«МЕНІҢ ЖАНРЫМ – КҮНДЕЛІК»
30.07.2020
1717
0

Ақын-жазушылардың өзіндік стилі, жанры, тақырыбы, қолтаңбасы болуы керек. «Менің жанрым – күнделік» деген атпен Асанәлі Әшімұлының 2019 жылы кітабы жарық көрді. Бұл кітаптың негізін әр жылдарда «Алматы ақшамы» газетіне басылған дүниелері құрайды.

Өз басым Асекең – Асанәлі Әшімұлымен КазҰУ-дың үшінші курсында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне тәжірибеден өтуге барғанда тұңғыш көріп, бетпе-бет сөйлестім. Ол кезде үшінші курс студентімін. Бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов екі тапсырма берді: М.О.Әуезов атындағы Академиялық драма театрдың актрисасы Сәбира Майқанова Мемлекеттік сыйлық алған екен, өнер иесінің өмір жолы турасында және сол театрдың актеры Асанәлі Әшімұлы хақында жазуды тапсырды. Екі мақала да республикалық газетте жарық көрді. Асекеңмен жолығу сәті қызық болды. «Қарақыпшақ Қобыландыда» Шуақ батырды ойнайтын Асекең маған: «Сахнаның сыртында күтіп тұр», – деді. Бір кезде Асекең үстінде қара сауыт, қара тер болып сахнаның сыртына атып шықты.

– Аға болдыңыз ба? – дедім.

– Жоқ! Қазір барып, сахнада өлем! Сосын шығам! – деді. Кейін сұхбаттасқанымызда Асекең айтатын: – Анам маған ылғи өлетін рөлдерде ойнайсың деп ренжитін. Сонда мен Анама: – Өлсем – сахнада өліп, өмірде тірі жүрсем болды емес пе? – дейтінмін.

Мен қолым тиген сәтте әрдайым Асанәлі Әшімұлының күнделігін оқып жүрем. Әрбір уақытта, әрбір сәтте айтылған сөзді дамытып алып кетуге болады. Асекең: «Он беттік дүниеден үлкен кино түсіруге болады, егер сюжеттік қозғалысқа толы болса. Біздің көп прозаиктер тіл мен жаққа сүйеніп отырып алады. Динамикалық қозғалыс болмағандықтан кино өнеріне айналдыру қиын», – дейтін әңгіме барысында.

Асанәлі Әшімұлы күнделік жазуды студент кезінен машығына айналдырған екен. Келе-келе бұл өнер актердің бейнесін ашуға, оңаша ойларын көпшілікке жеткізуге сеп болды.

«Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай Асекеңнің ой-толғамдарын қалалық газетке күнделікті жариялаумен қатар, «Менің жанрым – күнделік» атты кітапқа алғысөз жазды. Ол ежелден халыққа мәлім қанатты сөз: «Бекежан сенде арман жоқ» деп аталды. «Тұлғаға оралып отыру керек дедік. Неге? Тарихты тұлға жасайды, тобыр емес. Жұрт тұлғасына қарап бой түзейді. Ол елге бағыт-бағдар беруші адам. Тұлғаның өмірі сонысымен өнеге, үлгі. Жұрт одан көз жазып қалмауы керек. Кез-келген өркениетті елдің мәдениетінде осылай. Олар амалын тауып тұлғаның әр сәтін, сағатын, әр күнін хаттап, бағамдап, бақылап отырады. Олар тұлғаны іздеп жүреді, көзден таса қылмайды, біздің бағымызға орай бізді мұндай күрделі ізденіске ұшыратпай тұлғаның өзі күнделігін жариялауға келісімін беріп отыр. Бұған дейін «Алматы ақшамында» күнделіктің 2010 жылдың 20 шілдесіне дейінгі нұсқасы жарияланды. Күнделіктер бірнеше рет жеке кітап болып, одан соң көп томдықтарға еніп талай мәрте басылып шықты. Ендігі жерде соңғы 7 жыл қамтылып, толық нұсқасын қайта жариялап отырмыз», – дейді алғысөзде.

Күнделікте не оқылатынына да тоқтайды, назар аударады. Біріншіден, елге аса танымал тұлға екенін сөз етеді. Екіншіден, онда өмірдің өз бояуы сол қалпында берілген дейді. Расында, Асекең артық та, кем де сөйлемей, таза қалпында, құлағымен естіген, көзімен көрген өмірдің шағын эпизодтарын еске салады. «Энциклопедия мудрости» кітабында «Газеты секундные строки истории» (ХVIII ғ.) деген сөз бар. Бірақ қайраткер өнер адамы Асекеңнің күнделіктері бір жағынан ол ойды жоққа шығаратындай. Әрине, газет – газет болғасын қасқағым сәттік дүниелерді өзек етері рас. Ал, енді «Менің жанрым – күнделік» газеттің мағынасын арттырмаса, кемітпейді.

Қазақтың ұлағатты Мәдениет министрі болған Ілияс Омаровтан бастап, біздің зиялы қауымда күнделік жазатындар қатары көп болған, әлі де бар. Бірақ олардың көпшілігі дерлік күнделіке аса мән бере қоймаған. Асанәлі Әшімұлы «Менің жанрым – күнделік» деп күнделік жанрын иемденіп кетті. Оған «Алматы ақшамы» газеті даңғыл жол ашты.

Мен университетті бітіргеннен кейін «Қазақстан» баспасының «Марксизм-ленинизм» классиктері бөлімінде қызмет атқардым. Бір күні баспаның директоры Абай Бейсембайұлы шақыртып жатыр дегесін бардым. Абай Бейсембайұлы: «Үш жыл жақсы қызмет атқардың соған орай темпланға кіргізіп, кітабыңды шығарайық», – деді. Келістім. Бірақ қандай тақырыпта жазуым керек дедім. Ол кісі: «Өндіріс» тақырыбы деді. «Жоқ! Өндірісте жұмыс істегем жоқ. Өндіріс тақырыбын жазу қолымнан келмейді», – дедім. «Онда қандай тақырыпты жазасың?» «Өнер адамдары туралы жазамын», – дедім бірден. «Жоқ, ол болмайды, бұл саяси баспа», – деді Абай аға да сөзін іле. Сонымен әңгіме үзілген. Бірақ арада уақыт өткенде темпланға өнер адамдарын қосыпты.

Сөйтіп бір жылда екі кітабым жарық көрді. «Қазақстан» саяси баспасынан өнер адамдары туралы кітабым, «Жазушы» баспасынан «Балдәурен» атты өлең жинағым шықты. «Қазақстан» саяси баспасынан жарық көрген «Арайлы көктемге» арқау етілген дүниелер – творчестволық, яғни, қазірше айтқанда, шығармашылық портреттер болатын. Бұл 1974 жылы еді. Асекеңдердің жалындаған жас кезі. Мен болсам – жас ақынмын. Арада 46 жыл өтіпті. Содан бері Асекеңді «ағалаумен» келеміз. Алдымыздағы асқар тауымыздай.

Сол кітапта Асекең бастаған, ақын Қадыр Мырзаәлі, балетмейстер Болат Аюханов, әншілер Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, суретші Салахитдин Айтбаев, күйші Шәміл Әбілтаев, т.б. бірнеше есім бар.

Жақында «Алматы» шипажайында Асанәлі Әшімұлы Бағдатымен, Олжас Сүлейменов Маргарита жеңгемізбен, мен де жұбайым Жұмагүлмен дем алдық. Кешкі аста әңгіме-дүкен құратынбыз. Бізге қарағанда Асекеңе келушілер өте көп. Қазы-қартасын, толып жатқан дүниелерді алып келеді. Асекең бізді шақырады. Кан фестивалі сынды нешетүрлі жиындарды, шетелдік сапарларды, достарын, әріптестерін еске алады. Олжекең де одан қалыспайды. Көпті көрген Маргарита жеңгеміз тұңғыш Ленинградта өткен Қазақ әдебиеті декадасын еске алды.

Еске алу дегеннен шығады, ұлы жүректі Асанәлі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделік» кітабын оқыған сайын, өткен күндер еске түседі. Бір-ақ ауыз сөзінде әлем жатқандай, дарияның үлкен иірімді ағысына алып келеді. Жақсы кітап болуы да содан. Енді күнделікке кезек берейік:

20.08.04.

Оқуға түсем деген, бірақ әртүрлі себептермен орналаса алмай жүрген жағдайы нашар балалар мен қыздарға жәрдем бердім.

Бота мен Қыздығойдың денелерін үйіне алып келді. Қонақасы болды. Достары дұрыс ұймдастырып жүр.

Трагедия.

21.08.04.

Бота мен Қыздығойды жерледік. Асы киностудияда болды. Жоғары дәрежеде ұйымдастырған.

Анама қойған көктасты, бесікті көрдім.

23.08.04.

Бағдатқа «Домаланып барасың, егер тамағыңды тыймасаң, Мәскеуге апармаймын» деп қорқыттым. Кінәсін мойындады.

24.08.04.

Театр. Ерік Асанбаевпен қоштасу. 68 жаста екен. Назарбаев келді. Осы күні Ахметов деген мәскеулік режиссер «Человек ветер» деген сценарийін ұсынды. Оқып шықтым. Фантосмогофия. По стилью А.Германа, Сакурава. Түсуге онша құлқым жоқ.

27.08.04.

Бүгін – Совет киносының күні. Кино үйі. Ардагерлер келді. Өте жылы кеш болды. Ескі адамдарда адамшылық көп қой. Бүгінгілермен салыстырсақ, өмірге босқа келгендер жетерлік.

3.01.08.

Аспан ашық. Қыс жақсы басталды. Бірақ ел басқарушыларға да қиын кез. Баю деген бір бәле бар.

5.01.08.

Кәдірбек Сегізбаев «Жас кезімізде балалар қашан кетеді деп асыға күтуші едік, қазір балалар қашан келеді екен деп күтетін болдық», – дейді.

6.01.08.

Баққожа Мұқайдың қайтыс болғанын естіп отырмын. Түсте Кәдірбектің үйіне соғым басына жиналдық. Адам бір көшкен керуен. Өмір деген осы. Үлкен көш. Біреулер көштен қалады, көш алға тарта береді.

9.01.08.

Амантай қарындасым өте ақылды, бауырмал, ұйымдастыру қабілеті зор. Қыз баланың жүрегі нәзік, шыншыл ғой.

11.01.08.

«Ымырттағы махаббат» бес жылдан аса жүріп келеді. Халық әлі көп. Классиканың аты – классика ғой. Актер құрамында өзгеріс бар.

19.01.08.

Ұл туды. Өмірге кішкентай Асанәлі келді. Жарты сағат төсімде жатты.

Сүйінші

Сүйінші, халқым, сүйінші!

Қуаныш бойда шалқыған.

Асанәлідей жүйрігің,

Тұнықты жүзіп тарпыған.

Еңірегенде ол кеше

Қос ұланның зарпынан,

Тілеуін көптің үміт қып,

Таяныш тапты халқынан

Сүйінші, халқым, сүйінші!

Құлына сүйген Құдайдың

Сәулесі түсіп шарпыған,

Мақұл боп елдің елеулі,

Құлын ерді артынан

Сүйінші, халқым, сүйінші!

дейді інісі Омар Қыйқымов.

22.10.12.

ТЮЗ-да Астана театрының «Гамлетін» көрдім. Қойған режиссер Болат Ұзақов. Аса жақсы спектакль. Әсіресе, Нұркен Өтеуіл «Гамлетті» жоғары дәрежде ойнады.

7.11.12.

Күн бұлынғыр. Ертең спектаклім. 6 ай болды ойнамағаныма. Қобалжу бар. Жүріс-тұрыс та бұрынғыдай емес.

8.11.12.

«Ымырттағы махаббатты» ойнамағаныма 6 ай (8 мамыр – 8 қараша) болып еді. Сағынып қалыппын, жақсы өтті. Әр тоқсан сайын болса да ойнап тұру керек. Қазір нағыз ерке болған кезіміз-ау.

9.11.12.

Бағдат менің сымбатты жүргенімді ұнатады. «Шаштаразға заказ бердім», – деді. Бұрын мен шашымды өзім ала беретінмін. Қарсылық білдіріп едім, өкпелеп қалды, көндім. «Көзіңнің астындағы мешокты алу керек», – дейді. Мен «енді мұныңа келісе қоймаспын, бұл еңбекпен, уақытпен келген мешок», – деймін ғой баяғы. Тіпті «народный мешок» деп күлдіремін. Шыны сол. Әрине, қанша сыланып, сипаласаң да уақыт дегенін істейді ғой. Бағдат та менің жас боп көрінгенімді қалайды ғой, ең бастысы маған деген ниеті, көзқарасы дұрыс, адал.

8.12.12.

Өскемен. Рүстем Есдәулетовті еске алу кеші. Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп ашты. Аса қарапайым басшы. Басшылар одан үлгі алса жаман болмас еді.

1.01.13.

Біссміллә!

Түске дейін ұйықтаппыз. Үйге студенттерім Қайрат пен Райхан келді. Сондай сүйкімді, жарасымды жұп. Екеуі үйленбекші. Сый-сияпат жасадық. Енді қайтып оралмайтын сонау бозбала күніміз еске түсіп, елжіреп те алдық… Қазір енді қыдырудан гөрі көбіне үйде болғанды тәуір көремін. Әр нәрсе уақытымен екен. Баяғы жаңа жылдар қызықты өтетін тәрізді еді. Қазір скучно! Жастарды аяймын. Байлар шет елде өткізеді. Өз еліңді менсінбеу деген бір бәле пайда болды.

3.01.13.

Күн бұлыңғыр. Сондай көңілсіз, бірсыдырғы күндер. Адамдардың бір-бірімен шаруасы жоқ. Скуката. Баяу басып, кеңсеге келдім.

4.01.13.

Сұлтанғали Шүкіровтің қырқы. Жақсы азамат еді. Актөбелік. Қуыршақ театрына көп еңбек сіңірді. Біреуге орын керек болып, ысырған. Қытай жақта бизнесте жүрген еді. Науқасы меңдеп Германияда қайтыс болды.

Сұлтанғали Шүкіровты қадірлемес жан аздай. «Қуыршақ» театрының директоры болып жүргенде, Сара жұбайы екеуі идея айтып, прозаик-драматург Дулат Исабековке, композитор Кеңес Дүйсекеевке, ақын ретінде маған, яғни үшеумізге қолқа қылып «Аққу-Жібек» спектаклін балалар алдына шығарғанбыз. Сонда Сұлтанғали Шүкіров:  «Бала көрермендерді алдай алмайсың. Олар ешкімге қарамайды, ұнамаса шығып кетеді»,–  дейтін. Сол сияқты ұлы актер, режиссер Асанәлі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделігін» бір деммен оқып шығуға лайықты, ұлағатты кітап деп түйіндегім келеді. Асекеңнің 2010 жылы жазған күнделігінде «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деген сөз бар. Актер өмірге кең қарайды, кең құлашпен өлшейді…

Асанәлі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделік» атты кітабына жазған пікірімді «Ұлы актер» деген өлеңіммен аяқтағым келеді.

ҰЛЫ АКТЕР

Азаматтар аз емес қой Елге асыл,

 Ұлы өнер тоғыстырған төр басын.

  Асанәлі Әшімовке берді атақ,

   «Қазақстан еңбек ерін» Елбасым!

 

Әрбір қазақ құдіретіңмен дос саған,

Қазақ атты ұлағатты көшке алаң,

Асанәлі Әшімов деп бастасам,

Ұлы Шәкен Аймановты еске алам!

 

Ойға оралған сонау жастық кезінен,

Мен Өзіңді Ұлы Актер деп сезінем.

 Асанәлі Әшімов деп бастасам,

Әзірбайжан Мәмбетовке кезігем!

 

Биіктеген алыптармен көшті асам,

Ағалардың асылымен достасам.

Кәукен аға Кенжетаев алдымнан,

Шыға келер Асекең деп бастасам!

 

Өз шуағы, өз нұры бар таңның да,

 Жастық шақтан жұлдыз болып жандың ба?

Асанәлі Әшімов деп бастасам,

  Ұлы Әуезов театр тұрар алдымда!

 

Қарсы алғандай Мамыр, Маусым, Тамызы,

Болдың Өзің ұлылардың нағызы.

Ал, Асеке, болдың өзің бұл күнде,

Киелі сол сахнаның абызы!

 

Кімді кім деп өмір өзі көрсетті,

 Талант пенен дарынды кім өлшепті

 «Күнделік боп жанрың» –

Қаламгерлер отаны,

  Жазушылар одағына жол шекті!..

 Шөмішбай САРИЕВ,

ақын, «Парасат» орденінің иегері,

 Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медаль сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір