«БЕРМЕСЕ ДЕ БАЙ ЖАҚСЫ…». БЕРСЕ, ОДАН ДА ЖАҚСЫ…
Жақында «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшама «Мақтаарал ауданындағы тасқыннан зардап шеккен ауылдар, Алла қаласа, қалпына келеді. Соның біреуіне Болат Өтемұратовтың атын беруді ұсынам!» – деп жазып едім, жұрт шу ете түсті. Әрине, бұл менің азамат ретіндегі жеке пікірім.
Пікір қалдырғандардың көбі мені «жағымпаз» деп жазғырды. «Болат Жамитұлы 30 жылда аяқ астынан әлемдік байлармен теңесіп, адам нанғысыз байлыққа қалай қол жеткізе қойды? Мемлекеттік қызметте жүріп, мұнша қаражатты қайдан алды?» – деп, сұрақ қойғандар да аз болған жоқ. «Рақмет айтып, олардың атын атауға түк қарсылығымыз жоқ. Бірақ ауылдың атын беру, асыра сілтеу…» – депті бір жігіт. «Бір кездегі байлар байлыққа маңдай терін сығымдай отырып жеткен. Шетелдегі миллионерлер де солай жетті байлыққа. Ал 90 жылдардан кейін байығандар КСРО-ның, яғни халықтың байлығына оп-оңай ие бола салғандар ғой. Әлішер Каримов те, Болат Өтемұратов та солай. Екеуі де берсе, сол халықтың байлығын қайтарып жатыр. Олардың қымқырғанына қарағанда, бұл беріп жатқандары теңіздің тамшысындай. Сондықтан жағымпазданбай, онсыз да күйзеліп отырған халықтың жүйкесіне тие бермеңіз!» – деп толғағандар да бар екен. Арасында «Дұрыс! Осындай қадамдар жасап байлардың қадірін қайтару керек!» – деген бірді-екілі азамат та жоқ емес… Мен өз пікірімде қалдым.
Себебі Мақтааралдағы апатқа «Болат Өтемұратов қоры» қайырымдылық ұйымының құрылтайшысы, бизнесмен әрі меценат Болат Өтемұратов 6 млн АҚШ долларын бөлгенін мәлімдеді.
Болат Жамитұлы бір бұл ғана емес, Қызылорда қаласындағы 100 көпбалалы отбасыға және Арыс қаласындағы жарылыстардан зардап шеккен 100 отбасыға да тұрғын үй салып берген болатын.
Коронавирус бұрқ ете түскенде, ол Денсаулық сақтау министрлігіне құны 4 млн доллар тұратын екі модульдік зертхана сыйлады. Медицина қызметкерлеріне құны 200 млн теңге тұратын 94 мың экспресс-тест жеткізіп берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Вirgemiz» қоғамдық қорына коронавирусқа қарсы тұру және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау үшін 1 млн АҚШ долларын аударды.
Шеттегі қандастарымызды қолдау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей пәрменімен құрылған «Отандастар қоры» жұмысын бастағанда, тағы осы Болат Жамитұлы біріншілерден болып сол қорға қомақты қаржы атағанын білеміз.
«Болат Өтемұратов қоры» 2014 жылы құрылыпты. Содан бері денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті дамыту бағытындағы жобаларға үздіксіз қаржы аударып келеді. Әсіресе, аутизммен ауыратын балаларға арнап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан бастап, Қызылорда, Өскемен, Орал, Ақтөбе, Петропавл облыстарынан ашқан «Асыл Мирас» емдеу-сауықтыру орталықтарын ерекше атап өткен жөн…
Менің жазбама жазылған пікірлерге қарап отырсақ, жұрттың денінің өткен ғасырдағы қазақ байларын көбірек аңсайтыны көрініп тұр. Ал бүгінгі буржуазия өкілдерін онша ұнатпайды, байлықты ұрлықтан тапқан деп есептейді.
Иә, өткен ғасырдағы қазақ ауқаттылары өз еңбегімен мал жиып, байлық топтады. Олардың қолы ашық, қайырымдылары да болды.
Арыға бармай-ақ қояйық, қуғын мен сүргіннен құтылмаған кешегі Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы газет ашты, мемлекет құруға талпынды. Әрине, олар сол кездегі қазақ буржуазиясына сүйенді. Олардың ұлт мұраты жолындағы қызметіне айналасындағы көзі ашық, көкірегі ояу қазақ байлары қаржылай демеушілік жасады. Тіпті, Қытайдың қол астында қалған соноу Іленің Күнесінен Мақсұт тәйжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Құсболат Байболатұлы, Жайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы бастаған Қызайдың ауқатты азаматтары «Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы «аһ!» десіп қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық…» – деп хат жазып, Алаш көсемдері ашқан «Қазақ» басқармасының «Азамат» серіктігіне 600 сом жібергені тасқа басылып, тарихққа қалды («Қазақ» газеті. 1916 жыл,17 март. №222). Алаш көсемдеріне осындай хат Алтайдың арғы бетіндегі ауқатты қазақтардан да келгені сол «Қазақ» газетінде жазулы тұр.
Өкінішке қарай, кебініңді жалмағыр Кеңес өкіметі сол жақсы қасиеттің күлін көкке ұшырды. Ленин мен Мао Цзэдун байлардың бүкіл мал-мүлкін тонап алып, өздерін тентіретіп жіберді. Көбі атылды, айдалды. Ол аз болғандай, коммунистер жетпіс жыл бойы байларды жамандаумен, қаралаумен болды. Сөйтіп, байлардың жексұрын образын қалыптастырды. Халықтың байларға деген көзқарасын мүлде өзгертіп жіберді.
Ұлы Абай «Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, Ол да – қылған кедейге үлкен сыйы» – деген өлең шумағы арқылы қараулықтың қанын сорғалатып тұрып айтқан жоқ па?!
Кемеңгер ақынның «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін Құдайым-ай!» – деп, кейігені тағы бар.
Құнанбайұлының бұл өлеңі жазылғалы бір ғасырдан асса да, сол баяғы бай мен кедей арасындағы өліспей беріспейтін қырқыс күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Демек, өткен ғасырда өмір сүрген бай біткеннің бәрі жомарт бола қоймаған. Ұрлық пен барымтаның көкесі өткен ғасырларда да болған. Бірінің малын екіншісі тонап әкететін озбырлық туралы әңгімелерді аталарымыздан естіп өстік қой. Керек десеңіз, қазақ бұл әрекетін батырлыққа балап, мақтаныш тұтқан.
Кеңестік империяның күлі көкке ұшып, одақтас республикалар өз тәуелсіздігін алғанда, олар бейне жұмыртқаны жаңа жарып шығып, тырбыңдап жатқан қызыл шақа балапанға ұқсап қалды. Бүкіл өндіріс тоқтады. Тоқтаған өндірісті жүргізуге мемлекеттің дәрмені жетпей қиналды. Мемлекет меншігіндегі өндіріс орындары мен кешендер, шаруашылықтар үкіметке ауыр жүк болды. Соған қарамастан, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бірден нарықтық экономикаға көшіруді қолға алды. Жекешелендіру арқылы ол нысандарды жеке тұлғалардың меншігіне арзан бағамен беруге тура келді. Сөйтіп, сол кездің заңына сай, капитал жекелердің қолына өте бастады. Міне, Болат Өтемұратов секілді епті жігіттер дәл сол кезде қамтып қалғаны белгілі. Ақша табу үшін аса үлкен талант керек емес, қабілет болса жеткілікті. Ары қарай, олар нарыққа бірден бейімделіп, қолда бар дүниені дөңгелетіп әкетті. Оның үстіне, сол тоқсаныншы жылдары сауда жасаған адамға ақша таппау, байымау мүмкін емес еді. Шетелден не зат әкеліп сатсаң да қаны жерге тимей өте беретін. Соңында, сол Б. Өтемұратов сияқты жерлестеріміз мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған, миллиардтап салық тапсырған кәсіпорындардың иесіне айналды.
Елбасының сол шешімі өте дұрыс болған. Айналамыздағы кейбір мемлекеттер Қазақстан басып өткен жолды енді бастап жатыр.
Елін Қазақстаннан он жыл бұрын нарықтық экономикаға көшірген Дэн Сяопин де «Алдымен бір бөлім адамдарды байыту» деген саясатты қолданып, қытай буржуазиясын қалыптастарғанын Сіз бен біз жақсы білеміз.
Сөйтіп, бір Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдердің бәрінде «Жаңа байларды» өмірге әкелген қарекет – приватизация болды. Жұрттың қазіргі қазақ буржуазиясы «қолдан жасалды» дейтіні де – сол. Шетел асып кетпей, отандастарымыздың қолында тұрған капитал – біздің ұлттық байлығымыз болып есептеледі. Отыз жыл бойы біз сол «Жаңа байларға» үрке қарап келдік. Енді нарық талабына сай, басқаша көзқараспен қарап, мемлекет оларды пайдалана білуі керек деп ойлаймын. Ал қызмет лауазымын пайдаланып, мемлекет қаржысын тонаған нағыз ұрылар туралы сөз басқа, әрине! Олар түптің түбінде өз жазасын алуы тиіс. Алып та жатыр…
Бірақ бір нәрсе анық: адам өмірге келген соң, оның бай болғаны жақсы! Ақылға да, ақшаға да. «Менің әкем немесе арғы аталарым ыңыршағы шыққан кедей болған!» – деп, мақтанған қазақты көрген емеспіз. Қай қазақтан сұрасаң да: «Аталарым не бай болған, не би болған…» – деп мақтанады.
Бір қызығы, сол байлық дегеннің өзі бітетін адамға – арғы тегі жақсы, көкірегі ояу, қайырымы бар пендеге бітеді. Жұқпайтын адамды алтын мен күміске орап қойсаң да шыр жұқпайды. Жұққан күнде де көпке бармай, сусып кетеді…
Тағы қайталап айтайық, қалай да жұрттың бай болғаны дұрыс. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел едік қой…» – деп, мақтанамыз ғой. Ал сол жесір мен жетімді қаңғытпай, қамқор болған байлар емес пе еді?.. Үрерге иті мен сығарға биті жоқ сорлы кедей, өз жанын өзі баға алмай отырып, өзгені қалай асырайды?!
Демек, қазақ «Жемесе де бай жақсы, бермесе де бай жақсы» деп, тегін айтпаған болса керек. Ал берсе – одан да жақсы емес пе?
Жетпіс жыл бойы үзіліп қалған қайырымдылық дәстүрін қайта жалғау, тосыннан топ етіп қолына қарға тышқан адамның бірден жомарт бола кетуі – оңай шаруа емес. Байлық дегеннің өзіндік буы болады. Көзіңе шел, кеудеңе астамдық бітіреді. Байлыққа етің үйренгенше, ол қашан бойыңа сіңіп болғанша біраз уақыт керек. Ішесің, киесің, дүниені аралайсың… «Байлықтан басы айналып…» деген сөз содан қалған. Сөйтіп, асқақтап-асқақтап барып, сабаңа әрең түсесің. Түспесең, сол бойы көкке ұшып кетесің. Бірақ биіктен құлаған қашанда қатерлі. Аман қалуың қиын…
Атақ пен мәнсап та солай.
Біздің қазақ байлары қазір сол баспалдақтың бәрінен өтіп болды-ау деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, бұдан бұрынғы жылдары ақшалы азаматтар «Қайырымдылық» деген қасиетті ұғымды арзан атақ шығарудың құралына айналдырып келді. Ата-бабаларына ас беріп, тас орнатты. Айтыс өткізіп, ат шаптырды. Пара беріп, билік қуды…
Дамыған, өркениетті елдердегі бір тамаша дәстүр – байыған азаматтардың қайырымдылық қорын құрып, өзінің туған халқынан бастап, атасы басқа адамзаттың баласына дейін көмек беруі.
Қазақ ауқаттылары да, міне, ұлттық бағытта қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, қазаққа көмектесе бастады. Соңғы бір бес жылдың көлемінде санаулы ғана ауқатты жігіттердің апат болған орындарға қомақты ақша атап, шынайы мейірімділік таныта бастауын – шын мәніндегі жақсылықтың, биік мәдениеттің белгісі деп қабылдауымыз керек.
Соның алғашқы қарлығаштарының бірі – біздің жерлесіміз Болат Өтемұратов!
Қазіргі таңда, Болат Өтемұратов секілді миллиардер азаматтар Қазақстанда аз емес, көп. Өкінішке қарай, олардың қайырымдылары аз болып тұр.
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Ұлтқа жасалған қайырымдылық ұмытылмайды. Бұл туралы мыңдап мысал келтіруге де болады.
Құдайға тәубе, міне, жаңа астана салдық, шекарамызды бекіттік. Ата Заңымыз бар. Дүниежүзі таныған елге айналдық. Бейбіт жолмен Президент ауыстырдық. Халқымыз тыныштық пен мамыражай өмірге бойын үйретті. Алыста қалған ағайын елге қосылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіді. Соған қарамастан, 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 миллионға жеткен. Тек соңғы он жылдың (2009-2019 ж.) ішінде Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам қоныс аударыпты. Олар Қазақстаннан қысым көргеннен немесе жан баға алмағандықтан емес, ұрпағының ұлттық болмысын сақтау үшін көшіп жатыр. Соның басым бөлігі ауылдардың, әсіресе, шекаралық аймақтардың тұрғындары. Оған әкеп урбанизацияны қосыңыз. Сол себепті, қазір ауыл ақсап тұр. Әсіресе, шекаралық аймақтарымыздың халқы тым сиреп кетті. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Бұл мемлекет қауіпсіздігі үшін қатты ойланатын мәселе.
Сонымен бірге біздің ұлтымыздың ұпайы да әлі түгенделіп болған жоқ. Сарапшылардың пікірі бойынша, шетелдерде 7 млн. этникалық қазақ тұрады екен. Бұл – Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 млн. халықтың 38%-н құрайды. Аз сан емес, бір Қырғызстанның халқынан асып жығылатын көрсеткіш. Қазір олардың да жағдайы мәз емес, күн өткен сайын ұлттық болмысынан біртіндеп айырылып барады. Әсіресе, Қытайдағы қазақтардың тағдыры қыл үстінде тұр.
Сол үшін, аталған екі мәселені Үкімет кезек күттірмей, айласын тауып, тез арада шешуі керек. Оған оңай қаржы кетпесі және белгілі.
Енді, әуелгі сөзімізге оралайық.
Біздің жұртқа салсаң, сол «Қолдан жасалған» байларды бүгін жауапқа тартып, бүкіл мал-мүлкін сыпырып алуды құп көретін секілді. Егер, бұл жолды таңдасақ, онда біздің биліктің Сталин мен Маодан не айырмасы болмақ?!
Өз басым ауқатты ағайындардың өз қалауларымен қайырымдылық жолы арқылы табысын туған халқымен «бөліскенін» жөн көрем. Егер, байлар мейірін көл-көсір етіп төксе, кедейлер бірден пейілденіп шыға келгелі тұр.
Елбасының «Туған жер» бағдарламасының мақсаты – ауылды көркейту, дамыту. Енді, осы бағытта сол ауқатты азаматтарымызға сүйене отырып, шекаралық аймақтарды халыққа толтыруды қолға алатын уақыт жетті.
Ауыл, аудан, тіпті облыстарды кісі атымен атау кеңестік дәуірде кең етек алған дәстүр ғой. Кеше өнер адамдарының, ақын-жазушылардың, ғалымдардың, партия қызметкерлерінің еңбегін дәріптесек, бүгін сол тізімге халқына қалтқысыз қайырымдылық жасаған ауқатты адамдардың да есімін қосқан артық болмайды.
Мысалы, менің құрдастарым Маралтай Райымбекұлы мен Ақеділ Тойшанұлының атын мектепке берсеңіз, мықтағанда екі-үш мың кітап пен бірнеше компьютер ғана сыйлай алуы мүмкін.
Ал еңбегі ескеріліп, Мақтаарал ауданындағы апатқа ұшыраған ауылдардың біріне Болат Өтемұратовтың есімі берілсе, ертең ол республика бойынша ең дамыған, заманауи ауыл болып шыға келетініне менің сенімім кәміл.
Мемлекет батыл қадам жасап, бос қалған шекаралық өңірлерді негіз етіп, бес жүз ауылды осындай бес жүз ауқатты азаматқа берсе, үкіметтің жүгі бірден жеңілдеп шыға келмей ме?!
Бір қойдан екі төстік шығаратын епті байлар бүгінгі күннің талабын ескеріп, ауылды жерден ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар аша бастайды. Тіпті, олар бұл жағынан Сіз бен бізден ақыл сұрамайды, қайта олар әлемдегі ең дамыған ауылдардың озық үлгісі мен тәжірибесін алып келіп, жаңа типтегі ауылдар құрады. Ертең сол ауылдар бір-бірімен бәсекеге түседі.
Бұл жерде оларды қинайтын бір-ақ мәселе болуы мүмкін.
Ол – шекараға таяу өңірлердегі еңбеккүшінің тапшылығы.
Керек болса, ол да проблема емес. Ұшарға қанаты жоқ боп отырған шетелдегі қандастарымызды шетінен көшіріп әкеліңіз де, жұмысқа сала беріңіз. Қазіргі таңда ең еңбеккер бір топ болса, ол – қандастарымыз. Олар шетте жүріп өзін-өзі жұмыспен қамтуға, қабілетіне қарай істеп, еңбегіне қарай ақы алуға әбден дағдыланған. Тек, жұмыс жасауға мүмкіндік тудырып берсеңіз болғаны, менің жерлестерім ауылдың шаруасының шаңын шығарады…

Ауыт Мұқибек
Ол үшін, әрине, кешенді мемлекеттік бағдарлама қажет. Керек болса, қатысты заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізген дұрыс. Одан да маңыздысы – уақыт талабына ілесіп, халықтың байларға қатысты көзқарасы өзгеруі, танымы дұрысталуы тиіс, өзіне пайда әкелетін жобадан қашпағаны жөн.
Бұл жағынан келгенде, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек!» – деген сөзі – біздің басты ұстанымымыз болуы тиіс!
Ауыт МҰҚИБЕК,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім
кеңесінің мүшесі
ПІКІРЛЕР1