ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ. АЛПАУЫТ АҚЫНДАР
15.05.2020
1240
0

«…Пусть индивидума
клеймит толпа:
Она груба, дика, она –
невежда.
Не льсти же ей: лесть –
счастье для раба,
А у тебя – в цари
надежда…»

«…Тобыр, дәйім, қаралайды
тұлғаны:
Топта ақыл жоқ, тән –
тұрпайы, тағылық.
Жағынба оған: жағу,
ұнау – құл бағы,
Ал, өзіңде – патшалықтан
бар үміт…»
Аударған Е.Алаштуған

«Күміс ғасырдың» көрнекті өкілі, ақиық ақын И.Северянин (тумысынан Игорь Васильевич Лотарёв) Санкт-Петербургте дәулетті әулетте дүниеге келген. Әкесі – Василий Петрович теміржол полкын басқарған. Анасы – Наталья Степановна Таллиндік ақсүйек Степан Шеншиннің қызы, айтулы қаламгер Афанасий Феттің жақын туысы. Ақынның тоғыз жасында ата-анасы ажырасып, алғашқы 4 жылдық білімді Череповецтегі ағайындарының қолында тұрғанда алады. 1904 жылы Қытайға (Манчжурия, Далянь) әкесіне кетеді. Алайда, сол жылы әкесі қайтыс болып, Петерборға анасына оралады. Сүйікті ақыны Алексей Толстойдың ықпалымен жеті жасынан өлең жазған ол, 1904 жылы журналдарға басыла бастайды. Алғашында «Граф Евграф д›Аксанграф», «Игла», «Мимоза» сынды жасырын аттармен жарық көреді. Өзі 1905 жылы «Досуг и дело» журналына басылуын шығармашылығының бастауы деп білген. 1925 жылдан бастап осы күнді өзінің төл мерекесі ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл дәстүрі 1940 жылы Таллинде үзілген. Өз қаржысына 35 жинақ шығарып, оның алғашқы 15-ін өз атымен, кейінгі 20-ын Игорь Северянин болып жариялаған. «Розирис», «Бұлбұл», «Вервэна», «Ақындар патшасы», тағы көптеген кітаптардың авторы. «Шампандағы ананастар», «Мен – кемеңгермін», «Бұл теңізде болған жай» сияқты ғажап туындылары оны ерте танымал етті. 1925 жылы Тартуда өлеңмен жазылған қос романы («Сезім ғибадатханасының қоңыраулары», «Қызғылт сағаттағы таң шығы») жарық көрді. Заманында ақын қатты сынға ұшырады, оны сөкпеген адам аз. Өзімшіл жырларын Толстой да сынады. Алайда, ол өлең оқығанда алдымен зор қошеметпен қол шапалақтап, ізінше сілтідей тынып тыңдар еді. Ол өлеңдерін әуенге сала (әндетіп) оқитын. Онысын көпшілік түсіне бермейтін. Тифлисте өткен жыр кешінде оны ақын емес, сайқымазақ сынды қабылдаған. Кейін үйренді. Үйретті. Ол асқан танымалдыққа қол жеткізді. 1909-1911 жылдар аралығында оның төңірегіне өзі секілді декаденттер топтасып, эгофутуризм бағыты қалыптасты. Символистерге (рәмізшілдер) де мойындалған ол, 1912 жылдан бастап жеке-дара кетті. 1918 жылы шартты түрде «Ақындар патшасы» таңдалып, Маяковский екінші орын алса, Игорь Северянин патша сайланды. Жақын жердегі жерлеу мекемесінен жеткізілген гүлдесте бойшаң ақынның мойынынан тізесіне дейін салбырап тұрса да, бұл әзілді шынайы қабылдаған шайыр жалынды жырын үздіксіз оқып тұрды… 1918 жылы большевиктердің төңкерісінен кейін ол Таллинге қоныс аударды. Оны Казановаға ұқсатып, серілігін, қатынқұмарлығын бетіне басатындар да, сырттай ғайбаттайтындар да жетерлік еді. Ол алғаш рет он екі жасында 17 жастағы туысы Лизаға ғашық болды. Бес жылдан соң, Лиза тұрмысқа шыққанда Евгения Гуцанға кезікті. Бас қосты. Үш апта бірге тұрды. Тарқасты. Тамара атты қыз дүниеге келді. Оған бірнеше кітап арнаған. 1921 жылы қағаз жүзіндегі әйелі Мария Волнянскаямен ажырасып, Фелиссе Круутқа үйленді. Ол некенің де ғұмыры қысқа болды. Эпистолярлық жанрдың хас шебері саналған ақын Вера Корендимен хат жазысып тұрды. Сол хаттардан белгілі болғандай Игорь Северянин құрт (өкпе) ауруымен ауырған екен. Екеуінің Валерия есімді қыздары болғаны мәлім. 1941 жылы желтоқсан айының жиырмасында неміс фашистерінің қолында болған Таллинде (Рейхскомиссариат, Остланд) жүрек талмасынан көз жұмған екен… Бір деректерде Вакх деген ұлы болған деп те айтылады. Ақын мұражайы Владимировка қыстауында орналасқан. Заманының заңғар ақыны бірде Ленинград түбіндегі Венкула ауылында азық-түлік дүкеніне кіреді. Сұңғақ бойлы, бекзада мәнерлі ақынды шырамытқан мұжықтардың бірі: «Бұл жергілікті ақын Игорь Северянин болуы керек», – деп жорамалдайды. Естіп қалған ақынның өзі: «Жергілікті емес, Жаһандық!» – деп түйіндепті. Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір