Жақсы аты тұрар жаңғырып
Әлем халықтарының тарихына көз жүгіртсек, қолдан жасалған тауқыметтерді қазақтан көп көрген халық жоқ шығар. Ел басына қандай нәубет түссе де, алғашқы қиыншылық осы халықты айналып өтпеді. Бір байқағанымыз, сол қиыншылықтардың бәрі қолдан жасалды.

Отыз жетінің сұрапыл күндері әрбір қазақ отбасына үрей мен қасірет әкелді. 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін исі қазақты баудай түсірді, мәйегін алып кетті. Жүз мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы атылып кете барды. Енді бір айтпаса болмайтын жайт, осы саяси құғын-сүргін кезінде өзбектерден атылған қайраткерлер 50-дің үстінде, әзербайжаннан атылғандардың саны 70-тің үстінде, қырғыздың атылғыны 12-ге жетпейді, тәжіктерден атылғандар 4-5-еу шамасы, ал Қазақстанда атылғандар 25 мың екен. Осы атылғандардың дені – исі қазақтың бетке ұстар көш бастаушы, прогрессивті интеллектуал, Алаштың Орда ұлдары еді.
Қазақстандағы қуғын-сүргінге жасалған жан-жақты талдау еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтың тұтастығы үшін күрескен халқымыздың үздік ұл-қыздарының ұзақ уақыт бойы барынша жүйелі түрде аса аяусыз және қатыгез қуғын-сүргінге ұшырағанын көрсетті. Сталиндік жазалаушылар жұртшылықты алдау үшін қылмыстық істерді қолдан жасау, іс-қимылдарына өтірік баға беру арқылы сол кездегі «сот» деп аталатындардың үкімі бойынша «шетелдердің шпионы», «халық жауы» және тағы да басқа жалған айыптаулармен атылды, сотталды, жер аударылды. Қолдан жасалған апатқа кім кінәлі? Әрине, қызыл империя екені айдан анық. Дегенмен оған өзіміздің «шаш ал десе бас алатын» жандайшаптар да кінәлі.
Көптеген қазақ отбасының басынан өткен нәубет менің атам Ахмедия Сармолдаевты да айналып өтпеді. Өз қиыншылықтары мен зобалаңын ала келді. Ахмедия атамыз өз заманының озық ойлы азаматы болған. Ахмедия Сармолдаев қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында 1900 жылы дүниеге келді. Жастайынан өзінің пысықтығынан арабша, латынша, кейін орысша оқып хат таниды. Атамыздың ұйымдастырушылық қарым-қабілеті әсіресе сонау 1930–1933 жылдары қолдан жасалған алапат ашаршылықта қынадай қырылып, ауа көшкен ел-жұртты Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, қазіргі Саудакент ауылына орналастырып, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айрықша көрінді. Өлкелік өкіл Ораз Жандосовпен иық тіресе тізе қосып, аштықтан әлсіреген мыңдаған жандарды ажал аузынан арашалап қалғанын көптеген көнекөз қариялар да, тарихи деректер де айтады.
Сарысу Аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығы, Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін мінсіз атқарған Ахмедия Сармолдаевты Ораз Жандосов 1935 жылы ел астанасына шақырып, Алматы Облыстық атқару комитеті жер бөлімінің басшысына тағайындайды. Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Исаев секілді Алаш қайраткерлерімен үзеңгілес, пікірлес болып, сыйластық құрып, етене жақын қызмет жасайды. Алайда саяси қуғын-сүргін репрессияның қанды құрығы отызды енді орталаған Ахмедия атамызды құтқармайды. Алматы облыстық НКВД-сі ол кісіні 1937 жылы қыркүйек айында тұтқындап, қараша айында ату жазасына кесіпті. Архив құжаттарынан атамыздың мәйіті Алматы облысы, Талғар ауданының Жаңалық деген жерінде жерленгенін білдік. Ахмедия атамыздан 2 ұл, 2 қыз қалды. Үлкен ұлы менің әкем – Өтебай, одан кейін қарындасы – Рысалды, Дариға (Дәкен), кенжесі Өтелбай аға. Рысалды апамыздан атамыздың өткен өмірі жөнінде сұраушы едім. Ол кісі сол кезде 14 жаста екен. Рысалды апамыз есінде қалған үзік-үзік естелігін күрсініп қойып, әңгімелеуші еді. «1937 жылы таң атпай әкемді НКВД-нің адамдары алып кетті. Бәлкім, әкем қайтып келмесін сезді ме екен «Ал қош болыңдар. Жазығым жоқ. Енді қайтпаспын. Елге қайтыңдар!» –деп кете барыпты. Ораз Жандосов бізбен көрші тұратын. Қарама-қарсы есіктен ол кісіні де НКВД-ның адамдары алып бара жатқанын көзім көрді», – деп еске алушы еді аяулы апамыз.
Әйгілі қазақтың маңдайалды мақтанышы дерлік бір ұлы Ораз Жандосов пен бірге атамыз Ахмедия да атылып кете барды. Осы оқиғадан соң отбасы қайта Саудакент ауылына қоныс аударуға мәжбүр болады. Атамыз Ахмедия осындай жазықсыз жаланың құрбаны болса, артында қалған әйелі, балалары одан бетер жапа шекті. Атамыздың тұтқынға алынуы және оның беймәлім тағдыры ұзақ жылдар бойы оның балаларының адамгершілік келбетіне басылған дақтай еңсесін басып келді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау жұмыстары адамзат тарихындағы қанқұйлы қанішердің бірі Сталин өлген тұста басталды. «Жылымық» деген атау бұл үрдіс Хрущев Үкімет басына келген кезден белең алды. Ахмедия атамыздың 50-жылдары жазықсыз екені анықталып, толық ақталды.
Осы орайда ерекше бір оқиғаны еске алмасақ болмас. Анамыз айтып отырушы еді. «Сол 50-жылдары бізбен көрші болып ерлі-зайыпты Вяткин деген кісі тұрды. Саяси қуғын-сүргін кезінде Балтық жағалуы елінен Қазақстанға жер аударылған екен. Жағдайы төмен, жер кепеде тұрды. Бірақ өте білімді, мәдениетті кісі болатын. Араласып тұрдық. Жақсы қарым-қатынаста болдық. Ол өзінің Прибалтика Республикасындағы Бас Прокурордың орынбасары қызметінде болғанын айтушы еді. Әкесі Ахмедия туралы қандай да бір мәлімет алу үшін әкеміз жоғарғы жаққа Мәскеуге хат жазбақшы болады. Осы тұста Вяткин заңнан хабары болғандықтан әкемізге ақыл-кеңес беріп, жөн сілтейді. СССР Бас Прокуроры Рекунковқа, тағы басқа жоғары органдарға хат жолдайды. Осы орайда Вяткин де өзінің жазықсыз жаламен ұсталып, жер аударылғанын айтып, хатты бірге жолдайды. Көп ұзамай Мәскеуден атамыз Ахмедия мен Вяткиннің жазықсыз екені және толық ақталғаны жөнінде жауап хат келеді. Әкеміз Вяткинге ақталған жөнінде жауап қағазды апарып береді. Шамалы уақыт өткен соң Вяткиннің әйелі жылап келеді. Не болды екен деп әкең екеуіміз барсақ, жер кепеде темір керуетте шалқасынан жатқан күйі Вяткин жан тапсырыпты. Кеудесінде ақталғаны жөнінде қағазы жатыр дейді. Қуғын-сүргіннің, жазықсыз жаланың құрбаны болған жанның жүрегі шыдамаған ғой. «Халық жауының» баласы ретінде әкең көп құқай көрді. Балалық шағы өте ауыр жағдайда, қиыншылықта өтті.
«Бір қиыншылықтың екі жақсылығы бар» дейді Құран Кәрімде. Ахмедия атаң ақталғаннан кейін әкең партия қатарына қабылданып, түрлі басшылық қызметте болды. Алматыдағы Ахмедия атаңа тиесілі 4 бөлмелі пәтерді Үкімет қайтып берді», – деп еске алушы еді аяулы анамыз.
Иә, «жақсы әкеден туған ұл тартпай қоймас негізге» демекші, текті әкенің балалары Өтебай да, інісі Өтелбай да басшылық қызметтерде болып, Сарысу ауданының қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Жылдар өтті. Арманда кеткен арыстар ақталды. Бірақ канша зұлмат болса да тағдырдың қыл көпірінен өткен қазақ түп-тұқиянымен қырылып кетпейді. Уақыт өте келе, етек-жеңін жыйды, іргеліде егемен ел атанды. Бірақ қилы кезеңдер, «тар жол тайғақ кешулер» қазақтың жадында ақтаңдақ болып мәңгі қалды. Бүгінде біз ерен ерлердің нәубет жылдары қарабасын емес, халық қамын ойлағанын мақтанышпен сезініп, әрдайым жадымызда түюге тиіспіз. Бізге енді тарихи белестерді бүгінгі күн тұрғысынан пайымдап, әділ бағалауға тырысу ғана қалды. Алайда 37-жылғы репрессия кезінде халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қиян-кескі күресінде халыққа қорған, қамқоршы, тірек, жетекші бола білген тұлғаларды қуғын-сүргінге ұшыратуға белсене қатысқан шолақ белсенділерді жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Осы орайда Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың:
«Қинамайды абақтағы жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп-қапқаны», –
дегені еріксіз еске түседі.
Таза, адал адамдардың жолы қашан да қулармен сұмдарға қарағанда ауырлау болып келетіні рас. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қорқаулар неден болса да тайынбайтыны тарихтан белгілі. Жарайды, бұл кешегі кеңестік кезеңнің кесапаты дейік. Ал бүгінше? «Әйтеуір, кінә тауып бір жерімнен, сынауға тіптен құмар кім көрінген» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай еш себеп болмаса да, тырнақ астынан кір іздейтін жаны лас жандар жоқ деймісіз бүгінде.
Ахмедия Сармолдаевтың өз дәрежесінде бағаланбай жүргеніне, тіпті соңғы уақытта оның есімін елемеуге, тарихи еңбегін тасада қалдыруға тырысатын әрекеттер байқалмай қалып жүрген жоқ. «Кімде-кім өз ұлтын сүйсе, қияметте де Алла тағала оны сол ұлттың сапында тірілтеді» дейді қасиетті хадис. Ұлтқа, өз ұлтына қызмет еткеннің әманда жүзі жарқын, жұлдызы жоғары.
Ахмедия атамыз дүниеден озса да, артында тағылымды жолы, ізгілікті ісі, өзін қадірлейтін халқы қалды.
Бір сөзбен айтқанда, Ахмедия атамыздың сара жолы – ерліктің үлгісі, елдіктің өнегесі.
Халқының қамын жеп, ел үшін аянбай еңбек еткен, елі үшін жанын қиған Ахмедия Сармолдаевты ұрпақтары еш уақытта ұмытпайды.
Оның көзін көрген замандастары, оның шапағатына бөленген ұрпақ барда, оны ешкім өшіре алмайды. Қоғам ерекше ойлы, пайдалы ісі бар биік тұлғалардың парасат пайымымен алға басады, өркендейді. Мұндай ұлағат иелері барша жұртшылыққа үлгі. Қайраткер тұлғалардың тағылымы, өнегелі істері бүгінгі жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Тарихты біліп, қадірлеп өскен жас өркен ертең елін, жерін сүйетін мемлекетшіл, патриот болып өседі. Өткеннің отын өшірмесек қана келешекті кемелдендіре аламыз. Сондықтан жүйелі және жаппай қудаулауға ұшыраған жазықсыз жандарға көбірек көңіл бөліп, оны кеңес насихатының жапқан жаласы мен жаққан күйесінен арылту, оның атын, ерлігін мәңгілік жадымызда сақтау және ұлықтау – біздің адами, ұрпақтық қасиетті борышымыз.
Мұрат Сармолдаев,
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы,
Саудакент ауылы