Ауыл тынысы
Салиман МҰҚАШҚЫЗЫ,
этнограф, қолөнер шебері, тігінші
Ауыл тынысы
Шамасы 1956-59 жылдары болса керек. Ел ішін кедейшілік жайлаған. Күн ыстық. Ауылдағы елдің бар байлығы – әр отбасында бір-біріне тетелес өсіп-өніп келе жатқан, кемінде 5-6 қара домалақ балалары еді ғой.
Сондай көп балалы үйдің отағасы, кезінде соғысқа қатысқан, осы күнде мектепте мұғалім жездем Байтұмақов Заманбек қу тілді, күлдіргі, бойы сырықтай, ұзын, арық, бір көзі қыли, боқтампаз қызық адам еді.
Ол кісінің үйіндегі аса үлкен, дөңгеленген әрі аласа жасалған жозысының (столының) айналасын қоршап отырып тамақ ішіп, шүпірлеген балаларын отағасы дастархан басында түгендеп отырады екен.
Бір күні сол әдетімен жоғарыдан қарап отырып, сұқ саусағын шошайта 1-2-3.., 1-2-3… 8-9… һім?! – деп санап отырып, ақтарыла әйеліне қарап:
– Әй қатын, мыналардың біреуі жоқ қой!.. Қайсысы жоқ! Қарашы, сен білесің ғой!.. – дейтін көрінеді кешігіп жатқан бірін жоқтап.
Балаларының ұсақ-түйек киімі көбейген соң, тірнектеп жинаған ақшасына айналы шифонер сатып алады. Балалары секіріп, қатты қуанады.
Ертеңіне күндегідей есік алдындағы үлкен ағаштың көлеңкесінде шәй ішіп отырғанында есігі ашық тұрған үйге ешкілердің бірі кіріп кеткенін үй иесі байқап қалады. Соңынан барып қараса, ешкі шифонердің алдына барып артқы екі аяғынмен тік тұрып алып, көзі аларып айнадағы өз бейнесіне өшіге қарап, мүйізімен періп кеп қалғанда айна күл-паршасы шығады да, айна артындағы жұқа фанер жұлынып, ешкінің мүйізіне ілініп кете барады. Шошынған ешкі шыр көбелек айнала секіргенде бүкіл ыдыс-аяқ салдыр-күлдір, шақ-шұқ, қалайы кәстрөлдер, шелектер қаңғыр-күңгір құлап, бөлменің астаң-кестеңін шығарды. Сөйтіп жүргенде фанер қабырғаға соғылып, ешкінің мүйізінен түсіп қалады да, ешкі бақылдап сыртқа атып шығыпты.
Оқыстан болған іске не шара. Шифонер осылайша үйге өң берген көркін жоғалтады.
«Балалы үй базар» демекші, Заманбек аға:
– Менің 8 шпионым, 2 партизаным бар деп жүріп, бәріне институт бітіртті.
Балаларды ерте тұрғызып, тазалық сақтау жағын қадағалап, бәрінің өмірге бейім, пысық болуын қадағалайтын. Балалары өсе келе жақсы азамат болып, өмірде өз орындарын таба білді.

Естімеген елде көп
Біз мәдениетіне тамсанып жүрген Еуропада көптеген әйелдердің «ит байлары» бар екен дегенді кезінде баспасөзден оқып жағамды ұстап едім, кейінтінде ести-ести «етім өліп» кеткенін байқадым.
1941-45 жылғы соғыстан кейін халық саны кеміп, бойдақ қыздар көбейгенде Коммунистік партияның жасырын жарлығы бойынша «жалғыз басты ана» деген айдар тағып, қыздарға бала тууды жүктеп, оларды қолпаштап, жағдай жасап, пәтер беріп, «Одинокая мать» деп есіркегені есімізде.
КП басқарған Совет үкіметі жезөкшелік, секс, наркомания, зорлық, зомбылық жоқ деп, болып жатқан істерді қанша жасырса да, ел ішінде сымсыз телефонның хабарламасы жақсы қызмет атқарғандықтан, со-нау Ресейден бастап жақсы-жаманды не болып жатқанның бәрін білетін едік.
Коммунизмге таяп қалдық деп жүретін 1968-70 жылдар аралығы болса керек, сымсыз телефон арқылы ауыздан-ауызға тараған мынадай жантүршігерлік оқыс оқиға Алматыны дүр сілкіндірген еді.
Бір офицердің отбасы пәтерінде неміс овчаркасын асыраған екен. Күтімі жақсы тайыншадай ит есейе келе ошақ иесінің мінез-құлқының өзгергенін байқаған-мыс. Офицер әйеліне жақындаса немесе ренжіп, дауыс көтерсе болды, әлгі ит кәдімгідей айбат шегіп, арпылдап араға түсіп, қожайынды жасқайтын болған. Еркек әлденеден сезіктеніп, әйеліне өзінің бір жетіге командировкаға кететінін ескертіп, қонақ үйге орналасып, бірінші қабаттағы өз пәтерін сырттай бақылауға алады.Сөйтіп самаладай жанып тұрған жарықта әйелінің итімен аймаласып төсекте жатқанын көзімен көреді. Екеуін де атып тастап, милицияға барып мән-жайды айтқан екен.
«Заманына қарай адамы» деген осы күнде ит жетектеген қазақтар көбейіп келеді. Алла тағала оларды ынсабынан, ақылынан, арынан айырмасын дегеннен басқа айтар жоқ!
Не деп жазайын
Әкелі-бала екеу 1941-1945 жылғы Ресей-Герман соғысына алынып, әкесі хабарсыз кетеді. Бір әкеден, екінші анадан туған қарындасынан 20 жас үлкен жалғыз ағасы елге аман-есен оралған.
Жылдар жылжып, екеуі де орта жастан асып, кемелденген күннің бірінде қарындасы аңсары ауып, хал-ахуалын білуге ағасының үйіне барады. Дастархан жайылып, шәй ішіп отырғанда көп сөйлемейтін ағасы бірден:
– Сен мен туралы кітап жаз, – дейді. Сонда қарындасы ағасының жүзіне алғаш рет тіке қарап:
– Аға, мен қазір 63 жасқа келіппін. 63 жыл ішінде сізден 63 теңгелік мейірім не жақсылық көрмеппін!.. Не деп жазайын?!
– Һі!..
– «Қайыры жоқ жақыннан, Жаны жақсы жат артық» деген. Өз басым жақсылықты сырт елден көп көрдім, көріп те жүрмін. Ел-жұртыма разымын, – деп сөзін аяқтапты қарындасы.
Тағы бірде әдетінше ағасының үйіне барып, хал-жағдайын біліп, енді қайтуға ыңғайланып дәлізге шықса, ағасы әбігерленіп, ілулі тұрған киімдерінің қалталарын ақтарып, қолына түскен 5 мың теңгені қимай, кемпірі нұсқаған 200 теңгені азсынып, мың теңгелікті ұсынып:
– Мә, мынау жолыңа!.. – деп «мырзалық» жасағаны қарындасының ет-жүрегін елжіретіп, біртүрлі күйге түсірген екен.
Жетістік
– Әжечка! Айконы күйеуге шығады емес, женится деші. Айко женится, – деп жүгіріп келіп, әжесі сөйлесіп отырған телефонның құлағына жабысты немересі.
– Жоқ, оны Құдай солай жаратқан. Ол қыз бала, ал қыз бала күйеуге шығады, құлыным.
– Жоқ Әжека, олай емес, мен жаңа телевизордан көрдім. Айко сияқты қыз өзі жалаңаш, жалаңаш дядьканың үстіне шығып алып сүйіп жатыр, ол қыз ана ағаны алған.
– Олай деме, құлыным, ұят болады.
– Әже, Айко женится етсе, дядя тіл алмаса Айко накажет же правда?
– Құдалардан ұят болады, олай деме, құлыным.
– Әжечка, сен неге телевизор көрмейсің? Көрсең бәрін білер едің, – деп аз-кем ойланып отырды да:
– Все равно Айко жеңеді, ол күшті, вот так, – деді де жігерлене шапқылап телевизор көруге кетті.
– Һім… м?! «Заманына қарай адамы» деген…
***
Университетте сабақ беретін ұстаз, профессор студенттерге: «Жігіттер үйленгенде тек өз ұлттарыңның қыздарына үйленіңдер», – дей береді екен. Сонда бір қу тілді студент: «Ағай, сіздің үйдегі жеңгей орыс ұлтынан болғаны ғой. Ал өзіңіз неге өз ұлтыңызға үйленбегенсіз?» – дегенде профессор: «Біз көшеден қазақ қыздарын көрмейтінбіз әрі олар жастайынан атқа мінгендіктен бе, көбі қамыт аяқ болушы еді, – депті. Сонда студент:
– Таңдап тапқан жеңгей қазір қалай?
Профессор (өкінішпен):
– Ол қазір нағыз «Маржа ғой, маржа», – деген екен.
«Ойнақтап жүріп от баспасын» деген аға қамқорлығына жастар құлақ асса, ұтпаса, ұтылмас-ау…