Құдай-ау, бар-жоғы отыз-ақ жыл, өмір сүрген болыппыз
17.12.2024
460
0

Қазақтар орыстарды үш ғасыр, орыстар қазақтарды төрт ғасыр билеп келеді. Кезінде қазақ даласын зар заман астан-кестенін шығарған. Зар заманның зарлы ақындары ол туралы зарлап берді ғой. Ол заманды қалай ұмытарсың, ол заман ұмытылмайды. Орыстан көрген қорлыққа өз ит­тігіміз де қосылғанын несін жасырамыз?..

Сондай да замандар өткен басымыздан. Не өтпеді дейсің, бұл Дешті-Қыпшақ даласында…
Қайран да, қайран киелі топырақ!..
ХХ ғасырда да қазақтың жаймашуақ, кең, еркін ғұмыр шеккен кезі болған емес. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары даламызды аштық жайлады. Сегіз миллион қазақтың төрт миллионы өлді. Қазақ даласының төсінде көмілмей қалған адамдардың сүйектері күндіз де, түнде де ағараңдап жатып алды. Ол сүйектерді ескі жолдардың жағалауынан әлі де көруге болады. Оған да тоқсан жыл өтіпті.
Отызыншы жылдары Совет Одағы қазақтарды түрмеге тыға бастады. Неге тығады?.. Олардың не жазығы бар?.. Ешкім білмейді. НКВД заманы. Сұрақ қоятын заман емес. Ауыз ашуға тыйым салынған заман. Құбылмалы заман. Тынымсыз заман. Сол тынымсыз заманда Творчестволық одақтар бой көтере бастады. Суретшілер одағы, Композиторлар одағы, Журналистер одағы, Киношылар одағы…
1932 жылы Жазушылар одағы бой көтерді. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі өт­ті.
Отызыншы жылдары Совет Одағында репрессия дәуірлеп тұрды. Совет түрмелерінде совет жазушыларын, журналистерін, тарихшыларын, философтарын ату, асу, ұзақ жылға қапада ұстау өрби өсіп жат­ты.
Қазақтың бас көтерген Асылдары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер отызыншы жылдары ату жазасына кесілді.
Қырқыншы жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Майдан даласында тағы да қазақтар қырылды. Қазақтар ғана емес, әрине.
Совет Одағында 1930–1950 жылдар аралығында репрессияға ұшыраған адамдардың саны қырық миллион екен. Солардың қырық пайызы – қазақтар. Аянышты зұлымдық. Бұл біздің «жазғыш» мінезімізден де бар болды – мен білем…
Мәскеу қаласында КСРО Жазушылар одағының қазақ әдебиеті бойынша жа­уапты хатшысы болып жиырма жыл жұмыс істедім. «Жазғыштар» Қазақстанда көп болды. Оны ұйымдастырушылар ұят, намыс дегендерді білмейтін дөрекі адамдар еді. Олардың бәрі қайтыс болды. Солардан хат­тар келгенде, менің намысым басыма шабатын. Ол хат­тар Брежнев пен КСРО Жазушылар одағының хатшысы Георгий Марковке жіберілетін. Жауап беру керек. Ол өмір «театр» еді ғой. Біз жауап береміз.
Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары Совет Одағында пролетариат жазушыларының ассоциациясын ашу қызу қолға алынды. Қазақстанда бұндай ассоциация 1925 жылы көтерілді. Он жыл өткен соң-ақ, бүкіл Одақта іріктелген жазушылар түрмеге тығылып, ату жазасына кесілді. Совет интеллигенциясын құрту жоспары нақты жолға қойылып болды.
Сонымен бірге, отызыншы жылдары Сталин Италиядан Максим Горькийді Мәскеуге алдырып, тірі қалған жазушылардың басын біріктірді. Максим Горький Мәскеуде әлем әдебиетінің асылдарының кітапханасын ашты. Совет Одағының оқырмандарына Батыс пен Шығыстың айтулы жазушыларының кітаптарын орыс тіліне аударып шығара бастады.
Алпысыншы жыл мен тоқсаныншы жылдар арасында әлемнің атақты жазушыларының туындылары толық шығарылып болды. Бұл Максим Горькийдің ерен ерлік еңбегі болатын. Франциядан Ромен Роллан, Максим Горькийдің шақыруымен Совет Одағына келді. Бір атақты фотосурет­те Ромен Роллан мен Максим Горький қатар тұр. Екеуінің де көзінде қалың мұң бар. Атақты жазушылар Совет Одағының Сталин бастаған диктаторлық басқаруының қайда бет қойғанын дәл танығандай. Максим Горький көп ұзамай о дүниеге ат­танды. Орыстың үлкен жазушысының неден өлгенін тану қиын болмаса керек.
Көп ұзамай Сталин де өлді. Он бір жылдан соң, Хрущев орнынан босады. Тағы жеті жыл өткен соң, ол ГенСек те дүниеден озды. Қандай тағдырлар, Құдай-ау!..
Леонид Брежнев Одақты басқарған кездері, ғылымда да, өнерде де, әдебиет­те де мықты еңбектер дүниеге келді. Отан соғысы туралы шындық жазыла бастады. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қиямет-қайым сұрапыл трагедиялар туралы романдар, кинофильмдер дүниеге келді. Республикаларда әдебиет пен өнер биік деңгейге көтерілді. Шындық шырқыраған романдар дүниені жаулады. Жұрт бәрін тастап, сол романдарды жылап жатып оқуға кіріскенін көзімізбен көрдік.
Екі мыңыншы жылдан екі мың жиырма бесінші жылға дейін рухани құлдырау басталды. Диктатура билік алды. Ар мен ұят о дүниеге кет­ті. Ақыл мен сана емес, ақша үстемдік орнат­ты. Надандық бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді. Биліктің ұзын құрығы жан баласын тырп еткізбей тұралатып тас-талқанын шығарды.
Енді бізге не істемек керек?!. Бүгін бұл сұрақ өлім мен өмірдің арасындағы басты сұрақ болып көтеріліп тұрғаны шындық.
Жазушылардың қолында билік те жоқ, ақша да жоқ. Мен білсем, екі жылда бір берілетін Мемлекет­тік сыйлық та Жазушылар одағынының иелігінде емес, үлкен биліктің қолында. Соған қарамастан, жазушылар бірін-бірі таптап, сыйлыққа таласады. Бұл – қырғын текетірес! Ар да ұмыт болады. Ұят та ұмыт болады. Намыс та ұмыт болады. Бұл он тоғызыншы ғасырда болыстыққа таласқан мешкей байлардың күйін еске салады. Ұят­тан жылап жатасың. Бірақ жазушылар да, билік басындағылар да ұялмайды. Заман осы. Ой осы. Тіршілік нәрі де осы. Ар-ұят баяғыда бұл өмірге ренжіп өліп қалған. Ессіз ортаға не айта аласың? Түк айта алмайсың. Ессіз орта, арлы ортаны баяғыда келмеске жіберген.
Бүгінгі қазақ ортасы уланған.
Сонда не істеу керек?..
Есті, қайда, қашан жинамақпыз, Құдай-ау?!.
Жауап таба алмай шыр көбелек айналасың-ай келіп… Күн өтеді-ау, түн өтпей жаныңды шығарады.
Қайран заман, қайран тіршілік, қайран өліп-өшкен жалған үміт…

Шығармашылық одақтардың ортасындағы бірегейі – Жазушылар одағы. Совет кезінде де солай болған. Бүгін де сол.
Жазушылар одағы тірі. Алматының қақ ортасында орналасқан. Сәулет­ті, үш қабат­ты ерекше тұрған кесек ғимарат. Ой бөлісуге ыңғайлы орын.
Осы арадан үлкен де өтеді, кіші де өтеді.
Жазушы да, композитор да, суретші де, философ та, тарихшы да өтеді.
Бас жиып, ой жарыстырып, келісті ниетке бекініп, адасып тұрған халқымызға жол қарастырмаймыз ба, Құдай-ау!..
Елімізде келелі, терең, ойлары бар қазақ жастары жетерлік мен білсем. Олардың алдында білімді жігіт­тер де бар. Аз емес, көп.
Ертеде, Мәдениет министрі Ілияс Омаров деген білімді, ойшыл, адал, әділ адам болған. Мен ол кісімен Мәскеудің «Мәскеу» қонақүйінде кездескенім есіме түседі. Ол кезде Ілекең зейнеткерлікке шыққан еді. «Алматының жас балеті», «Гүлдер», «Дос-Мұқасандар» Ілекеңнің кезінде өмірге келген. Соларға сахна бергізген Ілекең болатын.
Әуезов, Мүсірепов туралы терең мақалалар жазған да Ілекең болатын. Қазақ мәдениетінің көркейіп, өсіп-өнуіне қолдау жасаған да Ілекең еді.
Мен жас жазушы едім, Ілекең маэстро еді ғой.
– Сен мені тым көтеріп тастадың, інім. Мен кәдімгі оқушы, талғампаз, өнертанушы ғанамын. Мұқаңдар, Қанекеңдер тағы бір он жыл өмір сүргенде талай белестерді алар едік қой. Қазақта жалғыздың шаңы шықпас деген өрелі сөз бар. Менің қолымнан келгені аз болды. Жаңа, мен атаған ұлы ағалар тірі болғанда, қазақ өнерін аспандатуға әбден болар еді. Әт­тең, олар дүниеден ерте кет­ті. Бойда бар қасиет­терімен бөлісе алмай қалды. Мұқаңды, Қанекеңдерді тыңдау керемет еді ғой, шіркін!.. Олар тереңдер болатын. Қазақы өмірден тәрбие алған, Мәскеу мен Ленинградтың дүлдүл ғалымдарынан сусындаған қасиет­тілер солар ғой. Біз – беріден қосылған жалғыздармыз, – деп айтқан сөздері әлі есімде.
Мен білетін Ғабит Мүсірепов те, қазақ өнерінің қат-қабат тірлігінен небір тосын ойлар айтатын. Қас мергендей нысананы дәл табатын. Ерекше асыл адам еді.
Бүгін Жазушылар одағы бас болып қазақ өнерінің, тарихының, философиясының, киносының, жазушыларының білгірлерін жинап, үлкен ордалы орта құру керек-ақ! Сол орта бүгінгі қазақ халқының болашағына керек кесек-кесек проблемаларды көтергені жөн. Ақыл мен білім ел ортасында. Бұл ортаға ақсақалдардан жас жігіт­терге дейін салмақтап жинау керек.
Орыстар қазақ халқының тарихы туралы жазылған жазбаларды, мағлұмат­тарды, жобаларды, ашық, құпия документ­терді, кітаптарды ғасырлар бойы қойнында тығып отыр. Қазаққа қатысты тарихты қазаққа қайтаруды осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіздіктің таңында тегеуірінді талап ету керек еді. Совет кезінде де шешетін ең құңды, ең жанды дүниеміз қазақтың тарихы еді ғой.
Енді, бүгін, орыстың көзімен, соның түзеуімен қазақ тарихын жасау керек дейді. Қазақтың тарихын қазақтар жазу керек. Оған орыстың миы да, көзі де, қаламы да керек емес. Орыс, қазақ даласында атом электростанциясын сала алады, ал тума тарихын орыстан қайырып ала алмайды.
Сұмдық! Жын-ойнақ театры! Орыстың ит­тігі. Қазақтың табансыздығы. Өз тарихы болмаған халық, халық бола ала ма? Өз тарихын өзі үлгі етпеген ел, ел бола ала ма?.. Қазақтар, есімізді жиып, ерлігімізді еске алып, адамша өмір сүрмейміз бе?!. Қазақ – талант­ты халық. Сол халықтың қаймақтары бас қоссын.
Құр сөзден, бетпақ реніштен іске көшкен жөн болар деген ойдамын. Сол ордалы орта, Қазақстан Жазушылар одағының журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетін пайдалансын. Ордалы орта үшін емес, қазақ елі үшін қажет. Ордалы орта биліктің ығы емес, өз ойы, өз мақсаты бар, Қазақ елінің творчестволық қамалы болып табылсын. Бұл – халық үшін де, билік үшін де ауадай қажет ұмтылыс. Шын ықыласпен, арлы жүрекпен, таза пиғылмен бас қоссақ, не істеуді білеміз ғой. Расында оны уақыт көрсетеді. Қазақтың ниеті танытады. Сонда өзге елдермен тереземіз тең тұрады.
Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толыпты. Ал Совет Одағы жиырмасыншы ғасырда, отыз-ақ жыл адам құсап еркіндеу, еркелеу ғұмыр кешкен болыпты.
Таңғаласыз. Қалған алпыс жыл атыс пен ұрыстың күйбең тіресінде берекесіз өтіп-ақ кетіпті. Аянышты ғұмыр-ай десейші!..
Бүгінгі қазақтың үйінен кітап көрмейсіз. Қітапқа тесілген адамды соңғы жылдары мен де көрмедім. Қазақтың билігінде жүргендерге кітап керегі жоқ. Олар оны бала кездерінде де ұнатпаған. Бүгін олар кітап жинамайды, театрға бармайды. Экшн көреді. Ақша жинайды. Ақша тән үшін. Кітап жан үшін.
Бүгінгілердің жаны – суы тартылған құдық. Сол құдықтың көзін ашпай, адам – адам бола алмайды. Бүгінгілердің көзінде төрт әріп жанып тұрады. Ақша. Сол көздерге де отыз жыл болды. Ақшаны таниды. Байларды пір тұтады. Кітапты танымайды. Қазақтың бүгінгі тіршілік аясы осы ғана. Аянышты тірлік шіркін, өтіп, өшіп, кетіп жатыр. Қайран ғұмыр-ай десеңші…
Бірақ бас қосуға әлі де кеш емес, ағайын. Алла Тағала, таза ниетімізге, алғыр көңілімізге, арман аялаған жанымызға береке берсін! Алла Тағала жұмыр жерді жайлаған адамдарға ес берсін! Талап берсін! Алла Тағала қазақтың ес-ақылына, асқақ жанына, берік танымына, көкке көтеруге барын салған қазақ өнерінің жалынды рухына, күш-қуат, өлмес қасиет берсін!
Бұл қазақ жазарларының соңғы жорығы болмасын. Өлмес, өшпес қиямет ерлігі болып ел есінде қалсын. Елі – жазарлары үшін, жазарлары – елі үшін жан беріссін. Сонда ғана біз – ұлт болып ұйымақпыз. Халық болып тік тұрмақпыз! Отан болып от кешпекпіз. Бізде одан өзге арман да жоқ, амал да жоқ, жол да жоқ.
Бұл – ұлт болуға ұмтылған қазақтың киелі айқасы. Бәлкім, соңғы айқасы! Барымызды бүгін аялап, ардақтап, қадірлеп, құрмет­теп бағайық, Қазақ елі.
Кейін кеш болады.

 

 

Роллан Сейсенбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір