Сегіз кітап
06.11.2015
1330
0
776555_1606437063_IMG_8334ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару» бағдарламасы бойынша Астанадағы «Фолиант» баспасы жуықта Медеу Сәрсекенің «Шығармалар жинағын» жарыққа шығарды. Көлемі 232,5 б.т., сегіз  кітаптан құралған жинақ республика кітапханаларына таратылуға тиіс. Алпыс жылға таяу уақыт еңбекқор жазушы қаламы өрген шығармалардың дені деректі ғұмырнамалар – «Сәтбаев» (екі рет), «Бөкетов», «Бекмаханов» (үшеуі де Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» топтамасы бойынша 1980, 2003, 2007 және 2010 жылдарда жарық көріп, әлем кітапханаларына таралған үздік туындылар). «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» хикаяттары мен осы жанрдағы мөлтек әңгімелері бірінші томды құраса, 2-3-ші кітаптарға деректі  шығармалары «Шыңғыс хикаясы», «Мен білетін Ер Ғабең» мен бірнеше балладалары енген.

«Үйдегі мұрағатымда ертеректе жа­зыл­ған үш туынды болатын: «Ағайынды үшеуге – ату жазасы», «Ағайынды Қадылбековтер» және «Аласармас асқар таудай ардагер» атанған деректі дүниелер. Әртүрлі себептен соларды жариялауды тежегемін. Соларды да «Шығармалар жинағыма» қостым. Қаһар­­­мандары – ел мүддесіне аянбай ең­бек етіп, сол жолда шейіт болған ардагерлер… – деді Медеу Сәрсеке бізбен әңгіме үс­тінде. – Кімдер екенін айтайын: үш Сейі­тов – Баянауыл перзенттері, ағайын­ды­лар­дың үлкені – Асылбек 1923-1937 жылдарда Семей облысының денсаулық сақтау жүйе­сін құрып, сәтті басқарған кәсіби дә­рігер, 1918 жылы Алашорда үкіметінің ден­саулық министрі болған. Ту баста Баянауыл мен Қар­қаралыда халықты емдеген. Оның іні­лері Мағжан ақынмен, Смағұл Сәдуақа­с­ұлы­мен, Әлімхан Ермековпен аралас-құ­ра­лас болып, солар құрған жастар үйір­­­ме­леріне мүше болған жайсаңдар… Ағайынды Қадылбековтер де – баянауылдық зиялылар. Солардың үлкені Нұрғали – Сол­түстік Қазақстан губерниясында 1925 жыл­дарда екінші хатшы болған белсенді большевик, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі, Түріксіб темір жолын салған басқармада, одан соң Қарағанды қөмір тресінде екінші басшы міндетін атқарған қайраткер. Амал не, Рысқұловты қаралау мақсатымен ұйым­дастырылған жалалы «істің» басты куәгері ретінде Шымкентте тұтқындалып, Алматы түрмесінде 1936 жылы дүреден өлген… (Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерімде» Нұрғали Кодаленко аталып, сайқымазақ әжуамен сипатталған кейіпкер де осы). Оның тетелес інісі Мерғали Қадылбеков – Мәс­кеудің түсті металдар институтын 1928 жы­лы Оразалы Жандосовпен бірге тәмам­да­ған геолог. Шымкенттегі қорғасын зауытын тұрғызуға негіз болған Ащысайдағы Мер­ғали-сай (қазіргі Кентау қаласы осы кен орнында ірге көтерген), Текелі және Қа­ра­ғанды іргесіндегі Қайрақты (вольф­рам­ға бай) кен орындарын 1930-37 жылдары тұңғыш ашушы ірі маман. 1935-36 жылдардағы республикалық газеттер ұйым­дастырған индустриалды Қазақстан туралы арнайы беттерде оның суреті мен еңбегі Қаныш Сәтбаевпен әрдайым бірге жа­рияланған. Амал не, ол да 1937 жылы КСРО Ауыр өнеркәсіп наркомының бірінші орынбасары Ю.Л.Пятаков пен Қазақстанды дара билеуші Л.И.Мирзоянның сыбайласы ретінде, Текелі комбинатының тұңғыш директоры О.Жандосовпен және оның туған ағасы Оразбен бірге ату жазасына кесіліп, үкім Мәскеуде орындалған. Мен осы дерек­терді академик Сәтбаев туралы деректер қа­раған кезде көріп, «Керек тастың ауыр­лығы жоқ» деген жорамен көп жыл бойы үйімде сақтаған едім. Қатаң цензурадан ада болып, емін-еркін толғауға мүмкіндік ту­ған кезде тарих толқынында ұмыт болған шерлі тұлғаларды ел назарына ұсынуды өзіме парыз санадым… Үшінші тұлға – зиялы қауымға білімпаз болмысымен таныс қай­раткер. Ол болса 1938-1947 жылдарда Қа­зақ КСР-ның Халық ағарту наркомы, Қа­зақстан КП ОК-нің секретары болған Мұхамеджан Әбдіқалықов. Ол кісімен мен Е.Бекмахановтың өмір жолын қазып жүр­ген­де танысып, екі-үш мәрте сұхбат құрға­мын. Мұхамеджан ағайдың сол кездесулерде маған ашқан құпия деректері болмаса мен сол кітапты жаза да алмайтын едім. Ол кісі 2006 жылғы 13 шілдеде 99 жасында қай­тыс болды. Мұхаңның туған інісі, техника ғылымдарының докторы Мейрам Әб­ді­халықов ағасының үйіндегі күллі мұрағатын бертінде маған сыйлады, марқұмның өзі де сол жігітке тапсыр депті-міс. Қысқасы, сол ар­хивтен мен неше түрлі қызық та мәнді деректер көрген соң қайраткердің өмір жолы туралы деректі эссе жазуыма тура келді. Эссенің «Аласармас асқар таудай ардагер» деп аталуы – шынын айтқанда, менің сөзім емес, белгілі қаламгер Ісләм Жарылғаповтың сол кісіге арнаған ұзақ өлеңінің алғашқы жолы. Амал не, кейбір замандастары секретарь Мұхаңды Мәскеудің әмірін орындағыш белсенді қайраткер етіп сипаттап, өздерінің оғаш әрекеттерін бертінде сол кісіге байлаған. Менің қолымдағы құжаттарда Мұхаң көптеген қазақ оқығандарын, мысалы, Әуезовті, Бекмахановты қызғыш құстай қорғағанын аңғардым әрі Қазақстан мектептерін орта білім беруге бейімдеу ісінде ерекше қайрат көрсеткен адам…».
«Шығармалар жинағының» 7-8 кітап­та­рына инженер-қаламгердің өзі еңбек жолын бастаған ауыр өндірістердегі өмірінен шытырманды оқиғаларды негіз етіп, тартымды сюжетпен өрген, өткен ғасырдың 80-90 жылдарында «Жазушы» баспасынан жарық көріп, Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан да қайыра жарияланып, Одақ көлемінде де НТР заманының үздік шығармалары ретінде бағаланған туындылары – «Жарылыс» пен «Көмбе» романдары еніпті. 7-ші кітаптағы «Жарылыс» туындысы бірінші бетіне одақтық «Литературная газета» 1982 жылғы 27 қазан күнгі санында осы ро­маннан «Ауыр қорғасын» деген атаумен үзінді жариялағанда оған Еңбек Ері, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің жолашар лебізі беріліпті: «Біз, қазақ қаламгерлерінің аға буыны, жұмысшы адамдар туралы қалам тартқанда, олардың өндіріс ісіне таңдана қарап, бұрын-соңды шұғылданбаған кәсіпті, тың өнерді білуге құлшынып, соны тезірек меңгеруге ұмтылғанын көрсеткен едік. Заман талабы да солай еді. Тарихи заңды жә­не өмір шындығынан туған іс болатын. Ме­деу Сәрсекеевтің «Жарылыс» романы да зауыт адамдарының өмірін көрсетуге ар­налған, тек ол жаңағы сипаттағы шығар­ма­лардан мүлдем бөлек сарында жазылған. Өзі де инженер-металлург автор өндіріс құ­пиясына бойлай еніп, әріптестері бей­не­сін нанымды сомдайды. «Жарылыс» – күр­де­лі қақтығысқа құрылған шығарма. Тех­но­логиялық процесті көрсетудің қиын­ды­ғына, ауыр өндіріс тынысын сипаттаудың күр­де­лі­лігіне қарамастан роман жеңіл оқылады. Әсілі, бұл да – қаламгердің сөзсіз табысы…».
Медеу Сәрсекенің «Шығармалар жина­ғы» жазушының 80 жастың өріне шығар қар­саңында жарық көргенін ескерту парыз.

Қарагөз СІМӘДІЛ.
ПІКІР ҚОСУ