КӨП ДІН – КӨП ҚҰДАЙ
16.10.2023
155
0

Әуелі бұл жазбамызды әлеуметтік желінің бетінде жариялап едік. «Желінің» жұрты – жеңілтек, желігіп отырады, жеңіл ойлайды. Олардың пайымдауынша, мен үндінің дарынды режиссері Раджкумар Хирани түсірген «Пи Кей» фильмі жайында, қарапайым көрермен деңгейінде ғана бірер сөз жазған сияқтымын.

Әйтсе де әуел бастағы әңгімеміздің «Пи Кей» ден басталғаны да, рас. Былай деп: Үндінің «PK» атты фильмін көгілдір экраннан көз алмай көре беруден жалықпайды екенмін. «Болливуд» арнасы жуырда «Пи Кейді» қайталап ұсынған. Аталған фильмнің барлық эпизодын жатқа білсем де, оны кезекті рет басынан аяғына дейін көріп шықтым.
Кинотуындының алғашқы оқиғасы «табақша – кемеден» Жерге табаны тиген маскүнемнің (Амир Хан) мойнына таққан тұмарын (басқару тетігін) қаңғыбас ұрының қағып кетуімен басталады. Қапелімде тұмарынан айырылған маскүнем туған мекенінен байланысын үзіп, айдалада қалады. Содан қойшы, «ырғағы ыңғайсыздау» биші көліктерден олжалап киім киіп, «абыройын жапқан» байғұс, қайырымды бір жанға жолығып, хинди тілін алты-ақ сағатта үйреніп алады (Пи Кейдің хиндиді қайдан, кімнен, қалай үйренгенін бұл арада тәппіштеп жазбай-ақ қоялық). 
Адамзат ортасынан табылған бетінде тілі хиндише шыққан маскүнем (делі сияқты көрінетін Пи Кейдің тегін тергеп түсінбеген орта оны осылай атайды) делбеңдеп, Нью Делиге тартады. Делиге тұмарын іздеп келген сорлы соңында Құдайды іздеп кетеді. Ал Құдайды іздеген бейшара қайда бармады, не көрмеді дейсіз? Шіркеу оны «күнәһарсың» деп кеудесінен итерді. Ғибадатханалар мен пұтханалар маскүнемнің «садақасын» сыпырып алып, сыртқа лақтырды. Мешіт маскүнемді маңына жолатпай, тырқыратып қуа жөнелді. Маскүнем Құдай жолында құлдық ұрып, қылышпен шабынды, жата қап жерге аунады. Құдай оған тіл қатпады. Сөйтіп жүріп, ол аңқау елдің аузын аңқитып қойып жалған уағыз соғатын Қасиетті әкеймен ұшырасып, ақыры екеуі «Соңғы сұрақ» теле-шоуында кездесіп, айтысады. Әрине, топтан тобыр жасап үйренген әккі Әкей «дін» деп, «Құдай біреу» деп, Пи Кейді көлденең сөз жүрмейтін догмалық дәлелдерімен ықтырып жібергендей көрінеді. Сол кезде маскүнем былай дейді:
– Құдай біреу емес, екеу. Бірі – сендер қолдан жасап алған Құдай. Екіншісі – бәрін жаратушы жалғыз Құдай. Нағыз Құдай – сол.
Осымен фильм жайындағы әңгімеміз тәмам.
«Құдай біреу емес, екеу», – деді, ә, маскүнем? Ал біз он сегіз мың ғаламның жалғыз иесі Жаппар Құдай осы күні екіден де еселеніп кеткен бе деп ойлаймыз. Өйткені ортамызда қанша дін болса, сонша Құдай бар ма деп қалдық. Неге десеңіз, әркім өзінің наным-сенімін, ұстанған дінін хақ санап, өзге діндегі қауымды дінсіз деп таниды. Дінсіз деп танып, өз дініне кіргізіп, Құдайдың бірлігін мойындатпақ. Ал, анау оған көне ме? «Дінім – хақ, Жаратушым – жалғыз» дейді. Қарап отырсақ, «кітап түскен» діндердің жамағаты әрқайсысы бір-бір Құдайды меншіктеп алып, Құдай атаулыны көбейтіп, көп Құдайлықты әспеттеп жүргенге ұқсайды. Бұдан басқа не дейсің енді? Әне, Құдыс пен Ысырайыл жұрты тағы да ғарасат майданына кірісті. Тегеранда жүзін жаппай хиджаб киген балауса бойжеткенді біреулер өлімші қылып сабаған. Құдай сақтасын, біздің дүмшелердің де түрі жаман: домбыраны харам деп дүрлігіп жүр. Осының бәрі Құдайға барар жолды бастайтын дін атаулыдан шығып жатқан әрекет пен сөз болса, онда бүгінгі адамзаттың көші кері бұрылған-ау шамасы. Ендеше, көп дін – көп Құдай. Осындайда хақ Тәңірін ғана таныған бабалар дәстүріне бас ұрғың-ақ келеді екен…

P.S. Фильмнің соңында Пи Кей сұлу Джагаттың қасында қалып қоймай, ғарышқа ұшып кетеді. Тегінде ол, дұрыс істеді…
Дәурен ҚУАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір