ӘН-ЖЫРҒА ҚҰМАР ТҰРСЫНАЙЫМ ЕДІ-АУ
23.07.2020
807
0

«Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, Саха-Якутия Автономиялық Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынай Оразбайқызын соңғы рет Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 80 жылдық мерейтойында көрдім. Ол сол тұстары Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығында «Қазақстан және Орта Азия елдері әдебиеті» бойынша хатшы болып істеуші еді. Өзімен бірге келген ресейлік меймандардың қасында жүріп сол жолы бізге мойын бұра алған жоқ. Жазушылар одағы ғимаратының ішінде кездейсоқ ұшырасып қап аз-мәз сыр бөліскеніміз болмаса, дұрыстап сөйлесе алмадық.

– Адам туған жердің қадірін жырақта жүріп шын сезінеді екен. «Не құдірет, Мекке емес, Мәс­кеу емес, түсіме кіреді тек туған жерім!» деп күрсініп қойып Ресейде өмір сүріп жатқан жәй бар. Осыдан біраз бұрын: ««Алматым» дейтін әнімді Жадыра екеуіңе арнап едім ғой, сендерге деген сағыныш әсерінен туған ән-жыр ол, досым», – деп еді сонда маған елжірей қарап… Қайран, Тұрсынай!!!

…Мамырдың соңғы күндерінің бірінде Ханбибі Есенқарақызы қоңыраулатып түн жарымында шырт ұйқымнан оятты.

– Қатира, сенің алдыңда Жадыраға да қоң­ырау шалдым. Біз тап қазір қасымда Нар-ағаң (Бегалыұлы) мен Мархабат (Байғұт) бар, әуежайда отырмыз. Тұрсынайдың мәйітін жеткізетін ұшақты күтіп… Тезірек жет!

Былайынша екпіндеп сөйлейтін арқалы ақын Ханбибінің дауысы бұл жолы қарлығыңқырап шаршаңқы шықты. Қайтсін-ай?.. «Шымкенттің қос шынары» атанған екеуінің біреуі сұлап сыңарланып жатса, оған да оңай емес!

Ботадай боздап ертесіне жеттік Шымкентке… Жадыра – Алматысынан, мен – Сыр бойынан. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония алдында азалы жиын өтті. Алаштың аяулы қызымен қоштасуға келген ел-жұртта есеп жоқ.

– Қош, ән мен жырдың сандуғашы! – дедім мен де егіле сөйлеп, – Қош, Тюркан, бақұл бол! (Атақты түрік актрисасы Тюркан Чорайға ұқсатып оны осылай еркелетуші едім).

…Уақыт қандай шапшаң еді?! Содан бері де 5 жыл сусып өтіпті. Тірі болса биылғы ақпан айының 19-ы күні 70 жасын бірге тойласып, жаңа ән-жырымен, тың туындыларымен танысар едік. Әттең! Тұрсынайды еске алсам, қызметтес, сырлас-мұңдас болған ғажайып күндерім, небір керемет естеліктер қайта тіріле бастайды. Қайсы бірін айтып тауысайын?

Иә. Ол, шын мәнінде, айтыскерлік – әншілік – сазгерлік – ақындықтың басын біріктіріп ұстаған нағыз «синтезді өнердің» иесі еді. Тұтас бір дәуірдің көзіндей ұрпақтан-ұрпаққа ән болып жеткен бір ғана «Гүл-сезімінің» өзі неге тұрады? Елу жыл бойы ескірмеген тұңғыш махаббаттың символындай осы өлеңді ол небәрі он жеті жасында жазыпты. Ескендір Хасанғалиев ағасының назарына ілігіп ғажайып ән туды. «Тұңғиық көзіңдегі бөлендім шапағатқа, бұл нәзік сезім бе еді, бұл әлде махаббат па?» деп әннің әр шумағын қайырып отыратын осы өлең жолдарын Нармахан Бегалыұлы ағасы былайша әспеттейді: «Өлеңнің ішкі иіріміне үңіліп көрелікші! Мұнда қазақ қызына тән ұяңдық, ғашықтығын ашып айта алмайтын бойжеткенге тән ұстамдылық пен инабаттылық жатыр. Ол сөзбен ойнамады, сөздің қай тұсынан келерін білді. Тұрсынайды осы мәдениеттілігі үшін әрдайым жоғары қоямын». Өте орынды айтылған пікір!

Шын мәнінде, оның жыр әлеміне тұсауын кесіп, өмірлік «брендіне» айналған туындысы осы өлеңі болатын. Дүние есігін ашқалы ана сүтімен қоса ән-уызымен тояттап өскен Тұрсынай ән-жырға қалай құмартпасын?! Әкесі Оразбай түрлі музыкалық аспаптарда ойнаса, анасы Айқыз да тәп-тәуір ән айтады екен. Бірде өнерлі отбасында өздері сықылды біраз өнерпаз бас қосып думан құрыпты. Сол сәтте өздерінің әніне бесіктегі сәби – Тұрсынайдың дауысын зорайта уілдеп үн қосып жатқанын байқаған Бибатыр мен Нәби көкелері «Өнеріміз жұғысты болсын!» деп ауызына түкіріп кетіпті. Әйтсе де, үлкендердің батасы дарығанмен, дәрігерлер қойған «ларингит» кеселі консерваторияға жолын кесті. «Адамның айтқаны емес, Алланың айт­қаны болады» деген осы ғой… Сөйтіп ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген Тұрсынайдың өлең-өлкесіне бет алған ақындық ғұмыры басталған-ды. Солай бола тұра оның өмірінде әннің айрықша орын алғандығы – бұлтартпас шындық.

Бір басылымға берген сұхбатында: «Ән – менің бірінші тынысым, ал содан кейінгісі – поэзия» деп мойындағаны бар. Өйткені ол қайсыбір жырын жазса да жан-дүниесін әсем сазға бөлей отырып ән шақыратын. Сымбатты түр-түсімен, сыңғырлы күлкісімен көрген жанды өзіне бірден үйіріп алар Тұрсынаймен Қазақ радиосында біраз жыл қызметтес болдық. Бұған дейін Шымкент қаласындағы облыстық драма театрында, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, облыстық радиокомитетте істеген оның Алматыға ауысуына септескен «айтыскерлік өнері» еді. 1979 жылдың күзінде М.Әуезов атындағы драма театрында дүрілдеп бір айтыс өтті. Оған қатысушылардың құрамында шымкенттік Тұрсынай да бар болатын. Ақтық сайыста Алматының атынан шыққан Тынышбай Рахымды қалай жеңгенін көзімізбен көрдік. Сүйіндік. Қызық болғанда бұлардың сол айтысы үстінде аспан күркіреп ақ жауын құйып берсін! Сол сәтте театр төбесінен тесік тауып төменге сырғыған жаңбыр там­шылары тап Тынышбайдың төбесіне тырс-тырс тамып тұрғанын көзі шалған Тұрсынай ұрымтал тұсты ұстап, қарсыласын тұқыртып тастағаны бар. Бұдан 40 жыл бұрын өткен ол айтысты қаз-қалпында жеткізу маған оңай емес, әрине. Жалпы мазмұн-мағынасы «Алматының маңдайына біткен жалғыз театр­дың шатырын бүтіндей алмай отырып, неменеңе жетісесің?» дегенге саяды. Осы айтыс оның алдағы тағдырын шешкен болатын. Қазылар алқасының төрағасы Әбекең (Тәжібаев), Жазушылар одағының бірінші басшысы Жұбағаң (Молдағалиев) назарын бұрған Тұрсынайдың «жұлдызы жанып» берсін. Алматы шаһарына тіркеусіз-ақ жұмысқа тұрып, жыл толмай Жазушылар одағына мүшелікке кірді. Соңынан іле-шала үш бөлмелі пәтер кілтін алды. Жұбағаңның өз қолынан… «Орда бұзар отызының» үстінде Саха-Якутия елінде өткен Қазақ әде­биеті күндеріне қатысқаны тағы бар. Бұл аз жетістік пе? Сол саха еліне сапарлап барып қайтқан Тұрсынайдың о жақтан алып қайтқан толағай-теңіз әсерін айтып тауыса алмай «ауызымыздың суын ағызғанын» қалай ұмытармыз? Қазақстандық қонақтарға арнайы концерт берген саха өнерпаздары соңына қарай олардан «қонақ кәде» сұрапты. Осы сәтте домбырасын қалдырмай өзімен ала жүретін құрбымыз сахнаға көтеріліп, Исраил Сапарбайдың «Өмір, сені көп ойлаймын» әнін нәшіне келтіріп орындайды. Ал ертесіне өздеріне еріп жүрген кісілерден олардың сүйіп айтатын «Сардаана» әнін үйреніп домбырасына қосқанда, сахалар арасындағы абыройы асқақтап, нағыз сүйіктісіне айналып шыға келсін. Міне, өнер құдіреті деген қан­дай, шіркін! Ең бастысы – сол елден өзіне «өкіл әке» тауып оралғандығы… Саха халық жазушысы, Еңбек Ері Суорун Омоллон (орысша ныспысы – Дмитрий Свинцев) «Бұл менің өз қызым» деп оны өзіне еншілеп алды. Кейін сол әкесінің отбасымен қалай бауырласып-араласқанын жақсы білемін. Ол кісі жыл сайын маусым айында өтетін «Ысыақ» атты ұлттық мейрамдарына өкіл қызын шақырушы еді. Тұрсынай да құстай болып ұшатын сол жаққа.

Мәңгілік жасыл тайга, жұмбақ тайга,

Тұңғиық тылсым күйде тіл қатпай ма?

Бір әнін қазағымның салып кетсем,

Қағып ап сәбиіндей құндақтай ма? –

дейтін өлең жолдарында саха мен қазаққа деген өшпес махаббаты тең өрілгенін көреміз. Өзі Мәскеуде қызмет істеген жылдары сол бауырлас саха жұртымен қарым-қатынасы одан сайын нығайып, абыройы арта түсті. «Саха-Якутия республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атануы соның бір дәлелі. Бұған Мархабат Байғұт ағасының мына бір естелігін қоссақ, еш артықтығы бола қоймас. «1991 жылдың маусымында Саха-Якутияда «Қазақ әдебиеті күндері» өтті. Ортамызда Тұрсынай да бар, өз тобымызбен Солтүстік жаққа ұштық. Ньюрба ауданын бір аптадай араладық. Ойхой, Оразбай қызын сол сахаларыңыздың қалай құрметтеп, қадірлей­тінін көрдік қой. Тұрсынайды төбе­леріне көтеріп, ешқашан шірімейтін ағаштан оның құрметіне ескерткіш-белгі (сэргэ) орнатты. Булуй, Марха өзендерінің түйіскен тұсында «Тундар-а-а! Тумар-а-а!» деп саха әндерін шыр­қаған шайыр қыздың дауысы естен шығар ма?»

«Ойхой, Оразбайқызы!» деп Махаң айтып тамсанғандай әсерлі бір сәттердің мен де куәсі болып едім. Қайсы бір жылдары елімізде «Қырғыз әдебиетінің күндері» өтетін болды. Соның қарсаңында қос ақын қыз «Қазақ әдебиеті» газетінің тапсырысымен қырғыз ақындарының өлеңдерін тәржімалаған едік. Осы сәтте Қамбаралы Бобуловтың «Өзің болдың» дейтін өлеңі Тұрсынайдың көкейіне қона кетіп, сол заматта-ақ ән шығарсын. Қырғыздардың сазды әуенінен еш кемдігі жоқ ғажайып ән! Әсілі, шайыр досымның сазгерлік қыры алғаш осы әнмен ашылды-ау деп ойлаймын. Абай атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты жиыннан соң қырғыз-қазақ қаламгерлерінің басы қосылған қонақасы дастарханында Тұрсынай жаңа туған әнін тамылжыта шырқап, әп-сәтте меймандардың сүйіспеншілігіне бөлене қалсын. Әсіресе, төрде отырған Шықаң (Ш.Айтматов): «Шырағым, үнің де, әнің мен сәнің де шырайлы, тамаша қыз екенсің!» – деп мәртебесін көтеріп-ақ тастағаны. Соны құлақ естіп, көз көрді. Кәдімгідей масаттана марқайып қалдық. Ойхой, несін айтасыз, ол да бір ұмытылмас әсерлі сәттер еді-ау!..

Тұрсынай әсем ән, әдемі үнімен ғана емес, шырайлы да, шуақты жырларымен ел-жұртқа ұнай білді. Өлеңдері бір оқығаннан көкейге қонып тез жатталушы еді. Еш зорлықсыз көмейінен лықсып құйылған шұғылалы шумақтары талайды тамсандырғаны тағы рас. Өзбекстанда «Әлішер Науаи» атындағы драма театрда өткен қазақ қаламгерлерімен кездесуде ол оқыған арнау өлең соның бір айғағындай болды.

Науаиыңды сүйемін Абайымдай,

Сыйласамын бір туған ағайындай.

Қашан көрсем тұрасың гүл-гүл жайнап

Мәңгі бахар шырайлы май айындай.

 

Өмір – абад, ғажайып гөзәл-ән деп,

Ежелден-ақ «өзбегім өз ағам» деп,

Келіп тұрмын ортаңа ақ тілеумен

Жүрек сырын қозғайтын сөз алам деп.

Өлең аяқтала бере залдағы жұрт дүр сіл­кінсін! Сатыр-сұтыр ду қол шапалақ!.. Осы сәтте жылдам басып сахнаға көтерілген сол тұстағы Өзбекстанның бірінші басшысы Иномжан Усманходжаевтың шайыр қыздың қолынан сүйіп қошемет көрсеткенін ел-жұрт көрді. Сүйінді. Тұрсынайдың ел-жер аралағанда осындай жиып қайтар әсерлері ұшан-теңіз болатын. Әрқайсысы өз алдына бөлек-бөлек бір хикаят!

Байлығым да, қайғым да «жыр-жүгі» еді,

Арман-кемем алысқа жылжып еді,

Жұртқа тыныш бұл өмір маған майдан

Болғандығын, әйтсе де, кім біледі? –

деп сырт көзге беймәлім көп сырын ішке бүккен жан досымның жеке өмірінде, өзі айтқандай, шырғалаңы мол ащы да тұщы тағдыры жатты. Оны мен қозғамай-ақ қояйын. Аз-маз айтарым ауылдағы тұрмыстық ахуалы мәз емес жалғыз ағасына жаны ашып, оның шүпірлеген ұл-қыздарын сүйеп, таяныш боп қатарға қосқандығын бір кісідей білемін. Одан бөлек, бақиға ертерек озған Бәтима әпкесінің қыздарына да сая болып бірін күйеуге ұзатса, екіншісін оқытып жақсы мамандық әпергені бар. Одан соң өзі де «Нар тәуекел!» жасап білімін жоғарылатуға Мәскеу асып кетті. Сосын сонда қалып 20 жылдай халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығында қызмет істеген Тұрсынай досым Қазақстан мен Орта Азия әдебиетін басқа шет мемлекеттермен байланыстырған «аймаңдайлы елшіміз» болды. Қаншама қазақ қаламгерлерінің туындысын шетелге насихаттап танытып, олардың ірі-ірі марапаттар алуына септесті… Осы шапағатты істерінің көбісін біреу біліп, біреу білмегені рас. Өзімізден алыстау, өмірі­нің соңын Ресей елінде өткізген аяулы шайыр қызымыздың қадір-қасиетін қаншалықты сезіп-білдік? Басқа елдегідей дәрежесін биіктетіп өз қазағы төбесіне көтере алды ма? Әй, қайдам-ау?..

«Қолдағы бар алтынның қадірі жоқ» деп өзімізді-өзіміз жоққа шығарып, таңдайымыз тақылдайтыны көңілге көп күмән ұялатады. «Қайта оралды мырза мен құл атағы, оны әри­не, біреулер ұнатады… Ақын үні кәдір­сіз мына шақта қарашаны қалай мен жұбата­мын?» деп өзі де мойындап көкірегі қарс айы­рылған, қайран дос, сол күңіренген қалпында жер қойнына көшті. Тірісінде небір қиыншылықтармен арпалыса жүріп үлкен күреспен өз биігіне жеткен Тұрсынайымның әруағы разы болсын!

Ал, оның 70 жылдығын өз деңгейінде ұйым­дастырып, рухын еске алу әуелі Оңтүстік Қазақстан өңірінің құзырындағы іс деп ойлаймын. Әлбетте, басталған істі аяғына дейін жеткізуге Қазақстан Жазушылар одағының атсалысарына еш күмән жоқ!

Қатира ЖәЛЕНОВА,

«Алаш» халықаралық әдеби

сыйлығының иегері, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір