Аягүл МАНТАЙ, жазушы: ӘДЕБИЕТТЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ӨЗ ЕРЕЖЕММЕН ОЙНАЙМЫН
22.05.2020
7603
22

Қоғамдық мәселелерде өзіндік ойымен, тәуелсіз көзқарасымен танылып жүрген жас жазушы Аягүл МАНТАЙ әдеби кеңістікке де төл қолтаңбасын ала келді. Жазушымен тілдесе отырып, әдебиетке келу жолы мен алдағы жоспары турасында сұрап көрдік.

«ФИЗИК БОЛАМ» ДЕП АРМАНДАДЫМ ЖӘНЕ СОҒАН СЕНДІМ

– Ая, сіздің туындыларыңыздың біршамасы «бірінші жақпен» – кейіпкердің айналасына, адамдарға, өмірге деген көзқарасы негізінде өрбиді. Жалпы шығармаларыңызда өз «Меніңіз» қаншалықты көрініс табады?

– Өз «Мені» жоқ жазушы – жазушы емес. Бізде «Менді» тым қарабайыр түсінетін адамдар бар. Өкініштісі, олар ақын-жазушылар арасында да аз емес. Менің шығармашылығымда «Менім» бірінші планда тұрады. Өзіме тән «Меніммен», мінезіммен, болмысыммен жазушымын. Адамдардың бетіне шығып тұратын көкірегінен қорықпаймын, ішіне түсіп кеткен көкірегінен қорқам. Әдебиетке біреудің сүйреуімен келмедім, біреудің сүйреуімен жүлде де алмадым. Біреуге жағымпазданып сыйлық алмадым. Танылсам, сыйлық алсам, «бәріне өз күшіммен жеттім» деп сеніммен айта алам. Демек, өз «Менім» маған тым қымбат, оны барынша аялаймын. «Менімді» ешкімнің табанында таптатпаймын.

– Әдебиетке деген қызығушылығыңыз­дың оянуы қай кезден бастау алды?

– «Жазушы болам» деп алдыма мақсат қойдым» десем өтірік. Әдебиетке кездейсоқ келдім. Мектепте олимпиадаға ылғи математика пәнінен бардым, кейде математика және физика пәндерінен қатар баратынмын. «Физик болам» деп армандадым және соған сендім. Әлі күнге дейін «Неге физик болмадым? Сонда өзіме де, қоғамға да көбірек пайда әкелер ме едім» деп ойлайтын кезім болады.
Біреулер «Бала кезімнен ақын не жазушы болуды армандадым» деп жатады ғой. Өз басым солардан қорқам. Олардың көбі әдебиетте ат жасау үшін, атақ алу үшін бәріне барады.
Әлі есімде, баяғыда Жазушылар одағында бір ақынның кеші өткен. Сол кеште Маралтай аға да болды. Маралтай ағаның кім екенін ол кезде білмеймін. Бір топ жасқа еріп, Жазушылар одағына алғаш сол кезде келгем. Арамыздағы біреу: «Маралтай мықты ақын ғой, ағадан қолтаңба алайық», – деді. Мен шетте өзіммен-өзім тұрғам. Өзін қаумалап жатқан жастарға қолтаңба беріп болған Маралтай аға маған бұрылып: «Сенің атың кім? Мінезің бетіңе шығып тұр. Не деген мінез, ей?! Мына мінез – жазушының мінезі ғой», – деп басын шайқап күлді. Қойын дәптеріме «Сенен үлкееен жазушы шығады. Жынды Маралтайдың сандырағы келеді», – деп жазып берді. Ол қойын дәптер баяғыда жоқ боп кеткен. Маралтай аға сол қолтаңбаны берген кезде мен әлі бірде-бір әңгімемді жазбаған едім. Өмірімде алған жалғыз қолтаңбам да сол-ау.


Мәскеуде, Қазақстанда талай танымал адаммен кездестім, дастархандас болдым. Сол кісілермен суретке де түспейді екенмін. Табиғатымнан кісікиік адаммын, әрі суретке де көп түспеймін. Былтыр кешімді ұйымдастырушылардың өздері фотограф шақырған. Сол кезде фотографтар Дулат аға Исабеков пен Несіпбек аға Дәутайұлы батасын беріп, маңдайымнан сүйіп тұрған сәтін суретке түсіріп алыпты. Өзім үшін сол суреттер жылы естелік.
…ҚазҰУ-де оқып жүрген кезде шабыттанып, жазу үстеліне отырдым. Жазуға «басыммен кіріп кеткенім» сондай сабақты да ұмыттым. Жазуды аяқтап, нүктесін қойғанда жандүниемде ерекше сезім болды. Шынымды айтсам, сол сәтте әңгіме жазғанымды білмедім. Айттым ғой, менде «жазушы болсам» деген арман болған емес. Көп ұзамай «Ақ желкен» журналында ол туындым «әңгіме» деген айдармен басылды. Университеттің кітапханасына барсам, жоғары курстың студенттері «Ақ желкен» журналынан әңгімеңді оқыдық. Сен жазушы екенсің», – деді. Тырнақалды туындым «Балалықтың көктемін» көп адам жақсы қабылдады.
Кейін «Ана тілі» газетіне «Маргарита» атты әңгімем басылды. Бұл әңгімемді де әдеби орта, аға буын жақсы қабылдады.
Әмірхан Балқыбек ағаға «Маргарита» қатты ұнағаны есімде. Үйіне жиі барушы едім. Кейде жары Мархабат апайға «Үйге Аягүлді ертіп келші, әңгімелескім кеп жүр», – дейді екен. Әмірхан аға: «Саған проза жазу керек. Сенде талант бар, білім бар, мінез бар, харизма бар. Жазушыға керек қасиеттің бәрі бар. Бірақ жалқаусың. Жалқауланбай проза жаз, саған жазу керек. Әдебиетте жаңаша, ешкімге ұқсамайтын дүние жазатыныңа сенемін», – деп қамшылайтын. «Қырсықсың. Сол қырсық мінезің түбіңе жете ме деп қорқам», – деп ұрсатын. Кейде жас буынға сондай қайрау, жігерлендіру, қамшылау жетпей жатады.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген кезімде ақын Ғалым Жайлыбай «Аяш, сен прозамен шындап айналыс. Сенен мықты жазушы шыға­ды. Ең бастысы, сенде харизма бар», – дейтін.
Ғалым ағаның, Әмірхан ағаның сөзі, әрине, маған әсер етті. Өзіме «Жазу керек» дедім.
«Маргарита» – қарапайым әңгіме, бірақ өз өмірімнен жазылған шынайы шығарма.
«Маргаританың» деңгейінде тағы он әңгіме жазшы. Қазақ әдебиетіне осындай шынайы әңгіме керек», – деп жиі айтатын Әмірх­ан аға. Бірақ мен «Маргаританың» деңгейінде басқа дүние жазғым келмеді. Тым эгоистпін ғой. Потенциалымның одан жақсы жазуға жететініне сендім. Әмірхан аға жаңа әңгімелерімді оқып, телефон шалып, пікір айтатын. Қазір ойлап қарасам: менің жарияланған бірде-бір әңгімеме пікір айтпай қалған кезі жоқ екен. Әңгімем ұнаған соң ғана емес, ол кісі мені жазбай кете ме деп уайымдаса керек. Ол кісі әдебиеттің шын жанашыры еді ғой.
Әдебиет қоғамда аса құндылық болып бағаланбайтын заманда, әсіресе әйел адамға жазушы боп өмір сүру қиын екенін ол, әрине, жақсы түсінді.
Кейде ештеңе жазғым келмейді. Жәй ғана өмір сүргім келеді. Түсінесіз бе, жәй ғана өзіммен, Құдаймен үйлесімде өмір сүргім келеді. Жүйкеммен жазам. Жазу жазғанда қанша энергиям кететінін өзім ғана білем. Егер он жыл бұрын тұрмыс құрсам, ештеңе де жазбас едім.
Әдебиет үшін өміріңмен құн төлеуге бола ма? Меніңше, жоқ! Бұл өмірде өміріңмен құн төлеуге ештеңе де тұрмайды. Жан – Алланың аманаты. Мен әдебиетке өміріммен құн төлегім келмейді.
Ештеңе жазғым келмеген сәтте Әмірхан ағаның сөзін еске алам. Жазу керектігін, жақсы жазу керектігін түсінем. Әмірхан аға мені қайрау үшін, стимул беру үшін, сынып кетпеуім үшін жылы сөзін аямапты. Себебі жанымның тым нәзік екенін ол кісі білетін. «Тазасың, сенің түбіңе сол тазалығың жетеді. Сені өзгермей ме деп қорқам. Жоқ, сен былш еткізіп, бетке айтасың, шыныңды айтасың. Ертең қорқаулар жабылып, сені сындырып тастайды. Қорқаулар топтасып жүреді. Бір-бірін қолпаштайды. Ұнатпай тұрғаныңды жасыруды үйрен, жау жинай бермей», – деп ұрсатын. . Бірақ мен емес, ол таза болды деп ойлаймын. Сосын он-он төрт жыл бұрын мен жас болдым. Жас кезімізде бәріміз тазамыз ғой. Сол тұста әдебиетте Әмірхан ағаны ренжіткен адамдар болды… Шын мәнінде, біз бәріміз мейірімге зәру емеспіз бе. Өзі өзгелерге мейірімін төге жүріп, өзіне мейірім жетпепті…
Әмірхан ағаның мен Мәскеуге кеткенде қуанғанын сездім. Бұрын «шетелге кетем» деп жүргенде «Өзіңді сақтау үшін де саған шетелге кеткен дұрыс», – дейтін. Мәскеудегі Достоевскийдің үйіне барғанда Әмірхан ағаны есіме алам. «Ол кісі Достоевскийдің балалық шағы өткен үйге келсе, балаша қуанар еді. Достоевскийдің рухымен сырласар еді», – деп ойлайтынмын.
Айтқандай, 2007 жылы «Жұлдыз» жур­налына сыншы Сайлаубек Жұмабек аға әңгімелерімді сұрап алды. «Сенің шығарма­шылы­ғыңды талдап, жақсы мақала жазам», – дейтін марқұм. «Жұлдыз» бір нөмірін тек жастарға арнады. «Жұлдыздың» сол нөмірі менің шығармашылығыммен ашылды. Біреуге елеусіз нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ маған стимул беріп, қанаттандырғаны анық.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ МЫҚТЫ ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ БӘРІН ОҚЫДЫМ

– «Қазақ қаламгерлерін оқи бермеймін» деген пікіріңізді оқып қалған едім. Бұл ойыңыз «қазақ әдебиетін жақсы көрмеймін» дегенді білдірмейді ғой?
– Осы сұрақ алдымнан жиі шығады. Маған осы сөзді айтпауға да болар еді. Бірақ мен шынымды айттым. Қазақ әдебиетіндегі мықты жазушылардың бәрін оқыдым. Мектепте Пушкин, Лермонтов, Некрасов т.б. жазушылардан басқа ешкімді оқымадық. Қазақ әдебиеті – әлем әдебиетінің бір бөлігі ғана. Алдыма әлем әдебиетін терең білуді мақсат етіп қойдым. Әлем әдебиетін терең білмей, өз ана тіліңнен басқа бір-екі тілді жақсы меңгермей терең шығарма жазу мүмкін емес. Мысалы, Толстой бірнеше тіл білген. Сосын қазақ тіліне әлем әдебиетінен аударылған шығарма көп емес қой. Кейбір шығарманың аудармасы сын көтермейді. Өз мақсатым үшін күрестім. Мәскеудегі Ресей Халықтар Достығы университетінің әлем әдебиеті кафедрасына өз күшіммен оқуға түстім.

– Әрине, әдебиет – ұлт талғамайтын адамзат­тық құндылық. Дегенмен, қазақ әдебиетінің өкілі ретінде әлем әдебиетінің қоржынына не қосқыңыз келеді?

– Қазір роман жазып жатырмын. Романым­ды алдымен өз Отанымда, сосын Мәскеуде шығарам. Кітабым Мәскеуде жақсы сатылса, оны ары қарай Америкада, Англияда, Франция­да, Испанияда шығаруды жоспарлап отырмын.

– Өзіндік стиліңіздің қалыптасуына ықпалын тигізген туындылар, шығармашылық иелері бар ма?

– Жазушының табиғи болмысы – оның жазу стилі және имиджі. Асқар Сүлейменовтің «Стиль дегеніміз – жазушының өзі, мінезі» деген сөзі бар. Шын жазушы, шын ақын өзінің табиғи, шынайы болмысынан ешқашан алыстамайды. Ал болмысы жасанды ақын-жазушыны оқып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ.
Мен жалпы әдебиетте «мына жазушыға еліктедім, оны кумир тұттым» десем өзімді де, оқырманды да алдаймын. Жалпы өте эгоистпін, біреуді кумир тұтуға эгом жібермейді. Ең жақсы көретін жазушым – Эмиль Золя. Ең жақсы көретін ақыным – Бодлер.
Егер тірі болса, Эмиль Золямен сұхбат­тасып, әңгімелесер едім. Ойлау жүйесі ұнайды. Сосын Сартр мен Ницшенің философиясы, ойлау жүйесі ұнайды.

МУЗЫКА ЕСТІЛМЕЙТІН ӘДЕБИ ШЫҒАРМАНЫ ҚАБЫЛДАЙ АЛМАЙМЫН

– Әңгімелеріңізде әр кейіпкердің ішкі бол­мысы мен сыртқы кейпіне психологиялық анализ жасап, әр ситуацияға екі жақты көзқарас тұрғысынан зер сала отырып, философиялық ой түйіндейсіз. Өзіңізді әр сала бойынша жетілдіріп отырасыз ба? Бұл процесс қалай жүреді?

– РУДН-де оқып жүргенде жатақханада тұрдым. Бұл – белгілі бір деңгейде мемлекеттің қамқорлығындасың деген сөз. «Пәтерге ақша төлеу керек» дейтін уайым жоқ. Сол кезде фило­софияны көп оқуға мүмкіндігім болды. Әрі РУДН-де философиялық шығармаларды жиі талдадық. Тобымызда кілең Мәскеуде туып-өскен қыз-жігіттер оқыды. Жарысып пікір айтатынбыз. Оқытушылар «Шетінен еті тірі, адамды жұлайын деп тұрған мұндай топты бірінші рет көруім», – деп шошып кететін. Өзім осындай ортада жақсы тыныс алам. Жалғыз қазақ болған соң намысты қолдан бермеуге барымды салдым. Себебі шетте жүрген әр қазақ – ұлттың намысы, ары мен ұяты. Шетте жүріп, аяғыңды сәл қисық бастың ба, ел бар, жұрт бар, естиді.
Сосын сурет өнерін қатты жақсы көрем. Ван Гог, Поль Сезанн, Клод Моне, Эдуард Мане, Ренуар, Дали, Эдвард Мунк т.б. сурет­шілер­дің өнерін өз бетімше көп зерттедім. Бұл да, әрине, шығармашылығыма әсер етті.
Классикалық музыканы жаным сүйеді. Сағаттап тыңдаймын. Әсіресе Паганиниді тыңдаудан жалықпаймын. Прозада музыка болу керек. Проза оқығанда алыстан классикалық музыканы естісең, ол онда жақсы дүние. Музыка естілмейтін әдеби шығарманы қабылдай алмаймын.
Баяғыда, қателеспесем, 2008 жылы «Пара­сат» журналы жаңа әңгімемді сұрады. Жібердім. Жариялады. Баққожа Мұқай атындағы байқаудан жүлде алдым. 25 мың теңге. Мархабат апай (Әмірхан Балқыбектің жары) «Парасат» журналында жұмыс істейді. «Жүлдені сіз әпердіңіз бе?» десем, «Жоқ, мен комиссияның жұмысына мүлдем араласпадым. Бас редак­торға әңгімең ұнапты. Жақсы пікір айтып жатқан» деді. Ұмытпасам әңгімемнің аты «Суретші». Үш-төрт күннен соң Сомерсэт Моэмнің «Жас жазушылар өзі білмейтін суретші, композиторлар туралы жазады. Өзің білетін нәрсені ғана жаз» деген жастарға хатын оқыдым. Жаман боп қалдым.
Мен өзім білмейтін суретші туралы жазып, жүлде иеленіп, «лағман жеп» алғам ғой.
Қазір әлемдік деңгейдегі суретшілердің картинасын талдай алатын деңгейім бар. Бірақ Золяның «Творчествосын» оқығаннан кейін «Шамаң келсе, Золядан асырып жаз, еш болмаса, Золяның деңгейінде жаз. Болмаса, суретші туралы жазба!» – деген принципті ұстанам.
Золя әлемдік деңгейдегі суретші Сезанмен жақын дос болған. Золя импрессионистермен жақын араласты. «Творчествода» Клодтың прототипі – Сезанн. Суретші досына «мені жолы болмаған суретші етіп бейнеледің», – деп қатты ренжіп, Золямен араласпай кетеді.

– Жазу барысында әдеби заңдылықтар мен теорияға мән бересіз бе?

– Жоқ, ешқандай теорияға бағынбай­мын. Жалпы мен бір ереже мен қағидаға бағын­ғанды жек көрем. Еркіндікті, еркін жазғанды ұнатам.

– «Жандүниемдегі мұңға деген қарсылық ретінде ән айтқан болдым», – дейді «Бөтен» әңгімеңіздегі кейіпкер. Сізді қандай сәттер мұңайтып, қандай сәттер қуантуы мүмкін?

– Интровертпін. Жалғыздықты, оңа­ша­лық­ты жақсы көрем. Интроверттер сатқын­дықты ешқашан кешірмейді. Өмірде аз адаммен араласады.
Соңғы кезде көп нәрсеге қуана алмаймын. Әкем ауырып, дүние салды… Әкемді қатты жақсы көрдім. Әкем де мені ерекше жақсы көрді. Еркелетті, еркін өсірді. Әкемнен соң үш айдан соң, жалғыз інім, отбасындағы жалғыз ұл жол апатынан дүние салды. Түркияда оқу бітірді. Екі аптадан соң докторлық диссертациясын қорғамақ еді. Оқуға өзім бағыттап едім. «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде бірнеше айлығымды алдын-ала жаздырып, долларға ауыстырып, қалтасына сап беретінмін. Ол кезде банкпен ақша салсаң, көп комиссия ұстайтын. Сосын бірнеше ай жалақы алмай жұмыстан үйге жаяу қайтатынмын. Сол жылдары сіңлім Алматыда оқыды. Қосымша жұмыс істеп, оған қоса, газет-журналдарға болмашы қаламақыға жазып, сіңліме де көмектесетінмін. Түсте бір бәлішпен ғана шай ішетінмін. Асханаға барсам, гарнир ғана алатынмын, яғни суға піскен күріш не қарақұмық. «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге істеген қыздар біледі. Бәрібір сол кезде мен бақытты едім. Әкем мен інім бірінен соң бірі дүние салып, басымды көтере алмай ұзақ жаттым. «Парасат майданы» бағдарламасынан хабарласып, шақырып, ұшаққа билет алып берді. Ұшақ аспанға көтеріліп, бұлттарды жарып, ұшып бара жатқанымда ғана тірі екенімді сезіндім. Ауыр депрессиядан, стресстен соң Мәскеуге кеп енді өзіме оралып жатырмын.
Ал болмысыма келсек, оптимист те, пессимист те емеспін. Қандай нәрседе де тепе-теңдіктің, баланстың болғанын жақсы көрем.
Толстойдың «Мен қазір балалар мен жан-жануарларға ғана ұзақ қарай алам» деген сөзі бар. Мен Толстой емеспін және біреуге еліктегенді жек көрем. Бірақ мен де қазір тек қана балалар мен жан-жануарларға ғана ұзақ қарап тұра алам.

ӨЗІМЕ ҒАНА ҰҚСАҒЫМ КЕЛЕДІ

– Күнделікті тіршілікте санаға бағынасыз ба, жүрекке ме?

– Интуицияма сенем. Жүрекке бағыну бойында сезім басым адамдарға тән. Әйелді сол сезімнің басыбайлы құлы болу бұзады. Жоқ, мен жүрекке бағынғым келмейді. Өзімді сақтағым келеді.

– Жазушы ретінде қандай ұстанымды ұстанасыз?

– Саналы түрде аз жазам. «Аз жаз, бірақ жақсы жаз!» деген принципті ұстанам. Жазып жатқан романымды аяқтаған соң, тағы бір роман жазу ойымда бар.

– Көркем шығарманың ең маңызды қасиеті деп қандай дүниелерді атар едіңіз?

– Көркем шығармада ең маңыздысы: ешкімге еліктемеу, ешкімге ұқсамау, ешкімді қайталамау. Өзімді ешкімге ұқсатпаймын. Өзіме ғана ұқсағым келеді. Әдебиетте де, өмірде де тек қана өз ережеммен ойнаймын.

– Қандай жоспарыңыз бар?

– Америкада екі-үш жыл тұрғым кеп жүр. Ағылшын тілін білемін, енді сол білетінімді еселеп, жақсартып, екі жылдан соң Америкаға кетсем деймін. Алайда алда не болатынын тек Құдай ғана біледі. Әзірге менің жоспарым – осы. Бірақ Құдайдың маған қандай жоспары барын білмеймін…

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР22
Аноним 22.05.2020 | 16:12

Дұрыс айтады. Бұл қыз өз «менін», яғни, өзін қызықтап жүрген біреу.

Аноним 22.05.2020 | 18:38

Жолын болсын,жаксы кыз!

Аноним 22.05.2020 | 20:24

Бағытың дұрыс-деп ойламын

Аноним 22.05.2020 | 20:45

Ая шыныменде ешкімге ұқсамайсыз, мен жәй оқырманмын бірақ көп жазушылардың шығармаларын түгел оқи алмаймын, кереметі сол, сізді жалықпай оқи беремін. Әттең қартайып қалдым, артымда мен оқи алмайтын туындыларыңыз қалып кетеді ау деген өкініш болады кейде… Шығармашылық табыстар тілеймін, аман жүріңіз 💗

Аноним 22.05.2020 | 21:05

Аз уақыттың ішінде оқырманыңа айналдым, қайда жүрсең де аман бол, айналайын!

Аноним 26.05.2020 | 18:50

Керемет сұқбат. Ойын бүкпесіз айтыпты. Сәттілік, жазар көбейсін.

Аноним 26.05.2020 | 23:01

Мықты жазасыз. Құнды пікір.

Аноним 27.05.2020 | 14:24

Аягүл Мантай — талантты қазақ жазушысы! Ешкімге ұқсамайтын, бағыты дұрыс қаламгер.

Аноним 27.05.2020 | 14:40

Жарайсың, Аягүл. Ойың өзгеше, дара, терең, мөлдір.

Аноним 05.06.2020 | 21:21

Екінші рет пікір жазу дұрыспа, бұрыспа білмедім, сосын екінші рет қайталап оқып, әр оқығанда тың дүние оқығандай болсам, неге жазбасқа дедім, ренжіп қалмаңыз, теңеуім тосындау болса, шығарма не, сұхбатыңызды әр оқығанда, жаңа піскен тұзы татымды ащы куырдақты тамсанып жегендей болам, ☺️ аздап әзілі бар

Аноним 06.06.2020 | 02:06

Құдайдың жоспарында бір басы екеу болсын деп тұрса деген тілегім бар.

Аноним 06.06.2020 | 02:09

осы тілек орындалса, өмірге де жаңаша көзқарас пайда болып, жаңа идеялар туындайтынына сенім мол. Ғазиза.

Аноним 06.06.2020 | 10:26

Қазақ еліндегі қайталанбас жазушы болатыныңызға сенемін! Романыңызды күтудеміз😘😘😘

Аноним 30.07.2020 | 18:12

Тамаша! Ойлауы, ішкі энергетикасы мықты! Қазір көп қырлы, сан саланы білетін адам аз. Сол аздың бірі — Аягүл. Жолың болсын! Құлашыңды кеңге жая бер!

Аноним 30.07.2020 | 21:03

Өте сендіріп айтқандығыңыз соншалық, Сіздің шығармаларыңызды асыға күтеміз.

Аноним 13.08.2020 | 17:54

Аяш, сенің жұлдыз боп жарқырайтыныңа сенем. Сен таза адамсың. Сені танимын ғой. Сен секілді таза адамды білмеймін. сенің түбіңе тазалығың жете ме деп мен де қорқам. Сен жалғызсың. сендей Жазушы жоқ, болмайды да.

Аноним 30.03.2021 | 10:45

ЕРЕКШЕСІЗ! ҚАЙТАЛАНБАЙСЫЗ! РОИАНЫҢЫЗ БІТСІН, ӘЛЕМ ОҚЫСЫН!

Аноним 30.03.2021 | 11:34

Білмим, көзіме жас келд….

Аноним 06.08.2021 | 09:15

Құдайдың сізге жоспары мүлде бөлек болған екен

Аноним 12.08.2021 | 12:33

Аягүлдің қаза болғанын жаңа оқып қатты қайғырдым, мен жәй ғана оқырманмын. Анда санда газет оқып қалсам, Аягүлдің мақаласын үзбей оқушы едім. Тамаша жазатын, сағынып оқитынмын… Жаңа замандағы жаңа талант еді ғой..
Әттең көп дүниенің қадіріне жетпейміз ғой…

Аноним 13.08.2021 | 02:24

Ұят

Аноним 13.08.2021 | 02:25

Ұят та болса айтайын, Аягүлді тірісінде танымайтын екенмін. Кімді жоғалтқанымызды енді түсіндім. Жатқан жері жайлы болсын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір