Халыққа жол тартқан «Асыл мұра»
12.09.2022
226
0

Бүгінгі өркениетті қоғам білімді, зерделі, түсінігі терең ұрпақ танымына тікелей тәуелді екендігі айтпаса да белгілі. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің санамалап көрсетілген негізгі тарауларының бірінде қазақ жастары білімді болуы керек деген тұжырым алға шығатыны осыдан. Және бұл тұжырымды қағаз жүзінде қалдырып қана қоймай дереу іс жүзінде де көрсете білген бірлестіктің нәтижесі көңіл көншітерліктей. Осы жылдың өзінде бірлестік жанынан құрылған «Асыл мұра» сериясы бойынша ұлы тұлғалардың кітаптарын қайта жарыққа шығару ісі қолға алынған болатын. Нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңі үшін», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты еңбектері ұрпақтың кәдесіне жарау үшін оқырман қауымға жол тартты. Тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдерінен бөлек Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаеваның арнайы келіп қатысуы және атқарылған тындырымды тірліктерге оң бағасын беруі бірлестіктің нәтижеге жұмыс жасап жатқандығын байқатса керек. Ұлылардың ұлы жәдігерлерін насихаттау мен оны жас ұрпақ бойына сіңіруге бағытталған ауқымды тірлік бірлестік тарапынан алда да жалғасын табатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, қуана айтатын жаңалықтың бірі, қазақ тіліндегі кітаптардың қатарына «Ізгілік педагогикасы» атты таптырмас құнды еңбектің қосылуы. Әлем педагогы, гуманды педагогиканың негізін қалаушы, академик Шалва Амонашвилидің кітабы бірлестіктің тікелей ұйытқы болуымен алғаш рет қазақ тілінде сөйледі. Идея авторы — бірлестік құрылтайшысы Нұркен Жарылқапұлы. Бақытын бала болашағынан іздейтін ұстаздар қауымына ғана емес жалпы кітапсүйер қауымға арналған еңбекте автордың педагогикалық үрдісті ізгілендіру қажеттілігі, сол ізгілік арқылы адами құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаның қалыптасатыны жайлы дара ойлары айтылады. Техника қарыштап дамыған сайын адами қасиеттің соншалықты төмендеп бара жатқан мына заманында бірлестік тарапынан өмірге келген «Ізгілік педагогикасы» адамгершілік педагогикасына қарай жол ашатын құнды дүние деп толықтай айта аламыз.

Айнаш ӘЛДИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір