Алпауыт ақындар. Франсуа Вийон
07.06.2020
982
0

«…И не таким, как ты, чтоб прокормиться,

Пришлось в каменоломнях потрудиться,

С какой же стати мне тебя жалеть?

Ты не один – всем суждено терпеть.»

             Франсуа Вийон (орыс тіліне аударған Ю.Стефанов)

 

«…Сенен өткен өрендер де бір-ақ үзім нан үшін,

Тас қопарған кеніштерде, кейін тастап намысын,

Ал мен үшін елден ерек сені аяудың мәні не?

Сен ғана емес – төзу болмақ бұйырғаны бәріне.»

(Аударған Е.Алаштуған)

 «Парижден кетуге берілгені үш күн ғана…» Француздың заманауи жазушысы, медиевисті (ортағасырлық Еуропа тарихының кәсіби маманы) Жан Фавьенің аңыз адам, арда ақын Франсуа Вийон (де Монкорбье) жайлы кітабының бастауы осы сөйлем. Ұлы ақынның тумысы – жұмбақ, ажалы – аңыз! Белгілісі, 1431 жылдың 1-19 сәуір күндері аралығында дүниеге келгендігі. Сегіз жасында тұл жетім қалған баланы Әулие Бенедикт Гийом шіркеуінің капелланы болып жүрген діни қызметкер (жамағайыны) асырап алады. Құлаққа үйреншікті Вийон деген қосалқы есімді де сол қамқоршысы берген. Ол туралы Франсуа Вийон: «Әкемнен артық көретін тұлға еді», – деген. Ол он екі жасында Париж университетінің Өнертану факультетіне қабылданып, оқу орнын он жеті жасында тәмамдады. Кейін үш жылдық магистратурасын да бітіріп, лиценциат дәрежесіне ие болды. Он сегіз жасында-ақ бүкіл елге танымал ақынға айналды. Атақты ақсүйек һәм Париждің превосы (орта ғасырлық Францияда шексіз билікке ие король шенеунігі) Робер д’Эстутвильдің үйінің тұрақты қонағына айналған Вийон барша ақындармен сол жерде бас қосатын. Жанашыры болған д’Эстутвильге арнаған балладасы сақталған.

 Француз корольдігінің аса білімді, бірнеше тілді меңгерген (көне латынды да), ең талантты азаматының тағдыр тәлкегіне түсуі қай тұста басталған еді?!

 1455 жылдың 5 маусымының кешінде шіркеу қызметкері Филипп Сермуаз ақынға пышақ жұмсады. Жанжалдың себебі… әрине, ӘЙЕЛ! Төбелес үстінде пышақты тартып алған Вийон қарсыласын қатты жаралап, түбі сол жарақаттан Сермуаз көз жұмды. Ақын Парижден аулақ қашты. Өлер алдында Сермуаз өз кінәсін мойындап, ақынды кешіргеніне қарағанда, бұған қатты алаңдамаса да болар еді. Алайда король сотының үкімін күтіп жүрген жеті айда, қаражатсыз, қаңғып қалған ол қаскөй қарақшылардың қауымдастығына кіріп үлгерді. Екі бірдей қарақшылық шабуылға қатысып, тіс қаққан, әккі қорбандардың қатарын толтырған ол, соттың ақтау туралы үкімін ести салысымен, 1456 жылдың басында Парижге оралды. Келген бетте Наварра колледжінің кассасын тонап, екі серігімен елу экюді (алтын) бөліп алады да, тағы қашады. Сол түні тұңғыш ірі туындысы «Кіші аманат» дүниеге келді. Біршама дерек көздері бұл шығарманың шын атауы басқа болуы мүмкін екендігін, ақынның көзі тірісінде-ақ Рабле бастаған баспагерлер солай атағандығын алға тартады. Сонымен, істің мән-жайы жарты жылдан соң ғана анықталып, қылмыс жасағандардың аты мәлім болған-ды. Вийонға енді астананың есігі қайта ашылмастай жабылды… Бес жыл қашқында жүрген ақын Ла-Манштан Жерорта теңізіне дейін, король сарайларынан қарақшылар қосынына дейін кезумен болды.

1457 жылы Сицилия королі Ренемен біраз уақыт бірге болады. Жеке таныстығына, монархтың қамқор көңіліне қарамастан, ары қарай қасында қалудан бас тартады. Аз ғана уақыт Блуадағы Орлеан герцогы Карл­дың сарайында тұрақтаған ақын, арнайы ұйымдастырылған сайысқа (Карлдың өзі «Жыл­ға үстінде шөліркеу» деп ат қойып, сайыс тәрті­бін жасап шыққан) қатысады. Сарай ақындары ережеге сай әзіл аралас өлеңдерін ұсынып жатқанда, Вийон фәлсафалық трагизмге толы балладасымен елді таң қалдырған еді.

«От жажды умирая над ручьем…

Смеюсь, сквозь слёзы, и тружусь, играя.

Куда бы не пошел, везде мой дом,

Чужбина мне как страна родная!»

 (орыс тіліне И. Эренбург аударған)

 

«Жылға үстінде кеуіп жатып кенезем…

Жылап, күлем… еңбектенем, ойнаймын.

Бәрі өз үйім, тең тұрғандай терезем,

Жат жұртты да Отаным деп ойлаймын!»

 (аударған Алаштуған)

1460 жылы Вийон Орлеан түрмесінде өлім жазасын күтіп жатты. Сол жазда үш жасар Мария ханшайымның мұрагерлік қабылдауына орай, герцогтың отбасы Орлеанға келіп, оқиға құрметіне барша тұтқындарға бостандық беріледі! Енді бірде (1461 жылдың күзінде), Мён-сюр-Луар абақтысында қамауда отырғанында таққа отыру салтанатына бара жатып, осынау қалашыққа ат басын бұрған жаңа король Людовик XI қамаудағылардың бәрімен бірге Вийонға да кешірім береді. Жыл аяғында Парижге оралып, үлкен лирикалық топтамасына енген «Эпитафия», «Үлкен аманат» туындыларын жазды.

 Осы бір тұста Рабленің «Пантагрюель» шығармасының төртінші кітабында Вийонды ағылшын королінің сарайындағы сайқымазақ кейпінде келтіретін тұсын айту орынды болар. Шынтуайтында, Рабленің мұнысын дәйексіз бос сөз деп ұққан абзал! Ақын Вийон, азамат Вийон жалғанды жалпағынан басып жүрген қанша билеушілермен жақын таныс бола тұра, бір де бір Еуропа монархына тізе бүкпеген, илікпеген. Сондықтан да ғұмыр бойы жарымаған, рахат көрмеген, қудаланған… Мінез бен Рух!

1462 жылы Вийонды ұрлыққа қатысы бар деген жалған айыппен тағы да қамауға алады. Бірақ ақын көп ұзамай еркіндікке шығады (ұзын ырғасы тоғыз рет қамалып, сотталған… үш рет өлім жазасына кесілген!). Сол айдың соңында Вийонның жолдастары көше төбелесіне арандап, Рим Папасының жеке нотариусы ауыр жарақат алады. Оқиғаға еш қатысы болмаса да, тек сол жерде болғаны үшін ғана абақтыға жабылады. Сот үкімі тез әрі аса қатал болды: «…Сумен тұншықтырып азаптауға (әлі де қолданыста бар әдіс), кейін дарға асу арқылы өлім жазасына кесілсін!» Сол кезде ақын «Асылғандар балладасы» мен «Катренді» жазған екен. Дәл осы әділетсіз сот үкімі Парижден он жылға айдауға жіберумен ауыстырылып, «Вийонның қоғамға кері әсерін ескеріп» (1463 жылдың 5 қаңтарындағы сот үкімінде тура осылай жазылған), үш күнде Парижден қуылады. Сегізінші қаңтар күні ақын сүйікті қаласынан біржола кетті… Арғы өмірі беймәлім. Бір анығы, ол ең кеші 1491 жылға дейін өмір сүрді. Өйткені әлі еш түзету, өзгерту, бұрмалау көрмеген жинағы сол жылы жарық көрген. Оны замандастары растайды.

 Ол сол замандағы поэзия тілі болған латыннан бас тартып, жалпы халыққа түсінікті орта француз тілінде жазған тұңғыш француз лиригі еді.

 Оның өмірі өлеңінен айырғысыз болатын. «Үлкен аманатта» ақын өмірінің ең негізгі кезеңдері мен аса маңызды деректері қамтылған. Ғұмырдың қалтарыс тұстарын, жан күйзелісін, ішкі күйді кейде мұңға, кейде әзілге көмкеріп, оқырманға мүлде күтпеген түрде ұсыну оның қаламына тән дүние. Ол – реалист! Тұрмыстық ұсақ-түйектер, адам ойына кіріп-шықпайтын құбылыстар, заттар, бос қалған әмиян, сыра толы саптыаяқ, шарапхананың атауы, жатын бөлменің есігі, баршасы оның өлеңдерінде рәміздік сипат тауып, сирек суретке айнала барады. Шығармашылығының бастапқы кезеңінен, фламанд фольклорының сарынын, Эсташ Дешанның, Ален Шартьенің, Кристина Пизанскаяның философиялық түйіндерін, Жан де Мённің, XIII ғасыр ақыны Рютбёфтің туындыларының ықпалын аңғару қиын емес. Рютбёфтің «Есектің өсиеті» балладасының ырғағы жас Вийонның жырларында айқын байқалады.

 Көптеген балладарында пародия да бой көрсетіп қалатыны бар. Қоғамның қайғылы кейпі, замандастар бейнесі, Париждің притондары, абақты «тұрғындары», қарақшылар қауымы, жемқор шенеуніктер (алты ғасырда алты сүйем өзгермеген) көрініс табады. Шарапхана қарауылы да, оқшантай асынған оққағар да, жезөкше де, қарақшы да, түрменің жандайшабы да, патша да, тіпті, «адамға арнау айтатын» аң мен құс та өзіндік фәлсафасына астасып, ақын туындыларына кейіпкер бола береді.

Бірде өз анасының дұғасын, бірде Ескендір Зұлқарнайынды өлеңмен өрбітсе, кей тұстарда қоғам дертін ашық жырлайды. Алайда, әлеуметтік теңсіздікті айтса да, ашық күреске шақырмайды… Ол – индивидуалист. «Мен» сипаты орынымен қолданылады, ақын даралығын айқындай түседі. Э.Дешанның «Поэтикасындағы» өлеңнің белгілі формаларынан алыстамаса да, теңеу, эпитет, анафора мен акроөлеңді кеңінен пайдаланған поэзиясында мін жоқ!

Студенттік кезеңде жазылған бір үлкен поэмасы жоғалып кеткендігі туралы деректер кездеседі. Одан бөлек ұрылар мен қарақшылар тілінде (жаргон) жазылған жеті балладасы (dubia) сақталған. XVI ғасырдың өзінде әдебиет мамандары бұл шығармаларының көп тұстарын түсіне алмаған екен. Қызығы, О.Мандельштам, И.Эренбург секілді орыс ақындары аталмыш туындыларды еш қиналмастан орыс тіліне аудара алған. Себебі абақты поэзиясы жанр ретінде қалыптасқанына бірнеше ғасыр болған орыс әдебиетіне түрме тілі де, ондай ортаның ерекше оралымдары да таңсық  емес-ті.

 Өлім жазасын күтіп отырған ақынның бір өлеңін И.Эренбург түпнұсқадан алыстамай аударған екен.

«Я – Франсуа, чему не рад,

Увы, ждёт смерть злодея,

И сколько весит этот зад,

Узнает скоро шея!»

 Қазақша нұсқасы былай болды:

 «Мен – Франсуамын!

Мұңды баста күнә көптін,

Жауыз да өлер бұйырғанда,

Не тартарын мына көттің,

Мойын білер… қиылғанда!»

Еуропа ондай ақынды бұрын көрмеген, ондай жыр оқымаған еді. Оның ізінде Ренессанс мен мұндалап тұрған-ды. Тағдырлы тұлға, шын ақынға Сартр таңырқап, Бахтин жылап отырып толғамын жазды. Жорж Бассанс өзін Вийонның мұрагері санап,бірінші болып «Мэтр Вийон» деген тіркесті қолданды. Оның жырлары қарақшылық пен қаңғыбастыққа мадақ емес, бассыздық пен бұзақылыққа бастар дүние де емес, қатыгез қоғамның қасаң қағидалары қарсылық болатын. Бізге ақын мұралары мен өмірбаянының жетуіне себепкер болған Рабле, сол заманның әдебиеттегі титандары Пьер Грэнгуар, Клеман Маролар өзіне Вийонды ұстаз тұтса, Буало мен Вольтер, Беранже мен Готье ол туралы талдауларын тамсана жазды. Мольер мен Лафонтеннің өздері, Ришпен, Роллин, Корбьер, Вернан сияқты кесек ақындардың да оған еліктегендігі шығармаларынан анық байқалады.

Оның ақындық ұстанымдарын ғасырлар өте Бодлер, Блейк, Есенин, Бродскийлер іліп әкетті, еліктемесе де, ерен үлгі көріп, «Рух еркіндігіне» ерік берді!

 «Из рая я уйду, в аду побуду,

Отчаянье мне веры придаёт.

Я всеми принят, и изгнан отовсюду!»

(орыс тіліне аударған И.Эренбург)

«Жұмағынан безінемін, тозағына тұрақтап,

Күйінішім сенім сыйлар бірақ та.

Барша жерде қабылданып, қуғын көрем жырақта!»

 Асау ақынның жан күйігінен бөлек тән дертінің талайына душар болғаны ол туралы жазылған зерттеулерден мәлім. Жылдар бойы қуғын көруі, қамауда болуы ізсіз қалмады, алуан түрлі аурулардың азабын тартқызды. Осы айтылғандардың баршасы Рабледен бастап, Осаму Дадзай («Вийонның әйелі» әңгімесі), Юму Эдлис («Жылға басындағы шөліркеу» пьесасы), Б.Брехт, О.Мандельштам, П.Антокольский, М.Голикова, В.Соколовский, Жан Теле, С.Снегов, И.Голубева, Л.Пинский, Ю.Веселовский, П.Эзра, Р.Стивенсон, М.Анчаров, В.Варжапетян, М.Гелприн қаламдарынан шыққан көркем әдеби туындылар мен зерттеу жұмыстарында баяндалған. Ол туралы 1914 жылдан бастап (Чарльз Гиблин, екі картина жасаған) жиырмаға тарта фильм түсірілген екен. Ең сәтті шыққандары 1956 жылғы Майкл Кёртистің «Қаңғыбас патшасы» мен 2010 жылғы Серж Мейнардың «Мен – ұры, қанішер, ақын… Франсуа Вийонмын» ленталары саналады. Түрлі тілдерде шырқалатын, оған арналған ондаған әндер де бар. Бірақ, Булат Окуджаваның «Вийонның дұғасы», Дмитрий Черноустың» Ол («Она») туындыларына жететіні жоқ, шамасы. Өзегіңді өртер өмір суретімен селт еткізіп, мелизмге мас қылатын ғажап әндер!

 Ф.Вийонның «Кіші аманат», «Үлкен аманат», «Жан мен тәннің әңгімесі», «Катрен», «Достарға», «Бурбон герцогына сәлемдеме», «Эпитафия» сияқты кітаптары кең таралған. Оның шығармалары миллиондаған таралыммен әлем халықтарының жүзге тарта тілдерінде жарық көрген. Қазақ қаламгерлері де Вийонға жыр арнап (С.Ақсұңқарұлы), оның өлеңдерін аударған (Е.Кеңесбекұлы) екен.

 Туған күні, туған жері, өлген жылы, тіпті ата-анасы белгісіз ақын алты ғасыр бұрын ғұмыр кешті. Тағдыры өмірінің тас-талқанын шығарды… Не қалды?! Өлмес өлең қалды, адам рухының қатыгез қоғамға да, тағдыр тәлкегіне де төтеп бере алатынын көрсеткен алпауыт ақын жайлы аңыз қалды! Дар ағашының елесі оның өмірінің көлеңкесіндей жырдан жырға көшіп жүрді. Құтылғысы, қашқысы келмеді ме?! Келді… Қаша алмады. Тағдыры жеңді!

 Франсуа Вийонды ең көп зерттеген қаламгер, ғалым Жан Фавье: «… Ақынның өлім туралы көп жырлағандығы соншалық, тарихшыларға өз өлімі жайлы айтуға еш мүмкіндік қалдырмады», – деген екен. Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір