ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ. АЛПАУЫТ АҚЫНДАР
08.06.2020
1000
0

«…О скажи, почему я ничем не владею –

Лишь двойным ожерельем слёз!

Видишь слезы, рожденные песней твоею?

Это все, что тебе я принес.»

Сурьякант Трипатхи Нирала

«…Қосар моншақ құйылған қос жанардан –

Бар байлығым, түптен түгім болмаған!

Жасымды көр, сендік әннен жаралған…

Өзіңе де бар берерім сол ғана.»

(аударған Е.Алаштуған)

 Үндістанның сайыпқыран ақыны Сурьякант Трипатхи Нирала (21.02.1896-15.10.1961жж.) Маданипурда (Батыс Бенгалия) дүниеге келген. Әкесі Рамсахайя Трипатхи қаржылық қиындыққа ұшырап, Ауд кнәздігінде ауқатты жер иесі болғандығына қарамастан, Бенгалияға қоныс аударуға мәжбүр болған. Раджаның сарайында көзі ашық, сауатты азаматты қуана қарсы алады. Ақын Нирала да сол кезеңде жарық дүние есігін ашқан. Үш жасында анасынан айырылған өренді әкесі мектепке беріп, бастауыш білімді бенгал тілінде алады да, негізгі тілі сол болады. Алғыр шәкірт санскрит, хинди, ағылшын тілдерін қатар меңгеріп, философия, көне үнді музыкасы мен әдебиетін терең игереді. Әке қарсылығына қарамай, тоғызыншы сыныптан соң мектепті тастап, өз бетімен өнер мен әдебиетті, дін мен фәлсафаны зерттеуге кіріседі. Атамекені Аудқа жиі қатынап, авадхи диалектісін игеріп, жыраулардан үнді ауыз әдебиетінің жауһарларын тыңдап, көне эпос «Альха», Тулсидасаның «Рама ерліктерінің теңізі» дастанынан, Кабирдың жырларынан осында сусындады. Орта ғасырлық бенгалдың бхакт-шайырларына, бенгал әдебиетінің алыбы Рабиндранат Тагорға еліктеген ең алғашқы өлеңдерін де осында жазды. Көне дәстүр бойынша оны он үш жасында үйлендірген. Қызығы, әйелі Манохара Девиді ақын ғұмыр бойы сүйіп, жалғыз музасына айналдырған екен. Ұлы – Рамакришна, қызы – Сародж сол махаббаттың жемісі. Әйелінің ықпалымен Хинди әдебиетін жете танып, әлем әдебиетін де терең игерген. Гомерді, шығыс әдебиетін, Шекспирді, Келли мен Китсті оқиды. 1919 жылы Үндістанда болған эпидемия кезінде әйелі көз жұмып, балаларымен ғана қала берді. Сол күйі басқа отау да тікпеді… Көп жазды. Поэзия, проза, әдебиеттануда алдына жан салмады. Публицист, сыншы ретінде де өте танымал болды. Тіпті, бенгал және хинди тілдерінің салыстырмалы грамматикасынан жазған еңбектері де «Сарасвати» журналында жарияланды. Ол он алты жасында ең танымал ақындар қатарына қосылды. «Ақ гүлдің қауызы» деген атпен ақынның жиырма жасында жарық көрген жинағы хинди әдебиетінің тұтас дәуіріне айналар ғұмыр жолының басы ғана болатын. «Анамика» (1923), «Хош иіс» (1930), «Өлеңдерім» (1936) сынды жыр жинақтарымен ол Үндістан ғана емес Әлем әдебиетінің тарихында өз орынын айқындады. «Самавай», «Матвала» журналдарында да, баспаларда да, басқаларда да ол қызметте ұзақ тұрақтай алмайтын. Жаңашылдыққа жаны құмар, ақиық ақын үнемі ізденіс үстінде болды. Калькутта мен Мирзапурда тұрған жылдары өте өнімді еңбектенді. Очерктері, дін мен философия тақырыбындағы еңбектері, жыр жинақтары кезек жарық көріп жатты. Аллахабадқа қоныс аударған жылдары хинди поэзиясының марқасқалары Прасад, Пант сияқты керемет ақындармен достасып, «Кави самеллан» аталатын шайырлар сайыстарына көп түсті. Сол жылдары саяси көзқарастары қалыптасып, касталар арасындағы теңсіздікке, діни дүрдараздыққа, қоғамның әділетсіздіктеріне ашық күреске шықты. Дәстүрдің көнерген күйіне күйінген ақын қызын ұзатар тұста да өз дегенін істеп, жаңа өмірдің жаршысына айналды. 1935 жылы кенеттен қызы Сародж қайтыс болып, ақынның қабырғасы қақырап қала берді… Д.Прасад, С.Пант және М.Варма төртеуі лирикалық~романтикалық «чхаявад» аталған жаңа поэтикалық мектептің негізін қалады. Үндістан әдебиетінің бір дәуірі болған бұлар әлі де ұлылығын ұстап тұр!

Нираланың ең қуатты поэмалары – «Раманың тағзымы», «Тулсидас», «Саңырауқұлақ». Тарих пен ерліктің ең үздік дастанына айналған «Ұлы Шиваджидің хаты» теңдессіз туындысы еді. Ақын мұраларын орыс ғалымдарынан Р.Рыбаков, Н.Вишневская, В.Чернышев, А.Якуниндер көп зерттеген. Әсіресе, Е.П.Челышевтың «Заманауи хинди поэзиясы» монографиясында ақын шығармашылығының толық сараптамасы жасалып, лайықты бағасы берілген екен. Ағылшын, хинди тілдерінде жазатын зерттеушілер кейін қолға алды. Ол көп тілдерге аударылған. Орыс тілінде С.Северцевтің аудармалары танымал. «Жазушы» баспасынан 1980 жылы шыққан «Достар дауысында» да сол С.Северцев аудармасындағы орысша нұсқасы берілген. «Тағзым» (1950), «Ән сыңғыры» (1954) жыр жинақтары ақынды мүлде жаңа қырынан танытып, хинди поэзиясының тұғырына айналдырды. Ғұмыр бойы ел мұңын жырлаған ақынға ешқашан дәулет бітпеген. Алайда, ел есінде ең елгезек, ең жомарт жан ретінде сақталды. Дауылпаз ақын көп ауырып Аллахабадта (Уттар Прадеш) 1961 жылдың 15 қазанында көз жұмды. Ол туралы Р.Шарма: «…Оның өлеңдері адамдардың жүректерін әрқашан ізгілікке бастайтын болады», – деген екен. Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір