Жақсы сөз – жарым ырыс
14.01.2025
52
0

Қазақстан Республика­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатына қатысты зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын оқи отырып, біраз мәселелерге қанықтым. Әсіресе Қаңтар оқиғасына байланысты сөзінде: «Жауап­кершіліктен жұрдай саясаткерсымақтардың шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, мемлекеттігімізге шынымен де қатер төнген сәтті жұрттың жадынан өшіру үшін әрекет жасауына жол бермеу керек. Абырой болғанда, азаматтарымыздың көбі күріштен күрмекті ажырата алады. Мемлекетіміздің тірегі – осындай көзі ашық, көкірегі ояу адамдар», – дегені қоғамдық өмірге үлкен алаңдаушылық тудыратынын айқындай түскен. Сол оқиға кезінде теледидардан әлсін-әлсін сөйлеп, халыққа басу айтып, күндіз-түні ұйқысыз, күлкісіз қызмет атқарғанын білеміз.
Ана тілінің тағдырына қатысты әңгіме өрбіте келіп: «…дүниежүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтады», – деген зерделеуі көңіліңді көтеріп тастайды.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осындайда айтылса керек.

Марфуға Айтқожа,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Жақсының жақсылығын айту да әділдік

Жақсы мен жаманды сараптай алатын білімді жастарымыздың алдағы жылдарға жоспар жасайтындай жағдайға жетіп жатқаны бізді қуантады.
«Ол үшін Қазақстанның азаматымын дейтін әрбір адам, Президентімізге көмекші бола алатындай өз елінің патриоты болуға міндет­ті» дегендерін есту де біз сияқты талай тауқымет­ті бастарынан өткізгендер үшін үлкен қуаныш! Осы күнге шейін автобус тоқтап қалса, «Президент қайда қарап отыр?» дейтіндер де аз емес. Осы орайда сан салалы министрлері бар үкімет, жергілікті билік өкілдері, әкімдер, үлкенді-кіші шенеуніктер баршылық. Солардың алдына қойылатын талаптар өте жоғары деңгейде болуы керек. Қоғам алдындағы өз жауапкершілігін терең сезіне білмейтін, халық қызметшісі ретіндегі міндетін атқара алмайтын басшылардың орнына, туған жерді көркейтіп, өркендетуге бар білімі мен жігер-күшін салуға дайын, өзінің, ұрпағының болашағын атамекенмен байланыстырып, елінің ертеңіне сеніммен қарайтын, рухани негізі мықты жастарды әкелу керек.
Апат­тың айтып келмейтінін, сол кезде халықтан қаражат­ты қайырымдылық қорлар жинауға міндет­ті емес екенін, есепшот әкімшіліктің жанынан ашылуы тиіс екенін, әр қайырымдылық қордың өзінің міндеті мен мақсаты болатынын мен 32 жыл бойы айтып келемін. Осы бір ізгілікті көздеген шараға теріс ниетпен кірісетіндердің жиірек көрініс беруі, 32 жылдан бері арасына күн салмай қайырымдылықпен айналысып келе жатқан менің жаныма батады.

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
«БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының президенті, жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Жалпыхалықтық құқық – мемлекет­тік тағылым

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жылан жылының алғашқы бейсенбісінде «Ана тілі» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбындағы сұхбатын, әрине, ден қоя оқыдық.
Екеуара әңгімеде мемлекет тынысындағы, қоғамдық болмыстағы біршама мәселелер қамтылған. Қазіргі таңда жұрт елеңдей құлақ түріп отырған уақыт белдеуіне қатысты: «…барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерт­теу жүргізуге уағдаласты… Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін!» – дейді. Сол тұста Қазақстанның табиғат жаратылысына сай бұрынғы уақыты қалпына келтірілсе екен деген жалпыхалықтық тілек ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Осыдан үш жыл бұрынғы Қаңтар оқиғасына қатысты мәселеде: «Мұндай жайт­тар Қазақстандағы оқиғаға дейін де болған, кейін де бола береді деп ойлаймын», – дегені ел қорғанысының тұтқиылдан шабатын кез келген басқыншы күшке сол сәт тойтарыс беріп тастайтынына сенімділігі болар деп түсіндік.
Президент «Заң мен тәртіп» қағидасына орай: «Заң мен тәртіп» – мемлекет­тік құрылыстың басты қағидаты. Бұл рет­те жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз», – деуі көңілге қонады. Ал Ішкі істер министрлігінің полицейлерге шектен тыс құқық беріп, халықты жәутеңкөзге айналдыруы – тәртіпті сылтау етіп, көпшілікті қылмысқа итермелеудің бір тәсілі. Сонда Ішкі істер қызметкерлерінің құқығы жалпыхалықтық құқықтан биік болғаны ма?!
Мемлекет­тік тіл туралы сөз өрбіте келіп, Қ.Ж.Тоқаев: «Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекет­тік тіл ретінде халқымызды ұйымдастыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек», – деуі күні бүгінге дейін жиындарын таза қазақ тілінде өткізе алмай отырған Сенат, Парламент­тегілерді кері мағынада сынап отырғаны шығар.

Секен Тұрысбек,
ҚР Мемлекет­тік сыйлығының
лауреаты,
Қазақстанның халық артисі

Ағынан жарылған ашық-жарқын әңгіме

Ел арасында «Президент қазақ баспасөзіне шыға бермейді» деген сөздің бар екендігі жасырын емес. Бүгін мемлекет басшысы өз сұхбатында сондай «жел сөзге» ресми жауап қатып отыр.
Әрине, ауқымды әңгіменің бүкіл мазмұнын ашып айту мүмкін емес.
Бұл, біріншіден, Мемлекет басшысының көп нәрседен хабардар екендігін білдірсе, екіншіден, халық алдында ағынан жарылуын, төтесінен қойылған сұраққа түйткілсіз жауап беру мәнерін танытса керек. Мәселен, «Президент БҰҰ-на кетеді» деген алыпқашпа сөзге арнайы, нақты жауап беріпті. Шынында, бір елдің Президентінің әлдеқандай бір халықаралық ұйымға басшы болып баруы тарихта болған емес және ел басқару жауапкершілігі артылып отырғанда Президент­тің оны тастап кетеді дегені санаға сыймайды.
Соңғы уақыт­та қоғамдық ортада көп талқыланған Ресеймен арадағы қарым-қатынас та сөз болыпты. Ресей президентінің елге келуінен туындаған сұрақтарға жауап береді. Басшымыз: «Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр», – дейді. Осындай дүниелердің барлығына Президент байыппен, салмақпен және кеңінен қарайтынын жеткізеді. Ресейдің жанынан жерімізді құшақтап, басқа жерге көшіп кете алмаймыз ғой. Сондықтан да олармен міндет­ті түрде іскерлік қарым-қатынасты үзбеу керектігін қадап айтады.
Халықты алаңдатқан тағы бір үлкен мәселе «Парламент­тік жүйеге көшеміз бе?» – деген сауал еді ғой. Президент мұндай қадамды ойланып барып жүзеге асыру керек екенін ескертеді. Шынында да, қоғамның санасы өсіп, халықтың саяси мәдениеті жетіліп, байыпты демократиялық жолға түскенге дейін президент­тік билік керек шығар деген ойдың салмағы ауырлау. Елдегі бар мәселені Парламент шешеді десек, ертең топ-топқа бөлініп айтысып, бір мәмілеге келе алмай отырғанда еліміздің жағдайы не болып кетуі мүмкін деген алаң көңіл де жоқ емес.
Сайып келгенде, Мемлекет басшысы сұхбат барысында көтерілген қоғамдағы пісіп-жетіліп тұрған өзекжарды мәселелерге байланысты толғамды ойларын ашық-жарқын ортаға салған.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының директоры,
филология ғылымының докторы,
ҚР ҰҒА академигі

Президент сұхбатынан кейін туындаған ойлар

Жаңа ғана есігімізден сығалай енген Жаңа жылдың – 2025 жылдың алғашқы күндеріндегі еліміз үшін аса маңызды, ең басты оқиғасы, ол – меніңше, ұлт газеті атанған «Ана тілі» басылымының 3 қаңтардағы №1 санында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың газет­тің бас редакторы Ерлан Жүніске берген сұхбатының «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деген тақырыппен жариялануы дер едім.
Президент сұхбатының 5 қаңтар қарсаңында жарық көруі, әрине, 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына қатысты ресми биліктің көзқарасын білдіруі деп түсінеміз. Бұл сұхбатқа дейін де Президент бірнеше рет өз мақалалары мен сұхбат­тарында «Қаңтар оқиғасы» төңірегінде өз ойларын ашық білдірген еді. Бұл жолы сәл де болса тереңірек барыпты, «Қаңтардың» алғышарт­тары мен себептеріне біршама тоқталған.
Президент сұхбатындағы біз үшін тосын ойдың бірі – «Батыста, жалпы, жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды», – деген ойы жатады. Халықаралық қатынастарды шемішкедей шағатын Қ.Ж.Тоқаевтың бұл ойы еліміздің соңғы 20-25 жылдағы әлеумет­тік-экономикалық және ішкі-сыртқы саясат­тағы жетістіктеріне қатысты айтылған деп есептеймін. Қазақстан осы жылдарда Орталық Азия, Еуразия және жер жүзіндегі беделді көптеген халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі болды, бүкіл адамзат­тың болашағына ортақ бастамаларды ту етіп көтерді.
Президент биыл елімізде 27 миллион тоннаға жуық астық жиналғанын айт­ты. Бұны пұт өлшемімен айтсақ, шамамен 1,7 миллиард пұт астық екен және осыншама астықты еліміз ұрандатпай, айқайламай-шуламай жинап алған екен. Бұл не деген байлық, неге бұған қуанбасқа!
Жалпы, қорыта келе айтарымыз, Президент­тің бұл сұхбаты терең ойлар мен тұжырымдарды қамтыған мақала, еңбек. Сондықтан да еліміздің бүгінгісі мен ертеңін ойлайтын әрбір азамат оқып-білуі қажет деп ойлаймын.

Берекет Кәрібаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы,
ҚР ҰҒА академигі

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір