Әлем әдебиеті. Алып ақындар. Павел Васильев
11.06.2020
3307
0

«В степях немятый снег дымится,
Но мне в метелях не пропасть, ~
Одену руку в рукавицу
Горячую, как волчья пасть…»
Павел Васильев

«Түтіндетіп тапталмаған түзді қар,
Борандарда құрымастай қамдандым, –
Қолғабыма сұқсам қолды қыздырар
Аптап еді, ауызындай арланның!»
(аударған Алаштуған)

«…Оның келуімен поэзияның «роман­тика­лық кезеңі» түгесіліп, «батырлық кезеңі» бас­тал­ды!» Бұл даңқты жерлесіміз жайлы орыстың тағдырлы да талантты ақыны Н.Клычковтың пікірі екен. Иә, әлем мойындаған майталман, арыны бөлек арда ақын Павел Васильев Қазақ Даласының тумасы! Ол 1910 жылы қаңтар айы­ның бесінде Зайсанда дүниеге келіпті. Әкесі – Николай Корнилович Васильев, Семейдегі мұғалімдер семинариясының түлегі. XVI ғасыр­дан-ақ Обь пен Ертісті жағалай көшкен «ушкуйниктердің» ұрпағы Қазақ жерінде тұрақтап, түпкілікті елдің талай тарланымен тамырласқан казактардың төртінші буыны болатын. Анасы – Глафира Матвеевна Васильева (Ржанникова), Павлодардағы прогимназияны тәмамдаған. Пермь губерниясынан шыққан шаруаның қызы еді. 1906 жылы ата-анасы Зайсанға көшіп келіп, әкесі жергілікті мектепке мұғалім болып орналасады. Алғашқы екі перзенті жастай шетінеп, кішкентай Павелдың өміріне алаңдаған әке 1911 жылы Павлодарға тұрақтайды. Онымен тынбай, 1913 жылы Сандықтауға, 1914 жылы АтБасарға, 1916 жылы Қызылжарға, 1919 жылы Омбыға көшу­мен болады. Арасында Семейде де тұрған. Мазасыз мезгілде бұл әулеттен де күй кеткен еді. Омбыдан Колчак қолына қабылданған Ни­ко­лай Корнилович, 1920 жылы бала-шаға­сын шұғыл түрде Павлодарға қайтарады. Сол жерден жеті жылдық мектепті бітірген Павел, Ертісті бойлай Зайсанға баратын кемеде жүзу курстарын да түгескен. 1921 жылы Үлкен Нарында қонақтап, «Алтай» атты тұңғыш өлеңін жазыпты. 1926 жылы Владивостокқа аттанып, Қиыр Шығыс Университетіне қабылданады. Рюрик Ивневтің поэтикалық тобында жүрген шағында ел алдына шығып, 16 жасында ақын ретінде таныла бастаған. 1926 жылы (06.11) «Кра­сный молодняк» газетінде өлеңдері ең ал­ғаш жарияланған екен. Хабаровск, Новосибирск, Омбыға тоқтап, әдеби кештер өткізіп, өлеңдерін баспасөзде жариялай жүріп, 1927 жылдың шілдесінде Мәскеуге де жетеді.
Бүкілресейлік Жазушылар одағының қол­дауымен Өнер Рабфагының әдебиет бөліміне оқуға түскенімен, әлдебір себептермен бітіре алмаған. 1928 жылы Омбыдағы ата-анасына қайтады. Сол жылы тамызда Н.Титов екеуі Сі­бір мен Қиыр Шығысты түгел кезіп, құрылыс­шы да, аңшы да, теңізші де, өнер кештерінің ұйымдастырушысы да болады. Арасында алтын іздеп те үлгереді. Өзінің «Алтын барлауда» (1930ж.), «Тайгадағы адамдар» (1931ж.) очерктер кітаптарында сол кезеңде бастан кешкендерін баяндайды. Н.Титов екеуі «Павел Китаев», «Николай Ханов» деген жасырын аттармен жиі басылып тұрған. Кейбір туындылардың кімдікі екендігінің даулы болатындығы да осыдан.
Алтын кеніштерінен мол ақшамен оралған екеуі ақшаны оңды-солды шашып,серілік те құрады, айыптауға да ұрынады. Хабаровск газеттері бұлардың «ерліктерін» жаппай жария қылып, П.Васильев Владивостокқа кетіп, «Красное знамяға» тілші болады. 1930-1932 жылдар аралығында өлеңдері «Известия», «Литературная газета» бастаған Одақтың бар баспасөзінде жарияланған (тіпті, әйелдер журналына да). 1934 жылы М.Горькийдің «Әдебиет­тегі әуестіктер» мақаласы жарық көріп, Б.Пастернак, С.Есениндер секілді П.Васильев те қудалауға ілікті. Қызыл жүйенің қанды шеңгелі турамай тынсын ба?! Алдымен Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылды, ізінше ішкіш, бұзақы, антисемит, байлар мен ақтардың жақтасы ретінде, «асқан басбұзарлық» бабы бойынша сотталды (1935ж.). Рязань түрме­сінен 1936 жылдың сәуірінде босап шықты…

«Неужель правители не знают,
Принимая гордость за вражду,
Что пенькой поэта пеленают,
Руки ему крутят на беду?!

Неужель им вовсе нету дела,
Что давно уж выцвели слова,
Воронью на радость потускнела,
Песни золотая булава!

Песнь моя!Ты кровью покормила
Всех врагов.В присутствии твоём
Принимаю званье громилы,
Если рокот гуслей – это гром!»

Ақынның жан айқайы қазақша былай болды:

«Билеушілер парасаты кем күн бе,
Жаулық көріп өрлігін де түсінбей,
Ақындарды құндақтайды кендірге,
Қолын бұрап бұл бір сордың ісіндей?!

Мүлде ісі жоқ… көрмейді екен ар тіпті,
Әлдеқашан сөз қадірлі емес-ті,
Қарғаларды қарық қылып, тартыпты
Жырдың алтын күрзісі де көмескі!

Жырым менің! Қанға қанды шетінен
Барша жауым.Өзің барда бұл күні
Қабылдаймын сойқан атын,жетіген
Желдірмесі болса – күннің күркірі!»
(аударған Алаштуған)

Екінші рет ұсталғанда ақын Л.Черно­морцев, Е.Забелин, Н.Анов, С.Марков, Л.Мар­ты­новтармен бірге «Сібір бригадасы ісі» бойынша тұтқындалып, Солтүстік Мұзды мұхитқа үш жылға айдауға кесіліп, кейін шартты жазаға алмастырылған екен. 1936 жылы КСРО-ның бүкіл кинотеатрларында көрсетілген «Партия билеті» фильмінің жағымсыз кейіпкері П.Ва­сильев бейнесінен алыныпты.Осылай «шпи­он»,»халық жауы» атанған ақын 1937 жылы ақпанда қайта тұтқындалып,шілденің он бесінде КСРО Жоғарғы сотының Әскери Коллегиясы «Сталинге қастандық жасауды ұйым­дастырған террористік ұйым мүшесі» ретінде ату жазасына кесіп,ертеңіне(16.07.1937ж.) Лефор­товоның қан сасыған дәлізінде үкім орындалды… Ол бар-жоғы жиырма жеті жаста еді! «Қажетсіз мәйіттер» қатарында Дон монас­ты­рының жаңа қорымында ортақ қабірге жерлен­ген. Кунцево қорымындағы әйелінің бейі­ті­нің тұсында кенотаф орнатылған (адамның мүрдесі жерленбеген жерге қойыла­тын ескерткіш). Өзі де лагердің тозағын түгел көрген ақынның жесірі Е.А.Вялова-Васильева (1909-1990) С.Залыгин мен И.Гронскийдің арқасында 1956 жылы П.Васильевтің ақталуына қол жеткізіп, 1957 жылы ақын ажалынан соң жиырма жыл өткенде жаңа жинағын бастырып шығарды! Елена Александровна мен ақынның бажасы Иван Гронский бар өмірлерін П.Васильевтің ақталуына,туындыларының жарық көруіне арнаған екен.
Кеңестік жүйенің қаһарынан қорықпастан ақындар П.Вячеславов, С.Поделков, Г.Санниковтар ақын шығармаларын сақтап қалыпты. Жақын досы Н.Клюев болса, қуғынды көп көр­ген А.Ахматова, С.Клычков, С.Есенин, П.Васильевтерді қорғап, «Өнердегі өсекшілер­ге» өлеңінде талай «классиктерді» әшкерелеген. А.Гладков былай дейді: «С.Есенин ұйымдас­тыр­ған бір әдеби кеште Б. Пастернак өз өлең­дерін П.Васильевтен кейін оқуы керек еді. П.Васильев «Натальяға» (Кончаловскаяға-авт.) арнауын оқып, одан қатты әсер алған Борис Пастернак өлең оқудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның айтуынша, анандай қуатты әрі көркем туындыдан кейін өлең оқу – ессіздің ермегі… «Д.Бедный, И.Северянин, В.Брюсов сынды алыптар ақын шығармашылығына аса жоғары баға берген. Екі ұлттың дәстүрін, болмысы мен бояуын тең сіңірген ақын ешкімге ұқсамайтын феномен болды. Батыс пен Шығыс мәдениеттерін, Славян мен Түркі өркениеттерін байланыстыра алған Алтайдың алтын көпірі еді ол! Вольфганг Казак: «Васильев поэзиясы бөлек бейнелі қуатқа толы. Ертегілер әлемі казак­тар өмірінің тарихи суреттерімен, төң­ке­рісшіл заманымызбен астасып жатады. Күшті тұлғалар, қуатты аңдар, қатыгез оқиғалар және сан түсті дала дидары – мұның баршасы оның өлеңдерінде араласып, біте қайнасып, мінезді де қағылез сахналарға ауыспалы ретімен ұласа алады», – дейді. «Кулаки» ақынның ең негізгі поэмаларының бірі болса, кеңестік кезеңдегі ауыл өмірінің ауыр күйі, жүйенің жауыздығы, әділетсіздік туындының тұғырына айналған… Тұтастай трагедия!

«Замолкни и вслушайся в топот табунный,
По стёртым дорогам, по травам сырым,
В разорванных шкурах, бездомные гунны
Степной саранчой пролетали на Рим!..
Тяжелое солнце в огне и туманах,
Поднявшийся ветер упрям и суров.
Полыни горьки, как тоска полонянок,
Как песня аулов, как крик беркутов!»
(«Қазақия», кеңестік кезеңде
«Киргизия» аталған)

Қазақша нұсқасы:

«Тыным тап та… Тыңда! Сонау түмен табын дүбірі – Сүргін сүрлеу жолдарменен, таңғы шөптің шығында,
Тозғын тері тон жамылып, көшіп-қонған ғұн ұлы
Түздің обыр жәндігіндей ұмтылған-ды
Ұрымға!..
Күні де ауыр от шарпыған, тұман тұтқан, ызғарлы
Көтерілген желі қыңыр, қаталдығы дүр тіпті.
Жусаны ащы құсасындай тұтқындағы қыздардың,
Ауылдардың зарлы әніндей, саңқылындай бүркіттің!»
(аударған Алаштуған)

Міне Дала баласының рухы мен мінезі! Иісі Түркі өркениетінің түп-тамыры мен болмысы да осында. Ешқашан НКВД мен партияның нұсқауымен жырламайтынын ашық айтқан ақын қазақ аңыздарын, ертегілер мен жырларды өз өлеңдеріне сіңіріп жіберіп (еркін аударма секілді), миллиондаған орыстілді оқырманға жаңа бір әлемді… Қазақ руханиятын, Дала дүниетанымын көрсетті! «…Горький ветер трясёт полынь,
И в полоне Долонь у дынь,
И баранов пышны отары
Поворачивают к Атбасару.
Над степями плывут орлы
От Тобола до Каркаралы.»
(«Қоянды жәрмеңкесі», 1930 ж., мұндағы Долонь/Долан/ Шығыс Қазақстандағы станица атауы)

«…Ащы жел сілкіп, жусанға туды ауыр күн,
Долан да қалды тұтқыны болып қауынның,
Отарлар – көркем, көркіне көздер сүрініп,
Атбасар жаққа қой легі жатыр бұрылып.
Дала көгінде қырандар қалқып, арындар,
Тобылдан ұшса Қарқаралыда дамылдар.»
(аударған Алаштуған)

Осы поэмасындағы мазмұн да, келісті кейіп­теу мен мың құбылған метафоралардың ойыны да қалыпты қазақ жырының үлгісінде екені даусыз. Оның өз ауызынан талай мәрте айтылған: «Мен орыстілді қазақ ақынымын», – деген сөздерін жесірі де, біршама замандастары да растаған. Ақын поэтикалық экспериментке де барған. Мәселен, «Казак әскерінің қырғыны» поэмасында ешбір көркемдік кестеге сүйенбестен, тек дауыс – екпін әдісімен, бала күнінен естіп өскен әндердің бояуын, үндесті­гін пайдалана отырып, Ертіс бойында қыры­лып қалған атаман Б.Анненковтың жасағын сурет­теген. Бұл ақынның жалғыз осындай туын­­дысы. «Христолюбов шыты» – авто­биографиялық поэма болса, «Тұз дауы» поэмасы көзі тірісінде дербес жинақ болып шыққан бір ғана кітабы болды. «Жаз»,» Бір түн», «Та­мыз»,»Күйеу жігіттер», «Ғұндар» (аяқталмаған), «Патриоттық поэма» (аяқталмаған) сияқты көлемді көркем туындыларымен қатар, «Азиат», «Серке жайлы жыр», «Жолдас Жорабай», «Глафира», «Музаға», «Өкпе», «Түйені көріксіз демегін», «Жүрек», «Үштік», «Дала жыры», «Лагерь» атты ең қуатты өлеңдерін бөлек талдаса да жарасар еді. Әр жылдарда ақынның «Өлеңдер мен поэмалар» («Ақын кітапханасы» сериясы, Ленинград, «Кеңес жазушысы», 1968ж., 25000 дана), «Өлеңдер» («Үлкен Кеңес поэзиясы» сериясы, «Көркем әдебиет», 1875ж., 50000д.),» Таңдамалы» (1988ж., 50000д.), «Естімеген бақытқа да сенемін» (1988ж., 40000д.), «Өлеңдер мен поэмалар» (1989ж., 50000д.), «Көктемдер оралады» («Правда»,1991ж., 100000д.) атты жыр жинақтары жарық көрді (бертінде «Эллис Лак» баспасынан екі қайтара аз таралыммен шыққан жинақтарын айтпағанда). Оның шығармалары әлемнің ондаған тілдеріне аударылса да, жыр­ларының қазақы қалың да қанық бояуын айт­пай-ақ, жасырын атының өзі «Бешпент» болған шайырдың шығармаларының ана тілімізде жарық көрмеуі өкінішті, әрине.

«… Я вглядываюсь в мир без страха,
Недаром в нём растут цветы.
Готовое пойти на плаху,
О кости чёрствые с размаху,
Бьёт сердце~пленник темноты.»
(«Жүрек»)

Қазақша:
«…Үрейсіз үңілдім әлемге, тым асқақ,
Гүл өссе құт тұнып, бір ғажап ұқтырып.
Жендеттің алдында өрлігін растап,
Қансыған қап-қатты сүйекке құлаштап,
Лақтырды жүректі түнектің тұтқыны.»
(аударған Алаштуған)

Жоғарыда атап өткен «Жүрек» атты өлеңі­нін бір шумағына ғана қанша өрлік, қанша қуат, қанша шер сыйғанын байқасаңыз, ақын­ның адам баласында сирек кездесетін қасиет иесі екендігін де бағамдағаныңыз. Ол – ішкі күй мен дүниенің үйлесімін таба алатын, таби­ғат пен адам болмысының үндестігін кестелей білетін кемеңгер…
«…Чтобы Иртыш, меж рек иных скиталец,
Смыл тяжкий груз накопленной вины,
Чтоб вместо слёз на лицах оставались
Лишь яростные брызги от волны!»
(«Ертіс»)

Қазақша:
«…Ертіс – кезбе бар өзеннен түздегі,
Шайып өтсе сан кінәнің салмағын,
Көрсек кейін… жас орынына жүздегі
Толқын атқан асау тамшы қалғанын!»
(аударған Алаштуған)

Енді Ертісті сүймей көріңіз… Мүмкін емес! Шабыты асқақ шайыр ғой, сүйдіреді, сүйсін­діреді. Ол керемет қабілетіне өзгелерді тәнті етеді. Кейінгі буындарды айтпағанда, замандастары, қатарлас ақындардың өзі оған елік­те­генін аңғару қиындық тудырмайды. С.Поделков, В.Фёдоров, Б.Ручьёв сынды танымал ақындар П.Васильевтен үлгі алғанынын еш жасырмайды да. Цыбиннің «Туған дала» поэмасынан, Прокофьевтің «Ресей жайлы жыр» толғауынан П.Васильевтің сарыны анық танылады.Ақынның халықтық тұлғасы, Даладан тамыр үзбеген үні ондаған ақындарға орасан зор ықпал еткені анық. Бұл жайында Д.Ковалёв бірнеше мақала да жазды. П.Выходцев, С.Черных, Г.Тюрин, В.Казак, С.Поделков сынды қаламгерлер мен ғалымдардың Васильев туралы жазған зерттеулері мен естеліктерінен дараланып тұрар екі еңбек бар. Е.Евтушенконың «Орыс поэзиясының он ғасыры» һәм А.Фомин­нің «Васильевтанудың қысқаша тарихы» атты көлемді дүниелері ақынның ғұмырын, тағ­ды­рын, шығармашылығын үлкен сүйіс­пеншілік­пен суреттей алған екен. Украиндық әде­биеттанушы Елена Бураго болса, ақыннан арнайы курстарды көп жылдар бойы жүргізіпті.
Жерлесіміз К.Рахымжановтың «Ақын П.Васильевтің негізгі өмірлік университеттері жайлы» зерттеуі мақтауға әбден лайық… Ақынға И.Шухов, В.Лебедев, Н.Трегубовтар поэмаларын арнаса, А.Алдан-Семёнов, А.Поперечный, Я.Смеляковтар жырдан ескерткіш орнатқан екен. Варлам Шаламовтың «Воспоминания о П.Васильеве», Валентин Сорокиннің» Дело N11254» повестері оқырман­ды бейжай қалдырмасы хақ.Ақынның сөз­де­ріне жазылған керемет композитор А.Градс­кий­дің романстары тыңдаған жанның жанын жадыратады. О.Григорьева, Л.Кашина, С.Гранская сынды зерттеушілермен қатар, Павлодардағы П.Васильев мұражай-үйінің қызметкері Баян Әлкебаеваның «Бір Отанның қос перзенті» мақаласы өте үлкен жауап­кер­шілікпен жазылған құнды зерттеу. Мағжан мен П.Васильевті қатар өрбітіп, тағдырластығын, рухтастығын, ақындық қуаттарын салыстыра талдау жасаған екен. Жарларының тартқан тауқыметтерін, П.Васильевтің туған інісі Вик­тор­дың азапты ғұмырын да осы мақаладан тануға болады.
Қазақстан мен Ресейде ақын атында сан көше, мектептер бар, ескерткіштер де қойылған. Павлодардағы ескерткіш авторы Қажыбек Баймолдинге алғысымыз зор!
Баян Әлкебаеваның мақаласында мынадай тұсы әсерлі шығыпты: «…П.Васильев пен Мағжан Жұмабаев тағдырларының мысалынан ұлы талант һәм махаббаттың ұмытылуы мүмкін еместігіне, тұтқындау барысында тәркіленген өлеңдердің халық жадысында ондаған жылдар бойы сақталатындығына тағы да көз жеткізе түсеміз!» Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір