Мұхтар Түменбаев ДОМАЛАП КЕЛГЕН ДОП
30.07.2020
1114
0

Бұл оқиғаның қай ауылда және қашан болғанын ешкім анық білмейді. Бәлкім болған шығар… Әлде болмады ма екен? Беймәлім. Дегенмен өздеріңізге айтып беруді жөн көрдім.

Сонымен күндердің бір күнінде аспаннан топ етіп түсті ме, жоқ әлде қаңғыған жел айдап әкелді ме, әйтеуір бір теңбіл доп домалап жүріп Бораштың ауласынан бір-ақ шықты. Сөйтті де шарбақтың бір бұрышына барып томпиып тоқтады да қалды. Таң азанымен самаурын қайнатуға шыққан Бораштың шешесі алғашында оны байқаған да жоқ. Қазан көтеріп, от жағып, суын тасып, шәй қайнатып өзімен-өзі болып жүрген. Содан аула сыпырмақ ниетпен сыпырғышты іздеп айналасына көз тастап еді, жаңағы добы құрығыр ілінді көзіне. Бұл қайдан шықты тағы? Құдай біледі, дәу де болса сол Бораш шығар алып келген деп пайымдады Жаңылыш. Ал содан келіп айқай басталсын.

– Әй, Бораш, әй жүгермек, анау жатқан ала допты сен тығып қойдың ба мына жерге? Кімнің үйінен жымқырып әкелдің, оңбайтын неме?

Ауланы басына көтерген шешесінің айқайынан шошып оянған Бораш, апыл-ғұпыл атып тұрып, шалбарын киместен далаға атып шықты.

– Қандай доп, шеше? Менде өмірі доп болған емес. Былтырлары дүкенге түскенде алып берші деп қиылып сұрағанымда да әпермедің ғой өзің, – деп ақталды бала ұйқысын аша алмай, көзін уқалап тұрып

– Ибай, қарай көр мынаны. Өкпе айтам дейді тағы. Қай ақшама сатып алады екенмін саған ол допты. Жертартқыр әкім анау, мектептің ремонтын сылтауратып жаздық «отпускнойымның» жартысын ұстап қалған. Сол мектептің ремонты мен сияқты бейшара аспазшының азын-аулақ ақшасына қарап қалған ғой шамасы, – деп баласын ұрсып жүріп ауыл әкімін де жерден алып, жерге салуды ұмытпады. Дәл осы ашуланған күйінде қолына түссе жерге ұрмақ түгілі көрге айдап кіргізер еді. – Айтатын өкпеңді анау әтаңанәлет әкеңе айт, айдың күні аманында суға батып өлген. Маған не дейсің?

– Туу, не деп кеттің өзі, көзім көрмеген әкемді айтып. Оның бұл жерге қатысы қанша?

– Неге қатысы жоқ екен? Сол жолы арағын ішіп суға кетпей, аман-есен жүрсе саған біреудің добын ұрлатпай, өзі-ақ сатып алып берер еді ғой бір емес, жүз допты.

– Шеше-ау, қайдағы доп? Не деп отырсың?

– Анау сарайдың бұрышында жатқанды айтам да. Кімнен алдың, айт қане жаңыңның барында. Осыдан дәл қазір соны иесіне апарып бермесең, анау мүләйімсіген көзіңе көк шыбынды үймелетпек түгілі бар ғой, қаптатып жіберем, білдің бе? Енді менің «жесір» деген атыма «ұрлықшының шешесі» деген атақ қыстырып бермексің бе? – деп бұлқан-талқан болды шешесі. Бораш болса допты көріп аң-таң. Бұл қайдан шықты? Жанына барып, қолына алып бір айналдыра қарап шықты. Бұны кім тастап кетті сонда, әлде сыртта ойнап жүрген балалардың добы ма екен, шарбақ асып түскен? Көшеге шығып қарайын деп еді, шешесі тағы шаңқ етті.

– Әй, жүгермек, кисеңші анау бұтыңа бірдеңе. Солайыңмен шықпақпысың далаға?

Іш киімшең тұрғаны енді есіне түскен Бораш допты ұстаған күйі үйге кіріп кетті.

Жаңылыш негізі болмысынан соншалықты ұрысқақ емес еді. Тіпті осы үйге келін болып түскен кездері күлкісі жиылмайтын ақ жарқын жан-тұғын. Кейін ғой мінезінің бұзылып жүргені. Өзгермегенде қайтсін. Жалғыз басты жесір әйелге бала өсіру оңай деймісің! Ол аздай, қайын атасы кемпірі өлгелі осының қолында. Содан қу тіршіліктің күйбенімен жүріп, еркектің де, әйелдің де міндетін қатар арқалаған Жаңылыштың жүйкесі сыр бере бастады. Кез келген майда-шүйдеге бола шап ететінді шығарды. Жолдасы Қараш екеуі 90-жылдардың орта шенінде шаңырақ құрғанда бәрі де әп-әжептәуір-ақ басталып еді. Күйеуі ол кезде ауылдағы МТС-та моторист. Таптырмайтын мамандық. Біреудің көлігі, не мотоциклы бұзылып қалса, алдымен осы Қарашқа бұйымтайлатып жүгіріп келетін. Табиғатынан аңқылдақ Қараш та ешкімге жоқ демейді. Қолдан келгенінше көмегін аямайтын. Соның арқасында жұмысында сыйлы, көрші-көлемге құрметті болды. Тек кейін сол құрығыр МТС-ы жабылды да, күйеуі жұмыссыз қалды. Ал ауылда басқа оған қайым жұмыс табылмады. Содан қолы бос еркек не істесін, ертелі кеш жолдастарымен жиналып карта ойнайтын болды, араққа әуестене бастады. Аяғы жаңағыдай болды.

Сол күні, әйелі ұл тапқанын ести салысымен, Қараш перзентханадан шыға дос-жарандарын іздеп тауып өзен жағасына тартты. Жолай дүкенге соғып арақ-шарапты толтырып алған. Жағажайдан отыратын жерді көп іздеп әуре болған жоқ. Өздерінің осындайда жиналатын оңтайлы орындары бар. Сол жерге келген бойда Қараштың әке болғанын жууға кірісті жігіттер. Содан біраздан соң, аққа тойып алған еркектер суға түсеміз деп есіре бастамай ма? Қарашың бас кезінде оларға ермей жағада қалған. Көзді жұмып, қиялға батып, шалқасынан жатқан құмда. Кенет су жақтан «құтқарыңдар ойбай, батып барам» деген біреудің жан даусы шықты. Сөйтсе жөнді жүзу білмейтін Тезекбай досы екен, суға кетіп жаны шығып жатқан. Оны естіген ақ көңіл Қараш қасқа қарап тұрсын ба?! Құтқарам деп киімшең барды да суға гүмп берді. Екеуі біраз арпалысты. Бұл судан шығарам деп әлек. Анау сасқанынан тырбаңдап, Қараштың жағасына, шашына, иығына кезек-кезек жармасып, мұның өзін су астына тартты. Аяғында Тезекбай Қараштың иығына міңгесіп итерілді де, бар білгенінше суды шолпылдатып судың таяздау жеріне жетті. Қараш болса өзеннің иіріміне түсіп кетіп, батты да кетті. Сөйтіп перзентханаға бақытты жар болып кірген Жаңылышымыз, жесір болып шықты. Ол аз болғандай, көп ұзамай енесі де көз жұмды. Жалғыз ұлының қазасына шыдай алмаған жүрек бір сәтте тоқтады да қалды. Ақырында жаңа түскен келін, атасы мен қолындағы перзенті үшеуі қалды сопайып. Тағдыр солай болса не шара?!

Содан бері міне, ат басындай 12 жыл өтіпті. Не керек, әйел бақытының балдай дәмін татам деп жүргенде, тағдыр, шіркін, оған жесірдің ащы сорпасын кекірігі келгенше сораптатып ішкізді ғой. Күнделікті жоқшылық, қара нан мен қара судың дәмі Жаңылыштың тілі мен таңдайын қайбір шұрайлы қыла қойсын. Балаң жартылай аш жүрсе, қаусаған кәрі қайын атаңнан қайран болмаса, қабақ қайдан ашылсын. Сол қу тіршілік қой Жаңылышты ұрысқақ әйелдердің қатарына қосқан. Десе де, ауылдастарының бәрі тегіс оның бойындағы бір қасиетін ерекше сыйлайды. Аштан өліп бара жатса да Жаңылыш біреудің дүниесіне құнықпайды да, қызықпайды. Алған қарызы болса, уәделі күнінде, уақтылы қайтарып, пайдалануға алған ыдысы болса, бұрынғысынан бетер жалтыратып жуып, ішіне құрт-ірімшігін салып, қайтарып береді. Сол ғой жаңағы жерде, допты иесіне апарып бер деп, баласын жерден алып жерге салып жатқаны.

Бораш үйінен киініп шыққанда шешесі әлі де бұрқылдап жүрді аулада. Дегенмен де күңкілінде ыза байқалмайды. Үйдің қабырғасына тақап қойылған орындықта қалғып-мүлгіп атасы – Нартай шал отырды таяғына сүйеніп. Келінінің шыж-быжына оның еті баяғыда үйренген. Үйренген деймін-ау, сол Жаңылыш бір нәрсеге ашуланып жатса, шал қасқа оны кәдімгідей аяйды. Бірақ, амал қанша, кемпірі өлгелі, бұның бойынан да қауқар кете бастаған. Соңғы кездері тіпті еш нәрсеге зауқы жоқ. Тек осылай күннің шуағына жылынып отырады да қояды. Жалғыз кәсібі – күнара үйдің барлық пышағын қайрап қояды. Анау қара сапты пышақ тіпті, қайта-қайта тасқа егей бергеннен, пышақ емес бізге айналғандай. Онысы өзінше кемпірін сағынған түрі. Марқұм, тірі кезінде шалының тіршілігіне көңілі толмаса, «Тым құрығанда анау үйдегі пышақтарды қайрап қойсаң нетті» деп зілсіз бұрқылдайтын. Бұл со бойда барып пышақ, қайшы, балта, ара атаулының бәрін жинап алатын да, тегіс үшкірлеп қоймайынша үйге кірмейтін. Ой, дәурен-ай десеңші. Қазір де сол әбден үгітілген қайраққа өзінің ескі бәкісін қайрауға қамданып жатқан. Допты алып далаға шыққан немересін көрді де шақырып алды.

– Қарағым, мына қолыңдағы ала доп расымен де біреудікі болса апарып бер. Болмаса қарғысына қаласың. Кішкентай ғана ойыншық деме. Ол да біреудің еңбек терімен, адал еңбегімен тапқан ақшасына сатып алынған дүние, – деп немересін арқасынан сипады. Қайтсін енді, көпті көрген қара шал ғасырға жуық ғұмырында талай нәрсені ойға түйді емес пе. Жұрттың дүниесі түгілі әкенің малы да балаға жұғысты болмайтынын ол жақсы біледі. Бораш атасын үнсіз тыңдап, қолындағы допты шыр айналдырып тұрған. Содан, бір кезде көзі доптың бетіндегі еміс-еміс көрінген, бояуы кете бастаған жазуға түсті. «ӘДІЛДІК ПЕН ШЫНДЫҚ». «Бұл не болды екен?» деп ойланған күйі, атасына, мақұл дегендей, басын шұлғып, ауланың сыртына шығып кетті. Содан ешкімге қарамастан, жол бойы кезіккен ересектерге сәлем беруді де ұмытып, ауыл шетіндегі құм төбенің басына шықты да, отыра кетіп жаңағы жазуға қайтадан үңілді. Әділдік пен шындықтың не екенін жете түсіне қоймаса да, қасиетті ұғымдар екенін іші сезеді. Сөйтіп отырғанда ауылдың үлкенді кішілі балалары да жиналып қалды құмтөбенің басына.

– О, Бораш, мына допты қайдан алғансың? Қақпа құрып, футбол ойнамадық па? – деп ұсыныс тастады біреуі. Оны басқалары да қолдай кетті.

– Жоқ. Бұл доппен ойнауға болмайды. Бұның киесі бар, – деді Бораш. Айнала қоршаған балалар «Мынауың жынданғаннан сау ма?» деп таңданыса қарасты бір-біріне. Соны сезген Бораш оларға доптың бетіне жазылған жазуды көрсетті. «ӘДІЛДІК ПЕН ШЫНДЫҚ»

– Бұл не сонда? – деп сұрады достарының біреуі.

– Бір кеңкелес ерігіп отырып пышақпен ойып жазған да. Ал сен, қияли әпенді кәдуілгі допты қасиетті затқа балап жүрсің. Әулие шығарсың, – деді екіншісі мырс етіп. Қалғандары да жаңағының сөзіне қарқылдап келіп күлсін. Бораш сонда да өз дегенінен қайтпай, қолындағы допты ойынға бермей қойды.

– Ау, Бораш, саған не болған өзі? Біз сені әжептәуір жігіт пе деп жүрсек, жаман добыңды аяғаның не? Кел ойнайық одан да, – деп допқа қолын созды ересектеу балалардың бірі.

– Жоқ, – деп шаңқ ете қалды Бораш. – Бермеймін. Болмайды оны тебуге, – деп допты арқасына қарай тықты. Сөйтіп тұрғанда ішіндегі пысықтау біреуі Бораштың артынан барып, тығып тұрған добын жерге қағып түсірді де, бір теуіп ала қашты. Қалған балалар да алақайлап соның ізінен жүгірісіп кете барды. Алғашында не болғанын түсінбей абдырап қалған Бораш іркіліп тұрып қалды да, содан соң ғана барып «Жігіттер, қайтарыңдар допты, онымен ойнауға болмайды», – деп айқайлап соңдарынан жүгірді. Оны тыңдайтын бала қайда. Бір-біріне теуіп, допты қуалап өз жөндерімен кетті. Жандарына барған Борашты бірі итеріп, екіншісі шалып құлатып, ақыры допқа жолатпай қойды. Бірақ ойын ұзаққа бармады. Сәлден соң-ақ доптың желі шығып, мыжырайып мүжілді де қалды аяқ астынан. Доптың желі шыққан соң ойынның не мәнісі болсын. Қызығына құмарлары қанбай қалған балалар қолдарын бір сілтеді, шырт-шырт жерге түкіріп үйді-үйлеріне тарасты. Бораш болса, көз жасы мөлтілдеп, тізерлеп отырған күйі доптың жанында қала берді. Мыжылған допты қолына ала бергенінде қос жанарынан екі тамшы үзілді де тура барып «Әділдік пен шындық» деген жазудың үстіне тамды. Тамған жасты алақанымен сүртпек болып сипап өтіп еді, о Құдайдың құдіреті, ала добы қайтадан торсықтай болып, толған айдай толысып шыға келді. Бала аң-таң. Ешнәрсе түсінер емес. Бірақ әйтеуір добы қалпына келгеніне қуанды. Жақынын құшағына қысқандай, допқа бетін төсеп, тастай қылып құшақтай алды. Шөпілдетіп сүйіп те қойды ара-арасында…

Сөйтіп отырғанда кеш батып, күн көкжиектен құлап бара жатты. Кешкі салқынмен құмның да жылуы кетіп, сыз тарта бастады. Бала үйге асықты. Құм төбенің басынан жүгіріп түсті де, ауылға баратын жалғыз айдау жолмен алшаң басып тартып отырды. Аулаға кіре сала, шешесі жүрген жоқ па екен деп жан-жағын бажайлап, сүзіп шыққан. Көрінбейді. Қора жақта жүрген сияқты. Үйдің азғантай жандығының көң-қоқысын тазалап жүр-ау шамасы. Таңғы естіген ұрысы әлі есінен шықпаған Бораш, анасына көрінбейін деп үйге қарай жүгіре басып зып берді. Бірақ шешесі де бұны тағатсызданып күтіп, дарбаза жаққа қайта-қайта көз салып жүрген. Баласы үй есігінен кіріп бара жатқанда күс-күс болған табанын байқап үлгерді.

– Қайда жүрсің сен, жүгермек, а? – деп ізінен айқайлады зілсіз.

Баласы естімегендей болып, апыл-ғұпыл өз бөлмесіне кіріп кетті де, ала добын төсегінің астына зу еткізіп, – Сен осында бола тұр, мен көп кідірмеймін. – деді, бейне бір тірі жанмен сөйлескендей. Содан қайта далаға шығып қораға қарай беттеді. Шешесінің қолынан айырды алып жатып,

– Әкел, мен бітіріп тастайын, – деді.

– Қайда жүрсің деп сұрадым ғой мен сенен.

– Жәй, құмтөбенің басына барып ойнап қайтқанбыз, – деп жауап қатты Бораш, балалармен арадағы болған оқиғаны айтқысы келмей.

– Ойында басың қалсын сенің. Аула анау сыпырылмаған, қора мынау, боғы ағып жатқан. Осы үйдің тіршілігін жалғыз менің мойныма артып қойып жүріңдер солай. Есейген сайын маған қолқанат бола ма десем, көтеніңнен теріс кетіп бара жатсың, – деді шешесі не ұрысқаны, не назданғаны белгісіз үнмен. Мұндайда үндемей құтылған дұрыс. Бораш оны жақсы біледі. Әбден шешесінің мінезін зерттеп алған. Жаңылыш тағы шамалы бұрқылдап жүрді де, самаурынды алып ішке кіріп кетті. Көп ұзамай, – Әй, Бораш, таста ана айырды. Жуын да келіп шәйіңді іш, – деген саңқылдаған даусы шықты үйден. Бұл кезде Бораш та қораны тазалап болып қалған. Жиналған қоқысты күрекпен арбаға лақтырды да, итеріп апарып аула сыртындағы шұңқырға төкті. Содан жерге қазық қып қағылған бөренеге ілінген қолжуғышқа беті-қолын апыл-ғұпыл шайып, үйге кірді. Дастархан басындағы оның орны атасы мен шешесінің ортасында болатын. Сол жерге молдас құрып жайғасты да, алдына қойылған тамақты таба нанмен қосып қомағайлана жеуге кірісті. Төрде отырған атасы шынаяқ кесенің шетін тістеп қана шәй ішті. Асқа қол да созған жоқ. Жасы келген сайын тәбеті қашып, күні бойына бірер үзім нанмен шектелетін болып жүр. Онысы жақсы нышан емес, әрине. Бәлкім дәм-тұзы сарқыла бастады деген осы шығар деп ойлап та қояды кейде. Жарайды, бұйырғанын көреміз-дағы дейді сосын іштей, өзін-өзі жұбатқандай. Шәй ішілді, Жаңылыш дастарханды жинап, ыдыс-аяқ жууға жаздық бөлмеге кетті. Бораш болса жастыққа шалқалай жата кеткен атасының жанына барып жантайды. Сосын бір бүйірімен шалға қарай бұрылды да, шынтақтап, алақанымен басын тіреді.

– Ата, осы әділдік деген не? – деді, бір білсе, көп жасаған осы кісі біледі-ау деген оймен.

Шал жұмған көзін ашып немересіне таңдана қарады.

– Ой, қарғам-ай, сен де қояды екенсің небір сұрақты.

Содан қойнына кірген Борашты қысып құшақтады да, көзін қайта жұмып үнсіз қалды. Бораш атасы ұйықтап қалды-ау шамасы деп ойлаған. Сөйтсе олай емес. Шал немересінің қапелімде қойған сұрағына жауап іздеп ойланып жатқан.

– Әділдік, балам, адалдықтың сыңары, шындықтың серігі. Жаратқанның әр пендесінен талап ететін қалауы. Оған әркім құмар, – деп бір тоқтап алды шал. Содан сәл үнсіз жатып сөзін әрі қарай жалғады. – Бірақ адам баласы көбіне өзіме келгенде айнала жұрт әділ болса екен дейді. Сөйте тұра өздері әділдікті ту етуге жарамай жатады. Әділдікке бет бұрған жан ешкімді алаламайды, шен-шекпеніне, дәрежесіне, жасы үлкен-кішісіне, туыс, әлде жаттығына қарамайды, ақ-қара, бай-кедей деп бөліп-жарып жатпайды, бәрін тегіс тең көреді. Адалдық пен шындыққа ғана сүйенеді. Әділдікті сүйген адам тірі жанның ала жібін аттамас, біреудің дүниесіне қол сұқпас. Өзі де қиянат жасамайды, басқаның да қиянатына жол бермейді. Әділ адам жарлының сүйеніші, жесір-жетімнің қорғаны. Есіңде ме, өткен күзде мектептің асханасындағы тоқпен істейтін пештің жарылғаны? Соны ғой, сенің шешең мектеп директорына да, әкімнің өзіне де талай рет қақсап айтты, бүгін болмаса ертең істен шығады, жөндеу керек деп. Сонысына құлақ асқан жан болсайшы. Ал болары болып, пеш өртеніп тынғанда әкімің шешеңнің өзін кінәлі қылып қойды емес пе. Кеткен шығынның өтемі деп, мілицамен келіп үйдегі жалғыз ала сиырды айдап әкетті ғой жетесіз неме. Ал өзің не ойлайсың, солары әділдік пе?

– Жоқ, – деді бала, сол күнгі оқиғаны еске түсіріп жатып. Мүйізі мүжілген сауынды сиырдың қай жеріне арқан байларын білмей, шыбықпен шықпыртып отырып айдап әкетіп еді-ау сонда учаскелік милиция. Аулада зар илеп анасы қалды, қорада мөңіреп бұзау қалды. – Жоқ, ата, ол әділдік емес, – деді қайталап, нық сеніммен.

– Міне, балам, біздің әкімнің жанына адам жуымайтыны сондықтан. Өзі де жұрттан безіп, биік дуалдың артына тығылып алған. Алда-жалда жолығып қалса, халық амал жоқтықтан иіліп жатады. Ал былай шыға бере ізінен түкіріп, өзінен бастап, ата-бабасына дейін түк қалдырмай қарғап-сілегенін мына көз талай көрді ғой. Ал халықтың қарғысы деген жаман болады, балам. Күндердің күнінде бар жасаған қиянатын Жаратқан ием алдынан шығарады, көр де тұр.

– Ата, онда мен өскенде әділ әкім болам. Анама ала сиырын қайтарып берем, – деді Бораш, әлі де баспақты тартып әкеткен күнді ұмыта алмай.

– Ай-на-лайын, жан қарғам сол. Ниетіңді қабыл қылсын, Жаратқан ием. Ал енді бара ғой, ұйықта, – деп шал немересін құшағынан босатты. Бала кетісімен бөлмеге көрпе-жастықтарды көтеріп Жаңылыш кірді, шалдың төсек-орнын жайғамақ болып. Келініне кедергі болмай, далаға шығып келейін деп оқталғанда, Жаңылыш шал күтпеген әңгімені бастады.

– Ата, қалаға көшсек қайтеді? – деді ол, көздің қиығымен шалдың ауанын бағып.

– Е-е, онда не бар екен?

– Менікі жалғыз түйір баламның қамы ғой. Мұнда жүріп жалғызсырап бітті. Ауыл балалары да бұны шеттететін көрінеді. Күн өткен сайын томаға-тұйық болып барады өзі. Ал қалада ініңіздің балалары бар, нағашылары да – сонда. Солармен араласып өссе деймін-дағы. Маған да жөні түзу, жалақысы дұрыстау жұмыс табылып қалар. Өткен жолы қонақтап барғанымызда, Сәндібай көкем, көшіп келсең көмегімізді аямаймыз дегендей болып еді.

Кемпірі қайтқалы бойдан қуат, көңілден қайрат кетіп, әбден мұқалып қалған Нартай шал соңғы уақытта тіпті көнбіс болып кеткен. Келіні не айтса, соған келісе салатын. Бірақ бұл жолы мәселе қара шаңырақта болып тұр емес пе? Оны тастап кеткісі жоқ шалдың. Содан, – Ал мына үйді қайтеміз, сатпақсың ба? – деді батылсыздау қарсыласып. Қайынатасының күмілжіп тұрғанын Жаңылыш бірден сезе қойды.

– Жоқ, ата. Бұл үй осы күйінде тұра береді. Сатпаймыз. Көршілерге қарап қойыңдар деп тапсырып кетуге болады. Егер қалаға сыймай, ортаға сіңбей жатқандай жағдай болса, осында қайтып келеміз, – деп бастырмалата сөйлеген келін шалдың соңғы уәжінің күл-паршасын шығарды.

– Қайдан білейін, қарағым. Қартайған шағымда тамырым сусындаған туған жерден қозғалмасам ба деп едім. Бірақ бұл жердің де пәтуасы кете бастады ғой. Сендер жассыңдар. Бүгінгі заманның қалтарысы мен бұлтарысын бізден гөрі жақсы білесіңдер. Егер де ғайыптан жоғалтып алған жалғызымның көзі – Борашқа солай жақсы болса, онда тәуекел, – деді Нартай шал келінінің дегеніне көніп.

Өз бөлмесінде жатқан Бораш атасы мен шешесінің әңгімесін естісе де, мән бере қойған жоқ. Оның өз қызығы өзінде еді. Ала добын төсектің астынан шығарып жанына алды. Содан бір кезде қаламсап алып, таңба басқандай ойып жазылған «Әділет пен шындық» деген сөздің астына екі көз салды. Олардың ортасына мұрын отырғызды. Екі езуі екі жаққа кетіп, күлім қаққан еріндерін бояп салуды да ұмытқан жоқ. Сөйтті де, добын алдына алып, күбірлеп жатты.

– Сен біздің ауылдың балаларына ренжіме. Олар сені жәй ойын добы көріп жүр ғой. Ал мен білем, сен тегін емессің. Мына «әділдік пен шындық» деген жазу да бекер емес. Тек сенің біздің аулаға қайдан домалап келгеніңді білмедім. Шамасы басқа ауылдарда да сені дәл бүгінгідей тепкілеп домалатқан шығар. Бәлкім сен де, мен сияқты, әділдікті аңсап, адалдықты іздеп жүрген боларсың? Әлде сол әділдіктің өзісің бе сен? Не болсаң да саған қорған керек. Әйтпесе, ерінбеген есалаңның бәрі сені теуіп, лақтырып ойыншыққа айналдырады. Әділдікке де қамқоршы қажет. Ендігі жерде мен сенің қорғаның болам. Енді сені ешкім де ренжітпейді. Екеуміз дос боламыз. Қашанда бірге боламыз, – деп добын құшағына қысты Бораш. Сол құшақтаған күйі ұйқыға кеткенін де байқамады бала. Ертесіне тұрып далаға шықса ерте ататын шілденің күні шақырайып төбеге шығып үлгеріпті. Шешесі үйде жоқ екен. Атасы сол үйреншікті орнында, тапал тамның көлеңке жағындағы жарға тіреп қойылған орындықта бәкісін қайрап отыр.

– Борашжан, тұрдың ба, айналайын? Бәрекелді. Жуынып-шайынып, шәй-тамағыңды ішіп ал да, мына ауланы тазалап сыпырып қой. Шешең тапсырып кеткен. Келіп қалса, тағы ұрысып жүрер.

– Ол қайда кетіп еді, ата?

– Соны өзім де анық білмеймін. Жұмысқа барып, арыз жазам деді-ау шамасы, – деп құлықсыз жауап берді шал. Соған қарағанда, кешегі кеште қалаға көшуге асығыс келісім бергеніне өкініп отырған секілді. Сөйтіп отырғанда жуынып жатқан немересіне қарады да, осы қарғамның болашағы үшін неге болса да көнем-дағы, қайтем енді, – деді іштей.

Бораш салқын суға бетін бір шайып алды да үйге қайта кіріп кетті. Дастархан үстіндегі орамалға ораулы таба нанның бір шетін кесіп алып, кілегейге малып отырып ұрып алды. Содан жылымық шайдан асығыс-үсігіс екі ұрттады да далаға шықты. Жарға сүйеулі тұрған иінағашты іліп алып, құдықтан екі шелек су әкелді. Онысын қос уыстап аула ішіне шашып шықты, шаңын басып. Одан соң сабы өзінен екі есе ұзын сыпыртқыны алды да, құстың ұясындай ғана шағын ауланы тақыр жері көрінгенше құмнан тазартып сыпырып шықты. Әжептәуір құм жиналып қалыпты. Оны кешегі қора қопсығын тиеген арбаға салды да, дөңгелетіп отырып күл тастайтын шұңқырға апарып төкті. Шаруа бітті, тапсырма орындалды дегендей екі алақанын қағып Бораш добын қолтығына қыстырды да, аула сыртына шықты. Көңіл шат-шадыман. Онысының себебін өзі де білмейді. Әйтеуір әуелетіп ән салғысы келгендей ғажайып күй кешіп келеді. Сөйтіп ауылдың жалғыз орталық көшесіне шықты. Оң жағында азық-түлік дүкені қалып барады. Дүкеннің көлеңке жағында үш еркек орталарына бір шөлмекті алып, тізерлеп отыр, таң атпай бас жазып. Күнгей жағында дорбаларын иығына асынып екі әйел тұр сампылдап әңгіме айтып. Байқап қараса, шешесінің Мәрзия, Күләш деген құрбылары сияқты. Соларға добын көрсетпекші болып, кешегі сиямен салып қойған доптың бет-жүзін алға қаратып, жаңағылардың алдынан маңғаздана өте шықты. Онысын ешкім байқай қоймады. Екі келіншектің өз қызықтары өздерінде, ауыл өсектерін жинап-түгендеп, пәткелеп, орын-орнына қойып жатты. Дүкенге кіріп-шығып жатқан басқа жұрт та бұған назар аудармады. Бораш болса артына қарай-қарай, тірі жанның мұны елемегеніне көңілі пәс болып кете барды. Сөйткенше болған жоқ, мұның алдынан кешегі үлкенді-кішілі бірнеше бала шыға келді.

– Оу, мынау добын қайта үрлеп алыпты ғой.

– Әй, тәмпіш танау, насосты кім берді саған?

– Аузымен үрлеген шығар, бұның белесебеті де жоқ қой, – деп, жаңағылар енді бұны жарыса келемеждеуге көшті. Содан бір кезде арасындағы ересектеу біреуі Бораштың қолтығының астындағы допты шап беріп жұлып алды да, шыр айналдырып, екі алақанының арасына салып қысып көрді. Тығыршықтай. Бетіне сиямен салынған адам бейнесін көрді де мырс етті.

– Мынауың әпенді шығар. Қараңдар, бетін шимайлап көз салып қойыпты. Аузы-мұрнын да келістіріпті, – деп айналасындағыларға көрсетіп шықты. Содан бәрі ішек-сілелері қатып күлсін.

– Әй, сорлы, сен өзі адамнан жолдас таба алмай, допты дос қылып жүргеннен саумысың? – деді ересегі тағы да кекетіп. Майдалары жырқылдап күлді.

– Қайтар допты, – деп ұмтылды Бораш. Бірақ әлгінің бойы сыриған бір пәле екен, допты төбесіне көтеріп еді, Бораш қанша секірсе де жете алмады. Ашуға булығып, көзіне жас үйірілді.

– Ойбу. Жігіттер, мына сорлыға қараңдар, қазір-ақ жылап қоя береді жетімек. Қой, жарайды, мә, ала ғой жаман добыңды, – деді ұзынтұра, қолындағы допты созып. Бораш жақындап келіп ала беріп еді, жаңағы қолын дереу тартып алды да, допты қарсы бетте тұрған жолдастарының біріне лақтырып жіберді. Анау да шалт екен, қағып ала қойды.

– Әй, жетімек, мә, менде сенің жан досың, – деді ыржия күліп. Бораш енді оған қарай ұмтылды.

Бірақ бұл жете бергенде жаңағы жылпос допты үшінші біреуге лақтырып үлгерді. Ол тағы біреуіне жіберді. Сөйтіп бәрі қосылып, бір-біріне допты кезек-кезек лақтырып Борашты ортада жүгіртіп қойды. Бораш көз жасын сүртіп жүріп: «Қайтарыңдар добымды» деп айқайлап, анадан мынаған, одан келесісіне жүгірумен болды. Балалардың бұл озбырлығына қой дейтін ересектер де табылмады сол жерде. Дүкен жанындағылар көрсе де көрмегендей болып мелшиіп тұра берді. Қырсыққанда мыналардың да ешқайсысы ұстатпай қойды. Содан бір кезде доп қайтадан ұзынтұраға тигенде Бораш жүгіріп барды да жаңағының қолына жармасып, қырш еткізіп тістеп алды. Сыриған ұзынтұраның «Ох» деген жан даусы шықты.

– Мынаның есі кем шығар. Жарымес, – деп, шынтағымен бір періп жерге сұлатты мұны. – Мә ендеше саған жаман добың, әділеттілігіңмен қоса – деді де, теріс айнала бере шіреніп тұрып бір тепті ала допты. Аспандап ұшқан доп биік дуалдың ар жағындағы Тезекбай әкімнің ауласына топ етіп түсті.

– Ал барып ала ғой енді добыңды, шық бермес Тезекбай бере қойса, – деді де, сыри­ған ұзынтұра жерге бір түкіріп, жолдастарын ертіп кетіп қалды. Көз жасын шаң-шаң болған қолымен сүрткілеп бет-аузын аймандай қылған Бораш жаңағылардың кеткен жақтарына қарап қала берді. Содан біраз тұрды да, теріс айналып әкімнің үйіне қарай беттеді. Дарбазаның жанына барып жәймен ғана есігін тартып көріп еді, ашық. Жүрегі шайлығып тұрса да қорқасоқтап ішке кірді. Қараса, мұның добын аула ортасында шіреніп Тезекбай әкім қолына алып айналдырып тұр екен.

– Ағатай, бұл менің добым еді, – деді бала әлі де өксігі мен даусының дірілі басылмай.

– Есіңде болсын, балақай, мейлі есіктен болсын, мейлі аспаннан болсын, бұл үйге кірген нәрсенің бәрі менікі. Кірген дүние қайтып шықпайды. Себебі ол Алланың маған жіберген несібесі,– деді әкім маңғаздана аузын керіп. Сөйдегенше болған жоқ, қолындағы доптың демнің арасында желі шықты да кетті. Әкім аң-таң. Бұған не болды аяқ астынан? Жаңа ғана торсықтай болып тұр еді ғой. Мұны енді қайтем, – деді де, – Мә, ала ғой, – деп Бораштың аяғының астына лақтыра салды. Бала допты жерден көтеріп сипалай бастаған. Бағанағы балалардың қорлығы әбден өтіп кеткен болуы керек, көзінде әлі де бірер тамшы тығылып тұрған. Солар енді қуаныштан ыршып шығып, допқа тамды. Сол-ақ екен, ала доп қайта дөңгеленіп шыға келді. Мұны бақылап тұрған Тезекбай таңданғаннан шайқатылып, шалқасынан құлай жаздады. Есін әрең жинап, теріс бұрылып, кетуге ыңғайланған Борашты тоқтатып үлгерді. Даусы әлгіндегідей керілген маңғаз емес, жұмсарып қалыпты.

– Әй, балақай, тұра тұршы, кәнекей. Бір минутқа добыңды бере тұршы, – деп сұрап алды. Қолына алып еді, кәдімгідей тап-тастай. Айналдыра тағы бір қарап шықты. «Әділдік пен шындық» деген жазуға көзі түс­ті. – Сен сонда жаңа ғана желі шығып мыжырайып қалған бұны қалай қалпына келтіріп алдың? – деп сұрады баладан. Бала білмеймін дегендей иығын қиқаң еткізді.

– Мынаны қара, мынау қайтадан боп-бос болып барады. Кәне, сен ұстап көрші, – деді де Тезекбай допты Борашқа ұстатты. Баланың қолына тиген доп қайтадан өздігінен үрленіп, торсықтай толып қоя берді. Мұны көргенде әкімнің қысық көзі бадырайып, шарасынан шығуға шақ қалды. Таңданғаны сонша, тіпті ықылық ата бастады. Әрбір ықылығы тұла бойын селк еткізіп, қампиған қарнын бүлк еткізеді. Тағы өзіне алды допты. «Әділдік пен шындық» деген сөзді қайта оқып шығып, мұның құпиясы неде деп ойлап үлгерген жоқ, ала доптың былғары сырты қайтадан жұмсара бастады. Не болса да мұнда бір сыр бар деп пайымдады әкім. Сол сырын білмейінше бұл доптың өзімде бола тұрғаны дұрыс деп шешті.

– Балақай, осы сен кімнің баласысың?

– Қараштың.

– Е-е-е, Нартай ақсақалдың немересі екенсің ғой.

– Иә.

– Атың қалай?

– Бораш.

– Ой, бәрекелді. Біз сенің әкең – Қарашпен тай-құлындай тебісіп, бірге өстік. Кезінде суға кетіп бара жатқан жерімнен құтқарып қалған да сол еді. Әкеңнің ол жақсылығын ешқашан ұмытпаспын. Тіпті бар ғой, марқұм қазір тірі болса, өзімнің орынбасарым қылып қояр едім, – деп лепірді әкім.

– Онда неге сынған пештің құны деп біздің ала сиырымызды тартып алдыңыз?

– А? А ол мен емес. Үкімет талабы солай, Борашжан. Мен тек заңға бағындым, – деді Тезекбай ақталғандай. Сосын әңгімені басқа жаққа бұрып:

– Біз былай қылайық, сен мына допты маған сат, – деді әкім.

– Жоқ, – деп кесіп айтты бала.

– Онда айырбастайық. Мен саған үлкен қорап кәмпит берем, оған қоса көтергеніңше пішінай арқалап кетесің. Үйлеріңде кәмпит-пішінай болмағанына да біраз болған шығар, – деді бұлардың үй-ішінің жайын жақсы білетінін байқатып.

– Жоқ, әділдік пен шындық сатылмайды. Себебі олар адалдықтың сыңары, Алланың қалауы, – деп атасының айтқанынан миында қалғанын тақылдап айтып шықты Бораш. – Ал сізде әділдік жоқ. Олай болса адалдық та жоқ. Сіз біздің үйдегі жалғыз сиырды тартып алдыңыз, шешемнің айлығын бермей жүрсіз. Демек сіз ел-жұрттың ала жібін оп-оңай аттайсыз. Әкем өлімнен құтқарып қалды дейсіз, ал өзіңіз бізге қиянат жасайсыз, – деп саңқ-саңқ етіп бала тілімен бар білген-түйгенін ақтарып салды. Тезекбай дем жетпей, ашу-ызадан ісініп-қабынып, түтігіп кетті.

– Ах, күшік. Сен мені… Мен сені… Өй алқаш Қараштың бөлтірігі. Сен білесің бе кім­мен сөйлесіп тұрғаныңды? Мен Тезекбаймын! Мен… Мен… Мен осы аймақтың құдайымын. Әділдік дейді, шірік. Әділдік деген мына МЕН! Шындығың да мына МЕН! МЕН не айтсам – сол әділ, мен не сөйлесем – сол шындық. Кет жоғал, көзіме көрінбей, – деп айғайлаған Тезекбай жер тепкілеп аяғының астындағы шаңды басына көтерді.

– Допты қайтарып бермесең, кетпеймін, – деп тұрып алды Бораш та. Амалы құрыған әкім:

– Әй, қайсың барсың? Әй, Оразқұл, мында кел.

Оразқұл осы үйдің шаруасына жауапты қызметшісі, барып кел, шауып кел шабарманы еді. Бір жағынан әкімнің жиен інісі. Тезекбайдың ашу шақырып тұрғанын байқап, сонау қора жақтан үш аттап жанына жетіп келді. Тезекбай сонда да, қайда жүрсің дегендей жақтырмай, оны аяғынан басына дейін бір сүзіп өтті.

– Мына сүмелекті ал да, лақтырып таста шарбақтың сыртына немесе босат анау иттерді, талап парша-паршасын шығарсын.

Оразқұл ләм-мим демей, баланы қолтығына қыстырды да дарбаза жаққа жүгіріп кетті. Сөйтті де Борашты сыртқа алып шығып:

– Балақай, Тәкеңнің ашуына тиіп қайтесің? Аулақ жүрсең етті. Одан сен түгілі ересек мына мен қорқам. Кектеніп алса бәріміз де оңбаймыз, – деді жәймен ғана сыбырлап.

– Добым… Добым… – деп еңкілдеп жылады бала. Оразқұлдың оны жұбатуға шамасы болмады. Арт жақтан Тезекбай қайта шақырып жатқан соң ішке кіріп кетті де, есікті ар жағынан іліп алды.

Бораштың да қырсық мінезі бір басына жетеді екен, қасарысып кетпей қойды. Біресе тауықтың жұмыртқасындай ғана жұдырығымен тарсылдатты дарбазаны, біресе аяғымен тепкіледі. Сөйтіп үй ішіндегілердің бәрінің мазасын алып болды. Бір кезде құлып тарс етті де, есіктің ар жағынан Оразқұлдың басы көрінді.

– Айналайын, балақай, ел-жұрттың миын су қылып жібердің дәл осы тұрғанда. Тәкең қазір қоймаса төбеттеріне талатам деп отыр. Ол сондай, айтса істейді. Ақылың бар ғой, балам, қайтшы үйіңе, ал түнде, ай жарығымен тып-тыныш қана осында келе қал. Алып шығам мен саған добыңды немесе шарбақтан асырып лақтырып жіберем. Өзің қағып аларсың. Ал қазір қайт үйіңе, Тәкең тіптен жынданбай тұрғанда, – деген Оразқұлдың басы есік ішіне қайта сүңгіп кетті.

Бораш ботадай боздаған күйі үйіне қарай жүгірді. Көз жасын көлдей ағызып, есіктен кіре сала шешесінің жатырына қайта кіріп тығылғысы келгендей алдына құлап, басын оның ішіне тығып еңкілдеп жылай берді, жылай берді. Сосын шешесіне қарап:

– Мама, кетейікші мына ауылдан. Өтінем сенен кетейікші, – деді де, басын қайта тықты анасының ішіне.

– Ойбай балам, не болып қалды? Кім сені ренжіткен? – Шешесінің зәре-иманы қалмады.

– Добым… Добымды…

Бораш еңкілдеген күйі еш нәрсенің мәнін дұрыстап түсіндіре алмады. Ал шешесінің көңілі, керісінше, орнына түскендей болды.

– Әй, балам-ай! Мен сені әжептәуір жігіт болды ма деп жүрсем… Жаман допқа бола сонша пора-пора болып жылағаны несі? Қайдан шыққаны белгісіз, айдаладан домалап келді, айдалаға домалап кетті. Ол тіптен сенің добың да емес қой.

– Жоқ, ол менің добым, ол мені әдейілеп іздеп келген. Ол маған болашақта әділ әкім боласың, тек мені жаныңнан тастама деген. Ал әкім оны тартып алды. Ол әділетсіздік мама, – деді Бораш жылағанын қоя алмай.

– Қой болды. Соған бола соншама ағыл-тегіл болып жылай ма екен адам? Қоя ғой, айналайын, – деп жұбатты шешесі баласын.

– Көшейікші, мама, бүгіннен қалмай кетейікші бұл жерден. Бұл жерде ешкім әділдікті қаламайды. Кетейікші. Атам екеуің кеше келісіп едіңдер ғой. Өтінем, мама, – деген Бораш әлі де өксігін баса алмай жатты шешесінің тізесінде. Содан әбден шаршағанда ғана барып ұйқыға кетті.

Бұл уақытта Тезекбай әкім өз үйінің төргі бөлмесінде жалғыз өзі омалып отырған. Үстінен ешкім кірмесін деп әмір берген өзі. Алдындағы журнал үстелінің үстінде жаңағы Бораштың добы тұр. Домалап түсіп кетпесін деп астына көп хрусталь вазалардың бірін қойды. Содан әлгі допқа мелшиіп ұзақ қарап отырған. Бір құпиясы бар екенін іші сезеді. Бірақ соның кілтін таба алмай басы қатты. Бұл не жазу? Оны өшірілмейтіндей етіп жазған кім? Неліктен жаңағы жүгірмектің қолында бұл пәле толысып, тап-тастай бол­ады да, бұл жоласа шөгіп қоя береді? Сұрақ көп, жауап жоқ. Әлде, расымен де әділдікті таптағанның, адалдықтан аттағанның қолына тұрақтамайтын қасиеті бар ма? Онда бұл әділдіктің деңгейін өлшейтін барометр сияқты бір пәле болды ғой. Олай болса, мұның қаупі осы ауылдың барлық арызқойларынан бетер. Қолыңа алсаң болды, бүкіл болмысыңды әшкерелеп, артыңды ашып, абыройыңды айрандай төкпей ме! Жаңағыдай алақанында тұрып мыжырайып сала берсе, ел-жұрт мұның бар пиғылын біліп қоймай ма?! Ал аудандағы басшылар ше, олар білсе тіпті оңдырмайды бұны. Қой, болмас. Оған Тезекбай жол бере алмайды. Бұл доптан құтылу қажет. Қазір далаға лақтырып тастасын. Тоқтай тұр. Ал оны басқа біреу тауып алып, мұның өзіне қарсы пайдаланса ше? Жоқ, ең дұрысы – мұны тасалау бір жерге тығып тастау керек. Сол дұрыс, – деп шешті Тезекбай әкім. Сөйтті де, допты қолына алып қос алақанымен қысып кеп қалды. Доптың желі демде шықты да кетті. Содан мыжырайып қалған допты басынан жоғары көтерді де, сілкілеп тұрып, – Міне сендерге әділдік, міне сендерге шындық, – деп, кімге қаратқаны белгісіз, өршелене айқайлап алды. – Әділдік, адалдық, шындық дегеннің бәрі – ерунда. Естідіңдер ме? Е-рун-да! Оның бәрі аңқау қара тобырдың қиялы. Ал билік тұтқасын ұстаймын деген мына мен сияқтыларға оның түкке де қажеті жоқ. Заманың түлкі болса, тазы емес, қасқыр болу керек. Тіпті қасқыр да емес, тажал бөрі болған артық етпейді. Әйтпесе айнала маңайыңдағы құзғындар өзіңді түтіп жер, – деп, бір жағынан өзін-өзі қайрап, екінші жағынан ақтап алғандай болды. Содан соң аулаға шықты да, қораға қарай беттеді. Барды да, қараңғы жертөленің қақпағын ашып, мыж-мыжы шыққан допты төменге атып ұрды. – Бұл үйге кірген зат ешқашан да қайтып сыртқа шықпайды. Жатсын сол жерде. Әділдік пен шындықтарыңның орны сол жер, қараңғы қапас, – деді айызы қанып.

Сол түнде Тезекбайдың ұйқысы ұйқы болмады. Қай-қайдағы түсіне кіріп, аунақшып, дөңбекшіп шықты. Түні бойы төбесінде қаптаған ала доптар ұшып жүріп алды. Бәрінде бір-бір жазу бар. Бірінде «қысастық», екіншісінде «қиянат», үшіншісінде «зорлық», оның жанындағы допта «қорлық» деген жазулар жылт-жылт етеді. Қалғандарында да бір оңған сөз жоқ. Өңшең «қызғаныш», «даңғойлық», «алдау», «арбау», «парақорлық», сияқты адам бойындағы ант ұрған қасиеттер тізбектеліп өтіп жатты. Солардың арасынан әлдеқашан суға батып өлген жолдасы Қараштың бейнесі салынған көк-ала доп бөлектеніп шығып, мұның кеудесіне келіп қонбақшы болғанда тіпті зәре-иманы ұшты. «Аулақ, аулақ кет» деп қол-аяғын сермеп, төніп қалған допты тепкісі келеді. Бірақ онысынан түк шығар емес.  Аяқтары ербеңдеп, қолдары ауаны қармап қалып жатты. Содан ақ тер-көк тер болып оянып кетті. Тұра сала Тезекбай қораға қарай жүгірді. Жертөлеге өзі түсіп, кешегі тастаған допты іздеді. Бұрыш-бұрыштың бәрін тінтіп шықты. Таба алмады. Доп ізім-қайым жоқ. Мыжырайған допқа бола ұры да түспесі анық. Анау биік дуалдан секірсе мерт болуы да ғажап емес. Онда қайда кетті ол? Жын әкетті ме, сайтан алды ма? Тезекбай қайта жоғары шығып, аулада теңселіп әрлі-берлі жүріп алды. «Мүмкін емес», «тиіс емес» дей берді қайта-қайта. Ара-арасында «Жо-жоқ, бұл үйге кірген дүние қайтып шықпауы тиіс», – деп күбірлеп қояды. Содан бір кезде кілт тоқтай қалды да, «Таптым» деп айқай салды. «Таптым» деді қайталап. Сосын Оразқұлды шақырып алды да жақын маңдағы дүкеннен су жаңа доп алдыртты. Оған қошқыл қызыл бояумен «Әділдік пен шындық» деп жаздырды да, оны арнайы постаменттің үстіне орнатты. Бетін әдейілеп жасатқан төртбұрышты хрусталь қораппен жауып, төргі бөлмеге апарып қойды. Содан сәл кейін шегініп барып алыстан сүйсіне бір қарады да, – әділдік пен шындық менде. Әділдік пен шындық мына мен, – деді масаттанып.

PS: Ауыл шетіндегі шатыры тозған тапал тамның есігіне ат тұяғындай құлып ілінді. Иелері ауылдан шығар жалғыз айдау жолға түсіп алып кетіп барады. Бірі таяқ ұстап, шағын дорба асынған қария, екіншісі екі чемоданды өзара байлап, иығына асынған, қос қолына тағы да екі түйіншек іліп алған келіншек және қолтығына ала доп қыстырған, жасы он екілер шамасындағы бала. Алған беттерін ешкім білмейді. Оралатын, оралмайтындары да беймәлім. Тек солар кеткен күннен бастап бұл ауылдан әділдік пен шындық мүлдем жоғалды деседі көрген жұрт.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір