БАУЫРСАҚТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ
02.12.2022
480
0

Оқымысты ұлымыз шетелде тұрады. Келін де сол жақтан.Түсі қоңырқай. Руы – абориген. Әйтеуір, бауырсақты жақсы көреді. Соған тәубе дейміз.
Сол келіннен қатты қорқамын. Кемпір мал сауса да, дәретке шықса да соңынан қалмаймын.
Асығып жүріп, басымды есіктің жақтауына сан соқтым. Бас деген жаудың кемесіне ататын торпедо сияқты болып қалды. Әшкиімді қиратып алдым. Әйтеуір етегінен ұстап жүремін.
Олар келген сайын алапес шорты мен мүйізді құбыжықтың суреті салынған футболкі әкеледі. Бірден кигізіп қояды. Сыбағаға – сағыз бен сосиска. Кенгрудың сүбесінен істелген. Құдалардың тамағы сол көрінеді.Кемпір айтады: «Жүрісі адамға ұқсайтын бейшараны қалай жейміз», – дейді. Мен: «Оттама, же. Өліп қалмассың.Ұят болады», – деймін. Алда-жалда олар тұрып кетсе, тыға қоямыз. Сосын жасырып, мысыққа береміз.
Сөйлескен боламыз.
– Анау Байпақбай көкең қайтыс болған.
– Айтыс? Молодец!
– Кемпірі де қайтты.
– Тоже. Айтыс. Здорово.
– Әй, умер ғой, умер. Конец. – Ол қолын сілтейді.
Айтысты ұмытпағанына қутыңдап қуанып қаламыз. «Еппошамайт, еппошамайт», – деп. Басынан сипаймыз.
Бұл кезде келін отызға кеп қалған қара биенің құйрық-жалын тарап,аузын ашып жылап тұрады. «Протез, протез», – деп.
Біздің де көзімізге жас келіп қалады. Аузымыз біткелі қашан…
Сосын келін ала сиырды сабындап жуып, қыздай қып қояды.Құлап қалған монша, тартылып қалған қарасу еске түседі. Қозы-лақтарды қуып жүріп, мойындарына қоңырау тағады. Сөйтсек, келін бір үлкен зоопарктің дәрігері екен. Суретке түсіргенді ұнатады. Бізді, жан-жануарымызды сыртылдатады да жатады. Келген күні кемпір екеуіміздің ұйықтап жатқанымызды білдіртпей түсірем деп, зәремізді ұшырған. Аяқ-қолымыз тартылып, тұра алмай қалғанбыз.
Олар еліне кеткенше үйге ешкім бас сұқпайды. Бірақ екі көзі біз жақта. Анада көршінің келіні қайнап тұрған самау­рынға құлап, пісіп қала жаздады. Оң жақтағы үйдің кемпірі біздің үйді бақылап отырып, шалының көзіне шай қасықтың сабын тығып алыпты. Арғы жақтағы көршіні айғыры теуіп,төсек тартып жатыр. Біздің келін сияқты тісін түгендеп, құйрығын тарағанда дәу тарақтың сабы шабына тиіп кеткен ғой. Айта берсең, әңгіме жетеді.
Келін еліне жетісімен біз туралы көрме-кино ұйымдастырыпты. Абориген құдалар қайыршылар қорын ашып, мол ақша түсіріпті. Келесі жазда аудан мен ауылдың ортасына тақтайдай жол салып бермекші. Әр үйге жетпісінші жылдары шыққан мәшине сыйламақшы. Ағайындар аузын ашып, көзін жұмып отыр. Құдалардың дәулетті болғаны жақсы ғой. Сендердің арқаларың деп. Жақын туыстар сексенінші жылы шыққан «жаңа» мәшинелерін тапсырып жатыр.
Тағы бір жаңалық. Оқымысты ұл зоопарктен анасы қайтыс болған маймылдың екі баласын асырап алыпты. Еркегіне менің, ұрғашысына шешесінің атын қойыпты. Біз есіне түскенде иіскеп жүремін деп. Негірден қайтып келген жынды қарындасына суреттерін салып жіберіпті. «Сендерден айнымайды», – деп шиық-шиық күледі әлгі сайтан.
Өкіріп жыладық. Алты баласын асырай алмай жүрген кенжемізді сағындық. Ішіп қоятыны болмаса, нағыз өзім ғой…
Қайда екен? Тағы қандай компанияға құл боп жүр екен?

САҚАЛ СЫЙЛАҒАН ЕЛМІЗ ҒОЙ

Біздің қала да жаңару жолына түсті. Соның нәтижесінде, біраз ғимараттың сырты қызылға боялды. Көк орындықтар алынып тасталып, қызыл орындықтар қойылды. Мектептер сары түске, ешкім кіріп-шықпайтын оқу орындары жасыл түске боялды. Бұл іс-шараларды, ел ішінде маймыл атанып кеткен мәслихат төрағасы: «Саясатқа да, коронавируске де сәйкес келетін сындарлы шешім», – деп бағалап, қалалық газетке өз атынан көлдей мақала жазғызды.
Бәрі қолдап жатыр еді. Күтпеген жерден депутаттар тосын мінез танытқаны. Өмір бойы бұғып жүрген біреулері үстелді соққылап, әкетіп барады. Жынданып кеткен сияқты.
– Оу, не істеп жатырсыңдар?!
– Талдарың тағы қурап қапты ғой?
– Былтыр салған жол қайда?
– Оу, таза су, таза ауаларың қайда?
– Біздің қалада жемқорлар бар ма? Тізімін беріңдер!
– Қаңғыбас ит-мысық қаптап кетті. Әбизатілнә біреуді талап, яки жеп қоюы керек пе?! Ана жылғыдай.
Жиналысқа шақырылған бастықтардың көздері атыздай. Президиумға хат кетті. «Полицияға хабарлаңыздар. Мыналар ереуілге шығып, бізді сабап тастауы мүмкін».
«Жиналыс басталмай тұрып жіберген­біз», – деген жедел жауап түсті.
Үйренген партия өкілдері жер шұқып, бөтендер без-без етеді.
– Жауап беріңіздер. Әйтпесе, орындарыңызды босатыңыздар.
– Қалай босатады? Бәрінің бағып-қағып отырған бала-шағасы бар,– деп әкімнің ата кеңесшісі оянып кетті. – Сенің әкең қандай еді? Сенің атаң қандай еді, шіркін. Қой аузынан шөп алмайтын момын адамдар еді… – Сосын күрк-күрк жөтеліп, су сұрады. Протезін шайып, үңірейген көздеріне дәрі тамыздыртты. Қырын тұрып, құйрығына укол салғызды. Протокол жазып отырған келіншекке: «Сен болмасаң, баяғыда өліп қалатын едім. 85 деген оңай емес екен», – деп әзіл тастады. Хатшыдан насыбай сұрады, тамырлары адырайған алақанын жайып.
Әңгіме әрі кетті:
– Ғимараттардан қалған крәскілермен қураған ағаштарды бояп тастаңдар. Индияда сөйтеді екен. Қарды сөз қылып. Ертең бір күн жаңбыр жауса,түгі қалмайды ғой. Африкада қар күремейді екен. Мусор деген бітпейтін бәлені айта бересіңдер. Қытайға артып жіберіңдер.Тез пісетін тамақ боп қайтып келеді. Таласып жейсіңдер.
Экологияны қайтесіңдер? Мықты мемлекеттер мұны сөз де қылмайды.Су тазармайды. Ереуілге шақырып, елді қобалжыта бермеңдер. Сатып ішуге қалыптасып қалды ғой. Олар да қайбір бұлақтан тасып жүр дейсіңдер. Ал ауаға келсек, әбден үйренгенбіз. Шаң-тозаңы азайса, мұрттай ұшып арам қатуымыз мүмкін.
– Келесі сұрақтарың не еді? – Дәрісі мөлтілдеген көзімен хатшы келіншекке қарады. – Е, қаңғыбас ит-мысық туралы. Мына әкімнің үйіндегі келін осы жануарларды жақсы көреді деуші еді. Бір арнайы жатақхана салғызып, өзін деректір қойып, шаруаны шешіп тастау керек шығар. Әкім баланың да денсаулығы түзеліп қалар еді. Қанты түсіп, қан қысымы төмендеп. Қызметі оңай емес…
Жемқорлардың тізімі дейсіңдер ме? Оны қайтесіңдер? Бәрің осы жерде отырсыңдар ғой. Ақшаларың, сыйақыларың жүріп жатыр. Бәріңнің дүкендерің, дәмханаларың, аптекаларың сақылдап тұр. Тендер қолдарыңда…
Осы кезде кеңесші қария өксіп-өксіп жіберсін. Жұрт үрпиісіп қалды. Бәрінде де жүрек бар екен.
– Осы тендер кірген жылы туған шөбереме Тендербай деп ырымдап, ат қойып едім. Сол дырдай жігіт болды. Үш айда үш жерден қызыл диплом алып келді. Қарыз болып қалмас. Соны іліктіріп жіберіңдерші биыл. Шешесі, келінді айтам, күнде звондайды… Кімнің қызы екенін білесіңдер… – Осы жерде кеңесшінің аузы-басы қисайып, ерні дірілдеп, еңіреп жіберді. Сасқанынан бүкіл зал қосылып жылады. Әкім де, хатшы да, депутаттар да. Тіпті, бөтен партия өкілдері де көздеріне жас алды. Сақал сыйлаған елміз ғой.
Сөйтіп, құрметті кеңесшінің шөбересі күл-қоқыс шығару саласы бойынша өтетін тендерді жеңіп алатын болды. Жұрт қол шапалақтап, құттықтап жатыр.
Жол жөндеу, үй салу тәрізді күрделі шаруаларды бауырлас елдердің жігіттері былтыр сатып алып қойыпты.
Жиналыста тағы біраз мәселе шешімін тапты. Идеология майталмандарының ұсынысы бойынша, бұдан былай басшылар, бюджеттің есебінен қызыл, депутаттар сары, қатардағы қызметкерлер жасыл кәстөммен жүреді. Әкім көк кәстөмде қалғысы келіп қиқаңдап еді, депутаттар «жаңарған соң, толық жаңару керек» деп өтінішін қабылдамады. Сондай-ақ, қала мәдениетін дамыту және адалдыққа тәрбиелеу мақсатында фейіктер айтысы күн сайын өтіп тұратын болды. Аты-жөнін айтып, түрін көрсеткендерге бағалы сыйлықтар тапсырылады. Өйткені, полиция тауып бере алмайды екен.
Тағы да біраз мәселелер қаралды. Ең бастысы, Жаңару кезеңінде бірін-бірі ұстап бермейтін болып бәтуәласты жиналысқа қатысушылар.
Сонымен, елдің жағдайын толық шешіп, тарқадық-ау, түн ортасында…

 

 

 

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір