ОСЫДАН КЕЙІН АДАМДАРДЫҢ  ЖАН ӘЛЕМІНДЕ  ЖАҢА «АРАЛДАР» ПАЙДА БОЛАДЫ…
29.05.2020
1599
1

«Жасыл шатырларда» адасқақ тұман мен жаңбырлы маусымның тылсымы жайлы айтыла бергенде, кенет әңгіме ауаны аспаннан жауған жат адамдарға ауады. Шығармаңыздың сюжетін бұлай өрбіту идеясы қалай туды?

– Оқушы кезде немесе одан сәл өсіп есейген шақта да топқа бөлініп төбелесу, әлдебіреудерді жек көру сезімі көбінде түр-әлпеті жат, тілі түсініксіз тарапты көргенде бой көтеретінін ұқтым. Бұл жалпы адамға тән тұрпайы инстинкт шығар. Одан кейін де адамның сол бір жағымсыз әрекеттен құлан-таза айыға қоймайтынына көзің жетеді. Бөліну, жатсыну, кемсіту – адам жаралғалы онымен бірге жасасып келеді. Түрлі соғыстар мен зұлымдықтарға мұның да өзіндік әсері мол болды деп ойлаймын. Көзі көк, мұрыны ұзын, түрі шикіл сары, тілі түсініксіз адамды алғаш көргенде әуелі таңырқағаныммен, кейін оған өзімнен-өзім өшіге қарағаным есімде. Мынау әлемде ең керемет жаратылыс өзің тәрізділер ғана құсап тұратыны бар емес пе? Міне, осының бәрі бір сызықтың бойына түзіле келе, осы бір шығарманы жазуыма түрткі болды.

Сосын бізде алғашқылардың бірі болып шыққан стрингер журналист Назгүл Кенжетайдың сириялық босқындар жайлы ізденістері де әсер етті. Жалпы, босқындар тағдыры және сегрегациялар мені үнемі толғандырып жүрді. Бұл тек бізге ғана емес, жалпыға ортақ тақырып деп есептеймін.

– Қазақ әдебиетінде көп кездесе бермейтін бұл жанрда қалам тербеу қиындық тудырмады ма? 

– «Әдебиет – әпсанадан басталады» дейді ғой Борхес. Қазақ әдебиеті мұндай жанрға бұрын мейлінше бай болған секілді. Оған дәйек ретінде  көне аңыз-әпсаналар мен ертегілерді айтуға болады.

Әңгімемді оқығандар антиутопия немесе мифтік-мистикалық фантазиялық шығарма дейді. Мүмкін солай да шығар. Мұның да өз машақаты бар, бірақ абзалы ғылыми фантастика жазу. Бізге де америкалық «көріпкел» жазушы  Рэй Брэдбери секілді біреу керек-ақ, шіркін. Бәлкім, ғылыми фантастиканың жазылмауына бізде ғылымның дамымағандығы немесе футурологияға ешкімнің қызықпайтындығы себеп шығар. Әйтеуір осы жанр кенжелеп қалды. Бұл жанрдың бір ғажабы – оқырманды ілгері ойлауға талпындырады. Болашақ жайлы қиялдайсың. Ол кезде сізге сүйегі мың жыл бұрын қаусап кеткен әлдебіреудің қандай дін ұстанғанының көк тиындық құны болмай қалады.

– Әңгіме желісінде жасыл түсті басты фон ретінде алуыңыздың қандай да бір себебі болуы мүмкін бе?

– Символиканы жаным сүйеді. Әдеби шығарманың көркемдігін арттыратын басты элементтердің бірі – сәтті символикалық теңеу. Мысалы, маған Абайдың поэмалары символикасымен ерекше. Мен үшін Ескендір патша – сол кездегі Патша үкіметінің озбырлығы, ал «Масғұт» поэмасындағы тоқтаусыз жауған жаңбырдың суын ішіп жынданғандар – идеологиялық пропагандаға мас болғандар. Айтпақшы, маған осы әңгімені жазуға әсер еткен де әуелі осы поэма еді.

Ал жасыл түс деген  – жаңарудың символы. Және ең көне түс. Мысалы, балдыр деген бір қызық жаратылыс. Дарвин ілімі бойынша, тіршілік бір жасушалы организмдерден пайда болған, ал құрлықтағы барлық өсімдіктер балдырдан шыққан деп есептеледі. Балдыр басып қалған жерде жаңа бір организм пайда болады екен…

– Қазақ әдебиетінде қандай жанрлардың бағы жанып, тағы қандай жанрлардың дамуы кемшін түсіп жатыр деп ойлайсыз? Ол олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?

– Қазақ әдебиетінде тарихи жанрдың мерейі үстем. Бодандық бұғаудан босаған ұрпақтың шөлін басу үшін қажет те болған шығар кезінде. Енді бірсыдырғы солай шиырлай беру де біржақтылық сияқты! Ал кемшін түсіп жатқаны – экзистенциалистік шығармалар және бүгінгі адамдарда пайда болған жаңа мінез-құлық, өзгеше тағдырлар. Ол олқылықтың орны тек жазумен ғана толады.

– Жазу барысында ең әуелі неге көңіл бөлесіз?

– Бәріне көңіл бөлемін. Ең бірінші, шығарманың – идеясы. Алайда қара­пайым шопырдың да басына тосын идея келеді, бірақ ол оны қалай жеткізеді? Жазушылық пен шопырлық кәсіптің айырмашылығы осы жерден басталса керек. Прозаиктың ойы мың жерден керемет болғанымен, жеткізу тәсілі сәтті болмаса, орындауы әлсіз түссе – керемет деген идеяны орашолақ сөйлемдер ақтай алмайды. Шығарманың басты құралы – тіл және көркем жазу. Одан кейін түрлі әдеби тәсілдер. Сюжеттік желісі, композициясы  және драмасы. Осы қарапайым нәрселерді назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Ал «Жасыл шатырлар» әңгімемде Джеймс Джойстың тәсіліне көбірек жүгіндім.

– Қаламгер ретінде сізді көбіне қандай тақырыптар мен идеялар қызықтырады? Яғни, сөз құдіреті арқылы қандай құбылыстардың  құпия-қойнауына бойлағыңыз келеді?

– Қазір прозаны кәсіби талдап бере алатын сыншы аз. Бәлкім, ол өзі көп те болмайтын шығар. Ал кейбір сыншылардың талабындағы критерийлер қасаңдау көрінеді маған. Сол кейіпкер сомдау, мінез ашылу деген сынды дүниелер жиі айтыла береді.

Мен бұл тұрғыда былай ойлаймын, жазба проза дамығалы айтылмаған ой, сомдалмаған кейіпкер, тип, мінез, уақиға қалған жоқ. Бәрі жазылған.

Ең бергісі қазір, мысалы, адамдарды карантин деп үйде ұстап отырмыз, бұрынғы қалыптасқан тіршілік ырғағы белгілі бір деңгейде өзгерді. Әріректен айтсақ, технология қарыштап барады, жаһандану үдерісі тіптен қарқынды. Осы құбылыстардан кейін адамдардың жан әлемінде жаңа «аралдар», бос кеңістіктер пайда болады, бұрын түсіңе кірмеген тағдырларға тап келесің. Міне, мені қызықтыратын тақырып осы. Бұл тек мені ғана емес, ендігі қаламгерлердің бәрін дерлік толғандыратын тақырып болуы керек.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

Оқи отырыңыз!

Бақытбек Қадыр. Жасыл шатырлар

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.05.2020 | 14:27

Айтары бар сұхбат. «Аралдар» мәселесі бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселе.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір