыйлығының иегері Шаяхмет  Имашұлы, ақын, көптеген сыйлықтардың иегері Болат Шарахымбай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуат Қайранбаев, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман, «Ұлы Дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Ғабиден Жакей, сондай-ақ айтыстың ақтангері Айтақын Бұлғақов, Жетісу облыстық филармониясының режиссері Берік Төкенов, Жетісу облыстық М.Тынышбаев атындағы мұражайдың бөлім меңгерушісі Қалқаман Әбдірахманұлы және Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ибраимов пен аудандық газет­тің бас редакторы Алмат Есенбековтер қатысып, екі қаламгердің шығармашылығы туралы тұщымды ойларын ортаға салды.
«Заман Төлеуов – өте еңбекқор, ізденімпаз адам еді. Өмірінің соңғы жылдарында прозалық шығармаларды үзбей жазды. Республикалық жүлделерге ие болды. Оның әдеби танымы терең, ойы ұшқыр екенін әлеумет­тік желідегі жазбаларынан, пікірлерінен біліп жүрдік. «Қазақ әдебиеті» газетінде Заһар Сұрмерген деген атпен сыни мақалалары жарық көріп, оқырманды тез баурап алды. Әдеби ортаға жан бітірді. Әр жазған мақаласы қызу пікір-таласқа ұласатын. «Қарақуыс» романы – мазмұны мен формасы бөлек заманауи туынды еді. Алдағы уақыт­та «Аққуыс» романын жазамын деп жүргенін кейін білдік. Ол романын жаза алмай кет­ті. Сол өкінішті», – дейді ақын Жомарт Игіман.
Заман Самалбекұлы 1949 жылы 10 шілдеде қазіргі Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Тастұма ауылында  дүниеге келген. «Сарқан» аудандық газетінде бөлім редакторы қызметін атқарған. Ұзақ жыл тарихи-танымдық «Қойлығым құт­ты мекенім» ат­ты кітап пен көпшілікке арналған салалық тақырыптағы бірнеше жинақтардың шығуына мұрындық болған. Сондай-ақ «Саялы төрім – Сарқаным», «Кісілік келбеті» сынды ғұмырнамалық дүние­лерге қомақты үлес қосқан. Әсіресе тарихы терең Қойлық қаласын зерт­теу мен насихат­тауға көп еңбек сіңірді. Өлкетанушы ретінде, Алакөл, Сарқан өңірлерінің тарихын, белгілі адамдардың өмірбаянын, жер-су атауларын зерт­теп, баспасөзде көптеген танымдық мақалалар жазды.
Соңғы жылдары жазушылықпен кәсіби айналысуға бет бұрып, прозалық шығармаларды өндіре жазды. «Ауылым – алтын тұғырым» ат­ты республикалық байқауда жеңімпаз болды. «Қарақуыс» ат­ты романы республикалық «Алтын қалам» байқауында «Жылдың үздік романы» атанып, топ жарды. Жазушы 2021 жылы өмірден озды.
Ал Жангелді Немеребаев – көптеген республикалық байқаулардың жүлдегері. Алакөл ауданынан шыққан талант­ты қаламгердің бірі. Бірнеше жыр жинағының авторы.
Жерлестері екі қаламгердің шығармалары туралы тебірене сөйлеп, әдеби кабинет­тің ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Осы шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан мектеп ұжымына алғыс айт­ты.
Кабинет­ті заманауи жабдықтауға Заман Төлеуовтің асыл жары Гүлмира Ажиханова қолдау көрсет­ті.
Іс-шараның соңында Заман Төлеу Ажихановаға қолдау көрсетті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір