ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ҒАЛЫМ
23.07.2020
1182
2

Ендігінің журналистері неге екенін кім білсін «бой алдырған»  тіркесіне үйірсектеп, екі сөзінің бірінде келсін-келмесін соны қосақтап айтуға әуестігі, тіпті, қайран қалдыруға дейін асқынып барады.

     «Кей адам дүниеге бой алдырғанның»  екінші жолы «бой алдырып, аяғын көп шалдырған» деген тағдыршешті тұжырым арқылы беташар ойын бір түйіндеп өтеді. Қит етсе бітті осы бір байлам қазығынан айналып шықпай орала беретіннің ақыры қаделі түйіннің қадірін қашырып, әруақтай арытып жібергеннен сау емес тәрізді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ғалым Доскенмен ұшырасқан сайын күлімсіреп жылы шырай танытатын қалпынан ешкімге ұқсамайтын өзгешелік барын бірден аңдадық десек шыли көлгірлікке саятын секілді. Сол уақыттағы бейнесін елестеткен кезде тұрпаты ұзын, қоңқақ мұрынды шикіл өңді жігіт өткір қой көзін өменнен тайдырмай тік қадап іркіліс тапқанда —  құтыңды қашырмаса да, қысылатын күй кештіре жаздайтын. Соны құдды сезе қойғандай әуелі езуіне болымсыз жымиыс үйіріп, қаттырақ күлген уақытта сопақ шырайына тұтастай жайылған жылылықтан жаның жадырай түсетінін өзің де сезбейсің. Өмір осы қалпынан танбай жалғаса беретіндей көрінген. Абайдың әлгі «дүниеге бой алдыру» кезегі алда тұрғанын болжайтын әулие көріпкелдігің болса да жоқ. «Заман-Қазақстан» газетінде жұмыс істей бастаған кезде Тұрсынжан Шапай арқылы Ғалым Доскенмен жақын араласып, бауырмал ахуал лебі өзіне тартып әкетіп бара жатқанын сезбегенбіз де. Әңгіменің тиегі арада қанша ағытылды деген күнде дүниетаным өрісінің жаңа кеңістігіне осы екі жігіт арқылы шыққанымызды тап сол уақытта аңғарсақ  —  жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан былай жиі қолданылатын адамзат баласының алдыңғы қатарының сапында тұрғанымызды жалғанға жар салып жария қылудан тайынбас едік-ау. Ұстаздары Мұхтар Мағауинге деген ілтипат ізеттері қазақ баласына ғана тән ұлттық құрмет реңкінде шәкірттік наз-базынаның өтімді жарасымы арқылы аңғарылатын. Терең білім иесі бола тұра Ғалым Доскен жаратылысы ақынжанды, орысшалау ораммен ұршықша үйіріп айтқанда – романтик. Жапонияға жолы түсіп бара қалғанда Акутава бейітінің басына тәу етіп қайтқанның өзін елеусіздеу жеткізген сарын ұяңдығы адамды еріксіз елең еткізетін сыр бардай көрінген. Жұмыр жердің бір қиырында жатқан әруаққа деген қазақ жан әлемінің жұмбақтау сезімінің кілтін табу құдды өз қолында тұрғандай. Ғалым Доскен әділетсіздік пен дүмшелікке, көзсіз еліктеу мен көшіріп, қондыра салатын өміршең әдетке жаны қас, ымырасыз. Қазақ радиосының ролигіне «Однажды в Америке» музыкасы қосылғанын жол үстінде кетіп бара жатып естіп, дереу алдырып тастаған екпіні тау жығатындай көрінетін. Аса мәртебелі лауазым иесі қазақ газеттерінің біріне сұхбат беріп тұрып көр-жердегі оқыған көркем шығармаларының түгін қалдырмай тізбектей жөнелгені көңіліне сыймағаны сонша дүйім жұрттың алдында мұндай оқымыстылықтың қазаққа қайыры шамалы екенін жасырмай ашықтан-ашық айтып салды. Осындайды аңғару барысы «дүниеге бой алдырудың» азап ізденісін бастан өткеру шарттарының бір мысқал мысалы ғана. Үйде отырып күпінгенде бәріміз батыр екеніміз белгілі. Ғалым Доскеннің батылдық таныту мәдениеті он тоғызыншы ғасыр аяғы мен жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ оқығандарының ісін қайта жаңғыртушы кейіпте көрінетін санаулы тұлғаның бірі. Бұл құбылыстың сырына әмбаптық қасиет тән. Міне, осы ерекшелікке қазақ қоғамы жеткілікті бойлап, бағалай алмағаны, әлбетте, өкінішті-ақ.

Басқасын былай қойған кезде Ғалым Доскен қазақы дүниетаным арқылы теле әлем тартымдылығына өзгешелеу сипат сыйлап, бәсекеге қабілетті дәрежеге көтерген жиырма бірінші ғасыр басындағы айтулы қайраткер. Адамтану мен бағалау өлшемінің ұстанымындағы адалдық кейде қорғансыз күй кешетініне Ғалым Доскен тағдыры куәге жүретіндей. Бәрі «бой алдырып, аяғын көп шалдырғанның» сарсаңына ұйғарғаннан басқа шараң жоқтай. Өтпелі өмірдің жазығы мен өр-соқпағында Ғалым Доскен секілді азамат болмай қалса дүниенің қызығы кеми түсетінін несіне жасырасың. Үрейге толы онсызда қорқынышты уақытта «Күлтөбенің» басында апта сайын өтетін жиын құлаққа ұрған танадай тынғалы қай заман. Үрейге толы қорқынышты уақытта дүние төрінің сахна шымылдығы түріліп, онсызда өмір мен өлім беттескен тап қазір адамдары есепсіз де жауапсыз ажал құшатын орыстың шытырман оқиғалы серияларымен көңіл уанта алмаймыз. Адамзат сапарының аман-есендігінің қамына әркім өз отбасы, ошақ қасында кірісіп жатқанда, жалпы ұлттық тұрғыда қазаққа ой салатын Ғалым Доскен секілді еңселі бейненің елесі көлең қаға беретіні де тегін емес шығар.

Бәрінен де Алла Тағала амандығын берсін…

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 24.07.2020 | 12:08

Еңсегей бойлы Ер Есім дегенді жұмабайың бұрмалап әкепті. Бұл енді жағымпаздық. Әр тарапқа тыпырлап басын сұға беретін талантсыз пенденің жанталасқан артымен жүзуі осындай күлкілі жағдайға әкеледі.

Аноним 31.07.2020 | 17:47

Жақсы мақала екен! Жұмабай Шаштайұлы адам танитын, сыншы кісі ғой. Кім туралы айтса да біліп айтады. Әділ адам!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір