ХАЛҚЫНА  СӘУЛЕ ШАШҚАН ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ
10.08.2020
2582
0

Бауыржан ЖАҚЫП, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ақын

Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Абайды қайыра оқып, оның тұңғиық ойларына қайта үңілу арқылы біз өзіміздің рухани әлемімізді байытқан үстіне байытып келеміз. Абай поэзиясы қазақ халқының ешқашан сарқылмайтын бай, асыл қазынасы екендігіне өткен ғасырдың басында Алаш арыстары әлдеқашан көз жеткізген. Абайтану ғылымының басында тұрған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Райымжан Марсеков, Мұхтар Әуезов тағы басқа ардақтыларымыздың қай-қайсысы да ұлы ақын шығармашылығының басты құндылығын ашып көрсетіп берді. Сонау 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынов: «Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық», – деп жазған еді. Ал Міржақып Дулатов 1914 жылы Абайдың дүниеден озғанына 10 жыл өткенде жазған «Абай» атты мақаласында: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бірнәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай», – дейді.

1915 жылы Нұрғали, Нәзипа Құлжанов­тар­дың ұйымдастыруымен Семей қаласын­да әдеби кеш өтеді. Сонда жасаған баяндамасын­да Алаш ардақтыларының бірі Райымжан Марсеков Абай шығармашылығын былай ба­ға­лайды: «Біздің қазақ әдебиетінің осы кезге шейінгісін үш дәуірге бөлуге болады: бірінші дәуірі – ескі замандағы қазақ арасына жазу таралмай тұрғандағы кез… Енді әдебиеттің екінші дәуірі келеді. Бұл екінші дәуірі жазу­дың халық арасына көбірек таралған заман… Түрлі-түрлі кітаптар таралып, тіл кітапшаға айналып, ескі сөздер жазбаға түсіп, жақсы сөзге жұрт жаман көзбен қарап, кітапшаны үлгі қыла бастаған…

Өстіп әдебиетіміз төмендеп, тіл болса ке­дей­леніп бара жатқан уақытта ардақты Абай шығады. Қазақ әдебиетін көркейтіп, түрлендіріп, сөз қадірі кетіп бара жатқан уақытта сыртына өң беріп, ішіне жел кіргізіп, сөз қадірін танытқан осы Абай болды. …Абай марқұмнан бері қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталды».

Айтылғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, Алаш ардақтыларының Абай шығар­ма­шылығы туралы осы толғамдары дәл бүгін­гідей ақиқат десек қателеспеспіз.

Абай шын мәнінде көненің барша інжу-жәуhарларынан нәр алған, қазақ әдебиетіндегі жаңалықтың басы болған Тұлға екендігін оның жазғандары дәлелдеп береді. Абайды әр оқығанда, оның өлеңдерінен әр адам өз өміріне қатысты, бүгінгі қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге тікелей байланысты, жаңа бір жұмбақты ашады. Кеше оқығанда байқамаған бір ойдың шешуін бүгін немесе ертең табамыз. Абай ғұламалығының сыры да сонда жатыр. Осының бәрі Абай поэзия­сы­ның көркемдігінен бастау алады.

Абай есімін, шығармашылығын әлемге әйгілеген академик М.О.Әуезов: «…ақын халқының бүкіл рухани қатынасын терең көркемдік-сыншылдықпен қайта қарап, өзінің ақындық жаңа программасын ұсынды. …Абай бірде-бір өлең жолында халық творчествосының қалыптасқан дәстүрлі сөз жүйесі мен ақындық ой-бітімін қаз-қалпында ала салмайды. Абай ауыз әдебиетіндегі сөздерді де, образ жүйесін де, стиль тәсілдерін де тереңдетіп, жаңа ой, сезімдермен толық­ты­рады, оның өлеңдерінде өзгеше бір идея­лар мен жан сезімдері жүреді… Ол өзіне дейін­гі дидактикалық, уағыз поэзиясының канондарын бұзды…» – деп жазыпты. Абай­дың әдебиетіміздегі жаңашылдықтың басы екендігі, көркемдік көкжиегінің мүлдем соны шымылдығын ашқандығы тарихи даусыз хақиқат екендігі дәлел тілемейді.

Абай шығармаларының көркемдігінің басты өлшемдерінің бірі – ақын ойларының жаңалығында.

Бұрын-соңды айтылмаған тың ойлар – Абай парасаты биіктігінің айғағы. Ал сол ойлардың бәрі – адамзаттың ғасырлар бойғы биік мұраттарымен ұштасып жатса, ол Абайдың қазақ санасын шыңға алып шығатын ғажайыптығы.

«Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұлабойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық –

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.»

Міне, бұл елден ерек, жұрттан оқшау биік, парасат иесі болуға нұсқар жол. Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» азаматтарымыз көбейсе, ұлтымызды ұшпаққа шығаратын да сол жандар екеніне іштей мойын ұсынасың.

Жарқ етпес қара көңілің не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Ғашықтық дертін дәл осыдан артық асыра айту мүмкін емес те сияқты. Өйткені мұнда шын ғашық адам санасынан құйылып түскен ой сәулелері бар. Абай жыры сонысымен де нұрлы, сонысымен де құнды.

«Балалық өлді білдің бе?

Жігіттікке келдің бе?

Жігіттік өтті, көрдің бе?

Кәрілікке көндің бе?

Кім біледі, сен кәпір,

Баяндыдан сөндің бе?

Баянсызға төндің бе?

Әлде айналып, кім білер,

Боталы түйе секілді

Қорадан шықпай, өлдің бе?»

Абайдың осы бір замансауал тастай отырып айтқан ойының салмағы мен бүкіл адам ғұмырын дәл осылайша он жол өлеңге сыйғызып беруге Абай ойының ғана дәрмені жетпек. Бұл бұрын болмаған, айтылмаған тың ой екендігіне шүбә келтіре алмайсыз.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен менікінің айырылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.»

Байқайсыз ба, алдыңғы мысалымыздағы ой бұрынғыдан да тереңдей түседі, енді адам дүние­ден озғаннан кейінгі «жан» мен «тәннің» бө­лінуі туралы, адам рухының өлместігі туралы ойды Абайдай дәл, Абайдай нақ айтқан ақынды кездестіре алмайсыз. Абай ойларының алуан иірімдері әр оқушыны өз тереңіне тартады. Оған сүңгіген сайын ақыл-санаңның жаңаша бір оймен молы­ғып, рухани жан-дүниеңнің байығандығын бай­қасаң, ол Құдайдың берген мол несібесі деп білу керек.

Абай поэзиясының көркемдігінің тағы бір қыры – оның бейнелілігі, образдылығы.

«…Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға,

Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы

Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға…

Немесе

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.

Сөйлесе, сөзі әдепті һәм мағыналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды,–

болып кете береді. »

Ал «Аттың сынын» да Абайдай өлең сөзге тү­сірген ақын жоқ. Кейін Абай мектебінен нәр алған Мағжан ақын Абайдың ғашықтық лирикасын дамытуға құлаш ұрса, Ілияс ақын Абайдың бейнелілік қырын мол сіңірген алапат жырларын жазды, әрі оны эпикалық кең тыныстылыққа ұластырды.

«Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңін оқығанда көз алдыңа сол жақсы аттың өзі тұрғандай пішіні келіп елестейтіні – жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан…» – деп көрсетіпті Ахмет Байтұрсынов.

Шын мәнінде:

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

 

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

Қабырғалы, жоталы, болса күшті.

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті, –

деп кете беретін өлең жолдарынан жүйрік атқа тән қасиеттің бәрін көресің.

Алдыңғы келтірген мысалдарымыздың бірінде Аңшылықтың сырына қанығып, бүркіт салғандағы сәттерді елестетсек, екінші өлеңде қазақтың қаса сұлуының бейнесін көргендей боласың.

Абай өлеңдерінің бейнелілігі ондағы көркемдік құралдардың мол қолданылуынан аңғарылады. Ұлы ақын жырларында теңеу мен эпитеттің метафора, метонимияның, синекдоханың, аллитерация мен ассонанстың, гипербола мен литотаның, басқа да бейнелеу құралдарының сан алуан үздік мысалдарын тауып көрсетуге әбден болады. Соның бәрі тек Абайдың өз жан-дүниесінен төгіліп түскендігімен де бағалы.

Жаңағы мысалдарда біз жанды дүние образына қанықсақ, енді бір шоғыр өлеңдерде Абайдың жансызды жандыға айналдыратын шеберлігінің де куәсі боламыз.

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды»

Немесе

 «Қалың ағаш жапырағы

Сыбдырласып өзді-өзі»

***

 «Тау жаңғырып, ән қосып,

Үрген ит пен айтаққа»

***

«Күлімсіреп аспан тұр,

Жерге ойлантып әрнені», –

деген сияқты өлең жолдарынан «кәрі құда – қыс» бейнесін, «жан біткен жапырақ» келбетін, «ән қосқан тау» тұлғасын, «күлімсіреген ас­пан» кейпін танимыз. Бұл Абай ұлылығын асқақтата, аспандата түсетін бейнелі жолдар.

Абай поэзиясының мазмұнындағы, идея­сындағы, тілі мен стиліндегі көркемдік бел­гілер­дің әрқайсысын да жеке-жеке алып талдап, таразылап көрсету керек-ақ. Ең бастысы, Абай поэзиясының көркемдік көкжиегі соншалықты әсем де әуезді, кең әрі шексіз болып көрінеді маған.

Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толған кезінде (яғни, 1914 жылы) Міржақып Дулатов: «Егер Абай қазақтан өзге образды жұрттардың бірінің ақыны болса сегіздегі баласынан сексендегі шалына шейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді. Опатына 10, 25, 50, 100 жыл толған сайын бүтін жұрт ескеріп, матбуғаты қайнап, есімін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді. Не шара!..» –деп күйіне келіп, «Біз бүгін ардақты ақынымыз марқұм Абайдың рухына дұға қылып, қараңғы за­ман­да шырақ жаққан басшымыздың есімі, құр­меті, терең мағыналы асыл сөз атадан – балаға, немереден – шөбереге үзілмей сақталуын тілейміз. Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…» – деп ұрпаққа үміт арта кеткен екен. Сол арыстарымыздың айтқаны келді, арманы орындалды. Тәуелсіздігіміздің арқасында Абай әлем әдебиетінен де өз орнын алып отыр. Абайды бұдан да зор ұлықтайтын күндер алда. Сол үміттің ақталғандығының, ар­манның орындалғанының көрінісі – Абай хакім рухын ел болып ұлықтап, аты­на қала, аудан, көше, әуежай, мектеп бер­ген­дігі­міз, кітаптарын әлем тілдеріне аударып, шығар­маларын насихат етуіміз, өлеңдерін бүкіл халық болып жатқа оқып, әндерін шырқап, күйлерін шертуіміз, қабіріне тағзым етіп, әруағына құран бағыштауымыз, оның өсиетіне құлақ асуымыз. Бұл шаруалар – болар елдің балалары жасар өнегелі іс. Мен соған Абай ауылында туған перзент ретінде шын қуанамын. Бұл тарапта атқарылар іс әлі де алда. Абай тойы, халық тойы, ел тойы, руханият тойы құтты болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір