КИТТЕН БИТКЕ ДЕЙІН
22.05.2020
1166
2

Алмаз МЫРЗАХМЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қасым» республикалық әдеби журналы Бас редакторының орынбасары

Америкалық жазушы Герман Мелвиллдің «Моби Дик немесе ақ кит» романы – әлем әдебиетінің үздік туындыларының бірінен саналатын әйгілі шығарма. Көпшілік қазақ оқырмандары осынау терең дүниені, ғажап дүниені ақын, журналист Қорғанбек Аманжолдың аудармасында оқи алды. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жас жазушы Алмаз Мырзахмет талайды тәнті еткен «Моби Дик» жөнінде ой толғайды.

«Мені Измаил деп атаңыз…»

Мен «Моби Дик» деген атауды алғаш рет жазушы Дидар Амантайдан естідім. Ұшақтан түсіп келе жатқан сәті болуы керек, ұялы телефоныма хабарласып, кітабымды қарап шыққанын айтты. Бір ай бұрын алғы сөз жазып беруін өтінген болатынбыз. Ұшақта жазбамды қарап шыққанын айтты да, бірден жазушылық туралы тақырыпқа ойысты. Сөз орайына қарай түрлі романдар жайында тосын сұрақ қояды, оқығанымды біліп, әңгімесін әрі жалғастырады. Біршама уақыттан соң: «Герман Мелвиллдің «Моби Дик» романын оқыдың ба?» – деді. «Оқымадым…» – деп, үй тапсырмасын орындамаған баладай басымды төмен салдым. «Ендеше оқы, сосын сөйлесеміз…» – деп, телефон байланысын үзіп жіберді.
«Моби Дик». «Моби Дик». Авторын есіме сақтамаған болуым керек, осы екі ауыз сөзді қайталап редакцияға кірдім. Бас салып редакторым, жазушы Серік Сағынтайдан сұрадым. «Әлемнің үздік романдарының алғашқы ондығында тұрған «Моби Дик» бүкіл классик деп жүрген жазушылардың ұстазы емес пе?» – деп, тіпті есеңгіретіп тастады ол. Менің романмен таныстығым осылай тосыннан басталған еді.
Оқығаннан кейін бұрын қабылдаған шешіміңнен бас тартқызатын шығармалар болады. Тұтас қоғамға қозғау салып, адамзаттың дамуын өзгертіп жіберген туындылар бар. Герман Мелвиллдің «Моби Дик немесе ақ кит» романы – адамның өмірге деген көзқарасын, таным көкжиегін өзгертіп жіберетін роман. Егер «романға дейінгі» және «кейінгі» деген жан әлемінің суретін қарау мүмкіндігі болса, көп өзгеріс байқар едіңіз.

Мен кітаптың алғашқы парағын ашқан сәтте-ақ алдымнан аспандап алып мұхит шыға келіп, қозғалсам болды, үстімнен басып қалатындай сезім кештім. Ұлы сапарға аттанайын деп тұрған Измаилдің нақ өзіндей. Теңіз төбемнен төгіліп кететіндей қорқыныш құрсауы итальяндық жазушы Алессандро Барикконың «Жаңа ғасыр» романындағы кейіпкердің қорқынышынан бір мысқал кем емес еді. Ол да өмір бойы құрлыққа табан тіреп жүріп, мұхитты көрмеген байғұс еді ғой. Дж.Кэмпбеллдің тілімен айтқанда, «Бұл құбылыс – сапарға аттанған қаһарманның басқа әлемнің табалдырығын аттайын деп тұрған сәттегі толқынысы». Психологиялық тұрғыда адамның «жан» деген теңіздегі дауылдармен күресуге, яғни өз «Меніндегі» мәселелерді шешуге аттанар алдындағы қобалжу. Кейін, архетип жайында зерттеулер жүргізе бастағанымда «Моби Дик» романына қайта оралдым. Измаилдің теңізге аттанар алдындағы ойларына психология призмасы арқылы үңіліп, ойымның дұрыстығына болаттай берік сенім пайда болды. Адам тұрмыс-тіршіліктің мәнін жоғалтып, қордаланып қалған мәселелерден шығарға жол іздеп аласұрғанда теңізге аттанады. Теңіз – адам жаны. Ендеше, аталмыш романды «адам жаны туралы туынды» деп айтуға толық негіз бар.
Біз неге теңізге, мұхитқа ұмтыламыз? Неге жер бетіндегі барлық сүрлеу-соқпақтар, жолдар суға бастап апарады? Адамның табиғаты шексіз теңізге көзін суаруға ұмтылып тұрады. Теңізге жетіп, толқындар көшіне ұзақ қараймыз. Сол сәтте жанымыз рахат табады. Неге? Себебі біздің бастауымыз суда, теңізде жатыр. Бұл да архетиптік тереңдіктегі сезім екен.
Сонымен, романды жалдай жөнелдім. Бес-алты беттен соң жүздім. Бойлап едім, табаным түбіне жетпеді. Сосын сүңгідім. Тұншықтым. Тұңғиыққа баттым. Ақыры мұхит түбіндегі маржандарға жеттім.

Дауылдың өзін айқасқа шақыратын аяғы жоқ капитан Ахавтың, алақандай без үшін қарны үрілген өлі киттің бүйірін үңгитін Старбектің, жеті қараңғы түнде теңіз бетінде алаудай жарқырап жүзіп бара жататын кеменің, ақ киттің, т.б. жанды-жансыз кейіпкерлердің астарында не жатқандығына ой жүгіртіп, жазбамды күрделендірмей-ақ қояйын…
Шығарма ақ пен қара, мейірім мен зұлымдық, теңіз бен құрлық, ыстық пен суық, түзу мен қисық, жұпар мен сасық, т.с.с. мүлде кереғар ұғымдар жайлы қалыптасқан пікірдің қате екендігін айқара ашып тастайды. Оқисыз да, шексіз теңіз бетінде қалбалақтаған жаңқадай ұлы жалғыздықты сезінесіз. Тап шыным.

Таза, кіршіксіз деген ақ түстің суық екендігін, тіпті, мүлде түс еместігін, ешқандай түстің жоқтығын, ал қара түс – барлық түстер қосылған ең бай түс екендігін әлемдік мифтер, діни кітаптар, оқиғалар арқылы дәйектейді. Адам үсіп өлерінде неге ыстықтадым, күйіп бара жатырмын деп киімдерін лақтырып тастайды, білесіз бе? Ал Франция патшайымдарының ең жұпар парфюмдері қалай жасалған? Жақсылықтың бәрі жамандықтан ба?

Піл сауырлы қара жердің су алып жат­қан ықылым заманнан бергі иесі – интеллектісі адамнан жоғары киттер жайлы кітап адам табиғатын аяусыз ақтарып тастаған. Сіз ең үлкен жануар­дың пошымы, түрлері жайлы ғана емес, оның әр сүйегі, безі, жетпіс өкпесіндегі ауа түйіршіктері хақында қанық ақпаратқа тап боласыз. Әлемдегі барлық жазбалардағы кит жайлы мәліметтер алдыңыздан шығады. Және, ең бастысы, бұның бәрі сізді бір секундқа да уысынан жібермей ұстап отыратын шымыр сюжетпен жазылған.
Кітапты оқып біткен соң, сең соққан­дай емес-ау, айсберг соққандай есеңгіреп қалдым. Романды қанша уақытта еңсергенім есімде жоқ. Бір деммен оқып шықтым деп те айта алмаймын. Кейбір жерлерді қайта оқыдым. Кейде «Пекод» кемесіндей жүйткіген кездерім болды. Дидар Амантай ағаға хабарласпадым.

Әдетте, қалың романның соңғы бетін оқып біткен соң, кітапты жауып, тау көтеріп тастағандай әлдебір қанағаттанған сезім кешеді емессің бе? Бұл жолы олай болмады. «Моби Дик немесе ақ кит» романын аяқтаған бетте жанұшыра ғаламторды ашып, Герман Мелвилл мен шығарманың жазылу тарихын іздеуге ұмтылдым. Кит аулаушы автордың бес жыл бұрын теңізге сапарынан соң жағалаудың топырағына табаны тиген сәтте: «Енді мүлде теңізге шықпаймын, жазушы болам», – деген сөзі құлағымның түбінен естілгендей болды. Құдды Измаилдің өзі жолшыбай бесінші қабаттағы пәтеріме соғып, темекісін будақтата терезеге ойлана қарап тұрып айтқандай. Кітап әсерінің күшті болғаны сонша, бірнеше ай басқа кітаптарға жоламадым. Роман желісімен түсірілген фильм премьерасы сол уақытқа сәйкес келді. Әлеуметтік желіге «Моби Дикті» оқыған жан болса, редакцияға келсін, киноның билетін өзім аламын, бірге барамыз» деп үндеу тастадым. Оқыған адам болмады. Премьера күні редакторым маған билет алып беріп, фильмді екеуміз тамашалаған болатынбыз.
Теңіз толқынында Квикегтің табытындай қалбалақтап жүргенде қармағыма замандасымыз, француз жазушысы Бернард Вербердің «Құмырсқа» романы ілінді. Әлемдегі ең үлкен жануардан өркениет деңгейіне жеткен кішкентай жәндіктер әлеміне тап болу – төмен құлдилағанда ішіңді қытықтайтын сезімге бөледі. Кітап оқудың ләззаты осы емес пе? Кез келген жаратылыстан Құдайды тануға болады. Тіпті, құмырсқадан да…

Бірақ, бұл – басқа әңгіме…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 22.05.2020 | 22:43

Ғажап!

Аноним 22.05.2020 | 22:44

Керемет мақала.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір