АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС
25.06.2020
1229
1

Міне, Алланың қалауымен өзім бір ерекше сыйлайтын аға досым Үшбаев Кеңесбай Үшбайұлы биыл шілденің екісіне сексен жасқа толғалы отыр. Еліміздегі фармацевтика ғылымдарының ең алғашқы докторы, профессор, ұстаз, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, профилактикалық медицина Академиясының академигі Кеңесбай Үшбайұлының есімі көпшілікке жақсы таныс. Кеңекең жөнінде мерзімді басылымдарда көптеген керемет материалдар жарыққа шықты. Бізде аз-кем жазыңқырағанбыз. Былтыр республикалық «Қазығұрт kz», «Кәсіподақ өмірі» әдеби-көркем, мәдени-әлеуметтік, тарихи-танымдық журналдарына және «Алматы ақшамы» гәзетіне ардақты ағамыз туралы жазған «Өнегелі өмір жолы…», қазақ фармацевтикасының ҚАРА НАРЫ атты мақалаларымызда «Аға досымның жүріп өткен осынау өмір белестеріне зер салсақ, тағылымға толы. Мақтауға емес, мақтануға тұрарлық өнегелі өмір жолы дерсің» деген екенбіз.

ҒАЛЫМ – ҰСТАЗ Кеңесбай Үшбайұлы – 80 жаста

Біз осы ойымыздан айнымақ емеспіз. Өйткені, Кеңекеңнің өмір жолы да, қызметтік жолы да, һәм ұстаздық жолы да кім-кімге болса да үлгі-өнеге. Ағамыз мен білген ширек ғасырдан астам уақыттан бері өзінің өмірлік принциптерінен де ешуақытта айныған емес. Олар қарапайым ғана ұстанымдар, бірақ, көп адам ұстана алмайтын ұстанымдар. Себебі, биік мансап, бақ-дәулетті, айналасы көрсететін қошемет-құрметті көтере алмай қалады. Ал, менің аға досым осының бәрін көрді, көріп те келеді. Бірақ, айнымайды. Өйткені, ағамыз өмірінде айнымай ұстансам деген өз жолы болды.

Тоқтықта да, аштықта да, лауазымның биігінде де, зейнетке шыққаннан кейін де адамдық, азаматтық келбетін жоғалтпаған, қанмен берілген жақсы қасиеттерінен айнымаған бірден-бір жан осы Кеңесбай Үшбайұлы десем, артық айтқаным емес. Сол баяғы мен алғаш көргендегі Кеңекең. Мұны бір мен ғана айтпаймын, ол кісімен аралас-құралас, сыйлас боп жүрген талай адамдар айтады және айтып жүр.

Қан демекші, Кеңекең текті атаның ұрпағы. Бұл туралы мен жоғарыда айтқан мақаламда жан-жақты жазғаным бар. Содан аз-кем үзінді келтіре кетсем. «Алғаш көргеннен-ақ ол кісінің тұлға-тұрпатынан, жүріс-тұрысынан, тіпті сөйлеген сөзінен тегін адам емес екенін сездім. Түйсігім алдамапты. Кейіннен Кеңекеңнің текті атаның ұрпағы екенін білдім. Арғы бабасы Ер Әжібай жоңғарлармен шайқаста ерлігімен көзге түскен. Ал, бейбіт өмірде бабамыз ел қамын жеген, болашақ ұрпақты ойлаған шаруақор кісі болған.

… Ер Әжібай қазақтың ірі тайпаларының бірі Албаннан тарайтын Қызылбөрік руының ұраны болып табылады. Міне, біз әңгіме етіп отырған Кеңекең – жаугершілік заманда халқына қорған, бір рулы елге ұран болған сол Ер Әжібайдың тікелей алтыншы ұрпағы. Тарқатып айтсақ, Әжібай – Бердіқожа – Сығай – Тұрысбек – Ноғайбай – Үшбай –Кеңесбай» деппіз «Өнегелі өмір жолы…» және қазақ фармацевтикасының ҚАРА НАРЫ атты мақалаларымызда.

Ал, қанмен талай қасиет келетінін халқымыз жақсы біледі. Кеңекеңнің де бойына сол аруақты бабасының қайтпас қайсарлығы, батырлығы, әділдігі, еңбекқорлығы, елім, жерім деген отан сүйгіш сезімі дарыған деп нық сеніммен айтуға болады.

Кеңекең осынау ғибратты ғұмырында да ұстаздарын, әріптестерін, қарамағында істеген қызметтестерін, сыйлас болған өзге де кісілерді ыстық ықыласпен еске алып отырады. Өйткені, олардың басым бөлігінің ғалым ағамыздың өмірінде алар орындары ерекше.Әсіресе, өзінің ұстазы, екі рет еліміздің денсаулық сақтау министрі, екі рет медицина институтының ректоры болғанСибағатолла Рысқалиұлы Қарынбаевты қашанда өте бір зор қошеметпен еске алады.Бүгінгідей биікке жеткенім үшін қазақтың осы біртуар азаматына, асыл ұстазыма қарыздарым деп отырады.

Кеңесбай Үшбайұлы нендей қызмет атқармасын, қандай биіктен көрінбесін алдымен ол өзінің кәсібінің білгір маманы, мықты басшы ретінде таныла білді. Уақытысында екінің бірі бара бермейтін фармацевтика саласының тұңғыш докторы атанды. Көптеген қызметтер атқарды. Ұстаздық етіп, талай шәкіртте тәрбиеледі. Қай ортада да, ұжым да болмасын, сыйлы, абыройлы болды.

Еліміз тәуелсіздігін алып, нарықтық қатынастар жағдайына да бейімделе білді. Жаңашыл менеджер екенін көрсетті. Ал, күрескерлігі жөнінде әңгіме тіптен бөлек. Бұл енді арғы бабасы Ер Әжібайдан келген қасиет. Әсіресе, XII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезде осынау биік мінберден елдің жоғын жоқтап, мұның айта білді.

Бұл XII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ететін аса маңызды заңдарды қабылдады. Мәселен, «Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы» Заңды қабылдап, Қазақстанда президенттік басқаруды енгізді. «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын қабылдады. Міне, сол кезде еліміздің келешегіне қатысты осындай небір тағдыршешті шешімдерді қабылдау барысының бел ортасында халық қалаулысы ретінде Кеңесбай Үшбайұлы да жүрді.

Бастысы, жасынан тазалықпен көзін ашқан ол ешкімнің ала жібін аттамады.Бұл кезектi бiр қыздырма қызыл сөз емес. Біз Кеңекеңмен аралас-құралас болғандағы оның бойынан байқағанымызды ғана айтып отырмыз. Дегенмен, осыған қарап қадірменді ағамыздың өмір жолы ылғи жеңістен тұрды десек, қателесер едік. Аяқтан шалатын Батыраштар мен Қотыраштар қай кезде табылады ғой… Бірақ, оған мойынсұнатын Ер Әжібайдың алтыншы ұрпағы ма?.. Жоқ, әрине! Күрескерлік қасиет қанында бар Кеңекең берілмеді. Қашанда өз биігінде қала білді.

Адамның адам боп қалыптасуына, өсіп-өнуіне оның ортасы, аралас-құраласқан адамдары, сыйласқан кісілері көп әсер ететіні рас. Кеңекеңнің досы көп. Талай мықтылармен араласып сыйласты. Бұл бір есепке құрылған емес, сыйластыққа, қимастыққа негізделген достық. Ал, «Досы көпті жау алмайды» деуші ме еді…

Осындай сыйлас, дос болған кісілердің арасында аты аңызға айналған Мәжікен Бутин, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Ұзақбай Қараманов, Кеңес Аухадиев, қазақтың заңғар заңгері Салық Зиманов, ғұлама ғалым Өмірзақ Сұлтанғазин, атақты тарихшы Манаш Қозыбаев, халқымыздың классик жазушысы еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақын Тұманбай Молдағалиев, жазушы Қоғабай Сәрсекеев, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Кенжеғали Сағадиев, Жаңалық Әбдірахманов, Сәбит Бабаев, еліміздің кезінде денсаулық сақтау министрі болған Василий Девятко, бұдан басқа да аттары аталмаған қаншама кісілер бар. Бұлардың көзі тірілерімен сыйластығы әлі де үзілмей келеді.

Аяулы ағалар – қазақ зиялылары. Отырғандар: М.Қозыбаев, Ә.Нұрпейісов, С.Зиманов, С.Балмұханов.
Тұрғандар: К.Үшбаев, К.Сағадиев, Ө.Сұлтанғазин, К.Ормантаев

Кеңекеңнің достыққа адалдығы жөнінде жарыса айтатындар көп. Осы орайда Кеңекеңнің өзімен аттас тетелес ағасы әрі досы, мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиевтің сөзіне құлақ түріп көрелік. «1985 жылы мен облысты басқару қызметінен кетіп, 1987 жылы, әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін қасақана ұйымдастырылған қадағалауға түстім, заң орындары біраз мазалады. Сол кезде облыстық, республикалық прокуратураға шақырылғанымда Кеңес (Үшбаевты айтып отыр-авт.): «Сенімен бірге барайын, қамаса, сенімен бірге қамасын» дейтін ылғи»дейді. Қандай керемет! Адам қызығарлық, тіпті қызғанарлық достық.

Алатауының баурайындағы табиғаты тамаша шағын ғана ауыл Ас-Сағада дүниеге келген бала Кеңесбай бүгінде дана Кеңесбайға айналған. Арман қуып, Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түседі. Кейіннен алыс Украинадағы Львов қаласындағы мемлекеттік медицина институтының аспирантурасын тәмамдайды. Еңбек жолын өзі алғаш білім алған Алматы мемлекеттік медицина институтынан бастаған Кеңесбай Үшбайұлы талай асуларды алып, белестерді бағындырады. Марапат-мадақтамадан да кенде болмайды. Қалтарысы мен бұлтарысы көп мына өмірде еш уақытта, ешбір қиындыққа мойымады.

Ағамыз Кеңесбай Үшбайұлы жөнінде ұзақ әрі жан-жақты айта беруге болады. Жақсы адамдар туралы әңгіме таусылған ба?!.  Таусылмайды да! Әңгімеміздің басында Кеңекең туралы мерзімді басылымдарда мақалардың жиі жарық көретінін тілге тиек етіп кеткеніміз бар. Енді, міне ардақты ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып отырғанда, ол кісі турасында жарыса жазатындар тіпті көбейтініне сенімдімін. Дұрыс-ақ! Кеңекең секілді кісілер туралы қанша жазылып, айтылса да артықтық етпейді. Өйткені…  Өйткені,тектінің ұрпағының, асыл адамның, ғалымның,ұлағатты ұстаздың өмір жолы көпке, әсіресе жастарға үлгі-өнеге. Бәлкім, асыл адам айнымас деген осы шығар… 

Сондықтан аға досым туралы мақаламды осы жерден қайырсам деп отырмын. Кеңекеңе мықты денсаулық, қажымас қайрат, Ер Әжібайдың төртінші ұрпағы, 103 жасқа келіп дүние салған Ноғайбай атасының жасын тілеймін! Аман болыңыз, асыл да, абыз аға!

Иcламбек ОМАРОВ,
«Алматы қаласы мәдениет, спорт және ақпарат
мекеме қызметкерлерінің Жергілікті «Руханият» кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.08.2020 | 20:54

Керемет жазылған! Исеке нағыз азаматсыз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір