ЖАҚЫНЫҢЫЗДЫ ЖАҚСЫ КӨРІҢІЗ
03.05.2023
187
0

Елімізде ғана емес, жалпы дүниежүзінде көпті алаңдататын басты мәселелердің бірі – суицид. Мамандар бұндай фактілердің бүгінде тіптен жиілеп кеткенін айтып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Соңғы 15-20 жылда жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында өзіне қол жұмсау санының өсімі ерекше үрей туғызады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жергілікті бюросының мәлімет­тері бойынша кейінгі 15 жылда 15-24 жастағылардың суицидке баруы 2 есеге өскен. Экономикалық дамыған мемлекет­терде өлім-жітімнің басты себептерінің қатарында суицид екінші, үшінші орында тұр.

Адам санасын қайшылыққа ұрын­дырып, аты жаман жайтқа бағыт­тайтын көріністерді медицинада суицидтік мінез ұғымымен сипат­тайды. Ал мұндай мінез қалай қалыптасуы мүмкін? Нақты жай-жапсары беймәлім болып тұрған кілтипанның түп тамыры көбіне психологиялық дағдарыспен, күйзеліспен байланыстырылады.
Осындай келеңсіздікпен күресушілер суицидке тұлғаралық қарым-қатынасы бұзылғандар немесе жал­ғыз­дық күйін кешушілер; ішімдік және есірткі пайдаланушылар, басқалардан өрескелдеу немесе бұзақы тәртібімен көзге түсушілер, күштеуге, басқаларды ұрып-соғуға бейімдер; көп уақыт бойы депрессивті көңіл күйде жүргендер; өзіне тым сыни көзқараста қарайтын жасөспірімдер; созылмалы және өлімге апарып соғатын аурудан, қайғылы оқиғадан немесе намысын таптаған жағдайдан өз-өзіне келе алмай, қайғырып жүргендер; әлеумет­тік сәтсіз отбасынан шыққандар, отбасынан қашып кеткен немесе ата-аналары ажырасқан балалар суицид жағдайы бұрын тіркелген отбасындағы жасөспірімдер бейім болып келетінін ескертеді.
Тәбет­тің жойылуы немесе керісінше қомағайлық, ұйқысыздық немесе соңғы күндері қат­ты ұйқысы келе беруі, өзін нашар сезінетіні туралы жиі шағымдану, іштің ауруы, басы ауруы, үнемі шаршап тұруы, үнемі ұйқысы келе беруі, сыртқы келбетіне көңілі толмауы, күндегі ортада ішінің пыса беруі немесе бұрын рахат алатын жұмысының нәтижесіне енді көңілінің толмауы, істеген жұмысының сапасына көңіл аудармауы, өлім туралы жиі ойлауы, болашаққа жоспар құрмауы, болмашы нәрсе үшін қат­ты, әрі тез ашулануы секілді көңіл ауандары байқалса, бірден ол адамға қолдау көрсетіп, қасынан табылып, жаман ойдан арылтқан дұрыс. Адамның өзі қызығатын жұмыспен айналысуына ықпал жасаңыз. Оның бір өзін қалдырмауға тырысыңыз. Егер ол қарсылық білдірсе, жалғыз қалдырған да артықтық етпейді, мүмкін осылай болғаны жақсы шығар. Дегенмен өзіне байқатпай назарда ұстаған жөн. Оның сіз үшін қадірлі екендігін, жақсы көретініңізді, оның қаншалықты керек екені туралы көп айтыңыз. Оның сізбен бірге болуы сізге қуаныш сыйлайтынын көрсете біліңіз. Кеңістікті өзгертіңіз, егер мүмкіндік болса, оның барғысы келіп жүрген жаққа немесе оның өмірінде жағымды естеліктер қалдырған жерлеріне бірге барып қайтуға тырысыңыз. Саяхатқа немесе қонаққа бірге баруды алдын ала жоспарлаңыз. Бұл оған көп көмегін тигізеді, себебі ол жарқын болашаққа өз жоспарларын құра бастайды, сөйтіп теріс ойлардан арылуы мүмкін.
Депрессия көпшілікте ауыр өтеді. Десе де одан сауығып кетуге әбден болады. Адам бойындағы стрестік жағдайлар мен жүйкенің шаршауы депрессияға жетелейді, сондықтан бұл жағдайдың қайсысы қайдан шығып жатқандығын күйзелісте жүрген жан аңғармай да қалып жатады. Суицидке бару ықтималдығы жоғары жасөспірімдерге көбіне сезім жетекшілік етеді. Олар болашаққа сенбейді, солай бола тұрса да, өзін біреудің аман алып қалатынына үміт артады. Айтып өткеніміздей, дәл қазіргі кезде жастар арасында өзіне қол жұмсау әрекеті жиі белең алып тұр. Бірі маскүнемдіктің құрбаны болса, бірі жат қылықтың жетегінен шыға алмай қор болуда. Уақытша қиындыққа төзе алмай, тосын оқиғаға тап болып, өмірімен ерте қош айтысып жатқандар қаншама.
Жасөспірімнің бойында өмірге деген құштарлық, еңбекқорлық, айналысып жүрген істеріне деген ризалық қаншалықты зор болса, соншалықты оның пссихологиялық қорғанысы, іштей өз-өзіне деген сенім мықты болады. Суицидке апаратын белгілер пайда болса, оған айрықша мән беру керек. Өйткені бұл – көмекті қажет ететін дағдарыстағы адамның жанайқайы. Жасөспірімдер депрессиясының алдын алуда ата-ананың рөлі зор. Баланың көңіл күйі болмаса немесе одан жан күйзелісі белгілерін байқасаңыз, оған тез арада көмектесуге тырысу керек. Біріншіден, баланы әңгімеге тартып, оның жағдайын сұрап, оған түрлі сұрақтар қойып, болашақ туралы сөз қозғап, жоспар құру қажет.
Қандай жағдайда да, туыстарыңызға, ұл-қыздарыңызға, жаныңызда жүрген досыңызға, қоғамның бір бөлшегі ретінде кез келген адамға ерекше көңіл бөліп, әр адамның өзіндік орны, маңызы бар екенін сезіндіріп отыру – уақыт қажет­тілігі. Жақыныңызды жақсы көріңіз.

Елриза БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір