Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ, жазушы: КҮНШІЛДІК ПЕН ҚЫЗҒАНШАҚТЫҚТАН ЖИІРКЕНЕМІН
11.08.2020
973
0

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адалдық пен әділдік.

Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

– Ер азамат ежелден елдің тірегі, қорғаны. Не қилы қиын кезеңдерде елді, жерді сақтап қалған сол ер-азаматтар. Бүгінгі бейбіт заманда да халық алдымен елім деген ер-азаматтарға сенім артады. Қазіргі уақытта елімізді жайлаған COVID-19 індетіне қарсы Елбасымыз бастап, Президентіміз қостап, халықты үрейлендірмей, бірлікке шақырып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, әлеуметтік қолдаулар мен қаржылай көмек көрсетуі – нағыз ер-азаматтықтың үлгісі деп білемін. Ендігі бір мәселе, Тәуелсіздігімізге 30 жыл болса да, тіліміздің қазақ аспанында еркін қалықтай алмағаны бүгінгі ер-азаматтарға үлкен сын, әрине. Сондықтан қазіргі жаһандану заманында ер-азамат алдымен осы тілімізді өркендетіп, ұлттық құндылықтармыздың жаңғыруы үшін күресуі керек.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Бақыт деген алдымен айналаңның, отбасыңның амандығы, бүтіндігі. Еліңнің, жеріңнің тыныштығы. Ал жеке өмірге келсек, алдыңа қойған мақсаттарыңа өз еңбегіңмен жетсең, соның жемісін көрсең бақыт деген сол.

– Сүйікті әдеби

кейіпкеріңіз кім?

– Айрықша жаратылыс, ерекше бітім-болмыс, тосын әрекеттерімен ауық-ауық еске түсіп, көз алдыма көлденеңдейтін әдеби кейіпкерлерім: Сантьяго (Э.Хемингуэй «Шал мен теңіз»), Қажымұрат (Л.Толстой «Қажымұрат»), Бақтығұл (М.Әуезов «Қараш-қараш…), Танабай (Ш.Айтматов «Қош бол, Гүлсары»), Шақан (М.Мағауин «Шақан Шері»).

– Ең басты кемшілігіңіз қандай?

– Бірден шешім қабылдай алмайтыным.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Табиғат аясында, сәті келсе, тау арасында, көкорай шалғынның ортасында, сарқырай аққан өзен жағасында серуендегенді жақсы көремін. Оның ыңғайы келмесе, оңаша отырып күй тыңдаймын.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Тау-тасты шарлаған альпинист-жазушы болар едім.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Кеңестік кезеңде жоғалтып алған ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, яғни, Елбасы айтқан ұлттық кодын қалпына келтірген дархан көңіл қазақ елінде.

– Қандай ерекше қасиетке ие болғыңыз келеді?

– Кейде түсімде екі қолымды қанатша сермеп, тау арасында ұшып жүремін. Шіркін-ай, осындай қабілетім шындыққа айналса ғой!…

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Кейде көңілге жақпаса да көңіл жықпастығым болып қалады.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Адамның ақылы жете бермейтін тылсым дүниеге, әлдеқалай бір «ғайыпқа сену» дегенге түсінбеймін. Мұның бәрі айналып келгенде Аллаға сену деген сөз. Ислам тәлімінде ешбір нәрсе Алланың құдіретінсіз жүзеге аспайды. Қазақтың «Құдайсыз қурай да сынбайды» дейтіні сол.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?

– Адамның ауыр қылмыс жасауға ниеттенгенін біле қоятын құрылғы ойлап табар едім.

– Неден жиіркенесіз?

– Күншілдік пен қызғаншақтықтан.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Ф.И.Голощекин.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– Асығыстан Құдай сақтасын!

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Әрине, болып тұрады.

– Үнемі есіңізде жүретін

Абайдың бір сөзі?

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап».

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Имандылық пен мейірімділік.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Ақыннан – Серік Ақсұңқарұлы, жазушыдан – Несіпбек Дәутайұлы.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктер көріп жүрсіз?

– Бүгінгі шығармашыл жастардың алдымен еркіндігі, батылдығы ұнайды. Жаңашылдыққа, өзгеше өрнекке ұмтылған өзіндік ізденістеріне риза боласың. Алайда бір кітап шығара салып, болдым, толдым деген көкіректері байқалып қалады. Сондай-ақ жастар тілге көп көңіл бөлмейтін сияқты. Тіл қолданыстарының орашолақтығы, жұтаңдығы жап-жақсы ойды бұлыңғырлатып жібереді. Бай тілімізді, асыл сөзімізді бүгінгі заманға сай жаңғыртып, тірілтіп отыру шығармашыл жастардың ең негізгі міндеті болмақ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір