Уақыт құдай болған кез
25.06.2020
2456
0

Тәңір Иеміз адам баласын ерекше статуспен жаратқаны хақ. Жайындай алып, пілдей күшті, бүркіттей ұшқыр, жылқыдай жүйрік болмасақ та ақыл-ойымыздың арқасында барлығынан үстем шығып, әлемнің қожасына айналдық. Ғылым мен білімнің арқасында әлемнің жеті кереметін жасап, небір қиялға сыймайтын ғажайыптарды тудырдық. Ғарышты игеріп, жасанды интеллектіні де жасадық. Айшылық  жерге  ә дегенше  жетіп, жер түбінен жылдам хабар жеткіздік. Әйтеуір аспан асты, жер үстінде игермеген нәрсе қалдырмадық. Сосын осы жетістігімізге масаттанғанымыз сонша, «Адамға жерді табындырдық». Келе-келе жаратылысты да мойындамай Адам-құдай жасауға талпындық. Қысқасы, табиғатты өз дегенімізге көндірдік. Бірақ қаншалықты құдірет-күшке ие болып, әлемді төңкерсек те, біздің билігіміз жүрмейтін бір тылсымның барын мойындаймыз. Ол – әрі жылдам, әрі мимырт, сонымен бірге тіршілікті қайта түлететін жаратушы күшке де, қайтадан жоқ қылатын қиратушы күшке де ие құбылыс болатын. Алып мұхитты көлшікпен, заңғар тауларды төбемен тең қылатын бұл алапаттың аты – Уақыт еді.

Нұрсерік  ТІЛЕУҚАБЫЛ


Ежелгі Уақыт құдайлары: Кронос, хронометр, хронология

Ежелгі адамдар да уақыттың тылсым нәрсе екенін жақсы білген. Сондықтан оны жаратушы күш ретінде таныған. Өйткені барлық жаратылыстың мәңгілік емес екенін терең түсінген. Тек мәңгі жасайтын үзіліссіз нәрсе уақыт еді. Ал мәңгілік жасау сипаты Жаратқанға ғана тән қасиет екені мәлім. Сондықтан Уақыт-Құдай ұғымы барлық халықтың мифологиясынан мықтап орын алған. Алғашқы ғылым мен философияға негіз болған да осы мифология еді. Әсіресе әлем халқына етене таныс грек мифологиясындағы құдайлар пантеоны. Көптеген құдайға табынған гректер үшін әрбір құдайдың атқаратын өзіндік функциясы мен рөлі болды. Десе де бас құдай Зевстің дәрежесі барлығынан жоғары тұрды.

Грек мифі бойынша Зевстің өзі алғашқы құдай емес. Ең алғашқы құдайлар ретінде Аспан құдайы Уран мен Жер құдайы Гея жаратылған. Екеуі некеленіп, олардан теңдессіз күшке ие гекатонхейерлер (жүз қолды алыптар) мен циклоптар (жалғыз көздiлер) дүниеге келедi. Бірақ олардың теңдессіз күшінен сескеніп әрі жерге қауіп төндіруінен алаңдаған Уран оларды Тартарға тастайды. Кейін Уранның баласы Крон әкесін шешесі Геяның көмегімен жеңіп, оның билігін тартып алады. Геяның Кронға көмектесуінің себебі күйеуінің балаларын Тартарға тастағанына кекті еді. Әйткенмен, Уран Кронның баласы тарапынан жеңіліс табатынын болжап айтып кетеді. Ал Реяға үйленген Кроннан көптеген балалар туады. Бірақ әкесінің болжамын естіген Крон балаларын туа салып жеп қоятын. Осылайша Крон өзінің үш қыз, екі ұлын жеген соң, Рея жаңа туған Зевсті де жегізіп қоймаудың амалын іздейді. Ақырында бір кесек тасты Зевске ұқсатып жасап қойып Кронды алдап соғады. Ал Зевс өзі Крит аралында туып, сонда өсіп-жетіледі. Кейін әкесі Кронның кеудесінен өзінің аға-әпкелерін құтқарып алады. Зевстің Крон жұтып қойған Посейдон, Аид, Гера, Деметра және Гестия секілді аға-әпкелері Кронның ішінен босап, қайта дүниеге келгендіктен, Зевстен бұрын туса да оны Үлкен аға ретінде әспеттейді. Бұл бауырластар әкесі мен басқа да Титандарға қарсы соғыста Зевстің одақтасына айналады.

Соғыс бірнеше жылға созылып, әлемнің астаң-кестеңі шығады. Соғыста ешкім жеңіске ие бола алмайды. Кейін Зевс әжесі Жер құдайы Геяның ақылымен Уран қамаған Киклоптар мен Гекатонхейрлерді босатады. Алғыс ретінде Киклоптар Зевске найзағайды, Посейдонға үш аша айырды, Аидқа көзге көрсетпейтін қара дулығаны береді. Ал гекатонхейрлер соғысқа ерлікпен араласады. Ақырында Зевс Кронды жеңіп, бас билікке ие болады.

Осындағы Зевстың әкесі Крон кейде Кронос немесе Хронос деп те аталады. Яғни, гректің «chronica» деген сөзiнен бастау алып, «уақыт» немесе «уақыт ұрлаушы» мағынасын бiлдiрген. Бүгінде уақыт өлшеуші құралды хронометр, ал уақыт тізбегін хронология деп атайтынымыз белгілі. Ең қызығы, әкесін жеңгеннен кейін Кронос әпкесі Реяға үйленіп, туысы Офионның тағын басып алып, Титандар мен жоғары құдайлардың патшасы болған кезең «Алтын ғасыр» деп аталған. Сол кезде әділдік жеңіп, дүние молшылық пен бақытқа кенелген екен. Ежелгі грек мифологиясынан бізге жеткен оқиғалар тізбегіне қарасақ, Кронос қорқынышты циклопалар мен гекатонхейерлерді түрмеге жапқаннан гөрі адамдар өлімді, ауырсынуды, аштық пен зұлымдықты білмейтін ережелер жасағанды жөн көрген. Бірақ кейінгі кезеңінде де Кронос билігі қатігез және қатал болуымен ерекшеленеді. Демек, бұл аңыздан уақытпен салыстырғанда ештеңенің де мәңгілік емес екенін байқайсыз.

Кроностың өз балаларын жұтқаны секілді барлық нәрсе өз мерзімімен уақытқа жұтылады әрі өз мерзімімен қайта туады. Бұл уақыттың жоюшы әрі қайта тудырушы қасиетінің көрінісі іспеттес. Ал Зевстың уақытты жеңуі де уақыттың тек жаратушымен парапар ұғым екенін айғақтаса керек.

Тағы бір уақыт құдайы – Мысырлық құдай Тот. Ол сонымен бірге  айдың, жазу мен ғылымның, ақыл мен даналықтың да құдайы. Кейде бас құдай Рамен қатар қойылады. Мысырлықтар күнтізбедегі алғашқы айды да осы құдайдың атымен атаған. Ал айдың мысырлықтар үшін уақытты өлшеудегі басты орында тұратынын ескерсек, уақыт-құдайдың мәні де тереңдей бермек. Мысырлықтардың діни және азаматтық рәсімдері де ай күнтізбесі бойынша ұйымдастырылған.

Тот –  Осирис пен Исида аңыздарында да үлкен рөлге ие. Осиристі өз бауыры Сет өлтіргенде, сүйіктісі Исидадаға қайта тірілтетін сиқырлы сөздерді үйрететін осы Тот еді.  Яғни, уақыттың қайта тудыру сипаты да Тоттың бойынан көрініс тапқан.

Ежелгі Римде Сатурнды уақыттың құдайы ретінде білген. Бастабында Сатурн шаруашылық құдайы болатын. Кейін оны римдіктер уақыттың билеушісі ретінде тани бастады. Бұл жағынан Сатурн грек мифологиясындағы Кроноспен ұқсас.

Ал славяндардың ұғымындағы уақыт құдайы Чернобог. Ол уақыт ағымын өзгерте алады әрі уақытты тоқтатып, жеделдетіп немесе кері бұратын да қасиеттерге ие.

Әлемді алты күнде қалай жаратты?

Иудаизм, христиан, ислам – бір түбірден тарайтын монотеистік діндер. Үш діннің қалыптасу кезеңін қуалай бастасаңыз, Ибраһим пайғамбарға барып тірелетініңіз анық. Яғни Ибраһим пайғамбар осы үш дінге ортақ тұлға. Әрине, ибраһимдік діндер монетеистік сенімде болғандықтан, уақытты құдай ретінде қарастырмайды. Бірақ бұған қарап аталған діндерде уақыт ұғымы төмен бағаланады деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Иллаһи  кітаптардағы уақыт ұғымын қаузай берсеңіз, ең әуелі әлемнің жаратылуы турасындағы мәселеге тап келесіз.

Әрине, жаратылыс мәселесіне келгенде ибраһимдік діндермен қатар басқа да сенімдерде де бір ұқсастық бар.  Ол әлемнің жоқтан немесе хаостан пайда болғаны туралы түсінік. Мәселен, антикалық грек мифтерінде әлемді құраушы Хаос, Эрос (махаббат) және Гея (жер) туралы айтылады. Ал даостық сенімде бейболмыстың рөлі зор. Олардың түсінігі бойынша, бейболмыс болмысты тудырады. Сонымен қатар бейболмыстың болмысты тудыруының өзіндік жолы бар. Ол жолды «дао» деп атайды. Бұл туралы даосизмның негізін қалаушы ғұлама Лао Цзы: «Мен әлемді жаратқан бір жаратушы бар екенін білемін. Бірақ Оны не деп атауды білмедім. Сондықтан жаратушы әлемді бір жолмен жаратты ғой деп оған дао деген ат бердім», – дейді. Осы секілді ибраһимдік діндер де әлемнің жоқтан бар болғанына сенеді. Ал ол әлем қалай және қашан жаратылғаны турасында сөз болғанда уақыт ұғымымен бетпе-бет келеміз. Бұл жағынан барлық қасиетті кітаптарда әлемнің алты күнде жаратылғаны айтылады.

Таурат кітабының «Жаратылыстың басталуы» атты І бөлімінде құдайдың бірінші күні жарық пен қараңғыны, екінші күні аспан мен жер арасындағы суды бөлгені, үшінші күні құрлықтар мен өсімдіктерді, төртінші күні ғарышты, бесінші күні жануарларды, алтыншы күні адамды жаратқаны айтылады. Ал қасиетті Құран Кәрімнің «Каф» сүресінің 37-аятында: «Расында, көктер мен жерді және екі арасындағы нәрселерді алты күнде жараттық, шаршамадық», – делінеді. Мұндайда Құдайдың Ұлы Жаратушылық құдіреті тұрғанда әлемді алты күнде емес, бір-ақ күнде жарата салуына не кедергі немесе ол алты күн біздің түсінігіміздегі алты тәулік пе деген сұрақтардың мазалайтыны хақ. Біз бүгінгі салтанат құрып тұрған эволюциялық көзқарас бойынша әлемнің үлкен жарылыстан пайда болып, осы кезге дейін миллиардтаған жылдарды артқа тастап, тіршіліктің сатылап дамығанын білеміз. Осы жағынан дін мен ғылымның қабыспай жататыны рас.

Осы қарама-қарсылыққа қатысты Фетхуллаһ Гүлен: «Аллаһ Тағала Құранда көк жүзі деп аталған Құс жолы галактикасы мен галактика ішіндегі өзге де алып аспан жүйелерінің өздеріне тән қозғалыс жылдамдығы арқылы белгілі бір уақыт өлшемін қалыптастыратындығын меңзеген. Әр әлемге тән уақыт ұғымы олардың өз ерекшеліктеріне байланысты болғандықтан, Алла Тағаланың аспан әлемін жаратудағы «екі күні» мүмкін біздің түсінігіміздегі уақыт өлшемі бойынша триллион жылға тең болуы ғажап емес. Мәселен, Айға, Шолпанға не Юпитерге барсақ, Жер шарындағы уақытты өлшейтін сағатты керек етпейміз. Себебі ол планеталардың ендіктері мен бойлықтарына және оның Күн жүйесімен арақашықтығына қарай бөлекше уақыт өлшемі болары сөзсіз.

Демек, осы дүниедегі уақыт өлшемі – салыстырмалы өлшем, сондықтан бүкіл ғаламдық деңгейде «бір тәулік нақты мынанша сағатқа тең» деп кесіп айта алмаймыз. Олай болса, Алла Тағала Жер шары мен Күн жүйесін өзіндік уақыт өлшемі мен заңдылықтарына сәйкес төрт күнде, (әрине, анығы Аллаға ғана белгілі), аспан әлемін де оның өзіндік уақыт өлшемімен екі күнде жаратқан. Ал мұны аспан әлемінің уақыт өлшемімен есептейтін болсақ, жер бетіндегі миллиард тәулікті миллиард есе көбейткенде, қас қағымдай сәт, яғни бір секундтай ғана болуы мүмкін», – деген ой айтады.

Тіптен Мұхаммед пайғамбардың мұғжизасы да уақытпен тығыз байланысты. Оның миғражға көтеріліп, жеті қат көкті, аршыны, күрсіні, лаухыл-махпузды, каламды, жеті тозақ, сегіз пейішті толық аралап әрі Алланың дәргейіне көтеріліп, жаратушының өзімен тікелей тілдесіп қайтып келген сапары барысында пырақтың аяғы тиіп құлаған құмырадағы сүт әлі төгіліп болмаған екен. Демек, жай пенденің әмірі жүрмес уақыттан тыс ғажайып жасауы оның пайғамбарлық дәрежесінің қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Өйткені мұндай уақыттан тыс күй кешу ешбір пайғамбардың маңдайына жазылмаған нығмет. Сондықтан да ибраһимдік діндердегі уақыт ұғымының мәні өте тереңде жатыр.

Меңілік Ана немесе мәңгілік уақыт

Жоғарыда уақыттың  қайта тудырушы әрі қиратушы күші бар екенін айтқан болатынбыз. Гректің Кроносы, Римнің Сатурыны, Мысырдың Тоты, славяндарды Чернобогы – барлығы да осы күшке қатар ие болған құдайлар. Ал көшпенділер нанымындағы уақыттың осы екі қасиеті Ұмай Ана мен Меңілік Анаға бөлініп берілген. Ұмай Ана отбасының жебеушісі әрі өмір сыйлаушы ретінде белгілі. Меңілік Ана болса – жоюшы күшке ие о дүниенің символы. Меңілік атауының өзі мәңгілік сөзімен үндес. Яғни, ол – мәңгі-бақи жасайтын шексіз уақыт. Демек, мәңгілік тек арғы дүниеде ғана бар. Бұл дүние болса қамшының сабындай ғана өлшемді де шектеулі нәрсе. Мұны қазақ «бес күндік жалған дүние» деп сипаттаған. Осындайда «неге бес күндік өмір, дүние?» деген сұрақтың туатыны заңды. Мүмкін азайтып төрт күндік немесе көбейтіп алты күндік деп айтуға да болар ма еді, бәлкім?

Бұл сұраққа жауап беру үшін бабаларымыздың асқан жоғары дәрежедегі астрономиялық іліміне ие болған этнограф З.Сәніктің келтірген деректеріне жүгінуге тура келеді. Қазақтың уақыт санауы адамның бес саусағына негізделген. Бeс сaусaқ eң әуeлі сaн құрaлы болғaн соң мaлдың, aдaмның жәнe бaсқa нәрсeлeрдің сaнын шығaруғa eң қолaйлы «қaру» рeтіндe пaйдaлaнылғaн.  Бaрмaқтың қaрсысынa біткeн төрт сaусaқтa тұп-тура он eкі буын бар. Сaнaудың бұл түрі жыл қaйыру – мүшeл eсeбінe, aй рeтін сaнaуғa, бір тәуліктeгі сaғaт сaнын сaнaуғa пaйдaлaнылғaн. Осы төрт сaусaқ жылдың төрт мeзгілінe тура келеді. Мысaлы, сұқ сaусaқ –  көктем айларына (нaурыз, көкeк, мaмыр), ортaңғы саусақ –  жаз айларына (мaусым, шілдe, тaмыз), аты жоқ саусақ –  күз айларына (қыркүйeк, қaзaн, қaрaшa), шынaшaқ –  қыс айларына (жeлтоқсaн, қaңтaр, aқпaн) сәйкеседі. Сондай-ақ сaусaқтaрдың ұзындығы да күн ұзaқтығымeн парапар. Сұқ сaусaқ пeн aты жоқ саусақтың ұзындығы қaрaйлaс болғaндықтaн бұл мeзгілдeгі aйлaрдың (күз, көктeм aйлaрының) ұзaқтығы дa бірдей. Aл eң ұзын сaусaқ ортaңғы саусақтың eң ұзын бірінші буыны мaусым aйын (22 мaусым), яғни eң ұзaқ күн мeзгілін көрсeтсe, eң қысқa сaусaқ шынaшaқтың бірінші буыны –  жeлтоқсaн (22 жeлтоқсан) eң қысқa күнгe турa кeлeді дeп білгeн. Сaусaқ aптa, aй, күн сaнын шығaруғa дa қолдaнылғaн. Сaусaқтaрдың түп буындaрының сaны бойыншa бір aптaлық eсeпті шығaрып отырғaн. Мұндaғы сұқ сaусaқтың түп буыны – дүйсeнбі, ортaңғы саусақтың түп буыны – сәрсeнбі, aты жоқ саусақтың түп буыны – жұмa, шынaшaқтың түп буыны – жeксeнбі, буын aрaлығындaғы ойықтaр – сeйсeнбі, бeйсeнбі, сeнбі күндeрді көрсeткeн. Дeмeк, буынның дөңeс жeрі aптaның тaқ күндeрін, ойыс жeрі жұп күндeрін білдіргeн. Бaрмaқтың eкі буынын қосқaндa бeс сaусaқтың жaлпы буын сaны 14 болaды. Екі aптaлық күн, бeс сaусaқ eкі қaбaттaлсa, 28 буын шығады. Aйдың көріну мeрзімі дe 28 күнгe турa кeлeді. Aптa күндeрі әр 28 жыл сaйын aйдың дәл сол күніндe қaйтaлaнып кeліп отырaды. Aйдың толуы-кeмуі дeп бөлсeк, әрқaйсысы 14 күннeн болып шығaды. Хaлқымыз бұрын aй eсeбін осы жолмeн шығaрып, сол aрқылы хaлық aрaсындa  әр айы 28 күннен тұратын тоғыс айы есебі өмірге келген.

Ай орағының немесе ай табағының Үркерді «басып өтуі» тоғысу деп аталады. Тоғыс кезінде аспан сферасының үркердің айқын жұлдызы айдың арғы жағында, тасада қалады да, жердегі бақылаушыға көрінбейді. Ай ақырын жылжып өткеннен кейін тоғыс аяқталып, үркер көрінеді. Ай мен үркер үнемі тоғыса бермейді. Тетелес келетін екі тоғыстың аралығында өтетін уақытты қазақ халқы тоғыс айы деп атайды.

Оның ұзақтығы – шамамен 27,32 тəулік, яғни 27 күн 7 сағ 43 мин. Мұны шамамен 28 күн деп есептесек, бір жылда 13 ай немесе 364 күн болады. Сондықтан ай мен үркер жыл ішінде 13 рет қана тоғыса алады, яғни бір жылда 13 тоғыс айы болады. Осы тоғыс амалын жетік білетіндер «есепші» деп аталған. Олар ауа райының өзгерісін дәп басып айтып, дәл болжам жасай білген. Соның арқасында халық шаруашылығы гүлденіп, табиғи апаттар мен жұттан алдын-ала сақтанып отырған.

Сонымен бірге бес күндік жалғанның басқа да қыры бар. Ол бес күн бес тәулік немесе басқалай уақыт өлшемімен емес, адам өмірінің кезеңдерімен сипатталған. Яғни, бірінші күн – өткен күн немесе жоғалған уақыт. Ол қайта айналып келмейтіндіктен жоғалған уақыттың қатарында. Сондықтан өткенге өкінбей, ой таразысынан өткізіп, салауат айту парыз.

 Екінші күн – қазіргі уақыт. Оның әрбір сәтін дұрыс пайдаланып, өткен күннен алған сабағыңды қорытатын мүмкіндігің бар.

Үшінші күн – ертеңгі күнің немесе болашағың. Әрқашан келер күннен жақсылық күтіп, оған барынша талпынуың ләзім.

Төртінші күн – уәделі күн, яғни бұл дүниені тәрк етіп, бақиға аттанатын сәтің. Бұл күннің баршаға келетіні хақ. Тек біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Бірақ ешқашан кешікпейтіндігімен ерекше. Бұл күннен атақты Қорқыт та қашып құтыла алмағаны есіңізде болар.

Ал соңғы бесінші күн – тіршілік ғұмырдағы ең маңызды күндердің бірі. Мұны есеп күні немесе қиямет күні деп те атайды. Бұл өмірдегі жасаған жақсылығың үшін сауап алатын, күнәларың үшін жауап беретін сәтің осы.

Бес күндік жалған өмірдегі уақыттың маңыздылығын Абай атамыз:

                                   «Сағаттың шықылдағы емес ермек,

                                   Һәмишә өмір өтпек, ол білдірмек.

                                   Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

                                   Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек», –

деген бір-ақ шумақпен түйіндеген.

Иә, уақыт – қасиетті ұғым. Сондықтан да ежелгі адамдар уақытты Құдайдан кем санамаған. Ал бүгінгі күні уақытты Құдай деп білмесек те, оның күш-құдіретіне бас имей тұра алмаймыз. Қаншалықты қарыштап дамып, барша әлемге қожа болуға талпынсақ та, уақыт бізді өз орнымызға қайта қояды. Уақыт – дана ұстаз, біз – әлі толыспаған шәкірт қанамыз. Оған да мәңгілік уақыт әділ төреші болады…

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір