Армысың, ақзер дүние!
31.07.2020
1387
0

Бақтыбай АМАНЖОЛОВ

«Қазақ әдебиеті» газеті кейінгі бірер жылдың ширегінде есім-сойы ел жадынан шығып бара жатқан ақын-жазушыларды ел есіне салып, әдеби ортадан жырақта жүргендіктен көп көзіне түсе бермейтін қаламгерлерді іздеп, шығармаларын насихаттауды қолға алғаны көпке мәлім.

Бүгін – сал-серілердің заңды жалғасы іспетті Бақтыбай Аманжоловтың бір топ өлеңін ұсынуды құп көріп отырмыз.
Кейінгі жылдары аты аса көп аталмай кеткен тағдырлы да талантты ақын жайлы оқырманға аз-кем ақпарат айта кетейік.
Бақтыбай Аманжолов Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Бесмаршал ауылында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтының жаратылыстану-география, Жезқазған педагогикалық институтының филология факультеттерін тәмамдап, ұзақ жылдар мектептерде ұстаздық қызмет атқарған. Өресі биік, өрісі кең өлеңдерімен елге ерте танылған ақынның «Көлеңкеден күнгейге қонбай көңіл» (1993 ж.), «Армысың, Ақзер Дүние» (1997 ж.), «Сарыарқа кітапханасы» (2014 ж.) атты жыр жинақтары жарық көрген. Бүгінгі таңда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қаракөл ауылында тұратын қарт ақынның шығармашылықпен айналысып жатқаны жүрегімізге жылы тиіп, жанымызды жадыратады…

КӨЛЕҢКЕДЕН КҮНГЕЙГЕ ҚОНБАЙ КӨҢІЛ

Еңселі елім ерен, даламыз бай,
Орнаған ғаламаттар бар аңыздай.
Елігіп есем кетер «… измдерге»,
Сорыппыз сұлулықты қан ағызбай.

Халықтан көретұғын мөрін биік,
Рухы уақыттан кебін киіп,
Жандайшап, бақай есеп
«пайғамбарлар»,
Отырған ойрандады, елімді ұйып.

Сақтасын жан азасын ұқпағаннан,
Күйзеле кірпігімді шыққа малам.
Табиғи тұнығыма кесек атқан,
Бар ма екен безбүйректі құптар адам?!

Сиреді түзде киік, көкте аққуым,
Қурады бетеге-бел, бақ-бақ гүлім.
Бітелсе бұлақ көзі, оталды орман,
Ұрпаққа жеткізем бе сақтап бірін?!

Шарасыз шыңда қыран, суда балық,
Ауаны сан сұмдыққа улап алып,
Құрсақтан кемтар, зағип, мүскін болып,
Шырылдап шарананың туғаны анық.

Жүргенде қылықты қыз, аңсап ұлды,
Тастанды сәби көріп, тау шағылды.
Безінген ата-анадан имансыздар,
Жат үйде жатыр зарлап қанша мұңды?!

Атасы – алып тарих, анасы – күн,
Туған тіл – тұғыр, ғұмыр, қарашығым.
Қанатсыз қала жаздап, тұрды-ау әрең,
«Аһ» ұрған үні естіліп Алашымның!
Деп біліп достық – ырыс, келісім – құт,
Кім болсын, құшақ жая төр ұсындық.
Ақыры ақ уызға тойған тайлақ,
Өзіме айбат шекті, міне сұмдық!

Ел едік еліктегіш, неткен дара,
Дәстүрлі шығып кетті шектен, қара?!
Саудалы қайырымың, дастарханың,
Қалғандай бауырың семіп, өкпең ғана.

Билікті мансаптарға қол боламыз,
Ел асу, жиып-теру арманамыз.
Жомарттық жалға берер жалғыз атын,
Мәрттіктен мәңгүрттікке қалған аңыз.

Ақиқат ала-құла, айла егізде,
Мойынағаш – мүйіз алқым сайла өгізге.
Көлеңкеден күнгейге қонбай көңіл,
Көсегеміз көгеру қайда бізге?!
1990 ж.

Жастық, жол таппасаң…

Жезқазғанның көшесінде кешкілік
Тамылжыған талмау әуен естіліп,
Серуеннен сыр сіміре жүргенде
Сезіміме семсер ұрды қос бүлік.

Қос әруай, «беделі асқақ, білегі – оқ»,
Бір сүрініп, бір жығылып, түрегеп…
Қашқан қыздың құнын қуа келгендей,
Жүйкелердің жарқыншағын жүр егеп.

Іште «сайтан» булықтырып, ынтығар,
Бұйданы үзген буыршындай бұрқырар,
Әйел көрсе, айқара ашып құшағын,
Еркек көрсе, елірумен ұмтылар.

Салды бір сәт әуез, әнге ырғақты,
Дария дауыс тарғылдана құрғапты.
«Зиялылар» зығырданы қайнайды,
Шегірткелер жайлағандай гүл-бақты.

Толқыдым мен, күйді күлге қия алмай.
Шалқыды олар, сабасына сыя алмай.
Қандай қиын келешекке көз жұму,
Өмір сүру, кеңшілікті сүйе алмай?!

Қыран қайрат, алау жүрек – шоқтық-ты.
Жалын жастық, жол таппасаң, боп күпті,
Құрбанына айналасың, қайтейін,
Озбырлықтың…
Ойсыздықтың… Тоқтықтың!
1993 ж.

Палуандық дәурен бір сәті

Кілемнің тұрмын шетінде,
Бұрқанған бойда бұла күш.
Қорқаудан қайтпас бетінде,
Шайқасқан жанда сұраныс.

Дың еткен белгі дыбыстан
Естілмей басқа ештеңе,
Жолбарыстай жұлысқан,
Ойнайды тулап қос дене.

Ойдағы отыз айла, амал,
Жүрмейді мұнда билігі.
Ол-дағы үміт байлаған,
Біреудің берен жүйрігі.

Тартамын алдап диірменге,
Жамбас та дайын тұр тағы.
Сайысқа түсіп үйренген
Сырқаттар діңке құртады.

Қара тер кетті қамалап,
Қаусырып, қаға лақтырдым.
Жанардан жасы домалап,
Ұстазым ұшпай шақ тұрды.
– Міне Ер!
– Жігіт!
– Ең күштің!
Қол соғады жұрт тұрып…
Қаусатып келген жеңістің
Қалаусыздығын ұқтырып!
Күзде
Күрең шәлі жамылып,
Күн көтерді кірпігін.
Қола ағынға малынып,
Қағып жатыр қыр түгін.

Жел изеген селеуден
Аспанға ұшты ақ шаңыт.
Ойымдағы өлеңде
Сәуірдегі жоқ шабыт.

Марқа бұлттар көкте өріп,
Байыз таппай теңселер,
Киген жалаң шекпенін,
Тобылғылар – еңселі ер.

Көз ұшында көк тұман,
Тау шоқтығы бұлдырап, –
Жан азасы, жетті ме ән,
Жапырақтар тұр жылап?!

Алаөкпе боп қаңғырып,
Қаңғалақтап қаңбақ жүр.
Егістікке жан кіріп,
Бұрқанады саңлақ жыр.
Үнсіз ұғын
Шоқ қайда шығатұғын безеп тілді,
Көк қыран қауқар таппай
көжек құрлы, –
Күмілжіп, Құдай ұрып, тұрыс мынау,
Не сиқыр сайтанымды тежеп тұрды?!

Саф сезім сағасында балқып аққан,
Қурайдай қалшылдайсың,
қалқып аттан.
Апыр-ай, ақ көрпесін ашты, қара,
Жанарға шағылысып жалқын атқан.

Сәмбі тал – табиғаттың төл сұлуы,
Төнеді көл төсіне Көрші мұңы.
Жел тұрса, жанып-күйіп қауышады,
Бақилық басылар ма сол сыбыры?!

Ай – бұзау, тойып алған өрісте анау,
Жалайды бұлт әукесін, келіскен-ау?!
Қос жұлдыз ағып түсті, міне, көктен,
Не қалды біз айтатын, періштем-ау?!

Уа, Ағайын!

Жаның – жебеу, ойың – нәр,
Ел едік қой есті сөзді пайымдар.
Елікпенен бірге қуып Елесті,
Арғымақтан ауып қалған жайым бар!
Жайсаңдардың жыртқаным жоқ жағасын,
Майсаңдардың құртқаным жоқ қарасын.
Содан болар, тапқаным көп бал, асыл,
Содан болар, артқан да бар нала, сын.

Шырқау шыңнан шықпаса өктем дауысым,
Кетті деме көшкін желмен қауышып.
Жастығымды алсам дағы жоғалтып,
Жалынымды алғаным жоқ тауысып!

Сендердегі шаңқан Арман менде де,
Кең Даламды қондырғанмын кеудеме!
Ұқсамаса Махаббатым ұқсамас,
Сосын, мына өксік Жырым өңгеге!

Алдым түгіл, Ай, Ғаламды аңдаймын,
Ащысы мен тәттісі тең таңдайдың!
Оралмасын өлексе иіс, ондай күн,
Өркенімді өрлігіммен қорғаймын!
Бәрімізге бақыт берген Даналық,
Бойымызда борышымыз бар алып.
Арылмайды төсегімнен қыл,қияқ,
Кірпігімде қан тұрады қамалып…

Түйсік

Жанарымнан жас шықты,
Кәусарым, қаңсып қалдың ба?
Сап, сап, көңілім, бастықшы,
Аңсарың асу алдында!

Күнге құштар еді-ау,
Ол да туып, батады.
«Туған – тіреу» дедің-ау,
Екен ғой құр атағы.

Елін сүйген егіліп,
Сарыала күз – сағыныш.
Қиялыңа көміліп,
Қасіреттен қанып іш!

Қарға қанат қақты алыс,
Сан сұңқарды тұзақтап.
Жалған атақ, мақтаныш,
Жәдігөйдің жүзі – аппақ.
Бәрі – ғапыл, бәрі – елес,
Күйбің күңкіл,
Жер,
Су,
От!
Көрсоқырың мен емес,
Көңіл қайтып көншімек?!

* * *
Жал-жая, жомарт жұртым-ай!
Пейілің дархан болды-ау сор…
Келімсек, кірме – «кіл құдай»,
Аждаһа,
Арам,
Арбаушы – Ол!

* * *
Ақиқат жолы – көк тайғақ,
Кіріптар көңіл – күзгі орман.
Жүректе жатса от қайнап,
Етегін ашпас ізгі арман!

Тұлпардың бүтін тұяғы,
Кеткем жоқ киіп кебін мен.
Түнеріп барып, құяды
Кәусарын бұлт та көгімнен!

Ырыс-Құт: Көлім, Орман, Жол,
Етуім керек Иелік!
Тас-талқан басып алған жөн,
Жүрмеу де үшін жиі өліп!

Ар құсым ұшар. Санам – Ақ,
Көзіне кәпір құм үйе,
Қорғасын… Хаққа – Аманат!
Армысың, Ақзер Дүние!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір