Жұмабай Шаштайұлы: Оқырмансыз әдебиет те, жазушы да – жетім
14.07.2020
3887
6

Әдетте, әдеби ортаның абыр-дұбырынан саяқ жүретін, ал жеке кездесе қалсаңыз, әдебиет туралы әңгіме өрбісе, ағынан жарылып, шын пейілімен ақтарылатын қаламгер кезіктірудің өзі қиын. Жазушы Жұмабай Шаштайұлы сол саптағы аздаған өкілдің бірі. Жазуға жауапкершілікпен, ыждағатпен, зейінмен зер сала қарайтын қаламгермен сұхбаттасудың орайы түскен еді. Сонау жылымық кезеңде жазылып, сол тұстағы жоғары шенділердің сынына іліккен «Қызыл қардан» басталған әңгімеміз бүгінгі әдебиет, отбасы құндылығы, ұлттық болмыс хақында өрбіді.

 ҚАЗАҚ АДАМЫ КӨРГЕН ҚИЫНДЫҒЫН АЙТУҒА КЕЛГЕНДЕ АСА САБЫРЛЫ КЕЛЕТІНІН АҢДАДЫМ

«1984 жылы жас қаламгер шындықтың қанын тамшылатып  «Қызыл қар» повесін жазды», – деген екен кезінде жазушы Несіпбек Дәутайұлы. Осы шығармаңыз жарық көргенде үлкен соққыларға тап болғаныңызды әр кезең сайын еске алып өтетініңіздің себебі неде? Ондай соққылар кімдердің тарапынан болды? Бұл жағдай шығармашылығыңызға, өзіңізге қалай әсер етті?

– Қырық жылға таяу уақытты араға салып барып «Қызыл қарға» қайта оралып, ұлғайтып жазып шыққан соң бұған алғысөз керек екендігін түйсіндім, талғам дүниесіне оның қаншалықты сиымды-сиымсыздығының төрелігін оқушы бере жатар. Соны жас пері інілерімнің біріне оқытқан кезде пендешілігімді тап басып айырған тұстарға амалсыз келісіп, алып тастауға тура келгенін жасырғанда келіп-кетері не?!. Міне сонда, қойған сұрақтарыңның біразына жауап беріп кеткен сияқтымын. Сол тұстағы ахуалға енудің қиындығын қайта жазу барысында сезінгеннен бұрын қазақ адамы көрген қиындығын айтуға келгенде аса сабырлы келетінін аңдадым. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ұстам мінездерінен бір мысқал төмендеу екенімізді мойындау – өзімшілдігіңе тиетін елеулі соққы екеніне осы жолы нақ көз жеткізе түстім. Жамбыл облысында Красногор деген аудан болған, сол өңірдің қазір санда да, санатта да жоқ «Коммунизм жолы» деген газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. 1979 жылдың аяқталуына таяу қалған күндердің бірі. «Социалистік Қазақстан» газетіндегі «Жүз елу жол жаңалық» деген хабардың тақырыбы қызық көрінген соң қарап кеп қалсам, «Жалын» баспасының дәстүрлі бәйгесінің шығарылған қорытындысы болып шықты. Жүлдеге іліккендер тізімнің ең соңында «Қызыл су» повесіме бүркеншек атымды, тегім мен ныспымды қосарлап беріпті. Қанша көңілді күйде болсам да, тізімнің ең артында жарбиып тұрған аты-жөнім көзіме қанша оттай басылса да… (күліп)

Бұл жүлде сізді қуантпады ма?

Жо, олай емес, «көңіліңдегі қаймаққа қаспақ бұйырғандай» гәп қой, баяғы. Жоғары оқу орнының филология факультетін сырттай оқып бітіру азабын басынан өткергендер ғана біледі. Өте мықты мұғалімдер дәріс беретін. «Егер де Төлегенов деген ұстаздан аман-есен өтсең, онда Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірдім деп есептей бер» деген қағида аудитория кеңістігін кернеп тұрып алатын. Ол кісінің сабақ барысының ең қиямет-қайым сәті – оқыған дәрісін жазып алғаныңды түгелдей дерлік өзі тексеріп шығатыны. Тіл біліміне онсыз да шекесі шылқып тұрмаған жазғанға сол оқыған лекцияларын бір жеті тапжылмай отырып, арнайы баспаханаға жасатқан киіз дәптерге ерінбей-жалықпай көшірудің өзі бір түйеге жүк болатындай нәрсе еді. Емтихан тапсыру кезінде жасқана ұсынғанымды асықпай аударыстырып қараған уақытта қатты разы болып кеткенін реңіндегі өзгерісінен аңдасам да, сұрақ қоюға кіріскенде өзімнен-өзімнің құт-берекем қашып, қысыла бастадым. Ұзамай шатып-бұтып жауап беруге кіріскенімде-ақ көңілінің олқы тартқанын өң-кескіні бұзылып, күреңітіп кеткенінен байқадым. Не істерін білмей қабағын түйе бөгеліңкіреп барып төрт қойғаны есімнен кетпейтін әйтеуір бір қызық жағдай. Көшірген еңбегіңнің қанша өтеуі десең де, біліміңнің шорқақтығы үшін көп уақытқа дейін қуыстану сезімінен арыла алмай жүргенім ойыма түссе бітті әруақтардан біртүрлі кешірім сұрағың келіп кетеді. Газет беттеріне шыққан ынталандыру сыйлығының дүмпуі ауылға келгенде анам жарықтықтың жадыраған ажарынан аңғарылып, қуанышын жасыра алмай мейірлене түсіпті. Жаппай құттықтаған ағайын лебіздерінен төбем көкке жетуге екі елі ғана қалғандай. Көпшіліктің бұндай бейілінен соң өзіңді әжептеуір сезіне бастайтының да қызық. Әдеби жаңалықтар жалпыхалықтық жаңалыққа айналатын ол кездің артықшылығын көрдің бе, қандай! Елдің бәрі құлақтанған, маған бәрі адам қатарына қосылған көзқараспен қарайтындай көрінді.

Ақырында мені 1980 жылдың наурыз айының онында Алматыға дедектетіп алып келіп, «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа тұрғызған да сол ынталандыру сыйлығының сол желігі. «Қызыл судан» басқа қоржынымда «Қияда» атты повесім бар. «Құралайдың салқынына» кірісердің алдында «Есбай тігі» әңгімесін сол жылдың жазына қарай жазып бітіріп, Сейдахмет Бердіқұлов көкемізге ұсынғам. Ол екі жылдан кейін барып газеттің екі санына бірталай қысқарып шықты. Жиырмасыншы ғасырдың үздік он әңгімесін іріктеп төте жазумен кітап шығарған қытайдағы қазақ ағайынның бірі менің осы дүниемді қосыпты. Жалпы қатарға ілігудің мехнат-азабы жеткілікті екен ойлап қарасаң. Сол сырттай оқып, қатырма қағаз алудың жолында басыңды тауға да, тасқа да соғады екенсің. Диплом жетекшім –академик Рымғали Нұрғалиев, ол мені өзі таңдады. Ақын Төлеужан Смайылов туралы тақырып берді. «Қаны қандас, жері жерлес» деген тіркес қолданған Қасым Аманжоловтың «Алматыда жортып жүр бота тірсек бозбала» деп басталатын өлеңінің кейіпкері осы кісі-ау деген ұйғарымға келетінім бар. Таланты адуын ақын мінбелерде сөйлеп, талайларға ұрынғаннан сау емес тәрізді. Арасында менің Жамбыл атама да тиісіп, әруағын қорлап, тіл тигізгеннен сау еместей де көрінеді. Диплом жұмысын қорғау үстінде осы жағдай әңгімеге өзек болып, қиындау жағдайға тап болғаным бар. Екіұдай ахуал сабасына түсіп, диплом қорғаушыға сөз берілгенде: «Ең әуелі Жамбыл атамның әруағынан, сонан кейін Сұлтанғали Садырбаев аға, сізден кешірім сұраймын», – дегенім жадымда. Сырттай оқып жүрген жазғанға Рымғали Нұрғалиевтің өзінің ықыласы ауып, дипломдық тақырып ұсынғанына келіскенімнің пендешілік осалдыққа қоса, болашақты ойлаған қулығы да жоқ емес тәрізді. Ішкі есебім солай дейтінін елден жасырсам да, Құдайдан жасыра алмаймын ғой. Сол тұста Рымғали студенттердің былайша айтқанда кумирі, мінсіз эстет, кірпияз талғам иесі, ақыры ол кісіден повесімді оқып көруін өтіндім. Үнсіздік ұзаққа созылғаны сонша, аптығым басылып, жалыным қайтып қалғандай көрінген. Бір күні тура есіктің алдынан кезіге кетіп: «Мынадай он дүние жаз, одан арттыққа барып шатыла берме, қазақ әдебиетінің тарихында қаласың», – деді. Ол кезде әдеби ортаға ену өте қиын, ал енді тап мынадай лебіз есту адамға қанат бітіреді екен. Әдеби ортаға кірудің қақпасын ашуға көмектесетін танып-айырудың мұндай шынайылығына зәрулік ескілікті заманның тілімен айтқанда, өмір талабы. Тәкен Әлімқұлов дегдар басымен өмірінің соңына қарай көп адамға батасын беріп, сөзін арнағаны көнекөздердің көбінің жадында шығар. Содан не керек, 1982 жылы 32 жасымда «Таң нұры» жинағында жарияланған «Қияда» повесімді жыл қорытындысында Смағұл Елубаев мақтады. Осыдан кейін өзіңді қалай әдебиетке қатысы бар адам ретінде санамайсың. 1984 жылы «Қызыл қар» кітап болып басылып шықты. (Алдында ғана Жаппар Өмірбековтің «Қызыл су» деген повесі жарық көріпті. Соған байланысты баспада талқылау жүріп, кітап аты Иран-Ғайыптың ұсынысымен «Қызыл қар» деп өзгертілді). «Сенің қазір екі-үш кітап шығаратын уақытың», деп айтқан сыныптас әдебиетші бауырым Рафат Әбдіғұловтың бір ауыз сөзі қуанышымды су сепкендей басып тастағаны бар.

Сол жылдың қара күзінде Қазақстан жур­на­листерінің жиналысында Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің секретары Кәкімжан Қазыбаев жасаған баяндамасында: «Қойшылардың өмірін өте жаман көрсетіп, қойларға бір-бірінің жүнін жегізген», – деп «Қызыл қар» повесін сынау дәуірін осылай бастап кеп жіберді. Нағыз үлкен сынның науқаны әлі алда тұрғанын кім болжай алады дейсің. Баспадан шыққалы тұрған екінші кітабымның тізімнен алынып тасталуына әйтеуір сол себеп.

– Мұның қандай да бір саяси астары болуы мүмкін бе?

– Қазір еске түсірсем, пендешілік пе деп ойлаймын. Ол кезде кісі қудалайтындай заман емес. Бірақ «бұрыс» нәрсеге жол беріп қойғандар жылдық премиясынан айрылып қалады екен ғой ол уақытта.

Сыни сөздер 84-жылдың күзінен басталып, 85-жылы аздап-аздап айтылып жүрді де, 86-жылдың қысына қарай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің XVI съезінің есепті баяндамасында тұжырымдалып келіп, бір-ақ аяқталды.

«Қызыл қардың» алғашқы нұсқасын жалпы балаң дүние деп есептеймін. Тұңғыш жинаққа жазған жабық рецензиясында Тынымбай Нұрмағанбетовтың: «Қызыл қардың» иесі мен екінші повестің авторы басқа ма, бұл екі дүние бір адамның қолтаңбасына ұқсамайды», – деп айтқаны тегін емес те. Екеуінің арасындағы айырмашылық шынында да едәуір. Қолға қайтадан алған уақытта баяндау балаңдығы мен суреттеулердің шолақ та олақ тұстарынан өзіңнен-өзің қысылып, жеріну дегенің біле-білген адамға оңай нәрсе емес екен.

ҚАЗАҚ ҚАЗІР ДАЛАНЫҢ КЕҢДІГІН АҢСАМАЙДЫ, СУДЫҢ ТҰНЫҒЫН ІЗДЕМЕЙДІ

 – Тағы бірде жас күніңіз жайлы сөз қозғай келіп, «Қойдан құтылудың жолын іздедім» деген екенсіз. Дегенмен сол кезеңдердің сіздің ой көкжиегіңіздің кеңейіп, танымыңыздың артуына ықпалы болды ма?

– Малдағы адамдар асықпайтын сабыр иелері, қонақжайлығын ақжарқын көрсетпесе де, дастарқандары бейілмен жайылатын кеңдікке ие. Бір-біріне деген ықыластарын бөле-жарып танытпаса да, қас-қабақтарындағы жылылық пен ызбар-ашуды қолма-қол ажыратып айыру қиынның қиыны, керек десеңіз, ұлттық мінездің қордаланған жері. Міне, сондай ортаға шыдас беру оңай емес. Қойшылар ол кезде көркем шығармаларды үзбей оқитын. Ондағы оқиғаларды өмірдің өзі деп қабылдап, опалы мен опасыздыққа деген көзқарастары алып-ұшпайтын ұстамды келетін. Ұлттық кәсіптен тамырын үзбегендер мен одан шығандап алыс кеткендердің араларындағы диалог арқылы өмірлік мұраттар сарапқа салынған шақтарда мінез айырмашылықтарын сезіну астарының күрделі екеніне көзім жете түсті. Томаға-тұйық ахуалды өлі тыныштыққа ұйғару ұшқарылыққа ұрындыратынын аңғардым. Бұл қазіргі жасалған түйін, мұны ол кезде сезінсем – данышпан болып кетпеймін бе. Өзіңе үңілудің оңашасына малды ауылдың сабыр-шыдамы арқылы келмесең, есейіп, ел қатарына қосылуың да екіталай. Мен соны сезіндім. Отбасы институтының қадір-қасиеті де орасан еді ол шақта. Қазақ қазір өзінің ұлттық шаруашылығынан айрылып қалғандай көрінеді маған. Қазақ қазір даланың кеңдігін аңсамайды, судың тұнығын іздемейді. Индустриялды ұлтқа айналудың кесірі ішкі қазақтық құнардан айырып, ағайынгершілік пен ауызбіршіліктің ата-бабалық үрдісін мүлде басқа арнаға бұрып жібергендей көрінеді. Жалғыз мен емес, жалпы қазақ қойлы ауыл деген институттан айрылып қалған сыңайлы.

Сырттай оқуға жаңадан түскен кезімде, менің қатарларым, достарым оқу бітіріп, қызметке кірісіп жатты. Оған дейін екі жыл қой бақтым. Бір күні тойда отырсам, бір жас жігіттің барлай қарап тіл қатқаны бар. «Аға, есіңізде ме, кірпіштей дәу кітапты қойныңызға салып алып өріске қарай кетіп бара жататынсыз», – деді. Сол көзкөрген куәгер сөздің қадіріне заматында жетсем, мен шын мәнінде ақылды адам санатына қосыла алар едім. Сол кітаптардың ішінде Тургенев те, Толстой да, Флобер де, Джек Лондон да, өзге де шетел және қазақ әдебиетінің ірі өкілдері болатын. Манағы оқығандарымның арқасында шет ел әдебиеті маған аса ауыр соға қойған жоқ. Әдеміше келген оқытушы әйелдің дәрісінде шығармалар туралы ол кісіге өз ойымды жарыса білдіріп отыратынмын. Аса сүйсінбесе де қалт кідіріп, барлай үңіліп барып сөзін ары қарай жалғап әкететін. Емтихан үстінде төрт деген бағаны қиналмай қойды да жіберді. Менікі сол баяғы «сары майдан дәметкен кеудең құрсынға» саятын әңгіме.

Жалпы, мал шаруашылығы тазалықты талап ететін ащы сала. Қойлы ауылдағы отбасының берекесі – әйелдер. Төрт түлік малды кәсіп еткен әулет адамдары табиғатқа етене жақын болып келеді. Мал жайылымымен жүз-жүз елу қашықтықтағы жолдарды еңсеріп, биік тауларға бір көтеріліп, бір төмен құлдилап түсетін әурешілігі жеткілікті. Мұның бәрі адамды шынықтырудың таптырмас көзі. Өзіндік ерекшелікке толы әр маусымның мезгілдік бояулары сан тарау, қыстауда соғым басына көпшілік жиі түйісетін. Қариялардың өткен-кеткеннен сыр шертіп айтқан әңгімелерінің желістері тұтас та шымыр шығатын. Өмірге жақындатып, ойға түсіретін, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты ұстап қалатын ғажайып далалық жұмбақтар көп еді ол кезде.

Отбасы институты деп қалдыңыз, әке болмысы мен ана мінезі сіздің өмір жолыңызға қалай әсер етті?

– 1979 жылы оқу бітіргенімде диплом жетекшім Рымғали Нұрғалиевке «Біздің ауылда қойшылардың слеты болып жатыр, соған ертіп барсам қалай қарайсыз?» – деген едім, ол кісі бірден келісіп, қасына атақты әнші Жәнібек Кәрменовті ертіп алды. Ауылда анамның шайын ішіп, жүз шақырым қашықтықтағы қойлы ауылға аттандық. Ескілікті әңгімеге төгілген шешен Жәнібек сөздері жүрек қозғайтындай тебіреніске толы, арасында шырқатып әнге басып та қояды. Бір кезде ұйықтап кетіп оянған ол менің әкеме телміре қадалып барып: «Аға, мен өледі екенмін», – деді. Онысын және бірнеше мәрте тынбай қайталап: «Ақ боз атпен шауып бара жатып, мұрттай ұшып түстім», – деп сөзін ары қарай жалғады. Сонда әкем: «Ақ боз атқа мінгенің жақсы екен. Құлағаның бекер болыпты, – деді жанашыр ыңғайда жұмсақ тіл қатып. Айнала тым-тырыс. – Ақ боз атқа ердің ері ғана мінеді, ердің ері ғана шабады. Анау-мынау емес, ақбоз аттан ердің-ері ғана құлайды», – деді ақыры сөзінің қорытындысында. Ертеңіне әкем домбыра тартқанда Жәнібек басқа әңгімелердің бәрінен тиылып, қасынан үйіріліп шықпай көп күй шерткізді. Сол жылдың күзіне қарай Рымғалиға арнайы сәлем бере кіргенде: «Сен әкене емес, шешеңе тартыпсың», – деді бірден. Әкеммен де, анаммен бір рет қана жүздесіп тұрып бұлайша кесіп-пішіп айтқанына таң қалдым да қойдым. Менің бүкіл темпераментімді жіктеп, танып айырып айтқанына таңқалмасқа амалың, кәне. Кек сақтай бермейтін кейбір мінездерім анама келетінін өзім де ептеп сезетінмін, ал әкем жарықтық ол жағынан қаттылау. Ешкімді басынан асырмауға тырысатын. Рымғали әр кездескен сайын: «Сен көп нәрсені іздеме. Жазатын дүниеңнің бәрін сол шалдың бойынан табасың, одан артық саған не керек», – дейтін. Осы жасқа келгенде ойлап қарап отырсам, Рыкең өте көреген кісі екен. Тақырып таңдаудың эстетикасы мен теориясын оған және барудың рет-тәртібін дәл де шебер нұсқап кеткен екен жарықтық.

Адам баласы болған соң іштей таусылатын сәттері болатын шығар, алайда, бір байқағаным, бұрынғылар күйзелісін ешқашан білдіртпейтін. Ал менің мұндай дүниелерді сездіріп қоятын осалдығым жоқ емес.

ТАЛҒАМ ДҮНИЕСІНЕ ҰЛТТЫҚ НҰСҚАДАҒЫ КІСІЛІК ТЕ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

– Әділеттілік пен әділетсіздіктің парқына жиі ой жүгіртетініңізді байқаймыз. Сіз үшін әділеттіліктің сипаты қандай?

– Жақсы мен жаманның арасын парықтауға үйір халық дүниеде қазақ қана шығар. Әділдік жоқ жерде сенің бүкіл кісілігің, жасаған шаруаң, қоғамдағы орның, ешбірі есепке алынбауы кәдік. Біреу нақақтан нақақ қиянат шегіп жатқанда араша түспеген адам, өзге бір жағдайды қалай ар таразысына сала алады? Өте көп оқитын адамдарды кездестірген кезде сонымен әңгімелескің кеп әуселең ауа беретіні бар. Бір кезде оның жекелеген қолтаңбалардың парқын ажырата алмай лаға жөнелетінін аңдаған мезет өзіңнен-өзің бір түрлі қобалжи бастайсың. Қаламгерлердің стильдік ерекшелігін ажырататын талғам дүниесіне ұлттық нұсқадағы кісілік те ауадай қажет сияқты.

– Әдеби кеңістікте де, журналистикада да сізді ұстаз тұтып, тәліміңізді көрген ізбасарларыңыз көп. Ал сіз кімдерді ұстаз тұттыңыз?

– Өмірімде көптеген редакторлардың қоластында жұмыс істедім. Әрбірінің болмыстарына үңілген кезде адам мұндай дәрежені тегіннен-тегін иелене бермейтініне көзің жете түсетінін еріксіз мойындайсың. «Лениншіл жасқа» жұмысқа келгенде редакторым Сейдахмет Бердіқұловтың елуге тақаған кезі. Өзін ұстасы, сенімді сөйлеуі, бағыт-бағдар беру ерекшелігі ешкімге ұқсамайтын. Өзге де үлкен кісілермен қызмет еткен кезде ешқайсысы тап ол кісідей әсер ете қоймады. Шерхан Мұртазаның қол астында қызмет ету бағы бұйырмаған соң редакторлық шеберханасын бөле-жара айту қиын. Ой-толғам, пікірталастар барысындағы шетін әңгімелердің ешқайсысынан жасқанбайтын редакторлык тәуекеліне дұшпандығы өршіп тұрған адамының дүниесін есептеспей басатын кеңдігі шын мәніндегі таңырқататын құбылыс еді. Ұлттық мүдде қозғалған кездегі өзін батырларша ұстасы со бойы шынайы еді. Жоғары жақтан қанша таяқ жесе де ұжымның апшысын қуырып, берекесін алмайтын жаратылыста Момышұлының мінезі барын аңғаратындаймыз. Азды-көпті редакторлық қызмет атқарғанда мазасыздыққа барып, береке-құтымды қашырғаныма қазір бір сұмдық ұялатын секілдімін.

«Лениншіл жасқа» қызметке ең алғаш отыз жасымда келіппін. «Сен сонда елдің бәріне таңқалып қарап отыратынсың», – дегенді екі-үш адамның аузынан естіп те қалдым. «Анау-мынаудың бәрі Алматыда қала алмайды, мұнда жүргендер шетінен талантты» деген ой миыма қалай қонақтағанын кім білсін. Қабылдауыма кірген кез келген жастың өзіндік үлкен жаңалығы бардай көрінетін.

– Өмірлік сабақ болған оқиғалар бар ма?

– Жамбыл ауданында жұмыс істеп жүріп, Жамбыл облысының Красногор ауданының газетіне ауысқам. Бұрынғы жұмыс істеп жүрген жерімде Кеңес одағы коммунистік партия қатарына кандидат болып қабылданғам. Жаңа орында бір жыл жұмыс істеген соң партияның толық мүшелігіне өтудің реті келіп қалды. Редактормен сөзге барысып қап ол табан астынан ұсыныс мінездеме беруден бас тартқанда – бүкіл өмірім тап соған қарап қалғандай қатты састым. Құрыдым ғой деп ойладым сол кезде. Я Ақтөбенің бе, я Қызылорданың ба Манасбай есімді жігіті бірге жұмыс істейтін. Өзі және жергілікті партия ұйымының жетекшісі. «Ұсыныс-хатты саған өзім-ақ жазып беремін, қорықпа», – деді де, аудандық партия комиетіне өзі ертіп апарды. Сол кезде партия қатарына өтпей қалсам, досқа күлкі, дұшпанға таба болатын едім. Әлгі редактордың ұсыным бермегеніне қатты қапа болып жүріп, Манасбайдың ерлігін елеп, рахмет айттым ба, есімде жоқ. Егер сол жолы партияға өтпей қалғанымда, «Біздің заманның Аязбиі» романы жазылмас еді. Әлгі ұсыныс-хат бермеген редакторым аудандық бюро отырысынан қашқақтаған кезде ұялмастан мені жіберетін. Партия құрылымының адам тағдырына қатысты тартысқа толы ахуалын сонда анық байқаған едім.

 Қазақ прозасының бүгінгі беталысы туралы не айтар едіңіз?

– Қалай дегенде де талантты жастар өсіп келеді. Өмірге баланың келуі қандай заңдылық болса, проза да солай дүниеге үздіксіз келе береді. Бұл – ешқашан тоқтамайтын құбылыс. Адам сезім әлеміне берілмей қалай тұра алады, өмір – тұрған бойы қозғалыс, алысқа кеткен ұл ата-анасын сағынады, ұзатылған қыз төркінін көруге асық, жол-сапар, ғашықтық аңсар, ақырында келіп шиеленіске толы қарым-қатынас барысындағы әрқилы мінездер, яғни бәрі көркем шығармаға сұранып тұрған бейнелер. Адамдарға, айналасына, халыққа алаңдайтын жандармен қатар ештеңеге жаны ауырып қоймайтын пенделердің де арамызда қаптап жүргені рас емес пе. Гогольдің «Өлі жандарындағы» кейіпкерлер галереясының қатарын өсіре түсетін болмыстар қазір қаншама. Сол адамдарды көретін, сипатына бойлайтын, әрқилы жағдаяттарды түйсік арқылы таразылайтын адамдар және бар. Осы түйсік көп нәрсеге жеткізетін секілді. Тіршілік бар жерде, адамдар ортасында әдеби туындылар толассыз туа бермек. Әдебиеттегі бірқатар жастарды білем, жап-жақсы ізденуде.

– Жастар шығармаларын оқып тұрасыз ғой, иә?

– Мүмкіндігімше оқып тұрамын. Бірақ адамның жасы ұлғайған сайын қабылдауы да, сергектігі де азая бастайтындай.

– Кешегі әдеби орта мен бүгінгі әдеби ортаның айырмашылығы бар ма?

– Әдеби ортаға өзім тым кештетіп келдім, ал оған ерте араласқан достарым бүкілодақтық әдебиетшілердің кеңесіне барып қатысты. Шығармалары жыл қорытындысында ертерек мақталды. Алыпсатарлықпен, ағайындықпен емес, әрине, шынайы жақсы лепестерді лайықты түрде дер кезінде есту дегеннің өзі адамға сирек бұйыратын несібе көрінеді. Оның үстіне жаңағы айтқан жайлардың айналадағы өмірді көрумен қатар әрқилы мінез иелерімен таныстыратын артықшылығы да бар. Ол кездегі жыл қорытындысынан еститін жақсы пікір мен лебіз әдебиетке қарай қанаттандырып әкететін. Қаламгерлер ой-пікірлерін бүкпесіз шынайы айтатын. Дүниеге келген жаңа туындының бағасы алып-ұшпастан сабырлы берілетін. Қазір осы үрдіс біржолата жоғалып тынды. Коммунистік партияның тұсында әдебиетке қатысты қандай да бір қаулы қабылданып, көзбояушылық болса да сол турасында біраз әңгіме өрбіп, арнайы науқанды жұмыстар жүретін. Бүгінгі күн тәртібінде Әбіш Кекілбаевтың әлеуметтік әділеттілік деген өлшемі орнығуы керек-ақ. Әбіш ағамызбен ұзақ әңгімелесудің сәті түсе қойған жоқ, оқта-текте сөйлесіп қалатынбыз. Бірде менің «Шал мен жылқы» повесімді оқығанын білдіріп, «мынауың роман материалы ғой» деген де қойған. Рымғали Нұрғалиев қайтыс болғанда өзі телефон шалғанда даусында қамығыңқы реңк барын ауладық.

– Жұматай, хал жақсы ма? Ағаңның арты қайырлы болсын! Бір ауыз сөз айтуыма бола ма? – деді. (Мені ылғи Жұматай деп атайтын)

– Болады, болады, – дегенімде, сөзін ары қарай сабақтап әкетті.

Алаш деген ұғымға жақындамай аулақтау жүрген бізді Алашқа жақындатқан Рымғали еді, – деді.

Бір ауыз сөзбен Рымкеңнің тұлғалық болмысын айшықтап тұр емес пе.

ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІ АЛТЫН САНДЫҚҚА ПАРА-ПАР

– Көркем шығармадан, әдебиеттен ең әуелі не көргіңіз келеді?

– Орыстардың алтын ғасыры күміс ғасырға ұласқан кездегі ірі қаламгерлері бір әңгімені бір жылға таяу уақытта жазған көрінеді. Жазып тастап, өңдеумен қайта айналысады. Туындысының соңғы нүктесі қойылған соң жарияға ұсынып, қаламақысын алып я шет елге, я шипажайға демалуға аттанатын. XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың беташар кезеңінде әдеби туындылардың ел арасында үлкен оқиға ретінде қабылдануы әдебиет мәртебесінің биіктігінің арқасы ма дейсің. Бұл жалпы дұрыс үрдіске саналуға тиіс құбылыс. Жазушының жан дүниесі алтынсандыққа пара-пар қазына иесі, оның сомдаған кейіпкерлерінің сапында күнелтіп жүрген кішкентай адамнан жоғарыдан төменге қатқыл назарын салып тұрған билік иесіне дейін бар. Өмірдің өтпелілігін анық аңғарған біздің жастағылар үшін әдебиеттің бәрінен де ұлы артықшылығы адаммен адамды теңестіретін уақыт құдіретін аса жітік сезінетін кісілікті өнер екенін дәлелдеуінде. Кейбір билік иелері әдебиеттен бір жағы қорқатын да сияқты, бір жағы сақтанатыннан да сау емес. Кез келген жазушы, ол мейлі ескілікті сарынның аясынан шыға алмасын, мейлі өзгеше жазатын жаңашыл көзқараста болсын, бастаған дүниесін ұзақ отырып толғайды. Жанын кеміре жеп отырып романды кем дегенде төрт жылда жазып бітіреді. Қияметке толы азапты еңбек, адамның орасан күш-жігерді жұмсауын талап етеді. Осынау шынайы еңбекті бағалаудың талғам өресі төмендеп бара жатқаннан сау емес қазір. Осы арада орыс мысалына жүгінбеске шараң да жоқ, Пушкин бір өлеңнің өзін шимай-шатпақ қып сызып тастап, әлденеше жолын қайтадан жазатын көрінеді. Сәтімен төгіліп түскендей көрінетін шығармаларын әлі күнге дейін таңырқана қабылдап, барымыз да, нарымыз да сол деп Пушкинге иек артпайтын тұлға орыста кемде-кем. Олардың Пушкинге деген құрметі Жамбылдың Сүйінбайды пір тұту сезімімен бірдей.

Әдебиеттанушылар сіздің шығармашылығыңыз тыңға түрен салып, жаңаша кейіпкерлерімен, жаңаша мазмұнымен ерекшеленгенін, әдеби кеңістікке жаңа тақырыптарды алып келгеніңізді айтады. Жалпы, шығармаларыңызда қандай образдарды, ойлар мен идеяларды өмірге әкелуді қалайсыз? Жазушыларда осындай ойға қағаз бетінде жан бітірсем деген секілді армандар бола ма?

Жастық кезеңдегі, жасамыс шақ пен егде тартқан кездегі армандардың өзіндік ерекшеліктері мен реңктері әр түрлі. Жас ұлғайған сайын адамда өзіне түк разы болмау деген құлықты жеңу қиынға соғатын тәрізді. Ең қорқыныштысы сол, жазған дүниең қолма-қол ескіріп, түкке де татымай қалатындай көріне береді. «Кешегі оқылымды шығарма бүгінгі оқырманды тебіренте ме?» деген ой қазір ешкімді алаңдатпайтындай. Бүгінгі оқушы бейнесін елестеткен кезде сериалдарды үзбей көріп, елігетін жұртшылықтан көп алыстап кетпегендей. «Оқырман қазір де аз, бұрын да солай болған, таңдаулы оқырман әрқашан сирек» деген тоқтамды желеу етіп, жанымызды жұбататын сықылдымыз. Талантты жазушы, одан бөлек талантты оқырман да болады. Оқырмандық қабілет төмендеп кеткендей. Бұрынырақта оқырмандардың мынадай түрі болатын: оқи береді, оқи береді, бірақ өз пікірлері жоқ. Қазір тіпті оқымайды да ғой. Оқырмансыз әдебиет те, жазушы да – жетім.

Ал сен жоғарғыдай сұрақты қойғанда не деп жауап қатарымды білмей долбырап отырған жайым бар. Мұхтар Мағауиннен басқа өзімнен үлкен әріптестердің бірінен жылы лепес естіп көрген емеспін. Жақында әдеби порталға Маржан Әбіш деген қызымыз менің «Құралайдың салқыны» деген повесімді салып қойыпты. Ең бірінші Аманкелді Кеңшілікұлы інім хабарласып, біраз жақсы лепестерін білгірлікпен талдап жеткізе айтты. Хош, ертесі жол жүріп бара жатқам, қалтам телефоным шырылдады. Алсам, ғалым досым Бекен Ыбырайым: «Аспан қорадан» бір кем түспейтін «Құралайдың салқыны» деген повесіңді оқып шықтым, әлемдегі кез-келген тілге ұялмай аударуға болады», – деді. Бұ кісі енді бір телефон шалғанда кемшіліктерін тізе жөнелетінін білсем де, мақтауын сирек еститін адамымның лебізіне жаным жадырап, көңілім желпіне түскен сияқтанған. Бір кезде құйын ұрып өткендей алай-дүлей күй кештім. Осыған дейін қалай оқымаған деген сұрақ мазалай бастады. Ұзамай жазушы досым Серік Асылбекұлы хабарласып, «Жалын» журналына жариялаған кезде осы шығармаң туралы ештеңе деген жоқпын ба? – деп сұрады. «Секе-ау, мақтағансың, қолыңды батырып, түзеген жерлерің сол қалпында қалды», – деп жауап қаттым.

Жас кезіңіздегі қаламгер ретінде армандаған дүниелеріңіз бұл күнде өз дәрежесінде орындалып жүр ме?

– Орындалуы қиын ғой. «Жазушы болсам, былай жазсам» деген ойлар кезінде мазамды алатын. Аманкелді Кеңшілікұлының жақында Флобер туралы жазған эссесі шіркін жастау кезде кезіккенде жазуға деген жауапкершілік басқаша қалыптасар ма еді.

ҰЛТТЫҚ ТАМЫРДАН АЖЫРАУ – БІЗДІҢ БАСТЫ ТРАГЕДИЯМЫЗ

– Сіздің туындыларыңызды оқи отырып, қазақы тілдің, шұрайлы тілдің құдіретіне тамсанбау мүмкін емес. Тіл көркемдігі қаламгер қаламына қалай дариды деп ойлайсыз?

– Менің шығармаларымның тілінің көркемдігіне күмәнданбаса да, достарымның ыңғай жандары ашып қарайтындарын байқаймын. Келісімі келмей, толымы жетпейтін жерлерін емеурінмен жеткізіп, мәдениетті білдіретіннен зықым шығып, иі жұмсақтауына кейде долданып, ашық кететінім бар. Менің де бір кісіге жететіндей қулығым баршылық. Айбыны айдындыратындарды сабырмен тыңдап, пікірлеріне дауласпастан құп ала келісе қоямын.

– Қала қазақтарының ұлттық тамырын берік ету мүмкін бе? Бұл мәселе сіздің «Жаңғырық» романыңызда кеңінен қозғалғанын білеміз.

– Романда қалаға жаңадан келгендер мен жергілікті тұрғындардың жандүниесіндегі қазақы болмысты, қазақ болып қалыптасу үдерісіне үңілуге тырыссам да, аса сәтті шығара алмаған сияқтымын. Ұлттық тамырдан ажырау – біздің басты трагедиямыз. Өзге бір де бір ұлтта мұндай келеңсіз құбылыс жоқтың қасы. Өзгесін былай қойғанда, жанымыздағы қырғыздардың ең үлкен бағы – Шыңғыс Айтматов сияқты аса беделді тұлғаның көзі тірісінде маргиналдық құбылыстың азаюына септігі едәуір тигендей. Неге десең, ол бүкіл әлемге танылып, көбін аузына қаратқан кезде ұлтының рухын жаңғыртуға тырысты. Шетелдік әйгілі қаламгерлермен өте жақсы қарым-қатынас орнатып, аса ықпалды қайраткерлермен дер кезінде дидарласып, пікірлесе алды. «Мен өзім шетелдік іссапарларға шыққан сайын екі адамның әруақтарына сиынамыын, оның біріншісі – Манас, екіншісі – Мұхтар Әуезов» деген Шыңғыс Айтматовтың әйгілі сөзі бар емес пе. Қырғыз жазушысы бірақ бұл сөзін іс жүзінде орындай қоймағандай көрінеді. Манас жырының томдарына жазған алғысөзінде алғаш қағазға түсірген Шоқан Уәлиханов турасында да, Кеңес одағы ғалымдарының алдында оны қорғап сөйлеген Мұхтар Әуезов хақында да бір ауыз тіс жарып, лебіз айтпағанына таң болғаннан басқа шараң да жоқ. Бұлай кінә қою әбестік те болып көрінер.

Урбанизацияның алғашқы үдерісінің өзі бізді ұлттық қасиеттен ажыратуға дейін жеткізген еді. Ұрпақтың қамын ойламайтын жағдайлар асқынған сайын дүбәра ұрпақтың қатарын толықтырып, өзге ұлт өкілдеріне үйлену үрдісі кең етек ала бастады. Бүгінде қазақ әйелдерін орыстандырып, еуропаландырып алдық қой, иә… Алайда шешелеріміздің ықылымдағы мәдениетінен айрылып қалдық қазір. Қазақ әйелінің ұлттық болмысынан ажырап қалдық. Қазақ әйелдерінің өзге бір де бір елдің әйеліне ұқсамайтын қасиеттері бар-тын. «Қалада туып-өскен балалардың қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмай бара жатқанына жеткілікті дабыл қағылды ма, тәуелсздікке ұмтылудың белгілері көрінді ме?» деген сұрақтарға көркемдік тұрғыдағы бейнелер арқылы жауап іздеудің талабы былай қарағанда жаман да емес. «Үзеңгі жолдас» бағдарламасын жүргізген уақытта Мәскеуде тұратын қазақ әйелімен сөйлесудің сәті келіп еді. «Орыстарға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары Мәскеуде жетіп артылады деп еді ол. Солардың көбі қазір қартайды. Кейде бастары қосылып жинала қалған уақытта: «Біз неге бүйттік?» деп жылағанда етектері толады», – деп айтқан еді. Тап осы құбылыстың төркінін өткен ғасырдың орта шенінен іздестіруге тырысқан уақытта оның жалпы белгілері неден байқалып еді. Сол сөз әлі күнге ойымнан кетпейді. Жеккөрінішпен емес, тап бұл үдерістерді жанашырлықпен бейнелеп, көркемдік талдау арқылы тиянақты тұжырым жасау кезегі келер ұрпақтың еншісінде деп ойлаймын. Сөйтсе де саған, Мөлдір, риза болып отырған жайым, осы күнге дейін бір де бір адам «Жаңғырықты» дәл сен құсап елеген емес.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР6
Аноним 09.07.2020 | 10:41

Жұмабай аға өміршең туындыларымен жасай берсін

Аноним 12.07.2020 | 19:46

Жақсы сұқбат. Соңғы кезде оқыған тәуір дүнием.

Аноним 15.07.2020 | 13:02

Мөлдір жақсы сұхбат алыпты. Бас редакторларың өте тамаша, талантты адам, жазушылығы да, жорналшылдығы да. Гәзиттеріңе осындай жақсы материалдар беріп, өте жақсы жұмыс жүргізіп жатыр.

Аноним 23.07.2020 | 19:21

«Аспан қора» — класикалық дүние!

Аноним 30.07.2020 | 10:48

Шашта

Аноним 14.02.2024 | 12:51

Жұмабай Шаштайұлы бар қазақ әдебиеті осал емес. Мықты әдебиет. Жүкең жүргізген «Үзеңгі жолдас»-тың өзі романдарға бергісіз берекелі әдеби дүние.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір