Соңғы сәуле ымыртқа сүңгігенде…
12.06.2025
271
2

Нармахан БЕГАЛИЕВ

* * *
Гүлдеп өңір,
Мал әріде шүйгінге шүйіледі.
Ал маған
күрделі өмір
Тұс-тұстан сұрақ болып иіледі.

Маңында Қамыстының,
Тыныштық көлге ғана қалды сіңбей,
Әнеки, қармағы да балықшының,
Сұраудың төңкерілген белгісіндей.

Балықтар және келіп,
Қайтты жұмбақ-жазмышқа
жанап барып.
Дәйексіз дәмеленіп,
Балықшы отыр сәл кейіс қабақтанып.

Барады сөзден терлеп,
Сәлемін жүргіншінің алмаса да.
Тінтеді көзбен тергеп,
Алапат араздығы болмаса да.

Тағатын талмай сынап,
Билейді бар болмысын құмар ағын.
Білмейді ол
қандай сұрақ,
Қай күні жағаға өзін шығарарын…

* * *
Жел табаны жерге тиер-тиместен,
Үркітеді бояуларды үйлескен.
Сылдырмағын сылдыратып шеңгелдер,
Аспан асты абыр-сабыр күй кешкен.

Жасауратқан жарығынан жасынның,
Күңгірттенген күдігімді жасырдым.
Сырдың суын суси сүртіп жүзді жаз,
Сары сақалы сағалданды сасырдың.

Соңғы сөзін айтпағанмен жаз әлі,
Нар қамыстар әлденеге назалы.
Сойдақ сүйек сияқтанып сексеуіл,
Көкке қарай құйын шүйке созады.

Табиғатқа — ізгілікке ең ізгі,
Ізет еткен әнші құстар ән үзді.
Кездейсоқтық қапылыста кездескен,
Түсініксіз түйіткілдер тәрізді.

Тоғайым-ау, тарғыл күзге тақалдық,
Бірте-бірте батпан ойға батарлық…
Ұнжырғаңды түсіреді ұрыспай-ақ,
Уақыттағы ұлы, қайсар қаталдық.

* * *
Гүлзар кездім таң сәріде ерінбей,
Гүлдің демі – сенің нұрлы деміңдей.
Ділгерлене дірілдеді боп-боз Ай,
Сүйісуге ебедейсіз еріндей.

Ділгерлене дірілдеді шіркінің,
Сызылуын сақтап ғашық ғұрпының…
Сүйгенсіз де заулайды екен қысқа өмір,
Ғұмырындай тұтатылған шырпының.

Мен өзіңе арасынан мұнардың
Ұйқассам деп ұйқымды ашқан сыңармын.
Сіріңкедей сөніп бара жатсам да,
Саған қарай иілетін шығармын…
* * *
Өрт кешті ел жүрегімен,
Жаулары аямады.
Жанды қала қазақтың қара орманындай.
…Енді археолог күрегімен
Отырар оянады
Су қараңғы зағиптың оянғанындай.

Көрмейді батырларын,
Сатқынын сүмірейген,
Өксиді тек өткеннің елестері.
Жасырып жатыр жалын,
Үрейі үңірейген,
Қиратылған пештердің өңештері.

Зияратқа келгендермен,
Үнсіз-ақ үндеседі.
Күйінесің шындықтың күйгеніндей
Мезгілсіз өлгендермен,
Отырар күй кешеді,
Толастамас толғақтың түйнегіндей.

Көмілді құм-шағылға,
Қаланың бақ, үйлері.
Өткен өтті – өртеніп кетті, мейлі…
Бірақ аналар құрсағында
Өмір сұрап сәбилері,
Әлі күнге төбені тепкілейді.

* * *
Қисық біткен діңгектің,
Көлеңкесі отыр, міне, тізерлеп.
Атқарып бір міндетті,
Батыс жақта тоқиды Күн жез өрмек.

Жөке ағашы-ау, айтшы маған жөніңді,
Жетілдің бе жазасыз?
Қайтсем екен көңілді,
Күздігүнгі жапырақтай мазасыз?

Бәлкім, сені жайлы тербеп тұр елес,
Нұрлы нөсер жаздағы.
Өжеттік пен өзімшілдік бір емес,
Мұрат маған махаббаттың маздағы.

Барады, әне, сәуле сарғылт түрге еніп,
Айнала қар – шеміршек.
Қалайықшы бірленіп,
Көп те шығар менен басқа келімсек.

Үрейсізсің,
Самал да жоқ үп деген,
Үлгі үмітің бүтін де?
Армансызбын бітсем нұрлы нүктемен,
Сен ғой… түбі айналасың түтінге.

* * *
Қорғасындай у ойлар,
Жасылымды жалмап бітер сыңай бар.
«Бізден бұрын көресің» – деп, Гомердің
Көзін ойған Олимптегі құдайлар.

Масқара ғой, масқара!
Құдайларда — кесір егес, өшкен ар.
Пенделерге сенген күнің не болмақ,
Арал, Балқаш
Даламдағы қос жанар?

Мөлдір-әсем күй қайда,
Қайырымды шақ қайырылмай ма,
тумай ма?
Атымтайдай жомарт едім,
Амал не,
Шығайбайлық батып отыр шымбайға.

Бұған енді не дермін,
Сырдың суын сирағынан келтіріп,
Немкеттілік тағып алды көп орден
Даңғазалық! —
Олимптегі құдайлар
көзін ойған Гомердің…

* * *
Адасты аяз өзекті түршіктірген,
Тал түсіне бүгінде бүршік кірген.
Көңілі босап қардың да шатырдағы,
Төмен қарай сырғиды сусып бірден.

Таң-тамаша ертегі түс өткеріп,
Етек-жеңін жинауға қыс ептеліп.
Жылылыққа жылынып бірте-бірте,
Бұта біткен бүрленді құсеттеніп.

Табиғатқа тапжылмай, бұрылып та,
Сұқтанып та қараймын, сұғынып тa…
Қарапайым нәрселер құлпырады,
Жұпынылық жүдейді жылымықта.

Кезіктірер кешікпей инелікпен,
Шаттық лебі шарпиды шилеуіттен.
Көктем келіп қалар-ау көйлегімен,
Жаңа ғана шығарған ине-жіптен.

Көктем келіп, құпия құбылыстар,
Бастар мені белгісіз бұрылысқа…
Шілде қаққан тамыздың таңдайына,
Ала кетсем деп едім бір уыс қар!

* * *
Суға түсіп даланың кешкі лебі,
Күміс кісе сылдыры естіледі.
Бойын түзеп бұталар бұлғақтаса,
Жерде жатқан көлеңке тепсінеді.

Сәнқой сәтте ұсынған сый еппенен,
Шалғын биі!
Бұл биден би өтпеген!
Не жетеді, жаным-ау, оң сапарға,
Жолжелкендер жолыңды жиектеген.

Сұлулық бар сүйейтін сүрінсек те,
Көлгірсуден кетейік қиыр шеттеп.
Бал іздеген аралар балбырайды,
Үлбіреген гүлдерді үйірсектеп.

Көңіліңе күңгірттік кезең жетпей,
Жинал, жаным, болмайды тезелдетпей.
Шүпілдейді қызғалдақ шұғылаға,
Шарап шүп-шүп құйылған көзелдектей.

Тоғышарлар мезгілсіз мүлгігенде,
Біздің тілек табыссын гүлді белде.
Тынығуың қашпайды.
Тынығарсың
Соңғы сәуле ымыртқа сүңгігенде…

* * *
Су неткен сүйікті еді,
Үйірілген үйлесімдей.
Ұшақ биіктегі,
Түйреуіш түймесіндей.

Балғын нұр, бала қайың…
Көңілге сыр тұнып тұр.
Көрініс қарапайым,
Керемет құлпырып тұр.

Күнәсіз күлімдейді,
Жаздағы жасампаздық.
Титтей де білінбейді,
Әсіре әсемпаздық.

Алатау бөктерінде,
Ағады салқын сағым.
Табиғат өткеруде,
Шапшаң шақ – алтын шағын.

…Шайқап ап шұғыланы,
Ұлғайды жаз арманы.
Ауа әлі-ақ құбылады,
Бағадай базардағы.

* * *
Қарт Қаратay – тарихтың,
Толқындағы кемесі.
Ауыр ойдан айыққын,
Сағым, ертегі елесі.

Сағындырған самалға,
Шомыл.
Көңіл желпінер.
Менің туған даламда
Төңірегің төр түгел!

Саябағы аз-дағы,
Ырзығы мол бұл жақтың.
Сайғақ, ізі саздағы
Жартысындай жаңғақтың.

Сыртқа теппес жайды ұғып,
Жасарып қайт жайлаудан.
Сезіледі ойлылық
Қоңырқабақ қойнаудан.

Көкіректі кенелте,
Ей, ақыным, жырла, тұр!
Ояңдағы көлеңке
Оянайын деп жатыр…

* * *
Қайырлы таң! Күліп Күн,
Сыңайда екен сүйінген.
Ізетшілі-ай шіліктің,
Инабатпен иілген.

Әлемді аппақ гүл орап,
Зер төгілген бақшаға.
Ілулі тұр қол орақ,
Ұқсап жалғыз жақшаға.

Тыныштыққа жел ұйып,
Бас иеді көде де.
Марғау мая мелиіп,
Шемиеді шөмеле.

Илан менің сөзіме,
Өзгелерге сенбе сен.
Жарасады өзіңе,
Кереметтей кеудешең.

Соза қойшы қолыңды,
Түсің сенің – ақ қайың.
Менің түсім – тобылғы,
Арғы жағын айтпайын…

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 15.06.2025 | 16:06

жасы қаншаға келді екен..

Қонақ 15.06.2025 | 16:08

82-де

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір