Күмбезді көктің дара жұлдызы
24.05.2024
187
0

Өмір атты келте сапарда біз көбіне тіршілік иірімдеріне терең тартылғанымыз сондай, айналамыздағы жақсы, жайсаң жандарды бағалай алмаймыз. Оған көңіл қошымыз да соға бермейді. Мәңгі ғұмыр кешетіндей, бәріне үлгеретіндей жайбарақаттығымыздан жаңылмаймыз. Ақырында аһ ұрып, бармақ шайнап қаламыз.

Әбілда Аймақ туралы ойлағанда мен үнемі осылай толғанамын. Физули атындағы халықаралық сыйлықтың және «Құрмет» орденінің иегері Әбілда ақын небәрі алпыс жасында жасындай жарқырап, күмбезді заңғар көктен ағып түсті. Адам жатырқауды білмейтін, жаны жаз, көңілі көктем, білімі сел дариядай тасқындаған, ақындығы әдеби топта мойындалған, кестелі сөзімен көркем сурет сала білген оның өмір жолы да, өнердегі сүрлеу-соқпақтары да жеңіл болған жоқ. Тағдырдың талқысын, азабын аз көрмеді. Тұрмыс таршылығын, қу тіршілік тапшылығын тарта жүріп, зілмауыр ауыртпалықтарға арқасын аянбай тоса білді. Тырмысып, алға ұмтылды. Айналасына, адами затқа, өмір-дүрмекке түңіліп емес, үңіліп қарады.
Шын мәнінде Әбілда Аймақ тұңғиықтар тереңіндегі ақын еді. Оның қай өлеңін алып қарасаңыз да Ұлы Жаратушымызға деген шексіз махаббат табылатын.
«Бисмиллаһир рахман рахим!
Қадір түні жазайын өлеңді мен,
Шуағына Алланың бөленді рең.
Зікір салып келді ме періштелер,
Нұр қаптаған түн еді төбем кілең» – деп басталатын жыр жолдары кімнің де денесін дір еткізуші еді. Мен оның «Мен келгеннен қайтуға қам жасадым» деп басталатын өлеңінен қатты шошитынмын. Қатар жүргенде ол мұның сырын ашпады. Бәлкім, Алланың алдына адалдықпен, таза жүрекпен баруды ерте ойлағаннан шығар.
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Жібек жолы» баспасынан шықты. Ол «Ләйла» деп аталатын. Жұматайдай жауһардың Ләйласын білуші едім. Сөйтсек, бұл басқа Ләйла екен. Ләйланы араб тілінен аударсақ, «түн» деген сөз шығады. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға Алланың кітабы – Құран түскен түн Ләйла-түн Қадір аталатынын исі қазақ білсе керек. Сол «Ләйла» жинағының бөлімдері де бөлек, «Кие», «Жеті теңге – жеті жыр», «Тоғыз жұлдыз – тоғыз сөз», «Көзотаға» болып келетін. Айталық, «Жеті жырында» ұлтының амандығын, имандылықтың жолында қаламгердің құрбан болмаққа ықтияр екені, түбі бір түркі жұртының бірлігі – қиын-қыстау кезеңдерден құтылып, бүтіндікке жетпектің жолы екені жырдың өлмес өзегіне, алтын арқауына айналған болатын.
Қазақта жеті саны қашаннан-ақ қастерлі. Бұл – күллі мұсылман әлеміне белгілі жағдай. Жеті қазына, жеті ықылым дүние, жеті жарғы, жеті теңге. Қайсыбірін айтамыз, Әбілда ақынның әрбір өлеңінде тылсым бір құдірет жатушы еді. Оны өлеңінде өзі де жазып кетті, «ойсызға сірә, сараңнан жаман, құпия болар тереңім».
Сол тереңнен құпияланған күйі Әбілда ақын ешкімге сыр ашпай, бар айтарын өлеңге сіңіріп, ғайыпқа сіңіп кете барды. Мұны батыр баба Бауыржан Момышұлының мына сөзінен де аңғарамыз. Ол: «Қысым көрмей, өнер қонбас», – деп бекер айтқан жоқ. Өнер қонды. Әбілдаға: «Сіңіп кеткен өлеңге жастайымнан, Адам емес, машайық шығармын-ау» деп те қояды қайбір қара өлеңінде. «Күн сәулесі түспей бір шаңырақтан, Жастайымнан қу тағдыр маңыратқан», «Жырым түгіл ғұмырымды сыйлар едім, Қайтем, ана, мен сені танымаймын» дейтұғын өлең жолдары ақын өмірінің қиын сүрлеу-соқпақтардан тұратынын аңғартады.
Кезінде Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесі Шымкент, Жамбыл, Қызылорда өңірін қамтитын. Осы бөлімшілерді қазақтың қабырғалы қаламгерлері Асқар Тоқмағамбетов, Омарбай Малқаров, Нәсіреддин
Серәлиев басқарды. Беріректе Қазақстан Жазушылар одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы атанғанда Мархабат Байғұт ағамыз жетекшілік етті. Ол кісі басқа қызметке ауысқанда орнына Әбілда Аймақ келді. Қоғамдық ұйымдардың қоғамдық жұмысын қоғамдық негізінде жиырма жыл ақысыз-пұлсыз атқарған Әбілданы Мархабат ағасы құрметтеп, «Шығармашылық шырақшысы» деп атады. Расында, ол Оңтүстік шығармашылық ортаның шамшырағына айналды. Әбілданы қашан көрсек те, әлдебір шығармашылық кешке асығып бара жататын еді. Түрлі кездесулер, тұсаукесерлер, мерейтойлар, шығармашылық кештер оның аяқ-қолын шырмап тастайтын. Оның ауызынан тастамайтын қалыпты бір сөзі болушы еді. Теледидарға сұхбат бергенде де, ауызекі әңгімеде де: «Сіз білесіз бе?» – деп алып, сұхбатын сабақтайтын. Сол әдетімен: «Сіз білесіз бе? Мені іздейді ғой», – дейтін күлімсіреп. Расында, оның ішкі жан әлемі бүгінгіні байыпты болжайтын. Біз оны күн сайын іздейміз, сәт сайын іздейміз. Шығармашылық кештерде, кездесулерде, тұсаукесер мен мерейтойларда жүзі шырайланып, бал-бұл жанып отыратын ақынды шынайы сезіммен сүйген оқырмандары әлі де алаңдап, сағына іздейді.
Көпшіліктің көңілінен көшпейтін көрнекті қаламгер Әбілда Аймақтың жанында бірқыдыру уақыт жүруді Тәңірі бізге де нәсіп етті. Ана бір жылдары әлем әдебиеті алыптарының бірі Шыңғыс Айтматовтың сексен жылдығына орай делегация құрамында Бішкек қаласына сапарлағанымыз бар. Міне, сонда ортамызда ақ жауын ақын Аймақ та бірге келе жат­ты. Делегация жетекшісі облыстық мәслихаттың депутаты, «Айғақ» телекомпаниясының бас директоры Дулат Әбіш ақынға үлкен құрмет көрсетіп, жол-жөнекей оны сөйлетумен болды. Сонда Әбекеңнің жан-жақты сауатты, білімдар екенін аңғарып, таңырқағанымыз бар. Осы сапардан қайтар жолда Әбілда ағаның «Құрмет» орденімен марапатталғанын естіп, бір марқайып қалған едік.
Мұнан соң артынша Астана қаласында өткен бүкілдүниежүзілік медиафорумға бірге қатыстық. Халықаралық К.Симонов және «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері Нармахан Бегалыұлы бастап, үш күн бойы қос бөлмеде поэзия кеші өтіп еді. Форумға бара жатып та, келе жатып та Әбілда ағаның автобус ішінде шабыттана өлең оқып, жүзі бал-бұл жайнап отырғаны еске түскенде ішім уылжып, жүрек сыздайды.
Ақжарма ақын Әбілда Аймақтың «Мерейлі мекен», «Ләйла», «Алтын бесік», «Жүрегімде махаббат», «Наз­қоңыр» жыр жинақтары, екі томдық таңдамалысы және «Домалақ ана кесенесі», «Жақсығұл мерген» атты прозалық кітаптары жарық көрді. Оның «Шәмшінің сағынышы», «Ордабасыға оралу» атты пьесалары Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында қойылды.
1992 жылы Алматыда ауыл қаламгерлеріне арналған (АҚҚҰС) жыр бәйгесі өтті. Міне, сонда Ә.Аймақ бас жүлдені қанжығасына бөктеріп қайтты. Бір топ өлеңі 1993 жылы республика ақындарының жабық конкурсында бас жүлдеге ие болды. 2003 жылы Францияда өткен Бүкіл түркі дүниесі әдебиетінің форумына қатысты. 2004 жылы Анкарада өткен Түркі халықтары ақындарының байқауында халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 2013 жылы республикалық «Айғақ» газеті жариялаған жазушы Оралхан Бөкей атындағы әдеби байқаудың бас жүлдесін иемденді. Ол – Қарауылбек Қазиев атындағы сыйлықтың иегері. Ордабасы ауданының құрметті азаматы. Ә.Аймақтың өлеңдеріне Сүгірәлі Сапарәліұлы, Құралай Сәтмұхамбетова, Марат Омаров, Лесбек Аманов, Нышан Төлегенов, Қыдырғали Көбентай, Ибрагим Дәрібаев, Өктем Алтаев, Жарылқасын Дәулетов, Өмірзақ Оспанов, Рысты Әлімбетова, Бақыт Алтаев, Құрманәлі Жылқыбай, Мұхтар Қуандықов, тағы басқалар ән шығарды. Бұлардың көпшілігі сахналарда орындалып жүр. Солардың ішінде Құралай Сәтмұхамбетованың «Жас жұбайлар жыры», Сүгірәлі Сапарәліұлының «Құдашасы», Марат Омаровтың «Махаббат әлемі», Өктем Алтаевтың «Бейтаныс ару» әндері Қазақстан көгінде жиі қалықтайды.
Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысына арналған жиналысында көрнекті ақын Сәкен Иманасов поэзия туралы баяндама жасады. Сонда ол: «Әбілда ақынның көптің бірі болып көмескі қалмай, ауыз толтырып айтуға әбден боларлық қомақты іс тындырғанын байқадық. Поэзия деп аталатын күмбезді зеңгір көкке алыстан менмұндалап көрінер бір шоғыр дара жұлдызын, өз жұлдызын қадай білген екен», – деп мұны дәлел-дәйектермен нақтылап еді.
Иә, поэзия деп аталатын зеңгір көкке өз жұлдызын қадап кеткен Әбілда Аймақтың отты жырлары, парасатты поэзиясы өлмейді. Біз енді оның қуатты жырларынан жылынамыз, жұбаныш табамыз.
Алдамшы өмір дегеніңіз – осы!

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір