ДАРА ҚҰБЫЛЫС
06.11.2015
1343
0
772574_1944884881___________Шоқан өмір сүрген заманда қазақ даласында ғылыми орталықтардың, ірі ғылыми мектептердің қалыптаспаған кезі еді. Ол қазақ халқының жартылай отырықшылыққа енді өте бастаған кезеңі болатын. Шоқан осындай ғылым-білім ортасы әлі дами қоймаса да, мұндай таңсық жұмыстармен айналысуға ұмтылыстары бар, құштарлықтары мол, қаймағы бұзылмаған тың ортадан шықты. Сондықтан сол кезеңде еуропалық білім алған Шоқан қазақ халқына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауыр жүгін бір өзі арқалады десе де болады. Бұл тұрғыда ол расымен ғылым бойынша сол тұстағы қазақ көгіндегі жалғыз дерлік жұлдыз есебінде болды.

Шоқан Кеңес дәуірі тұсында да, кейінгі тәуелсіздік кезеңінде де ғалым ретінде біршама жақсы зерттелді, дәріптелді. Шындығын айту қажет, кеңестік кезеңде Шоқан бейнесіне, еңбектеріне, жалпы қалдырған зор мұраларына айрықша назар аударылды. Бұл жұмыстардың басында атақты ғалым Әлкей Марғұланның өзі тұрды. Шоқан мұраларының жинастырылып, мұқият зерделеніп жарыққа шығуында аталған ғалымның сіңірген еңбегі зор. Кейіннен Шоқан туралы зерттеушілер Самат Өтенияз, Манаш Қозыбаев, К.Пищулина және т.б. біршама көлемді зерттеу еңбектер мен мақалалар жазды. Бұлардан бөлек, көптеген жазушылар да Шоқан бейнесін көркем әдебиет саласында сомдады. Бірнеше сериялы көркем фильм де түсірілді. Жалпы, кеңестік дәуірде ғалымның өмірі мен қызметіне жақсы мән берілді.
Тәуелсіздіктен кейін көптеген салалар сияқты тарих ғылымында да тың зерттеулер жүргізуге үлкен мүмкіндіктер ашылды, көптеген тарихи тұлғаларды қайта қарастыруға мүмкіндіктер туды. Осы орайда Шоқанның өмірі мен қызметін жаңа көзқарастармен қайта қарауға да жол ашылды деген ойдамыз. Бұл тұрғыда ғалым тұлғасына қатысты зерттеулер әлі де жалғасуда, мерейтойлары тұрақты түрде республикалық деңгейде аталып өтуде. Бес жыл бұрын туғанына 175 жыл толуына байланысты еңбектері қайта басылып шықты.
Әлбетте, Шоқанның ғалым ретіндегі бейнесі жақсы қарастырылды, оның еліміз тарихындағы ең жақсы зерттелген тұлғалардың бірі екендігі сөзсіз. Дегенмен, оның өмір-тарихында біз білмейтін беймәлім тұстары да аз емес. Оның Шығыс Түркістан өңіріне жасаған сапарларының өзінде біз білмейтін жұмбақтар болуы мүмкін. Бүгінгі таңда Шоқанның ғылыми жұмыстарын мұқият қайта зерделеумен қатар, ғалымның ғылыми қызметтен бөлек атқарған жұмыстарын да жан-жақты зерттеу керек. Бұл тұрғыда Ресейдің Петербор, Мәскеу, Омбы және басқа қалалары мұрағаттарының құпия қорларын, еуропалық елдер мұрағаттарын, мерзімді басылымдарын мұқият сүзіп шығу қажет сияқты. Бұл оңай іске асатын шаруа емес, көптеген кедергілер болуы әбден мүмкін. Шоқанның қай кезде, қалай қайтыс болуына байланысты да соңғы кезеңде әр алуан пікірлер пайда болуда. Көпшілік жайттар әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр…
Жалпы, Шоқан – қазақ тарихы мен ғылымындағы дара құбылыс. Қанша қарастырылды десек те, оны ғалым ретінде зерттеу жұмыстары жалғаса бермек. Әрине, ол ғалым ретінде бағаланды әлі де бағалану үстінде. Бүгінгі күнде де, келешекте де Шоқанды бағалау, ұлы ғалым ретінде зерделеу, насихаттау жұмыстары жүре береді. Оның өмір жолы мен қызметі әлі де талай буындарға мәңгілік үлгі болып қала бермек.

Нұржан ЖЕТПІСБАЙ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының
ғылыми қызметкері.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір