АСЫЛ ЕРДІҢ БАЛАСЫ
«…Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға».
Абай.
Филология факультетінің білімінен гөрі аңызы бұрын жетеді. Оқушысы мен оқытушысынан бұрын, аңызына елітіп, жас талап филфакта оқуға ынтығады.
Мектептегі қабырға газетінде З.Қабдолов пен Т.Кәкішевтің суреттері ілініп тұратын. Астында «біздің түлектеріміз, филология факультетінің студенттері» деген жазу. Және оны мақтан қылып әдебиет пәнінің мұғалімі құлпыртып айтқанда, ғажайып білім кеніне қиялмен барып, оқып жатар едік. Сол арманшыл жүрек бізді ақыры филфакқа жетелеп келген. «Бұл жерде Әуезов сабақ берген…» деп басталатын ұстаз сөзі тағы бір жаңа аңыздардың жолын ашатын. Ғұмырнамалық кітаптары оқу арқылы аңыздарымыз жетіле түсіп, бояуы қанықтай берді. Шыны мен өтірігін ажырата алсақ та, аңызына сенгіміз кеп тұратын. «Әбіш пен Мұхтар сабақ кезінде партаның ең соңына барып, кітап оқып отыратын» деген сөзді оқығаннан кейін бір кітапты құшақтап алып, оқымасақ та аудиторияның түпкіріне барып, Әбіштерше «сабақ оқитын болдық». «Әбіш пен Мұхтар жас ақындарға Әуезовтің батасын алып берген» деген сөзді оқып, ақсақалымыз, марқұм Тұрсынбек ағаймен кездесу ұйымдастырып, қазір аты шығып қалған жас талаптарға қарияның батасын сұрадық. «Әбіш үшінші курсында мүйізі қарағайдай жазушыны сынап тастаған» деген сөзді естіп және бір желпіндік… «Оның прозасы ешкімге ұқсамайды» деу арқылы жазушылығымен таныстық. «Сыншы болуды мұрат еткен адам Әбіш сындарымен танысуы ләзім» деген аға сөзі қайрап, төрт томға жинақталған мақалаларына қол жеткіздік. Қайда жүрсек те, бізді Әбіш аңызы жетелепті. Қайда барсақ та, бізді Әбіш аты қарсы алып, Кекілбаев қаламы оқытыпты. «Жақсы өмірін әуре еткен» саясаткерлігінен оқшау Әбіштің дидарына осылай ғашық болыппыз…
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
***
Әбіштің бесігін ұлт маңдайына жазылған қиын күндерді өз басынан кешкен ардақты ана тербетті. Жастайынан үлкендердің әңгімесіне құмар болған, анасы «тәйт» деп бетінен қақпаған, «бүйт» деп «ақыл» айтпаған бала Әбіш жастай әке махаббатын көрмегеннен кейін бе ерте есейеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қолына ерте қалам алады. Бұл – ауызша сөйлеп би атанатын уақыт өтіп, жазудың заманы туған шақ еді.
***
Дүниенің сан сұрағы діңкелетіп, ақылға салмақ салсақ та, оттай өрекпіп, толқындай шайқалып, көңілге ерік берсек те жүгінеріміз, тоқтарымыз – Абай ғой. Сол Абайдың Әбдірахманы – Әбішінен кейін қазаққа тағы бір Әбіш бұйырыпты. Бірі он тоғызыншы ғасырдың аяғында дүние есігін ашқан, «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуға талпынған», кейін Алаш зиялылары деп аталған толқынның замандасы болса, бірі ұлт басына бұлт үйірген кәмпеске, ашаршылықтан кейін келген нәубет – репрессияның ізін ала шыр етіп, кіндік қаны тамған, кейін атақты «алпысыншы жылғылар» атанған үлкен топтың көшбастар өкілі еді. Әбіш Ибраһимұлы салқар қазақ жәзирасының шығысында, Шыңғыстауда, білім мен өнердің қазыналы ордасында бесікке бөленсе, Әбіш Кекілбайұлы сайын даланың батысында, қызырлы Маңғыстауда жөргекке құндақталыпты. Кекілбайұлының ныспысы Әбдірахман болмаса да, Әбіш атының ар жағынан осы бір қасиетті есімнің қадірі, құты сезіледі. Мұсылмандар тарихына көз жүгіртсек, осы атпен аталған кісілердің бәрі де қызыр қонған, бақ дарыған жандар. Солардың арысы, пайғамбар сахабасы – Әбдірахман ибн Ауф. Бар байлығын Құдай жолында садақа етсе де, байлығы артпаса кемімеген, тас көтерсе, астынан алтын шығатын құттың иесі екен. Ал сол көштің біз білетін соңы Әбіш Кекілбайұлы – сөз қонған әулеттің заузаты.
1926 жылы Үстірттегі Өтес дейтін судың бойында құдайы беріледі. Бұл сол өңірдегі ең соңғы үлкен ас болса керек. Әбіштің үшінші бабасы дүние салған еді. Ондының іргесіндегі Қамысбай зиратынан мәңгілік мекенін тапқан бабаның кенже баласының басына Сібірге айдалу қаупі төнеді. Оған мойынсұнғысы келмеген кенже бала үш ағасының отауын ертіп, Хорезм асып кетеді. Сол үш отаудың бірі Кекілбай отбасы болатын.
Әбіш ауылының ақсақалдары ол жылдар туралы көп ештеңе ашып айтпайды екен. Тіпті, анасы да: «Сол адыра қалғыр баяғыны қайтесің?» – деп, бала сұрағына жауап беруден қашатын көрінеді. Қарулы, мінезді ананың, ауыл ақсақалдарының жүрегі неден шайлығып қалғанын қазір айту оңай сияқты. Сол бір қиындықты, қысастықты көрмей, сезбей пәтуа айтатын кейінгінің мінезі ақыл шолақтығынан емес, адам жанының әділетсіз қылығынан болса керек.
1870 жылғы Маңғыстау көтерілісінен бастап бұл елдің қазақтары көп құқай көреді. Қарсы шыққан жүз адамның қаңқасы мұражайда тұрсын деген сөз осы кезде айтылыпты. Осы көтерілісті езіп-жаншыған орыс әскері Хиуаны аларда да үлкен қарсылыққа ұшырайды. Маңғыстау арқылы өткен топтың штаб бастығы Гродеков та әлгі сөзді қайта айтыпты. Сол кезден бастап отаршылдардың аузынан түспей келе жатқан сөзді Азамат соғысы кезінде генерал Толстов айтыпты. Отызыншы жылдары қанау атаулыға қарсы шыққан қазақ бай-бағландарының басына төнген зұлмат кезінде де қызылдардың пиғылы сондай болса керек. Дәулет қонған, қызырлы бабаларының басына қандай зауал келгенін Әбіш кейін Үстірттегі Бармақ дейтін жерде Төле Еркеғұлов деген ақсақалдың аузынан естігенін айтады. «Апырмай, сіздің әулетке салық басқаларға қарағанда көбірек түсіп еді. Өзіңдей оқыған жігіттер шығып жүргеніне қарағанда, әйтеуір тігерге тұяқ қалдырған екен ғой», – деп маңдайынан сипаған қарттың еміренуінің ар жағында оқыған қазақ баласына ғана емес, оның арғы аталарына деген құрметі жатқан болатын.
Кейін Түрікменстаннан атамекен – Маңғыстауға қазақ көшін бастап келген де Әбіштің аталары. Әкесі Кекілбай 1937 жылы Баку, Махачкала арқылы елге оралған соң Ондыдағы колхозда, Таушықтағы кен орнында қызмет істейді. 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград маңында ерлікпен қаза табады. Үш жасында әкесіз қалған Әбіш анасы Айсәуленің тәрбиесін көреді. Анасы туралы мақалаларында, сұхбаттарында көп айтатын жазушы сол арқылы өмірінде анасының қаншалықты маңызды орынға ие екенін сездірсе керек.
Ауыл шаруашылығын сынап жазған мақаласы мәжілісте талқыланып, «Кекілбаев жолдастың мақаласында көрсетілген кемшіліктерді түгел мойындап, оны жоюдың шаралары қабылдансын» деп шешім шығарылған кезде Әбіш бесінші сыныптың оқушысы болатын. «Лениншіл жас» газетінде бұрын көп көзге түспеген автордың бірі қазақ, бірі орыс екі жазушының бір-бірінен айнымайтын шығармаларын оқып, ұрлықты әшкерелеп жазған мақаласы әдеби ортаны дүрліктіріп, қызу талқыға түскен уақытта Кекілбаев сегізінші сыныптың партасында отырған. «Қымбатты Әбіш, марапатталуыңмен құттықтаймыз. Шығармашылық табыстар тілейміз. Лениншілжастықтар» деген құттықтау телеграмма алып, белсенді ауыл тілшісі ретінде Орталық комсомол комитетінің құрмет хатына ие болғанда кәмелеттік аттестат күтіп жүрген бозбала болатын. Содан бері қаламы дамыл таппай, әдебиеттің әр жанрына қол созған, қоғамның әр түйткіліне алаңдаушылық білдірген, өз замандас ағалары, үзеңгілестері, інілері туралы, олардың шығармашылық жетістіктері мен адами болмыстарына терең үңіліп мақала жазған жүйрік қаламның иесі болды. Бір-біріне риясыз құрмет көрсетіп, шын жүректен: «Шығармашылық табыстар тілейміз» деген сол кездегі лениншілжастықтардың тілегі қабыл болыпты. Оның сыртында жеті атасынан келе жатқан тектілік пен қасиетті мекеннің бүгін біз ұғып біле алмайтын қаншама қазына сыры бойына дарыды. «Сол адыра қалғыр баяғыны қайтесің?» деп сыр бүккен ана сөзінің астарында мол тарихи мағлұмат жатқанын түсінді.
Әбіш «бесігінде-ақ қайым замандардың қамырықты гөй-гөйін естіп жатқандай». Оның қаламынан туған әр дүниені оқысаңыз, телегей теңіз біліміне малтығасыз да қаласыз. Бергі бір замандардан бастап, адам сафи ұрпағының бүкіл ғұмыр тарихына қанықтырып, олардың өмірі мен салтын түгел бажайлап барып, қайта сол заманға оралатын орасан зор тыныс Әбіштен кейін көп ешкімде кездеспеген сирек қасиет. Оның білімге деген қомағайлығының себебін немен түсіндіреріңді білмейсің. Талантты десең, құрғақ мақтау мен жайдақ сөз болып шығады. Қазақта кім талантсыз? Көзге түскен, қалам ұстаған, билікте отырғандардың бәрі талантты! Көп оқыды десек. Оқымаған кім бар? Бәрі оқыған, ақын-жазушы атаулының бәрі кітапқұмар! Бірақ ешкім Әбіштей емес. Оның бір-ақ түсіндірмесі маңдайына жазылған тағдыр талайы болса керек. Өткен ұрпақта кеткен қазақ есесін қайтару Әбіштің маңдайына жазылыпты. Қол қусырып, иман келтіретін Құдайы оның маңдайына ерекше тағдыр жолын жазыпты. Бала күнінен ерекшеленіп, көзге көп түскені де сондықтан. Бала күнінен оқуға ынтық, әділетке жақ болуының түп төркіні сол ғана.
Оқушы кезінен «Лениншіл жастың» тілшісі боп жүріп, ондағы қызметкерлердің бәрін сыртынан танып алған. Алматыға келгенде оған ешкім «бейтаныс» болмады. Бәрі «Әбіш, сенбісің?» деп жылы қабақ танытты. Оның ұлт алдындағы мігірсіз қызметі сол кезден-ақ басталып кетті. Тіпті, бесінші сыныбында колхозды сынап жазған әлгі мақаласынан-ақ басталған-ды.
Әбіш өзін бақытсызбын деп есептемейтін шығар. Егер солай десе, біздің бақытсыздығымыз Әбіштікінен екі есе. Ол оқу бітіріп Алматыға келгенде әдебиетте Әуезов, театрда Серке, Күләштар, музыкада Жұбанов бастаған қазақтың саңлақтары тірі еді. Әбіш солардың көзін көрді, тағылымын алды. Бұл – бір. Екіншісі – ол кезде астана Алматы болатын. Бүкіл игі жақсылар сол кездегі астанада тұрды. Біз – кейінгі заманның баласы алдыңғылардан көп ешкімді көрген жоқпыз. Солардың сарқытын көрейік десек, астана Ақмолаға ауысты. Астана атанды. Бар саңлақ сонда көшті. Анда-санда редакцияға қоңырау шалғанда, болмаса газет атынан өтініш айтып, хабарласқанда Әбіштің даусын телефоннан естігенімізге шат-шадыман боламыз. Енді ше? Жетпіс бес деген ақар-шақар шыңның басына шыққан Кекілбаевтың, қазақ әдебиеті деп аталатын мұхитқа мұхит қосқан Әбіштің айтқанын қағазға түсіруден асқан мәртебе болсын ба?! Бұл деген студент Әбіштің ұстаз Әуезовті қолтықтап үйіне шығарып салғанынан бір кем түспейтін ғанибет қой. Осындайда пендешілігіңнің ұстағанын да байқамай қаласың. Біреудің қазасына қайғырып, көңіл айтса, соны Әбіш айтты деп қуанып қағазға түсіреміз. Бұл қуаныштың жөні, әрине, басқа…
Кейінгі ұрпақтың бойында қалғып кеткен адамгершілік қасиеттен басталатын зор мәдениет пен әдепті, бақай есеп пен бақастықтан аулақ сезімді Әбіштің ойы мен қаламы оятты. Оның қаламынан туған әр мақаласын оқыған сайын шалқар сөз мұхиты мен білім кеніне тап боласың. Ешкімге ұқсамайтын Әбіштің сөз мұхиты-дүр.
***
Әбіш туралы ой дәл өзінің алқабындай орасан. Бірақ оны жеткізуге тіл қысқа. Шашыраңқы ойыңның қайсына бұрын жармасарыңды білмей қарманып бағасың. Зор білімге біліммен келмесең, батасың. Жұрт сияқты тек тамсанумен ғана шектелгің келмей, тани түсуге талпынып көресің. Әбіш оқырманынан жасырынбай, онымен ашық диалогқа шығады. Оған бар сырын бүкпей айтады. Адам жанының шындығын да алдыңа жайып салады. Тек түсініп, түйсін.
***
Алматыға келген Әбішті тек оқу ғана емес, жақсылармен сыйласып, сырласатын ерекше тағдыр сыбағасы күтіп тұрды. Ақын, жазушы, өнертанушы, музыкант, актер, суретші, мемлекет қайраткері атанған жанның бәрімен Әбіш етене араласты. Кейін солардың әрқайсысының халыққа сіңірген еңбегін жарқырата жазды.
Әбіштің прозасын, мақалаларын көп оқыған сайын, өзіңнің түк оқымағаның айпарадай болады. Жинаған материалыңнан бұрын Әбіштің теңізіне малтығасың. Әбіштің жазғаны оқығанының бір ширегі ғана. Сол ширегінің өзін шиырлап жүріп аласың. Жүйрік қаламның әр ізі – бір дәуір.
Оның мақалаларына тән бір ерекшелік – қай тақырыпты қозғаса да дендеп, түбіне дейін барады. Арғы-бергі тарихын, даму кезеңін түгел қамтитын автор қай саланы жазса да, соның маманы сияқты. Әуелі баяу басталатын баян ұлғайған сайын иіріміне тартып, динамикасы арта береді. Тек өзіндік қолтаңбасы мен тіл үйіріміне ғана назар аударып қоймай, эстетикалық танымы мен дүниетану түсінігіне, шығарма мазмұнына ден қоясың. Аяғына қарай қайта саябырлап, өзіндік тұжырымын алға тартады. Мысалы, Әуезов туралы мақаласын айтыңыз. Студенттік жылдардан басталған баян ұлғая келіп ұстаздың тұтас тұлғасына ауады. Қазақ әдебиетіне алдында үлгісі жоқ роман жазғанын алға тартып, адамзат тарихында романның алғаш пайда болған кезінен бастап, әр дәуірде мазмұндық, формалық жақтан қалай түрленгенін, қай ағымда кімдердің жарқырай көрінгенін, оның қайсысы әлем әдебиетіне айырықша үлес қосып, қайсысы адам жанының қалтарыстарына, қайсысы қоғамның мазасыз сұрақтарына жауап бергенін түгел қаузап барып, қайырып әкеліп романист Әуезовтің жазушылық ерекшелігін, жазу жолының қалай басталып, қай кезде қандай өзгеріске түскенін, формацияның нендей әсер еткенін де бақайшағына дейін талдап жазады. Қасым, Төлеген, Жұмекен, Қадыр, Мұқағали туралы жазған мақалалар циклының кіріспесінде лирика жанрының қалай пайда болғанын антикалық дәуірден бастап, көне Эллада даласы мен Рим, бергісі орыс декабристерінің тарихын айтып келіп, қазақ топырағына келгенде мүлде егжей-тегжейлі баянға көшеді. Объектісін талдап, сынаушы ғана емес, оқырманына лекция оқып тұрған ұстаз.
***
Әбіштің прозасы сала-сала әңгімеге арқау болатындай. Әлемдік әдеби сахнаға қазақ жазушыларынан кімдер шықса да, солардың ішінде міндетті түрде жазушы Кекілбаевтың шығармасы болары сөзсіз.
***
Ол әдебиетке «мәңгүрттікті» әкелді. Біз осы бір ұғымды Айтматов жазғанда, «Кекілбаев бұрын жазған» деп шуладық. Ол рас. Бірақ Айтматов көшірді ме? Оған Әбіштің өзі жауап береді: «…Берлинде бір топ сыншылармен сұхбаттасқаным бар. Көп қойылған сұрақ: «Маркеске қалай қарайсың?», «Айтматовқа қалай қарайсың?». Әрине, бұл екеуін неге қосақтап отырғандары түсінікті. Екеуі қазіргі рухани ізденістегі ең басты тенденцияның жыршылары. Маркес және Латын Америкасындағы әріптестері «каудильошылдықты», Айтматов «мәңгүрттікті» бүгінгі саяси-философиялық ойға тұрақты ұғым қып қосты. Алдыңғысы – әсіре өктемдіктің философиясы. Соңғысы – құлақкесті құлдықтың философиясы. Екеуі де менің шығармашылық ізденістерімнің басты арналары. Ол жайындағы ойларымды жинақтай келіп, мен сонда мынаны айттым: «Алматыда тұрып, Алатауға көзім түспеуі қандай мүмкін болмаса, біздің дәуірімізде қолыма қалам ұстап отырып, Айтматов не жазып жатыр екен, қалай жазып жатыр екен деп алаңдамауым сондай мүмкін емес».
«Әбіш мәңгүрттікке келудің себебін жазыпты. Ал Шыңғыс оның салдарын жазған».
***
Әбіштің прозасынан көп тақырыпты табуға болады. Тарихи, этнографиялық, деректі, модернистік шығармалардың қай-қайсы да Әбіш қаламына іліккен. Әбілқайыр ханның толық әдеби бейнесін жасады…
Бірақ оның прозасында қазақ та, басқа жұртшылық та ерекше көңіл қойған бір шығарма бар. Ол – «Аңыздың ақыры».
***
«Мұндай мазмұн молдығы, характер байлығы, терең мәнділік кез келген монументальдық романға жүк болар еді». 1967 жылы «Өлі жандарды» Пушкин неге өзі жазбаған?» деген поэма жанрына арналған мақаласында Әбіш осы сөзді Ілиястың «Күйші» поэмасына қарата айтқан еді.
Жерден жеті қоян тапқандай, қуанғанымыз бекер болыпты. Оны бізден бұрын Әбіш өзі айтыпты. Монолог, жартылай монолог, диалог, жартылай диалог арқылы жазылған бұл шығарманың алдында үлгісі бар. Ол – «Күйші» поэмасы. Бірақ артында жалғасы жоқ.
«Күйші» шығармашылық адам туралы тарихи баян. Ақын бірінші планға шығармашылықты шығарады. Ал Қарлығаштың сезімі сонымен параллель өрбиді, бірақ шығармашылықтан кейінгі орынға ие. Ал «Аңыздың ақырында» осы сезім арпалысы бар құпия, сырымен алдыңа келеді. Екіұдай арпалысқа түскен адам жанының қиналысы мен қайғысын, ақылға да, тәртіпке де бағынбайтын сезімнің бостандығын Әбіш жазушы ретінде әр қырынан, әр түрлі ракурста, әрқандай призмада, ақыл жеткен барлық фокусымен көрсетеді. Қалай ақтаймын десеңіз де, еркіңіз. Бірақ оқиға дамыған сайын алдыңыздан жолыға беретін Әміршінің де, Үлкен ханым мен Кіші ханымның да, шеберлер мен уәзірлердің де, тіпті жансыздар мен саудагерлердің өз шындықтары өміршеңдігімен сізді иландырады. Әбіш Ілиястың идеясын «Күйші» поэмасы толығымен ақтап тұрғанын көрді. Поэмаға ғана емес, өзі айтпақшы романға жүк болатын дүниені қапысыз таныды. Ол ақын жырлаған шығармашылықты да ұмытқан жоқ. Поэмада шығармашылықтың жемісі – «Азат» күйі болса, мұнда – мұнара. Ілияс ұсынған бүкіл рецепті сақтай отырып, оны ары қарай жалғастырып қана қойған жоқ, дамытты. Поэмада күйші бостандығына арналған шығарма күй арқылы жазылса, романда поэмада айтылып, ешқандай ескерусіз қалған жазықсыз махаббатқа ескерткіш қояды. Көзапара қиянат жасалмаған сезімге, пәк махаббатқа қандай сый болса да жарасымды емес пе еді?! Мұндай сыйдың үлгісі тарихта, әдебиетте аз ба екен? Ілияс Есенберлиннің «Алтын Ордасында» Берке хан мешіт салдыруға шартараптың барлық шеберлерін жинағанда, мешіттің бір қабырғасына шебер ғашығының бейнесін салмайтын ба еді? Белгілі бір нүктеден қарағанда, күн белгілі бір межеге келгенде дала сұлуының көз тоймайтын ғажайып келбеті алдыңыздан жарқырай көрінбейтін бе ед?! Ойламаған жерден Берке хан әлгі «қылмысты» көріп, мұсылман дінінде мешітке сурет салуға болмайды деп, қиратқызбайтын ба еді?! Ал тарихта Жаһан шах сүйікті жары Мумтаз ханымның рухына арнап әйгілі Тәж-Махалды салдырмады ма?! Ендеше кіші ханымның Әміршіге деген махаббатын бейнелеуге мұнарадан артық не лайық болмақ. Бірақ сол мұнара Кіші ханымның махаббатын емес, Кіші ханымға деген махаббатты мүсіндеп шығады. Күннің орны өзгерген сайын құбылып отыратын сиқырлы мұнараның қалай болғанда да, махаббатқа бағышталғаны анық қой.
Әбіш поэмада көтерілген барлық мәселені қалыс қалдырмайды, керісінше поэмадан қалыс қалған бейнелерді қосады. Сарай қызметкерлерінің пыш-пыш мінезі мен оқиғаға өздерінің жанынан «әр» беретін халықтың гу-гуін, жансыздардың басын аман сақтау үшін зыр жүгіретін әлжуаз мінезін жазады. Кенесары хан басымен араласпай отырған оқиғаға, мұнда Әміршінің өзі тап болады. Сондай оқиғаға тап болған билеушінің өзі қандай шешім шығарарын Әбіш біледі. Егер Кенесары сол оқиғаға араласса, Сапақтың басын сөзсіз шабатын еді. Ал Қарлығаш халықты қорқыту үшін ғана бұйрық беріп, ондай қатал жазаға бармайды. Кіші ханым да Жаппардың қылығына ауыр жаза қолданбай өз орнына басқа сұлуды жіберіп, қулық жасайды. Бірақ Әмірші шебердің пиғылын бәрібір кешірмейді. Оның жазасын халықтың «тілегі» бойынша орындайды.
«Ең үлкен трагедия – тәуелділік» дейді Әбіш сол мақаласында. Романда да осы өзек сақталады. Қанша басты шапқан, неше тақты құлатқан Әмірші де өзінің тағына, Кіші ханым күйеуіне де, сезіміне де, Жаппар қиялына тәуелді. Ілиястың сол кезде осы бір тәуелділік пен тәуелсіздіктің арасындағы азап пен рахатты соншалықты суреткерлік махаббатпен жырлауының өзіндік себебі бар. М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Көксерегі» де тәуелділіктің ең үлкен трагедия екенін ұқтырмайтын ба еді?!
Мұнда Әбіш мақалаларында жиі айтатын адам жанының реализмі бар. Ілияс жазған психологизмге ол кезде қазақ прозасы жете қоймаса, Әбіш сол олқылықтың орнын толтырды.
«Өзіндік көркемдік парасат әлемін қалыптастырған ойшыл, суреткер Әбіш Кекілбаевтың арғы заманның адамы арқылы бүгінгі кезеңдегі жұмыр бастының пенделігі мен әлеуетін пайымдауға жетелейтін, бүгіннің адам пендесі арқылы арғы замандағы алшаң басқан пенде адамның өзгеге көрсетпей, жасырып баққан құпияларын байыптайтын, сол арқылы уақыттың біз мәңгілік деп ұғып жүрген ұлы ағысындағы құбылыстарды тануға бастайтын, көркемдік мазмұнында қисапсыз сырлар қамтылған «Аңыздың ақыры» романы әлем әдебиетіндегі ешбір шығармаға ұқсамайды», – деп баға береді білімдар сыншы, талантты ғалым Бекен Ыбырайым.
«…Әлем әдебиетіндегі ешбір шығармаға ұқсамайтын» роман – олжасы үшін кейінгі қазақ Ілияс поэмасына қарыздар екен.
***
Әбіш шығармашылығының гуманистік сипаты әркімге өзінше ой салады. Ол туралы сөз болғанда: «Ол – Әбіш қой» деген бір ауыз сөз жазушының еңбегі арқылы есімінің өзі өлшемге айналғанын сездірсе керек. Кекілбаев туралы сөздің алды да, соңы да бұл емес. Уақыт диірмені айналып, ұрпақ алмасқан сайын жаңара түсетін пікірлердің болатынын сездіргендей, Әбішті үлгі көріп, сөзімізді үш нүктемен аяқтағанымыз жөн шығар. Өйткені, ол – Әбіш қой…