НАҒЫЗ ҚАЗАҚ
Қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов аз ғана ғұмырында этнография, география, тарих пен фольклорлық зерттеулермен қатар, суретшілік өнерімен, картографиямен айналысып, аса құнды академиялық еңбектер жазып, артына мол ғылыми мұра қалдырған тұлға. Шоқанның еңбектері ХІХ ғасырдың әр жылдарында Ресейдің ғылыми журналдары мен жинақтарында, 1862 жылы Германияда, 1865 жылы Англияда жарық көрген. Оның өмірі мен артында қалдырған бағалы еңбектері соңғы кезге дейін зерттелуде. Шоқанның ғылыми еңбектері мен қолжазбалары жинақталып, Қазақ Ғылым академиясының қолдауымен 1961 жылдан бастап бес томдық кітап ретінде жарыққа шықты. Қазақ тіліне тек 1985 жылы ғана жекелеген томы аударылды. Мұның өзі ғалымның туғанына 150 жыл толуына орай жасалынды. Ұлы ғалымның өмірі мен еңбектерін зерттеп, жинауға ұлы этнограф-ғалымы Әлкей Марғұлан көп еңбек сіңірді.
Шоқан – өте күрделі тұлға. Бізде оның көптеген еңбегінің түпнұсқасы жоқ, тек көшірмесі бар. Шоқанға қатысты деректердің дені Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск сияқты қалаларындағы мұрағат қорларында жатыр. Ол құжаттардың кейбірі әлі күнге зерттеушілердің қолына берілмейтін құпия белгіде. Елімізде Шоқанды тану Кеңес заманында, яғни 1960 жылдардан кейін ғана барып қолға алынды. Шоқанның әлі толық зерттелмей жатқан қырларының бірі – картография саласы мен бейнелеу өнеріне, тұлғатануға қосқан үлесі. Сонымен қатар, Шоқан Омбыда Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордтың адьютанты болған кезінде, Шоқан немерелес туысы Кенесарының күресіне қатысты құжаттарды қарап жинауы, сот реформасын дайындауға қатысып, оның негізін далалық заңдар аясында баса назар аударуды талап етіп, кейіннен сол комиссия құрамынан шығып кетуінің өзі отаршылдық саясатқа қарсы ішкі наразылығын күшейткен секілді. 1847 жылы Омбыға жеткізілген Кенесарының бас сүйегін осы кеңседе 1851-1853 жылдары қызмет етіп жүрген кезінде Шоқан көргені анық. Мүмкін шындыққа оның қолжазбаларын толық қарастыру мүмкіндігіне ие болғанда ғана қол жеткізерміз. Сондықтан Шоқанды толық зерттеу арқылы тарихымыздағы Кенесарының бас сүйегіне қатысты мәселені де анықтауға болады.
Ғылымда Шоқанның кіндік қаны тамған жері, өмірінің кейбір тұстары және қайтыс болу себебі әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Шоқанды «шоқынған» деушілер оның Ресейге қызмет еткенін, барлаушылық жұмыста болғанын алға тартады. Бірақ бәрібір ол ең бірінші к езекке ұлтының мүддесін жоғары қойған. Шоқан туралы Потаниннің: «Бұл Шоқанға мен таңғаламын. Петербургке барса, тап-таза еуропалық, ал мұнда келсе, тап-таза Шығыс адамы, нағыз қазақ болып шыға келеді», – деп жазғаны бар.
Шоқанның Черняев отряды сапында Әулиеата жорығына қатысуы, Әулиеата қаласындағы Черняевтың озбырлығынан кейін, одан кетуі де толық зерттеуді қажет етеді. Шоқан әскери адам ретінде ант қабылдады. Әскери адам ретінде бұл әрекеті үшін жазалануы керек болатын. Сонымен қатар, күдік тудыратын көп деректердің қатарында Шоқанның қазасы да тұр. Осы уақытқа дейін ол Тезек төре ауылында көкірек ауруынан қайтыс болды деп келдік. Қытайтанушы ғалым К.Ш.Хафизова: «Қытай деректерінде 1868 жылы Шоқанның есімі аталады. Яғни Шоқан 1865 жылы қайтыс болды деген күмән тудырады. Шоқан екінші мәрте барлау қызметіне жіберілуі мүмкін», – деген болжамды алға тартады. Ал «Наука и религия» журналының 1979 жылғы 4 нөмірінде жарияланған Л.Чезганов дегеннің «Камень Чокана» деген мақаласында Шоқанның офицерлік мундирімен жерленгені айтылған…
Шоқан өліміне қатысты да нақтылы құжаттық деректердің болмауы мәселені күрделендіре түседі. Шоқан туралы еңбек жариялаған бұрынғы ҰҚК-нің қызметкері Б.К.Қыстаубаев «Тайны Чокана» атты еңбегінде де осы мәселеге баса назар аударып, құпияның ашылуын шоқантанушылардың зерттеуіне қалдырады.
Рашид Оразов,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері.