ХАЛҚЫНА ТАРТҚАН ҚАЙРАТКЕР
21.10.2025
223
0
Тәуелсіздік қалыптастырған тұрпатты  тұлғаларымыздың бірі, еліміздің 1997–1999 жылдардағы премьер-министрі, отандық мұнай және газ өнеркәсібінің біртуар маманы болған алаштың ардақты азаматы, бәйтерек болмысты Нұрлан Өтепұлы БАЛҒЫМБАЕВТЫҢ өмірден өткеніне  10 жыл толуына орай оны қадірлеген қалың жұртшылық  рухына құрмет көрсетіп, арнайы ас беруде.  
Тәуелсіздіктің қызығы мен қиындығы, нарық пен халықтың әлеуметтік таныстығы енді басталып, жаңа жатырқатып, ескі есіркетіп жатқан кез еді ол. Тәуелсіз күндердің томағасы алынған кезде ұшар қанатқа демеу, жүрер жолға жебеу болатын күш те, күдік те қара алтынға деген халықтық үмітте жатты. Кеңестік кезеңнен кернеуін сақтап жеткен «Құдай байытпағанды – мұнай байытты» дейтін сөз бар-ды. Бұл сөз кезінде қызыл үгітке қылаусыз қызмет атқарды. Бұл сөз тәуелсіздік кезеңінде де егемендікке ерен қызмет жасады. Дегенмен «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген сөзді де ұмытпаймыз. Қиын кезде қиюын тапқан, тар кезеңде тыйымын тапқан, жұртының ауыр жүгін азаматтық иығымен қайыспай көтерген тұлағалардың тобында Нұрлан Балғымбаевтың әз есімі әрқашан жарқырап жадымызда тұрады.
Одақ ыдырап, ойға шауып орайын тауып, қырға шауып қолайын тауып, қолда барды ұқсата білуге деген ел қимылы бірлікпен шегенделді, тыныштықпен көгенделді. Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт ел кемеңгер Кекілбаев айтқандай, «бойжетіп отырған сұлу қызы бар кемпір мен шалдың ауылына» қарай өкше көтеріп, өрісін кеңейтудің ыңғайына бейімделді. Алыста жатқан Алаш жұртына айырықша назар салды. Сындарлы кезең сапқа тұрды. Осынау сындарлы кезең Нұрсұлтан Назарбаев пен болашақ премьер-министр Нұрлан Балғымбаевты сол Америкада кездестірді. Осы кездесу Нұрлан Өтепұлының өмірбаянына өнегелі, өркенді жаңа беттер қосты. Азаматтың абыройлы баспалдақтары елдік биіктікке, тұлғалық төрге көтерілді. Мұнайдың қуаты мен ұлттың мұратын шендестірген шақта Балғымбаевтың елге оралуы халықаралық мұнай-газ нарығында жұртымыздың жаңа  жол табуына негіз қалады.
1994 жыл. Мен онда Атырау облысындағы Мақат сайлау округінен сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты едім. Өңірлерге сапар барысы жергілікті жерлерде аса күрделі жағдайда жүріп жатқан тәуелсіздік тынысын қапысыз көрсетіп, елдің алаң көңілі мен арман-үміті бірдей тоғысып, әлеуметтің әлеуеті бірде жұмбақ, бірде сырғақ болып жатқан-ды. Әсіресе мұнайға үміт артқан халықтың мақсат-мүддесі базарға кеткен әкесін күткен баланың кейпіндей болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңестің кезекті пленарлық отырысына Нұрлан Балғымбаевты ертіп келді. Аты мен затына бұрыннан қанық депутаттар бұл келістің жаңа өрістің өзегіне өміршең жігер жүктейтінін ұқты.
Ол елдегі экономикалық, қаржы-қаражаттық ахуалды бажайлап айтып, байып­тап түсіндірген соң, Нұрлан Балғымбаевты Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібі министрі лауазымына ұсынып, депутаттық корпустан үміткерді қолдауды сұрады. Парламент регламенті бойынша талқылау, сұрақ-жауап алмасу қызу жүріп берді. Еліміздегі мұнай-газ қоры, оның өндірісі, проблемалары, ең бастысы, қолда бар шикі мұнайды еселеп өндіріп, құнды тауарға айналдыру жолдары туралы егжей-тегжейлі саралап берген болашақ министрдің өз саласын жетік білетіндігі, нарықтық қатынастардың қағида-қалыптарын меңгергендігі, халықаралық нарыққа шығудағы іскер көзқарасы мен істің көзін табар принципі Парламентке лайықты кандидатура келгенін көрсетті. Табиғи байлықты танып түстеп, өзі де Маңғыстауда қызмет істеп, саланың салауаты мен ғадауатын көрген Нұрлан Өтепұлы, ең алдымен, қуатты инвестр тартудың мән-жайын кеңінен түсіндірді. Майталман маман, ашық көзқарастағы адам екені анық көрініп тұрды. Сенім білдіре қолдаған депутаттар басым дауыс берді.
 Әрине, бірден келіскен жалпақшешей пікір болған жоқ. Талқылау барысында 17 депутат сөз алып, өздерінің пікір-көзқарастарын ортаға салды. Өз кәсібін жете меңгерген маман кадрдың  мұнай өнеркәсібінің алдында тұрған міндеттерді толық саралап, талдап, таратып айтуы Парламенттің қызу температурасын өз деңгейіне түсіріп, дауыс беру нәтижесінде Нұрлан Балғымбаев басым дауыспен еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінің министрі мандатына ие болды. Бұл лауазым оның мемлекеттік деңгейдегі жарқын жолының жаңа бір баспалдағы болатын. Ол осы жолда жарқырай көрініп, жасқанбай  қимылдады. Мұнай байытты деген сөздің атқа мінген тұсы осы еді.
Соның алдында ғана мұнайлы өңірдегі кезекті  іссапардан оралған бетім еді. Елдің мұнайға артқан үлкен үміті, алдағы күндерде осы саланың қарымы арқылы тәуелсіздік тұғырын тіктеп кетудің жай-жапсары, іс тетігін іскер кадрға тапсырудағы халықтық қағида, ел аманатына адалдықты азаматқа сеніп тапсыру жөнінде мен де өз ойымды ортаға салып, әріптестерден үміткерді қолдауға шақырдым. Менен кейін сөйлеген депутаттар «сол өңірден сайланған депутаттың уәжі бәрінен де сенімді әрі шыншыл» деген ұстанымдарын айтып, сөзімді бірауыздан қостап шықты. Менен басқа да Атыраудан сайланған алты депутат сөз алып, дерек пен дәйекке қол артты.
…Университетті бітірген соң жолдама бойынша 1974–1976 жылдары сол кездегі Маңғыстау облыстық телеарнасы мен газетінде тілшілік қызмет атқардым. Сол кезеңде өңірдегі белгілі мұнайшылар мен бұрғышылар, геологтар мен операторлар туралы біршама қалам тербедім. Сол сапарлар барысында Маңғыстау өңірінде Нұрлан Балғымбаев атқарған азаматтық істердің жақсы мысалдары жарқырап шығып жататын. Бірі оның кәнігі маман екенін, істің тетігін тез табатынын айтса, бірі оның табандылығы мен тазалығын, әділдігі мен шешімпаздығын айтатын, енді бірі жолдастыққа берік, достыққа адалдығын сыр ететін. Маңғыстаудың маң даласында шұбырған мұнайшы іздерінің бірі Нұрлан Балғымбаевтың өшпес сүрлеуі, өлмес ісі болатын. Маңғыстау мұнайшы мамандығын шыңдаудың мәртебелі мектебі болды.
Тектінің тұяғы, шалқар айдынның қыраны еді ол. Өмірі өзгеден бөлекше еді. Әкем марқұм оның әкесі, кезінде менің туған ауданым Жылыой аупарткомының бірінші хатшысы, Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Өтеп Балғымбаевты аузынан тастамайтын. Оның ашық та әділ мінезін, халқына қылдай қиянаты жоқ қылаусыз қызметін, қарапайымдығы мен қатал да турашылдығын үнемі мысалға алып, босаң басшыларға деген өкпе-назын білдіріп отыратын. Осы өңірден шыққан талай тұлғалардың қалыптасуына ұстаз болған Өтеп ағамыздың өжет мінезі мен әділдігін айтатын жандар ол кезде аса көп еді. Облыстық атқару комитетінің төрағасы болып жүргенде Өтеп ағамыз іссапармен Жылыой ауданына келіп, Чапаев атындағы колхозды аралап көреді. Жұмыс аяқталар тұста аудан басшысы аудан орталығында түскі ас дайын, енді соған жүрелік дегенде, Өтеп аға: «Рақмет, мен мына Оралбай ағамның үйіне барып, жеңгемнің шайын ішемін, соған бірге баралық», – деп бәрін ертіп біздің үйге келіпті. Әкем осыны ылғи еске алып, «сондай қарапайым, бауырмал еді Өтекең» деп тебіреніп отыратын.
Кейін осылардың бәрін жеке кездесіп, сырласып отырғанымызда айтқанда Нұрекең арқаланып кететін. Оның осындай ерекше арқаланып, аруақтанып кеткенін екі рет көрдім. Екіншісі, ұлтымыздың ұлы қаламгері Әбіш Кекілбаевтың бір салтанатты шарасында той тізгінін ұстауға тура келді. Сонда «Баяғыда желмаямен жер кезіп, жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыз Шыңғырлауға келгенде «Ей, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, сен өсірдің! Шыңғырлау ренжір, түйенің қомын шешіп, жағасына аунап-қунап түнеп кетейін» деп сол жерде үш түнеп аттаныпты» деп айта келе, осы сөзді ойнатып: «Ей, қазақ мұнайы, сен өзің өніп жатқан жоқсың, Нұрлан Балғымбаев өндіріп жатыр», – деп оған сөз бергенімде ардақты аға сұңқардай сілкініп, салтанаты асып кетіп еді. Нұрекең онда «QazaqOil»-дың президенті еді. Қасында қас-қабағына қарап елпең қаққандар да, қызметтен кеткенде сырдаң тартқандар да аз болған жоқ. Тұлпардың тегін тұлпар таниды, сұңқардың самғауын сұңқар ғана көре алады ғой.
Осы кезеңде Мемлекет басшысы елдің мұңы мен мұқтажы иығынан басып, тәуелсіздіктің талайлы кезеңінде талантты мұнайшыны тауып, жырақта жүрген жерінен (ол кезде Нұрлан Өтепұлы АҚШ-та мұнай саласында білім алып, «Chevron» компаниясында тәлімгерлік тәжірибеден өтіп жатқан) елге қайтарып, үлкен сенім білдіріп, әуелі министр, кейін премьер-министр етіп тағайындады. 1994–1999 жылдар аралығында Қазақстанға келген шетелдік алып компаниялардың, соның ішінде мұнай-газ саласындағы әлемдік дәрежедегі бірлестіктердің сеніміне кіріп, мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеруге үлес қосуында Нұрлан Балғымбаевтың төккен маңдай тері ерекше. Қажет жерінде қажет кадрды тауып, оған сенім артудың ел дамуында алар орны бөлек қой. 
Мемлекет халыққа сенім инвестициясын берді. «Chevron Corporation», «British Petroleum», «Mittal», «Samsung», «General Electrics», «General Motors», «Mobil», «Eni» секілді әлемдік бизнестің алпауыттары, соларға ілескен және халықаралық дәрежеде кеңінен танылған басқа да компаниялар қазақ еліне алаңсыз келді. Осының нәтижесінде Қазақстанның астанасы жаңа қонысқа көшіп, халықаралық геосаяси картада орын алған тәуелсіз еліміздің тұрақты Елордасы Есілдің жағасында бой көтерді. Астананы көшіріп-қондыру барысында Нұрлан Өтепұлының ұйымдастырушылық, іскерлік, шешімпаздық, сенімпаздық, тәуекелшілдік, азаматтық болмысы жаңа қырынан танылды.  Текті жердің тебінінде, көргендінің көрігінде өскен ұл қырдағыны қиядан шалатын, қиядағыны қиналмай алатын, сертке келгенде семсері қынында қылпитын азамат болып ержетеді.
 Осылай ержеткен Нұрекең томағасы алынып, топқа түскенде тақымы берік шабандоз, қолы қарулы қамшыгер бола алды. Бекзаттық болмыс, салдық сымбат, тізгіндесіп түзілген ой мен әрекеттің еркіндігі оны көп қатарластарынан оқшау көрсетіп тұратын. Ол өмірден өткенде отбасына жолдаған көңіл айту жеделхаттары мен азанамалық пікірлерде оның азаматтық тұлғасына осы тұрғыдан келіп, айрықша сипаттама берілгені жайдан-жай емес. Шетелден арнайы ұшып келген ұшақтардың Атырау әуежайын басып қалғаны, көшедегі 
керуен түзген көліктердің жыры өз алдына. Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов дүниеден өткенде ұлтымыздың ұлық ақындарының бірі Қадыр Мырза Әлі «Алматым ауыр қазадан, баса алмай қалды аяғын» деп азанама жазған еді. Нұрлан Балғымбаев өмірден өткенде Атырау да ауыр қазадан аяғын баса алмай қалды.
«Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген тәмсіл бар. Әлемдік геосаяси тарихта қай астана да бір күнде салынбаған. Бірдің ұсынысы мыңдардың қостап-қолдау­ы­на ұласқан сол бір жасампаз жылдарда елдік бірлік пен ынтымақ Астана төрінде Бәйтерек болып бой көтерді. Есіңізде бар шығар, қадірлі оқырман, астана төрінде асқақтап, күні бүгін елорданың ұлттық нышанына айналған Бәйтеректі 1997 жылы 97 метр биіктікке көтеріп, алып самұрықтың алтын жұмыртқасын ұлттық ұяға салған әлеуетті қолдың бірі Нұрлан Балғымбаевтікі екенін тарих ұмыта қойған жоқ. Астана ауыстырудың аса маңызды әрі ауыр жүгін көтерген Үкімет басшысының әз есімін әрқашан еске алатын жұрты бар екені жанға қуат, көңілге шуақ. Ол еске алуға, елдің мархабатына бөленуге лайықты тұлға еді, көзінің тірісінде оны да жан-жақты көріп, сезініп кеткенін жақсы білемін. «Ерте кететінім болмаса, елден ұялатын өмірім жоқ» деп еді қайран аға.
Қапияда жоғалған жанды іздеудің де сан түрі бар. Бәрін де еске аласың, өкінесің, онымен болған жақсы күнді жадыңда тірілтесің. Жақсылығын айтасың, елге сіңірген еңбегін айтасың. Одан басқа қолдан не келеді деп ойлайсың. Жоқ, бұдан басқа қолдан келетін іс жетерлік. Оны үлгі-өнеге етудің сан алуан жолы бар: естелік жазу, эссе туындату, естеліктер кітабын шығару, замандастарының лебіз-сөздерін, пікірлерін түзіп, ортаға шығару, туған күнінде имани дастарқан жайып, Құран бағыштау, елді мекендерге, мектептер мен оқу орындарына, көшелерге атын беру, ескерткішін соғып, елдің назарына ұсыну, еске алу кештерін өткізіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие етіп ұсынып отыру, тіпті ұрпағыңа ретті жерінде осындай ақжарма азамат болғанын айтып отырсаң да үлкен сауап емес пе? Нұрекең президент кеңесшісі болып Ақордада отырған кезде екеуара шекараның шегені ашылып, жиі кездесіп, ағалы-інілі болып емен-жарқын әңгімелесудің реті келді. Әкесі мен анасы туралы айтқанда мұңданып, жоғын іздеген жандай болып, жанары боталап, орнынан тұрып кетіп, терезе алдында тебіреніп тұрған шақтарын талай көрдім. Жігері жалт болғанмен, жаны нәзік еді.
 Қазақ мұнайының 110 жылдығы қарсаңындағы күндерде «Егемен Қазақстанда» жарияланатын мақаласының аужайы туралы көбірек кездесіп, ел мен жер хақында тереңдеу сырласудың сәті түскен еді. Бірімізге біріміз одан әрі жақындай түстік. Алпыс жасқа толғанымда арнайы келіп, жүрекжарды сөзін айтты. Сол тойым­да Алаштың аяулы ақын қызы Фариза апам тұңғыш рет асаба болып, Әбіш ағам кеңінен толғап бастап сөйлеп, мені «Бәйтеректің бұтағы, Қаратау бидің ұрпағы, бидің әрі өзі, әрі көзі»  деп көпшілікке жаңаша таныстырып еді. Тойдың орта тұсында Рахымжан інім көмекші асаба болып, барқын даусымен бауырын жазып сөз толғағанда біздің үстелге өзі келген Нұрекең көңілденіп: «Інің қалай сөйлейді, жаныңда жүрсін, жанашыр бол», – деп тапсырып еді. Осынау әзиз жандардың бәрі де қазір ортамызда жоқ, өмірдің өкініші осы емес пе? Күні кеше жанымызда жүрген жайсаңдарды енді іздесек те таба алмаймыз. Бұл жоқтың бағасы – қымбат. Соның бірі – Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев.
Нұрекеңнің кесек, қызық мінездері бар еді. Аяқ астынан шешім қабылдаудағы, өзін толғандырған сауалға жауап іздеген кездегі албырттығы мен алғырлығы тең түсіп, байыз таппай кететіндігі оған жарасып тұратын. 2013 жылы сәуір айында Нұрекең әкесі – Өтеп ағаға арнап ас беріп, шүлен таратты. Атырау бойы салтанат пен мархабаттың шұғыласына бөленіп, ұлттық ойындарға ұласып, аламан бәйгенің дүбірі Жайық бойын жағалап кетті. Нұрекең өте көңілді жүрді. Әкесінің көзін көрген, қызметтес болған ағалары қаумалап келіп, ортаны толтырып, оның жан дүниесінің жайлауын құлпыртып жіберген-ді. Үлкен астағы кіріспе сөзді маған бастатып, Өтеп ағама арнаған жырымды жанары жасаурап тыңдап, арқамнан қағып, бауырына басқан кездегі мейірімді жылуы әлі бойымда. Қыран мінез Құныскерей әкесінің әз есімін есте қалдыруда оның бейнесі мен ғұмырбаяны қашалған қызыл гранитті Атыраудан Жылыойға тартқан қара жолдың бойындағы Оңай атаның жанына әкеліп орнатуы батыр тарихына деген тағзымы болатын.
Нұрекең ерекше мінезді азамат еді. Сол мінезі Ақордада да көрінді. Бірде мені телефонмен шұғыл шақырып: «Екі жылдай президентке кеңесші болдым, менен кеңес сұрап, істің жайын талқылап жатқан басшы жоқ, бұл жерде бұдан әрі отыра берудің қажеттігін таппай отырмын, одан да мұнайшылардың арасына барып, өзім білетін жұмысты қоян-қолтық қолға алсам деймін, президенттің атына өтініш жазғалы отырмын, соның мәтінін келісіп алайық»,  – деп тосыннан сөз бастады. «Өтінішті қай тілде жазғаным дұрыс?» – деп маған шаншыла қарады. «Әрине, қазақ тілінде жазғаныңыз жөн болады», – дедім. «Онда барып тез жазып әкел», – деді. Арада жарты сағат өткенде өтініш дайын болып, Нұрекең жоғары көтеріліп кетті. «Келгесін хабарласам, орныңда бол», – деді шегелей сөйлеп. Бір сағаттың шамасында қайта оралып, оның келісімін алып келді. «Міне, енді мен еркін адаммын», – деді күлімсірей тіл қатып. Ақ жол тілеп, ағаның қолын алдым. Осылайша, өз мінезі өзіне ғана жарасқан, қазақ мұнайының мәртебесін көтеруде елеулі еңбек еткен кешегі Премьер-министр мемлекеттік қызметтің тарихи сахнасынан түсіп бара жатты. 
Нұрекең мұнай саласындағы халық­аралық құрылыстың басшысы болып, жаңа жұмыстың тізгінін ұстады. Астана төріндегі «Аңсар» атты биік ғимараттың он бесінші қабатынан жайлы орын жасақтап, жастайынан етене болған мұнай майданына кірді. Сонда жүргенде, екі жылдай уақыт бұрын, Нұрлан ағама сәлемдесе барғанымда әншейінде жанары жарқылдап, жағасы жайлауда отыратын ол кісінің жүзіндегі нұр сәл солғын тартқандай көрінді. Қазбалап сұрасаң қағып тастайтын мінезін білгендіктен, орағытып сөз бастап едім. «Мен ауырып қалдым, анау-мынауға бой алдырмайтынымды білесің ғой, біле жүр, алда алапат күрес тұрған секілді», – деп салқындау жымиды. Сосын кенет жарқ етіп бойын тіктеп, кәдімгі өмірдің кей сәттерін әңгімелеп кетті. Кабинетінен шығып бара жатып, бұрыла қарап едім, ойлы қалыпта екі қолын қалтасына салып, соңымнан қарап тұр екен. Президенттің алдында да осылай тұратыны есіме түсті.
     2015 жылдың қазан айының басында Атырау жақтан тағы бір салқындау сөз жеткен. Ағамыз туған топырағына табан тіреп, ағайын-туманың көңілін қобалжытып жатыр деген соң, жұбайым Нағима екеуміз Атырауға алаң көңілмен жедел жеттік. Қайсар мінезді қайран аға, қабағын ашып, бауырына басып, жасымай қабылдап, бетімізден сүйіп, төргі үйінде тік отырды. Қуанып қалдық, тіпті қарғып тұрып кетіп, арғымағына қол созып, құйрық-жалын төгілтіп, құйғытып шауып кетердей көріп, көңіл бірлеп, тойға шақыруға да рет таптық. Тек қоштасар сәтте, орнынан баяғы әдетінше жеңіл тұрып, залдың ортасына жете бере: «Өтеген, бері кел, айтар сөзім бар», – деп шақырғанда тойға келіп қалар деген дәме көңіл бас көтеріп қалып еді. «Бауырым, мен шаршадым, жеңілмейін деп күрестім, жеңе алмайтынымды сездім, сенің балаңның тойын ашамын деген уәдем бар еді, Алланың ісіне адам не істей алады? Алыстан хабар алып, аңдап жүргейсің. Ешкімге ешнәрсе демей-ақ қой, саған тапсырма, менің құлпытасыма жазылар бір шумақ өлең жаз, ұзатпай жібер», – деп жаутаңдап қарай берген мені бауырына тартты. «Құдай қуат берсін, аға, әлі-ақ тұрып кетесіз» дей бергенімде, «Болды, жолдарың болсын, балаларың бақытты болсын, тапсырманы тез орында», – деп қысқа қайырды. Ағаның мінезін білгендіктен енді ештеңе айта алмадым.
Мінез демекші, Нұрекеңнің ақтық сапарға дайындығы да ерекше болды. Осы күндерде ол өзінің мәңгілік мекенін Атыраудың шығыс бетіндегі үлкен қауымдағы анасының қасынан дайындатып, қай жерде жатады, жаназасын қай молда шығарады, сүйегіне кімдер кіреді, асы қай жерде беріледі, кімдер ас тізгінін ұстайды, естеліктер кітабын кімдер құрастырады, жетісі, қырқы, жылы қай жерлерде беріледі, бәрін жіпке тізіп жазып, құлпытасының жобасын өзі сызып, қолын қойып бекітіп, өзі сенген азаматтың қолына берген.
Бейітінің басына қойылар қызыл граниттен тұтас қашалған бәйтерек-діңгекті қай жерге қою жөнінде өзі қатысып, түсіндіргенде жағдайдан бейхабар краншы орыс жігіті «когда начнем?» деп сұрағанда, екі қолы қалтасында тұрған Нұрекең жайбарақат қана «потом скажу», – депті. Алланың пәрменін асқан азаматтық, дәргейлі дәрежеде қабылдап, имани дайындық жүргізген. Соңғы сапарын сабырмен қабылдап, салқынқанды шешім қабылдау кез келген жанның қолынан келе бермес. 
 Арада үш-төрт күн өткенде телефонмен хабарласып едім, қысқа амандық-саулықтан соң: «Тапсырмам не болды? Жібер. Мені ұмытпай еске алып жүр», – деп қысқа сөйледі де, жөтел қысып булығып қалды. Сол күні жаным жабырқап отырып, бір шумақ өлең жаздым да: «Аға, тапсырмаңызды орындамасқа амалым қайсы», – деп жазғанымды телефон арқылы жолдауға мәжбүр болдым. Алдым деп хабарласты. Сондағы эпитафия мынау еді:
Ту тікті туған елінде,
Қазақтың байтақ жерінде,
Мансап пен даңқ төрінде,
Ізгілік болып еңбегі,
Із тастап кетті өмірде,
Араша бар ма өлімге?
     Бірақ көңілімде Нұрекең ауруға бой бермей тұрып кетер деген үміт бір сәтке де үзілген жоқ. Қаралы хабар жеткенде де сене алмай көп отырған жайым болды. Өлімге қияр адам емес еді. Оның өн бойынан, жүріс-тұрысынан өмірге деген құштарлық есіп тұратын. Онда толқыған теңіздің мінезі бар еді, шалқыған даланың шуағы бар еді, басын қар жапқан заңғар таудың биіктігі бар еді, туған халқына тартқан тұлғалық қасиеті бар еді. Тақуа тағдыр оған ұзақ ғұмыр берген жоқ. Маңдайдағы жазуды таңдайдағы сөз өзгерте ала ма? Тәйірі жарқылдап туып, жасындай жанған мұндай азаматқа алпыс сегіз жас көп емес қой.
Албырт шағы мен алғыр шағы алға озып, жетіқат жердің қуатын алтықат аспанға шығарған азаматтық қайрат қыдырлы ғұмырында жарқыраған із қалдырды. Өзі де бәйтеректей азамат еді, рухы биікке самғап кеткен болар. Тірі жүргенде ортамызда жетпіс жасын өзі барынша сүйіп, қадірлеп өткен елімен бірге атап өтіп, жарқылдап, жайнап отырар еді. Оған да жетпеді. Жете алмады. Өкінішті.
Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев осылай жалғаннан жарқ етіп өте шықты. Қайтыс болған күні «Егемен Қазақстан» газеті арнаулы қоштасу бетін берді. Оның көзін көргендермен бірге мен де бір ауыз қоштасу сөзін айттым. «Қазанат еді қайырылмай шапқан артына» деген сол сөздің ләмін қысқаша ғана тағы тірілтіп отырмын.
«Алаштың ардакүрең тұлғасы, қазақтың біртуар перзенті, елорданы Сарыарқаның беліне, туған елдің төріне көшіріп-қондыруда он сан қызмет атқарған, сардарлық қолтаңба көрсеткен Нұрлан ағамыз өмірден өтті деген ызғарлы хабар бойды қарып, болмысты тоңдырды. Ажалдың ақиқатына тосқауыл қояр тарихат, мұңыңды ашар мағрипат қайдан болсын. Тек қана «Бұл өлім қайда жоқ, жарқыраған айда жоқ, күркіреген күнде жоқ, өтері өтіп кеткен соң, мың теңгелік қайғыдан, бір теңгелік пайда жоқ» деген бабалар сөзін малданып, жан-жағыңды қарманып, сәулелі сөзге алданып, орнында бар оңалар деп өзіңді-өзің жұбатасың. Бабалар сөзіне бап қосып қайтеміз, дегенмен «мың теңгелік қайғының миллион теңгелік салмағы» бар екенін осындай кезде сезінесің… 
…Одан өмірдің ерке шуағы әрқашан есіп тұратын. Көргенде күлімсіреп, бауырына тартып, ағалық мейірімін ақ нұрға орап жеткізетін оның нұрлы жүзін енді көре алмайтынымыз қандай өкінішті. Нұрекең маған құйрық жалы төгіліп, еңіске қарай емініп, шаңы шаңқан көрініп, бауырын жазып беріліп бара жатқан ақжал арғымақ, қайырылмай шапқан қазанаттай көрінетін еді. Ақыреттік кермесі Алланың жәннат бағынан тартылып, Пайғамбардың шапағатына бөлене бергей. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы» деген абыз Абайдың мәңгілік сұрағына «Өлмейтін ісі, өшпейтін ізі бар бір адам Нұрлан Өтепұлы болар» деп көңіл жұбатып, туған-туыстарына, бауырларыма көңіл айтамын» (ЕҚ. 2015 жыл, 15 қазан).
Нұрлан Өтепұлының өмірден өткеніне бір жыл толуына орай ас берілер тұста оның рухына арнап «Сұңқардай еді серпіні» деген арзу өлең жаздым: Көгілдір аспан – көк әлем,
Көкеме өлең жіберем:
Өмірлі  болды өнегең,
Керілді  кемел керегең,
Азамат едің – ақ жұлдыз,
Алашты  байтақ жебеген.
Толқитын еді  кенерең,
Жаңаны ылғи демеген.
Жарқырап туған көбеген,
Жақсыдан туған жан едің,
«Тұяғы деген тектінің»
Асыл сөз жеткен көнеден.
Беретін кезде береген,
Көретін кезде көреген,
Жасықты көрсе тебеген,
Жастықты көрсе жебеген,
Еңбегі елге аңыз боп,
Бесігін  бақыт бөлеген.
Серті бар семсер середен,
Өрлігі биік өреден,
Төрі  де биік  төреден,
Есімін халқы елеген,
Ақжарма еді ағамыз,
Ажалдан қорқам демеген.
Өмірдің мәнін ұқтырып,
Тірлікті кешу мықтылық.
Сұңқардай болып самғауы,
Мәңгілік жайға аттанды,
Майданда өлген батырдай,
Туған жерінде тік тұрып!
Енді оның көзі тірісінде жетпіс жылдығын атай алмай қалған жұрты асыл азаматтың өмірден өткеніне 10 жыл толуын атап өтіп, еске алып жатыр. Қазақтың осындай бір тағдырлы тұлғасы болғаны – тарих. Тарихи тұлға еді деп, рухына құрмет көрсетеміз. «Мені ұмытпа» деп еді, ұмытқан жоқпын, ол ұмытылмайды. Еліне елпең қағып ерен қызмет жасаған, халық намысына қайраткерлікпен қолтаңба салған, азаматтығын кір шалдырмай биік ұстаған Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевты еске алып жатқан жұртының жылы пейіліне алғыстан басқа айтар сөз жоқ. Рухы шат болсын, Шандоздың!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір