Мехнат ТЕМІРТАСҚЫЗЫ: БІЗДЕР ҮШІН, ЖҰЛДЫЗ – МҰҢЛЫ, АЙ – ҒАРІП…
11.08.2020
2131
6

Сәлем хат

Қалайсыз, апа?..

Сіз жақта бәрі жақсы ма?..

Қыс жетіп аппақ,

Ақ ұлпалары басты ма?

Періште сынды мейірбан ең ғой тірлікте,

Қуанып Жұмақ…

Қақпасын сізге ашты ма?..

 

Қалайсыз, апа?..

Мінезге бай ең сымбатты…

Ажалдың оғы жараламады ма, тым қатты?

Жұмада жерге жамбасың тиген еді ғой,

Сұраусыз кіріп… Араладың ба, Үр бақты?

 

Туысқа туған елжіреуші едің, езіліп…

Көзіңнен шуақ, сөзіңнен қуат сезіліп.

Мәңгілік мекен марқайтқан шығар… анашым,

Ата-ана, қызың, жарыңа сүйген кезігіп.

 

Пейішке кіріп… Жайлылық жанға енді ме?

Гүл теріп әкем, күлімдеп таяу келді ме?

Анаңыз өрген, жотаңда жатқан бұрымға,

Жұмақтың гүлін ақырын тағып берді ме?

 

Білем ғой, апа… Алаңдап жүрсің, қарайлап,

Өзіңмен бірге алыстап кеткен талай бақ.

Жаулығың желмен желбіреп өзің жүрмесең,

Сұрықсыз суық көрінеді екен… сарай жақ.

 

Сағыныш деген… Қажытты, апа, тек мені…

Бақшаңа биыл ешкім де жеміс екпеді.

Сақырлап қайнап тұрса да сары самаурын,

Қолыңнан ішкен күрең шәйіңе жетпеді.

 

Өзіңсіз мынау… Шарпығандай ма ғаламды от,

Жүрердей көргем, қасымда дәйім, аман боп.

Шөңгеге емес, шеңгелге құлап жатсам да,

«Құлыншағым» деп, ұмтылып келер адам жоқ.

 

Солай ғой, апа… Үйіңнің кетті күйі шын,

Өзіңді іздеп, шарқ ұрам кейде үй ішін.

Орамалыңды құшақтап

жатып ұйықтаймын,

Жұмақтан жетіп жатқандай ғажап иісің.

 

Сағыныш, аңсау…

Санамда сансыз арбасты,

Күндерге күндер,

айларым жылға жалғасты.

Ізіңді іздеп, бақшаны кезіп жүруші ем,

Әттең-ай, әттең… Оны да мынау,

қар басты.

 

Есімің есте.. Сағыныш қанша жырда жүр,

Қарайлап тұрсаң…

Қамкөңілімді тыңда бір.

Омырауыңа басымды тығып соңғы рет,

Шерімді айтып… Жылағым келіп тұр қазір.

 

Осылай, апа… Өткізген сізсіз жәйтіміз,

Қалпыма түсем…

Қайрылмай маған қайтыңыз.

Жұмақта жүрсең, жердегі мен де

мәзбін ғой,

Айтпақшы, апа… Әкеме сәлем айтыңыз!

Естелік

 Осы екеуміз бақыт үшін не істедік?

Күреспедік, Кешірмедік, Кешпедік.

Ел айтардай хикая да жоқ бізде,

Қалды есте… еміс-еміс естелік.

 

Қоштасу да сонша қиын өткен жоқ,

Ерін ұшы… Емеурінін еткен боп.

Қособада сен де қаза болмадың,

Ақ жайыққа мен де батып кеткем жоқ.

 

Бақыт үшін, жасамадық бір адым,

Құрық ұстап, қудық артын кінәнің.

Алып-ұшып арамызды жалғаған,

Хаттар қалды… Белгісіндей Шұғаның.

 

Жыламадық… Жанарларға қайғы алып,

Біздер үшін, Жұлдыз – мұңлы, ай – ғаріп.

Селт етпедік, Мерт етсек те сезімді.

Кеткенбіз бе, Қара тасқа айналып…

 

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР6
Аноним 03.04.2021 | 23:19

Маған өлеңдерің ұнайдя жаным.Қаламың мұқалмасын.Шабыт тклеймін саған.

Аноним 03.04.2021 | 23:20

Аманбол.

Аноним 05.07.2021 | 01:43

тамаша өлең, оқып сергіп қалдым.

Аноним 19.07.2021 | 14:07

Күшті екен оқып жылап алдым анамды сағынып осы өлеңнің аудио записьті алай алуға болады екен айтып жіберіңізші

Аноним 22.12.2023 | 14:59

Керемет керемет керемет

Аноним 22.12.2023 | 15:04

Өте жақсы екен өлеңдерің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір