АУЫЛДА ЖҮРІП ӘДЕБИЕТПЕН ӨМІР СҮРЕТІН АДАМ  
25.05.2020
1056
0

Мархабаттың басқа жазушылардан бір артықшылығы – осы күнге дейін өзінің ауылында тұрып келе жатқандығы. Ол Түлкібас ауданы мен Шымкенттің арасында өмір сүруде. Жазушы ауылдың өмірін, ауылдың өмірі деген – қазақтың өмірі ғой, соның әдет-ғұрпын, салт- санасын, бүгінгі және бұрынғы тіршілігін естіген адам емес, өзі араласып көргендіктен нанымды қылып жазады. Кеңес дәуірінде де, тәуелсіздік алған кезде де бірталай әңгіме жазды. Көбі «Қазақ әдебиетінде» жарияланды.

Солардың бәрін қарап отырсаң, сыбайластықты, жемқорлықты, қыр қазағаның да ұлттық болмысынан өзгеріп бара жатқан қылығын қолмен қойғандай етіп көрсетеді. Өйткені Мархабат – қайнаған өмірдің ортасында жүрген адам. Мархабатты ешкіммен теңестіруге болмайды. Ауылда, әдеби ортадан шеттеу жерде жүрсе де, әдебиетке берілген, әдебиетпен өмір сүріп жүрген басқа жазушыны мен білмеймін. Және бір жақсысы Мархабат ешқашан өзгермейді: сол баяғы өзінің сабырлы, оқыған қалпынан жазбай еңбектенеді де отырады. Әңгіме жанрын өте шебер меңгерген жазушының шығармаларын оқып отырып, кәдімгі қазақтың өмірін көріп отырасың. Мархабаттың мінезі де жақсы. Олай дейтінім, мен Түлкібасқа жиі барамын. Жұбайым сол жақтан. Өмірі аспайды, саспайды. Атаққұмар емес, қызғануды білмейді. Біреуді күндемейді. Өз тіршілігімен жүреді. Сондықтан адамға адамгершілімен де, жазушылығымен де ұнайды. Ауылдың қиындығына келгенде үн қоспаған мәселесі жоқ. Оңтүстікте ерте көктемде нәуірзек деген жауқазынға ұқсас гүл шығады. Қалада тұрған соң біз оны біле бермейміз. Нәуірзектің шығуы көктемнің белгісі екенін, ауыл-аймақ сол гүл шыққанда қуанатынын, амалдар жасайтынын әңгімелерінде елдің есіне салып отырады. Ауылдың тынысы – қазақтың тынысы. Мен сол жағынан бұл жазушыны жақсы көремін, сыйлаймын. Өкше басып келе жатқан ініміз ғой, ылғи тілектес болып жүремін.

«Сүмбіленің суы» деген әңгімесінде Ыстықкөлге барып, демалып жатқан  қырғыз келіншекпен танысқанын, арадағы жағдайды әдемі суреттейді. Адам нанбайтын жағдайды жазбайды ол. Басыңды изеп отырасың оқығанда, «рас, рас, сөйтеді адам, сөйтеді», – деп. Одан кейін бұл өзі Дулаттың, Төленнің шығармасына тәнті болып, соларға құрмет білдіріп жүреді. Әсерленгенін мақала етіп жазып тұрады. Мархабаттың ағаны сыйлап, замандасты құрметтеуі де жаныңды сүйсіндіреді.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір