ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫ
«Дәм ғанимет бұл күнде,
Дидар ғанимет бұл күнде.
Жүз қадірін білетін,
Достар ғанимет бұл күнде», – деп жазып кеткен Қазақстандағы ұйғыр ұлттық әдебиетінің классик жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Хызмет Абдуллиннің туғанына 90 жыл толу мерейтойы кең көлемде атап өтілуде.
Жазушының шығармашылығы тек қана оқырманның көңіл төрінен ғана емес, тәуелсіз мәңгілік ел – Қазақстандағы үлкен әдебиеттің бірі болған Ұйғыр ұлттық әдебиетінің төрінен орын алғандығы даусыз.
Өйткені, Хызмет аға жұлдызы жарық жазушылардың бірі болды. Оның қаламынан өмірге келген мейлі өлең, балладалар, поэмалар болсын, мейлі әңгіме, повесть әлде романдары, драмалары болсын әуел бастан оқырмандарын бей-жай қалдырмай, қайта оларды өзіне тартып қызықтырумен келді. Бұл жағдай жазушының Құдай берген талантының арқасында көпшілікті әсерлендірген оқиғалармен астасып, қаламгерлік беделін айшықтай түсті.
Көркем сөздің шебері болған қаламгер бүкіл өмірін, қайнаған шабытқа толы шығармашылығын халқымыздың тарихи тағдырындағы ең маңызды, ең үлкен оқиғаларға, төтенше мәселелерге бағыштады. Сондықтан да жазушы зор дүмпу тудырған типтік дүниелерге мән берді. Сипаты жағынан аса қуатты меселелерге ден қойып, мықты еңбектерді өмірге алып келді. Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жарқын шұғыласы болған, оның көп салалы шығармашылық мұралары халқымыздың рухани байлығына қосылған үлкен үлес.
Хызмет аға әйгілі Құлжа жолының бойындағы халқы рухани бай, табиғаты көркем ұйғыр ауылдарының бірі Баяндайда, Абдумүтәліптің отбасында дүниеге келген. Әкесі ұлттық өнеріміздің білгірі, ән мен күйге жақын кісі еді. Салт-дәстүр, ғұрып-әдетке өте қанық жан, өз ортасына әзіл-қалжыңымен ерте танылды.
Өткен ғасырдың 50 жылдарында Ұйғыр кеңес әдебиетінде қайтадан өрлеу, гүлдену кезеңі басталды. Міне, осы жылдардағы Әдебиеттің үздік өкілдерінің бірі болып талант-қабілетімен көрінген осы Хызмет Абдуллин болды. Алғашында заман талабына сай бейбітшілік, Отан, саяси-публицистикалық әуендегі еңбектерімен көзге түсті. Сол тұстағы «Мақтанышым Байқал», «Һинганда», «Ана» өлеңдері дәуірлік сипаттағы шығармалар еді. Бұл тұтас кеңес әдебиетінің ортақ тақырыбы десек те, қаламгердің жазғандары да заманмен үндесіп жатты. Әрі автордың алғашқы шығармалары өскелең дәрежедегі азаматтық сезімдермен суғарылған. Жас ақынның ата-жұртқа, Отанға, елге деген ізгі тілектері, адалдығы, махаббат сүйіспеншілігі жан-жақты айқындала айшықталған.
Хызмет Абдуллин Қиыр Шығыста жапонға қарсы соғысқан ардагер жауынгер ретінде жан әлеміне терең із қалдырған оқиғаларды, жауынгер достарын, ең жақын адамдарынан айрылған аянышты көріністерді жаны күйзеле жыр ғып толғады. «Жаралы жер» өлеңінде:
Таңды күтпей, Сапер және бет түзеді далаға,
Бір кездерде ұмтылғандай қанды соғыс қалаға.
Қарсы тұрып сұм апатқа, жеңді төнген ажалды,
«Ешбір зардап болмасын!» – деп, ұрпақтарға, балаға.
Ақынның алғашқы кездегі өлеңдерінде эпикалық кең құлаш, реал оқиғалар шығармасына өзек болып «Анайат», «Дауытжан» сияқты дастандарды дүниеге әкелді. Тарихи тұлға Анайат Құрбановтың өміріне арналған жыр Октябрь төңкерісі кезіндегі Жетісу ұйғыр диқандарының жергілікті билеушілеріне және орыс өктемдігіне қарсы күресі бейнеленген.
Онда отаршылдар мен езушілерге қарсы қиянкескі таптық күрес шынайы суреттеледі. Жырда образды түрде бейнелеу арқылы жаңаша ой айтуға ұмтылған. Осы тұрғыдан алғанда «Дидар ғанимет», «Көңілде арман қалмасын» атты өлеңдер жинағы оның ақындық тұрғыдан биіктей түскенін көрсетті. Аталған кітаптағы өлеңдер, балладалар, рубаяттар, поэма және сатиралық шығармалары ақынның көркемдік шеберлігін барынша аша түскен. «Қауындыққа барғанда», «Асы жайлауы», «Сәлем, азаттықтар!» өлеңдерінде ақын бейнетқор ұйғыр диқандарының жерге, өмірге көркемдік сыйлаған еңбекқорлығын, ұйғыр және өзге ұлттардың ынтымағын, табиғаттың дарқандығын бейнелейді. Жетісу жеріне, ондағы халыққа деген махаббатын былайша жырлайды:
Елі-жұртым сен болған соң Жетісу,
Қайда жүрсем мақтана еске аламын.
Сондықтан да мадақтаудан, жырлаудан,
Тек өлгенде тоқтау керек қаламым!
Бұл екі жинаққа кірген өлеңдердің қатарындағы «Кешірімді бол», «Жәһилдік және шапағат», «Уахи», «Көңілде арман қалмасын» секілді жырлары терең сезім-түйсік, салмақты ой-пікір арқалаған. Онда жақсылық пен жамандық, ақ пен қара тілге тиек етіліп, әділет таразысына тартылады. Өмірдің қадірін білуге, тіршіліктің көркемдігін әспеттеуге үндейді.
Халқымыздың қаһармандығы, оның шұғылалы тарихы ақын шығармашылығының түпкі өзегі. Халқымыздың шұғылалы тарихы, мәдени мұрасы, ақыл-парасаты оның өлеңдерінен менмұндалады. «Дақиянус» атты лирикалық поэмасында ежелгі Ұйғыр мемлекетінің астанасы гүлденіп-көркейген кезінде шапқыншылардың шабуылына ұшырап, елдің тоз-тозы шыққаны көрініс табады.
«Бабиләң», «Өсиет» қатарлы лирикалық дастандары, «Бір тал пәйпәзә», «Ата-баба әдеті» деген балладалары мазмұнының тереңдігі, қамту аясының кеңдігі арқылы ерекшеленеді.
Хызмет Абдуллин көп қырлы талант иесі болғандықтан, проза саласында да айрықша көзге түсіп, өнімді еңбек еткен. Оның қаламынан өмірге келген «Тұрпан аясында», «Тағдыр», «Ауылдастар», «Отты шеңбер» романдары, «Аққан жұлдыз», «Қиядағы қырандар», «Ақиқат иіледі, сынбайды», «Құрылысшылар» повестері, «Мұқажир», «Торы ат», «Ділгірлер», «Жуқаза», «Айдын бұлақ әулиесі» қатарлы ондаған әңгімелері ұлттық сөз өнеріміздің дәрежесін өсіре түсті.
Жазушының «Әңгімелер», «Махаббат пен қарғыс», «Түйген ой» атты жинақтары сұрыпталған әңгімелер. Ондағы лирикалық шегіністер, түрлі бояулар, оқырман назарын баурайтын алуан ерекшелік көзге ұрып тұрады. Автордың халық тұрмысын мейлінше жақсы білетіндігі, өмірге көзқарасы анық байқалып тұрады. Драмалық қақтығыстар мен психологиялық ішкі тартыстар шығарманың құнын асыра түседі.
«Уақап үйшінің ұлы», «Жәркент әуендері» повестерінде Қазақстан аумағындағы ұйғырлардың жаңа дәуір жолындағы күрестері мен өмір тіршілігі бейнеленсе, «Аққан жұлдыз» повесінде Отанымыздағы ұлт азаттыққа, дербестікке ұмтылған күрестері бедерленсе, аталған үш хикаят айтулы үш дәуірдің жүгін көтеріп тұр. Осылайша халқымыздың басынан өткен тарихи кезеңді көз алдымызға келтіреді.
Жазушының «Тұрпан аясында» роман дилогиясының бірінші кітабы Шыңжаңға барып келгеннен кейін жазылады, екінші кітабы «Тағдыр» деген атпен он жылдан соң жарық көреді. Бұл тарихи еңбекте Қытайдағы ұйғыр ұлтының тағдыр талайы, тыныс- тіршілігі ауқымды түрде суреттеледі. Ұйғыр ғана емес, Шыңжаңдағы және күллі Қытайдағы қоғамды қопара қозғайды. Романда Зордунбай мен Сопақұн, Садықжан мен Заһидәм, Шәкір мен оның әкесі арасындағы байланыстар арқылы, Мөмүн, Садықжан, Ханифа секілді парасатты, өз ұлтының тағдырын бәрінен артық санайтын азаматтар арқылы халықтың арман-мақсатын жеткізеді.
1985 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ұйғыр бөлімінде оқып жүргенімде кафедра меңгерушісі, профессор Махмұт Абдурахманов курстасым Құрванжан Тайыров екеумізді жазушымен сұхбаттасып келуге жұмсады. Біз сол жолы «Тұрпан аясында» романының жазылуы, тарихи мәселелер туралы кең көлемді әңгімелестік. Бұл сұхбат кейін М.Абдурахмановтың шығармалар жинағынан орын алды. Бұл роман ұлттық трагедиялық оқиғалармен өрбіп, автордың махаббат сүйіспеншілігімен суғарылған. Сондықтан да қалың оқырманның іздеп жүріп оқитын кітабы.
1957 жылы ҚХР-ның Шыңжаң өлкесінде сапарда бірге болған көрнекті қазақ жазушысы Ғабит Мүсірепов былай деп жазған болатын: «Мен ұйғырлардың ежелгі тарихи қалаларында болып, олармен жақыннан араласқанымда, Шығыс Түркістанды, сапарлас болған жерлесім Хызметті жаңабастан танығандай болдым. Біз бәріміз терең және әсерлі сезімдерге бөлендік. Өте-мөте Хызмет өзінің байырғы ата жұртымен дидарласуға іштей де, сырттай да барынша даярланған екен. Міне, енді сол сапардан алған әсері, сезім-түйсіктері, ой-толғамдары үлкен екі кітапқа жүк болып отыр. Хызметтің бұл еңбегін оқығанымда, сол сапардан көрген-білгеніме, ғажайып әсерлеріме қайта батқандай күй кештім». Міне, бұл атақты жазушының «Тұрпан аясында» дилогиясына берген шынайы бағасы еді.
Бұл роман 1960-1962 жылдар ішінде, сол кездегі кеңес өкіметінің саясатының салдарынан жазылып болып түзелді, күзелді. Ал мазмұндық тұрғыдан ашық цензураға ұшырады. Дегенмен, жақсы адамдардың қолдап-қуаттауында ол роман жарық көрді. Бұл туралы өз еңбектерінде М.Абдурахманов жан-жақтылы жазды.
О, әзіз дос, өкпем жоқ бұл өмірге,
Жығылып та, жығып тағы көргеміз.
Шоқпар тисе қанатыма, көңілге,
Жер-Анадан шипа тауып, келгеміз.
Абзалы сол, көштен қалып қоймадым,
Жүгім ауыр, көмбе шалғай, бауырым.
Тән қалжырап, тоңлағанша бойладым,
Дәуірімнің елең қылмай дауылын! –
деп сол кездегі кедергілерге келісті жауабын беріпті. Ақын өлеңінде иілсе де сынбаған рухын, жігер-қуатын әйгілейді. Өмірінің соңына дейін ұстанған жолын, берік ниетін білдіреді. Кезінде әртүрлі саяси шектеулерге ұшыраған әдеби шығармалардың, ұзақ жылдар бойы сөрелерде шаң басып жатқан дүниелердің күні Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге туды. Міне, сол жағдайдың жуан ортасында болғандардың бірі осы Х.Абдуллин болатын.
Хызмет Абдуллин тек ұйғыр қаламгерлерімен ғана шектелген жоқ, ол белгілі жазушылармен достық шығармашылық байланыста болды. Айталық, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Шаңғытбаев, С.Шаймерденов, Қ.Ысқақов, О.Сүлейменов, Қ.Жұмәділов, А.Қайдаров, И.Щеголихиндермен тығыз қарым-қатынаста болды. Бұл достық байланыстар ұлттық әдебиетіміздің де мерейін көтерді.
Хызмет Абдуллин жөнінде айтылған пікірлер өте көп, солардың бірі өзбек қаламгері Камил Яшин: «Хызмет Абдуллин көптеген мазмұнды кітаптар жазды, олар арқылы біз, жапакеш, бейнетқор, батыр ұйғыр халқының және оның езуші-отаршыл күштермен жүргізген отты күрестерін оқып білдік», – деп жазды.
Жазушы еңбегі елеусіз қалған жоқ, ол «Құрмет белгісі», «Ұлы Отан соғысы, Екінші дәрежелі медалі», «Халықтар достығы», «Жапонға қарсы соғыстың жеңісі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Оның туған ауылындағы мектеп пен көшеге есімі берілген, жазушының еңбектері мектеп оқулықтарына кең көлемде кіргізілді.
Тельман Нурахунов,
ақын, ҚЖО-ның мүшесі.