Романымда Тәуелсіздікпен бірге жағаласып келген аласапыран заманды суреттедім
21.12.2021
457
0

1990 жылы «Жалын» баспасында редактор болып өндірістік практикадан өттім. Ақын Есенбай Дүйсенбаев бас редактор еді, сол кісінің қоластында екі ай жүрдім. Марқұм Ес-ағаң көп сөйлемейтін, біртоға, сабырлы адам еді ғой. Практикамның басында бірер қолжазбаны қарап берген соң, сауатты көрінсем керек, маған сенім артып (ол кезде үшінші курсқа көшкен студентпін) қалың-қалың, кетпектей қолжазбаны қолыма беріп қояды. «Жатақханаңа апарып, асықпай оқып, редакциялап шық» деп, құшақтатып қоя береді. Кейбір танымал ақынның жаңа қолжазбасын «аямай қысқарт» дегенінде аузым ашылып қалатын. Аты белгілі қаламгердің бәрін қол жетпес биіктегі, сөзі алтын, таңғажайып тұлға көретін кезіміз. «О қалай болар екен, қолжазбасына қалай қол тигізем?!». Ес-ағам көңілімдегі ойды көзімнен оқып қойса керек, «әй, бала, түзету ғана емес, қысқарта да білу керек» деп, өзі сол заманда-ақ класссик танылған, үлкен ақынымыздың қолжазбасын алып, кейбір ұзақ өлең, шұбалаңғы шумақтарын аямай, сызып-сызып қысқартып тастағаны. Көзім бақырайып кетсе керек, «ағамыздың өзінің қолжазбасын қарап шығуға денсаулығы келмей жүр, өзі рұқсат берген, кітабы сапалы болып шығуы керек, мынандай артық-ауыс жерлерін алып тастаған жөн» деді маған қарап. «Сен өзің де ақын емессің бе» деп мені көтермелеп қойып, «осы ағамыздың жинағының жақсы шыққанын ойлайық әуелі» деді. Сөйтіп, сол заманда қаншама кітаптың артында баспа редакторының тұрғанын студент кезімде-ақ біліп қалдым. Өндірістік практикам біткенде Ес-ағам «бала, маған біраз көмектестің, мен де саған жәрдем берейін» деп төрт баспа табақ жыр кітабымды шығарып бермек болып алып қалды. Келесі жылғы жоспарға кіргізем деді. Жатақханаға мәз болып қайтқаным, жігіттерге «кітабым шығатын болды» деп шүйіншілегенім есімде. Мұның бәрін айтып отырған себебім, Ес-ағам әлгі тұңғыш жинағымдағы (өкінішке қарай, 1992 жылдың ауыртпалығы, қаржы тапшылығы келіп ол жинақ шықпай қалды) «Еңсесі биік боз орда» деген өлеңімді көрсетіп, «осындай тағы бірер өлең қоссаңшы, азаттық алатын күніміз де алыс емес» деген болатын. Бұл – 1990 жылдың күзі еді. Сірә, 25-қазанда Егемендік декларация жарияланған тұс қой деймін, Ес-ағаммен әңгіме содан кейін болса керек. Ол кезде, 1990 жылы жария сөздің қызып тұрған кезі, телеарнадан, Мәскеудегі совет съездерінен елді өзгерту керек, компартияны құрту керек деген әңгіменің ашық айтыла бастаған шағы. Десе де, Есенбай ағамның еліміздің Тәуелсіздік алатынына деген сол сенімі ғажап еді.   

1991 жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік жарияланғанда, әлі күнге көз алдымда, елдің көпшілігі қуанғанымен көңілінде ертеңгі жағдай не болар екен деген алаң да тұрды. Әсіресе үлкен кісілерге жүз елу жыл империяның отары болған елдің аяқтан тік тұрып кетуі қиын көрінсе керек. Бірақ жастардың, әсіресе біздің КазГУ-дегі қазақ студенттерінің қатты қуанғаны әлікүнге көз алдымда.

Арада ай өтпей, жаңа жыл мейрамынан кейін, 1992 жылдың 2-қаңтарында Ресей үкіметі бағаны еркіне жіберіп, өздері айтпақшы, «шок терапиясын» жасады. Сөйтіп, мемлекетті май құйрықтан бір теуіп бір-ақ күнде нарық экономикасына кіргізіп жіберді. Әлі тірі совет ақшасын қолданатын басқа республикалар, оның ішінде біз де бар, бірге кеттік. Құдай сақтасын, айналасы бір жетінің ішінде ақша он есеге, жүз есеге құнсызданып, ел зар еңіреп қалды. Совет ақшасы бір айға жетпей құны жоқ, қу сабанға айналды. Қысқасы, мемлекет те, ел де көк тиынсыз қалды. Сол қиыншылық онсыз да ашқұрсақ студент қауымын тентіретіп жіберіп еді. Тәуелсіздікпен бірге жағаласып келген аласапыран заман біз сияқты өрім жастың жанына өшпес таңба салып кетті. Халық сең соққан балықтай теңселген, ауыр, өлара шақ еді. Сол өлара кезеңге тап болған біздің буын балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, 90-жылдардың соңына таман бір-ақ есін жинады-ау…

1993 жылы оқуды бітіріп, қолға диплом алдық. Сол жылы жатақханасы бар екен, бізге де бір орын тиіп қалар деген үмітпен Қазақ радиосына жұмысқа тұрдық. Гиперинфляция әлекедей жалаңдап тұрған кез. Таңертең оянсаң, азық-түліктің бағасы жарты құнына өсіп тұратын заман. Ақыры, алған айлығың он күн тамағыңа жетпейтін болған соң күн көрістің қамымен базар жағалап кеткен кезіміз де болды… Бір өкінетінім, пәтерден пәтерге, жатақханадан жатақханаға көшіп қаңғырып жүрген кезімде (бойдақ адамда қайбір құнт болады) сол 1992-1996 жылдары жазған бір өлең дәптерім, төрт әңгімем жоғалып кетті!.. Сол ауыр тиді бәрінен бұрын.  

Міне, осы кезең, осы заман менің 2000 жылы жазылған «Қараөзек» романыма негіз болды. Үш-төрт жыл бойына жоспарлап жүріп, толғатып жүріп, жаз бен күз айларында жазып шықтым. Роман 86-ның оқиғасымен басталып, 1994 жылға дейінгі кезеңді, яғни Тәуелсіздікке енді қадам басқан біздің заманды, біздің жас кезімізді суреттейді. Бас кейіпкер Хақназарды  86-ның көтерілісінде сотталып, Тәуелсіздік қарсаңында легерьден шыққан декабрист – желтоқсаншы бейнесінде алдым. Қысқа қайырсақ, Хақназар – азаттығын енді алған елдің жастарының жиынтық бейнесі.

Әдеби журналға беріп едім, шығарамыз деп бір жыл ұстады… 2001 жылы мың данамен кітап болып жарық көрді. Көпшілікке, әрине, жетпеді. Оған өкінбеймін, бізде кітап тарату жүйесінің жоқ екені белгілі, ешкімнің кітабы тарап жатқан жоқ. Дегенмен роман бұдан кейін мемлекеттік тапсырыспен 2012 жылы, сосын 2015 жылы, екі рет қайта басылып шықты. Жақында, осы айдың соңында «Әдебиет» баспасынан тағы жарық көрмек. Сонымен, барлығы төрт мәрте басылыпты. Өкініш жоқ, оқырман да, әдеби сын да шығарманың шын бағасын берген.

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір