Межелі уақыт (әкеге хат)
15.05.2020
3248
3

Жазушы Жақсылық Түменбай

«Әкеге хат» – «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа айдары. Бұл айдар қазаққа белгілі қаламгерлердің ұрпағына әке шығармашылығы, әке өнегесі, әке өсиеті мен тәрбиесі және бүгінгі заман, қоғам туралы ой толғауға мүмкіндік береді. Әдеби апталықта үзбей жарияланатын хаттар легі жинақталып кітап болып шығуы да мүмкін. Сондықтан ақын-жазушылардың ұл-қызы «Қазақ әдебиеті» газетінің «Әкеге хат» айдарына бір кісідей атсалысады, отбасылық альбомдарынан суреттер жіберіп, естеліктер, эссе-толғаулар жазады деп сенеміз.
Таныс болыңыздар: «Әкеге хат» айдарының алғашқы қонағы – жазушы Жақсылық Түменбайдың ұлы – журналист, қаламгер Мұхтар Түменбай.

Мұхтар ТҮМЕНБАЙ

Бүгін 2020 жылдың 10 мамыры. Менің екінші туған күнім. Дәлірек айтқанда, қайта тудым десе де болады. Бұл күнді мен өзім үшін әлдеқашан есептеп, қалап алғам. Не себепті дәл осы күн дейсің ғой. Дәл бүгін менің жұмыр жерді басып жүргеніме 49 жыл, 11 ай және 29 күн болды. Есіңде болса, сен де тура сонша жасадың емес пе! 49 жыл, 11 ай, 29 күн. Бұл межелі күнді мен біраздан бері күтіп жүрдім. Өзіме және саған есеп беретін күн деп белгілеп қойғанмын. Сөйтіп іштей дайындалып жүргенімде, Құдайдың құдіреті, дәл бүгін, сенің заманыңда болмаған, ондай ғажаптың боларын елестетіп те көрмеген «әлеуметтік желі» деген ғаламдық алаңда «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Дәурен Қуат газеттің алдағы санында Габриэль Гарсиа Маркестың ұлы Родригоның әкесіне жазған хатын жарияламақшымыз деген жаңалығымен бөлісті. Және артынша менің және тағы бірнеше азаматтың атын атап тұрып (қазіргі тілмен айтқанда тэгтеп) «біздің ортада әкесіне хат жаза алар бала бар ма екен?» деген сауалды көпшілік арасына тастады. Қаламдас інің Дәуреннің дәл бүгінгі датаның мен үшін қандай ерекше күн екенін білмей тұрып, екеуміздің жасымыз теңескен күні жаңағыдай қылып құлаққағыс етуі, шынын айту керек, мені таң қалдырды. «Құдайдың өзі аузына салып тұр ма?» деген ойдың да қылаң бергені рас. Әлде, «балам мені ұмытты ғой» деп өзің бе түртпектеген? Родригоның әкесімен не деп сырласқанын білмеймін, әзірге оқыған жоқпын. Алайда өзіңе арнаған хатты бүгіннен қалдырмай жазғанды жөн көрдім.

* * *

Сенің бақилыққа аттанғаныңа биыл, міне, 27 жыл болды. 1993 жылдың ызғарлы 4 қазанында кенеттен көз жұмдың. Артыңда еңіреген жарың мен ботадай боздаған үш балаң қалды. Бірақ оларға қарайтын сенде мұрша болды ма! Жаратқаннан бұйрық келді. Сол бойда, ақын Иран-ғайып айтпақшы, ақ боз атыңа міне сала жөнелдің!
Сол күнгі сенің суи қоймаған денеңді құшақтап, қолыңды қос алақаныма қысып еңіреп жылағаным әлі есімнен кетер емес. Мәңгілікке кетті деп есептедім сені. Сөйтсем, бекер екен. Сен кетпедің. Ол аздай, тап осы күнге дейін жадымнан бір елі де алыстамай тұрып алдың. Осы уақыт ішінде өзіңді ойламаған, мейірлі, ақжарқын жүзіңді елестетпеген бір күнім болды ма екен, сірә-да. Ай, болмаған шығар-ау. Сен үнемі жанымдасың. Қайда барсам да, не істесем де, қас төбемде қасқайып тұрып алып кетпейсің. Бәрі сенімен өлшенеді, бәрі де сенің ақылыңа салынады, бәріне де сен төрешісің. Енді қалай деп едің? Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзадасында» айтқаны бар емес пе: «Біз қашанда қолға үйретілгендер үшін жауаптымыз». Ал мені осы мамандыққа баулыған кім? Сен. Иә, иә, сен. Мектеп қабырғасында тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде кеш сайын серуенге шығып бара жатып, алдыма бір бума газетті тастай салатынсың. «Мен келгенше қарап шық, сосын ішінен ұнаған немесе керісінше көңіліңнен шықпаған мақаланы белгіле, қайтып келгенімде несімен ұнаған-ұнамағанын дәйектеп, айтуың керек» деп тапсырма беруді әдетке айналдырған кім? Ерінбей репортаж бен мақаланың, очерк пен эссенің айырмашылығын айтып қауашағымдағы құттақандай миымды ашытқан кім еді? Әлде жазғы демалыста ауылдан жаттап келген көше әндерін ыңылдатып айтып жүргенімді естіп қалып, «сен неге ауыл жастарының творчествосы жайлы бір мақала жазбайсың?» деп мені қайрамадым деші? Содан басталған жоқ па осының бәрі. Кейін, оныншы сынып оқып жүргенімде далаға серуендеуге алып шығып, менің «режиссер болсам ба?» деген сауалыма не деп жауап қатып едің? Қандай уәж айттың сонда маған? «Мен сенің қай таңдауыңа да қарсы емеспін, балам. Бірақ есіңде болсын, журналист қай кезде де режиссер бола алады. Ал режиссердің журналист болып кетуі екіталай. Сондықтан алдымен журналистикаға талаптанып көрсек қайтеді?» – демеп пе едің сол кезде. Әке ғана емес, ұстаз әрі ақылшы болып жүрген адамның ақылын есі дұрыс пенде жерге тастай ма? Әрине жығылдым сенің дегеніңе. Кейін, о дүниелік болған соң да жиі түсіме кіретінді шығардың. Сәл аяғымды шалыс бассам болды, қара түнді қақ жарып, қабағыңды түйіп, шыға келесің алдымнан. Әсіресе 2000 жылдың басында, есіңде ме, журналистиканы тастап, жеті жыл басқа салада жүргенімде тіптен тыным берген жоқсың. Екі түннің бірінде келесің де тұрасың, тұрасың да қоясың. Сондықтан үйреткен өзің, демек менің бар білгенім мен бітіргеніме сен де жауаптысың. «Бала әкесі үшін жауапты емес, ал әке бала үшін қашанда жауапты». Бұл сенің мың қайтара айтатын сөзің ғой. Сондықтан қашан, қайда кетсең де, тіпті жеті қат жердің астына тығылсаң да, әлде керісінше, жеті қабат аспанның ар жағына самғап кетсең де, сен менімен біргесің. Сен менен, мен сенен құтыла алмасымыз анық. Осы күнге дейін солай болып келді. Әрі қарайғысын көре жатармыз. Жоқ, мен саған кінә артып отырған жоқпын. Өкпем де жоқ айтатын. Қалай болғанда да таңдау өзімде болды. Ол шешіміме өкінбеймін де. Дегенмен…

«Бала әкесі үшін жауапты емес, ал әке бала үшін қашанда жауапты». Бұл сенің мың қайтара айтатын сөзің ғой.

Дегенмен ата-кәсіп дегенің жанға ауыр салмақ салады екен. Себебі неде деймісің? Түсіндіріп көрейін. Қолыма қалам алып журналист болғалы бері мен бар атқарған ісімді сенің өлшеміңмен, сенің деңгейіңмен өлшейтін болдым. Өзгелер де менің бар жазған-сызғанымды микроскоппен зерттеп, сенің щығармаң мен менің шимайымды қатар қойып, салыстырып отыратындай көрінеді маған. Және ол салыстыру менің ұпайыма шешілмейтін сияқты. Әсіресе өзіңнің көзіңді көрген, шығармашылығыңмен жақын таныс, аға буын әдебиетшілерді жолықтырып қалғанда, «өткен жолғы жазбаңды оқыдық» десе жүрегім зырқ ете қалады. «Тап әкеңдей бола алмадың сен, бала» деп сөгетін шығар дейсің. Құдайға шүкір, әзірге өйтіп жанымды жаралаған пенде болған жоқ. Көңілім үшін өтірік мақтай сала ма, жоқ, әлде шын ба, әйтеуір әзірге біреуі де сөге жамандаған емес. Қайсыбір жолы өзіңнің досың Қажығали ағаға бірер жазғанымды оқытып, пікірін білу үшін апарып беріп едім. Ол кісі келесі күні-ақ үйдегі келініңе телефон шалып:

– Шынар, айналайын, анау Мұхтар жазушылыққа біржола бет бұру керек. Сен былай қыл. Оның ұйқыға кеткен сәтін пайдаланып, қайшыны ал да, бір жақ шашын тақырлап алып таста. Сонда ол жүгермек үйден шыға алмай қақсап қалады да, амалсыздан жазуға отырады, – деп әзілдегені бар. Жалпы, осы уақытқа дейін мені сынағандардан гөрі, мақтауымды асырғандар көп болды. Солай бола тұра, жазушылыққа бір-екі рет талап қылғанымда тіптен қиналып кеттім. Бір нәрселерді жазған боламын да, «мұныма әкем қандай баға берер екен?» деп жүз ойланып, мың толғанам. Сосын өшіріп тастаймын да, қайта жазам. Тіпті болмаса, «жазушылық не теңің сенің» деп өз-өзіме зекимін де, жазғанымды лақтырып тастап жүре берем. Соның кесірінен талай шатпақтарым қоқыс салатын шелекке кетті. Десе де, іштей сескеніп жүріп, ішінен бірең-сараңын өзің білетін «Қазақ әдебиеті» газетіне беріп көрдім. Онымды редакторлар құп көріп, көп ұзатпай жарыққа шығарды. Кездескен жерінде «тағы да жазып тұрсаңшы» деп қолпаштап қояды, тіпті. Бірақ маған олардың пікірінен бұрын сенің берер бағаң керек еді. Ал сен үндемейсің. Тек жоғарыдан телміресің де қоясың.

«Бөрі сенімен өлшенеді, бәріне де сен төрешісің, әке».

Негізі, мені осы кәсіпке баулығанда сен бір нәрсені ескермедің, әке. Журналистиканы қойшы, бір адамдай меңгерген сияқтымыз, әйтеуір. Ал жазушылық заңгер, дәрігер немесе мұнайшы, энергетик сияқты қолға ұстата салатын, болмаса үйретуге келетін кәсіп емес екен. Жаңағыдай салаларда атадан балаға, баладан немереге жалғасатын династиялар жиі кездесіп жатады. Әкеден баланың оза шабатын кездері де баршылық. Тек әдебиет ондайға көнбейді. Менің түсінігімде көркем шығарма музыка тәрізді. Ақ параққа түскен сөз белгілі бір ойды ғана білдіріп қоймайды, ондағы әрбір сөздің өзінің қайталанбас үні бар. Сөздер өзара сабақтасып сазды әуенге ұласады. Арасында екпін беретін, тонды жоғары көтеретін немесе төмендететін жерлері, ырғағы мен екпінін үдететін, не бәсеңдететін кездері болады. Ол аз десең, кез келген айтылар ойдың өзіндік көңіл-күйі мен өзіне ғана тән мінезі бар. Оны да жазбай танып жеткізе білу керек. Міне, соның бәрі үйлесімін тапқан кезде ғана шынайы шығарма дүниеге келуі мүмкін. Шығарманың гармонияға толы сондай әуені болмаса бәрі де бекер. Бос әуре. Шығарманың қай жерінде қандай октаваны қолдану керек екенін жазбай тану үшін, оған қажетті ритмді беру үшін талант, дарын керек. Сенде ол дарын болды. Оны мен сенің «Қардағы іздер» атты алғашқы кітабыңнан бастап, «Қимас қазынаңда», «Махаббат қорығында», «Тас бөгетіңде» және соңғы «Ақтық демің біткенше» атты романыңды оқығанда анық сезіп отырдым. Музыка бар. Музыка болғанда да, өзіңнің мінезің сияқты, сабырлы, сазды әуен. Драма мен патетика толы дүрсіл қаққан музыка емес, көңіл демаларлық лирика басым болды сенде. Қысқасы, сенің еңбектеріңде жаңағы дыбыс үндестігі анық естілетін. Демек сенде дарын болған. Ал менде ол бар ма, жоқ па, білмеймін. Жалғыз білерім – көркем шығарма жазамын деп талап қылған кез келген пендеде оның болуы шарт. Бүгінге дейін тартыншақтап, сескеніңкіреп келгенім де сондықтан.

Биыл мен де сенің жасаған жасыңа толдым. Содан болуы керек, соңғы уақытта «Әке жолын қуғандағы бітіргенім қайсы, не істедім, қандай елеулі іс атқардым?» деп өзіме-өзім жиі сұрақ қоятын болып жүрмін. Ал жауап жоқ. Бітіргенім шамалы, жазып-сызғаным одан да аз. Өндіріп жазбағанымның себебін сол жүрексінгенімнен көремін. Жауапкершілігі тым жоғары болды. Нашар дүние жазғанша мүлдем жазбаған артық деп өз-өзімді тежеймін. Оным дұрыс па, жоқ, әлде бұрыс па білмеймін.

Жазушылық қана емес, жалпы өнер атаулы әкеден балаға мирас болып қалмайды. Ол Жаратқанның жеке басқа беретін бағы. Немесе соры. Бірақ ол дарынды адам өз бетінше ұрпағына үйретіп, кәсіп қылып тастап кете алмайтыны анық. Өнерде ата кә сібін қуғандардың рахатынан гөрі жан күйзелісі көбірек болатыны да сондықтан. Жаратқан, кеңшілік жасап, саған да сол дарынды берді ме, әлде айналып өтті ме, сен білмейсің. Бергеннің өзінде үйіп-төгіп берді ме, жоқ, болмаса там-тұмдап, тамызықтатып қоя салды ма? Ол жағы саған беймәлім. Себебі оның деңгейін өлшеу сенің құзырыңда емес. Бәрі де оқырманның қолында.

Сондықтан сен мені кешір, әке, бірақ мен өз балаларыма, «менің соңымнан еріңдер, ата кәсіпке ие болыңдар» деп ақыл айтпадым. Әрқайсысы өз жолын таңдады. Бірі «инженер болам» деді, қарсы болмадым. Екіншісі қаржыгерлікке талаптанып жүр. Ол да жақсы деп қойдым. Солай болғаны дұрыс па деймін.

Мен де бүгін сенің жасыңа жеттім, әке. Сен сол кезде мен үшін кәдімгідей өмір көрген, әжептәуір үлкен адам болып көрінетінсің. Әсіресе атамның сүр шапанын иығыңа асынып, қара домбыраңды шертіп отырған сәттеріңде… Сөйтсем, қазір сенің жасыңа келіп байқасам, тіптен, жас болған екенсің-ау. Тым ерте кетіпсің. Көргеніңнен көрмегенің көп сенің. Бір заманның күйреп, оның орнына басқа, қалтарысы мен бұлтарысы әлдеқайда көп заман келгенде бәрін тастадың да жүре бердің. Бәлкім, оның да жөн болған шығар. Бүгінгі жанталасқан, жан алып, жан беріскен жаңа заманның келбеті, «сабыр түбі сары алтын» дейтін саған ұнай қоюы екіталай еді. Қазақ бұрынғы сен білетін қазақ емес бүгінде. Өзгерді. Танымастай өзгерді. Оған сен кеткеннен кейінгі болған үлкен қоғамдық өзгерістер себепші болды.

Бүгінгі қазақтың көкжиегі, сенің заманыңдағыдай емес, кеңейді. Оған бір жағынан елдің азаттыққа қол жеткізгені сеп болса, екінші жағынан интернет пен технологиялардың дамуы әсер етті. Бүгінгі қазаққа жер шары бұрынғыдай шексіз, шетсіз, ұлан-ғайыр дүние болып көрінбейді. Ана басынан мына басына оп-оңай жетуге болатын ұлтарақтай шағын ғана жер екенін біледі. Түйсігімен солай деп әбден қабылдады. Сол түсінігіне сәйкес қам жасап келеді. Оқимын дегендері шетел асып білім іздеп жүр. Әлем елдерімен араласып-құраласуды үйренді. Соның арқасында әсіресе жас буын ешкімге есесін жібермейтін халге жетіп қалды. Бұрынғыдай емес, өз бағасын біледі. Сендер мен біздегі жалтақтық жоқ оларда. Ол да болса көңілге медеу. Бірақ соңғы уақытта шекара кеңейді екен деп шектен асып кетіп жатқан да жайымыз бар. «Өзім білем, ешкімнің ақылына зәру емеспін, жұрттың пікіріне құлақ аспаймын» дейтіндер, ал бастысы сөйтіп тіршілік кешкендерін мақтан тұтатындар көбейді. Ал сонда өзара сыйласа білмейтін, жанындағының көңілімен санаспайтын, ортақ мәмілеге келе алмайтын адамдардан құралған қоғамның ертеңі қандай болмақ?

Нарық та өз дегенін істеп келеді. Сен барда-ақ бейшара халге түсе бастаған әдебиетші қауым әлі де көшке ілесе алмай, сол баяғы өлместің күнін кешіп жүр. Олардың соңынан ғалымдар тентіреп кетті. Табыс әкелмейтін салалар болып танылды бұлар. Бүгінгі заманның ерекшелігі де сол – кез келген кәсіп монетизациялануы керек. Басқаша айтқанда, кәсібіңді табыс көзіне айналдыра алмасаң, сенің ісің ешкімге де қажет емес. Есесіне, әнші мен бишіге сұраныс артты. Сауық-сайрансыз бола ма! Иә, айтпақшы, кино бар екен ғой тағы. Қырғын салған кино мен жылап-сықтаған сериал көпшіліктің басты ермегіне айналды. Бірақ бәрінен де интернет озды бүгінде. Ежелгі Рим құлдырап күйреудің алдында тұрғанда «халық нан мен сауық-сайранды ғана талап еткен» деуші еді ғой. Тап сол болды қазір. Қалың бұқараның наны да, сауығы да, газеті мен кітабы да осы – интернет. Ал ондағы әлеуметтік желі қазіргі заманның «Колизей» аренасы іспетті. Қызық іздеген қара халық та осында, «Римді» басқарып отырған Сенат өкілдері де осы жерде. Бәрінің құмарын қандырар гладиаторларың да осы алаңда. Күнде айқас, күнде шайқас мұнда. Жеңілгендерін екі аяғынан ұстап сүйретіп әкетіп жатады, олардың орнына жаңа екеуі шығады ортаға. Ежелгі гладиаторлық аренадағыдай қан көлдей ақпаса да, күнде біреудің басы кетіп жатады. Ал әбден еліріп алған жұртқа ол да аз, қиқулап шулап, тағы да құрбандық шалынуын талап етеді. Ел белсенділерінің трибунаға шығар алаңы да осы «әлеуметтік Колизей». Басында байланыстың бұл құралын аса мойындай қоймаған, әлі де болса көзбе-көз қауқылдасқанды артық көретін, бұрынғы әкім-қаралар ұйымдастырып беретін шығармашылық кештерді іштей аңсап жүретін қаламдастарың, биліктен қайран болмайтынына көздері жетіп, жоғалтып алған оқырмандарын осыннан іздемек болды. Бірнеше жолдасыңның аккаунттарын байқап та қалғам. Бірақ кейін бұл жердің пәтуасы жоқ екенін, әңгімеден гөрі бет жыртысуы, пікір алмасудан бұрын дау-дамайы көп болатынын байқап, жайлап жылыстап шығып кеткенге ұқсайды. Әйтеуір көрінбейді. Жақсылығы шамалы жер, әрине. Дегенмен бұл да жаңа заманның келбеті. Шүйіркелесер дос пен жора-жолдасты да, пікір таластырар әріптесті де, кеңес берер маманды да осыннан табасың. Тіпті найзаласар жау керек болса да осында кел. Үйіңнен шықпай-ақ бәрін осы әлеуметтік платформалардан кезіктіресің. Содан да болар, кешегі «ай көрмесе ағайын жат болар» деп араласып-құраласуды құмартқан, жатты жақынындай көрген қазағың бүгінде ешкімді қажет етпейді, ешкімнің пікірімен санаспаймын деп кергиді.

Сөйтіп сенің «Ауыл мен Алматының арасында» атты әңгімеңде суреттелген қазақтың бір-бірінен алшақтау үрдісі әлі де жалғасып, барған сайын аралары суып барады. Сол кеткені кеткен бе деп қорқам. Басқаларын қайдам, қазақ баласы енді, расымен де, бұрынғыдай болмайды. Ол енді ауылдан қалаға кетіп өзгеріп жатқан жоқ, қаладан жаһандық интернет әлеміне кетіп, сонда деформацияға ұшырап жатыр. Үйде жалғыз отырсаң да көппен бірге жүргендей иллюзияға енгізетін, виртуалды әлеммен сыр шерткендей күйге түсіретін, сол жерден өзіне орта іздететін интернет табиғатынан көпшіл, бауырмал болған, жүздесуге асық болған қазақты біртіндеп жалғыздыққа жетелеп келе жатқанға ұқсайды.
Жаңағы жоғарыда айтқан жұрттың сөзін елемеу, ешкімге мойынсұнбау әдеті де осыннан жұққан вирус па деймін. Себебі көзбен де көрмеген сырластарыңды қалаған кезіңде компьютеріңнен не қол телефоныңнан қосып, жаныңда отырғандай әңгімелесесің, ал мезі болған сәтте өшіріп тастап жүре бересің. Ол үшін саған ешкім өкпе айтпайды. Өкпе артар ешкім болмағасын сенің де жаның қиналмайды. Ондағы ығай мен сығайға да сенің керегің шамалы, бар-жоғың бес тиын. Бүгін сенімен, ертең басқамен шүйіркелесіп кете береді. Сен жоғалды екен деп ешкім уайымдамайды, үйіңе іздеп келмейді. Ондай араластықтың не қадір-қасиеті болуы мүмкін! Сол жердегі жансыз қатынасты қазақ бүгінде күнделікті өміріне проекциялағысы келеді. Тіпті дағдыға айнала бастады.

Соңғы екі айда күллі әлемді шарпыған вирус адамзат баласын үйді-үйлеріне қамап, жанындағы жаныңа жақындарының қадірін түсіндірді деп жатыр ел-жұрт. Меніңше, бәрі де бос әңгіме. Вирус келеді де, кетеді. Ал интернет пен виртуалды әлем қалады. Қалады да сананы билейді. Бұрын сенің кезіңде, әке, «тұрмыс сананы билейді» деуші еді ғой. Ал ертеңгі күні сананы интернет билейтін болады. Билейді емес, билетеді әлі. Көр де тұр. Онысы дұрыс па, жоқ, әлде, бұрыс па, қазір болжап айту қиын. Жалғыз білерім бұл интернет деген ғаламат уақыт пен кеңістікті жеңді.

Пандемия етек алып, мемлекеттер өзара шекараларын тас қылып бекіте бастағанда, «әлемдік жаһандану идеясының күлі көкке ұшты» деп шулағандар болды. Меніңше, олай емес. Вирустық пандемия, керісінше, бұл процестің одана әрмен күшеюіне ықпалдасты. Және басты скрипканы бұл партияда интернет ойнайтын болады. Ендігі жерде ұлттар мен елдердің өзара етене интеграциялану процесі осы коммуникация жүйесі арқылы жүзеге асатын болады. Интернет үшін шекара мен кеңістік деген ұғымның жоқ екенін айшықтап берді бұл апат.

«Адам эволюциялық дамудың жаңа сатысына қадам басқалы тұр, жаңа межеге келді, әлем енді бұрынғыдай болмайды» дейді адамзат. Рас, болмайды. Бағына ма, жоқ, әлде, сорына ма, сол әлеммен бірге қазақтың да санасы танымастай болып өзгеретіні һақ. Ал қазақпен бірге мен де енді өзгерем. Бүгін мен де өзім белгілеген межеге келдім – сенің жасыңа жеттім, әке. Бірақ дәл сендей бола алмадым. Оным қажет те болмай шықты. Себебі кешегіні есте сақтау, қадірлеп, қастерлеу адамға парыз, бірақ ол жолды қайталау міндет емес екенін түсіндім. Одан да алға көз жүгіртіп, ертеңгі күннің талабына сай болғаным тиімді ме деймін. Сенің көңіліңнен шыққаннан бұрын, бүгінгі оқырман мен келешектің қажетіне жарап қалатын дүние жазуға талаптанып көрсем қалай қарайсың? Дұрыс па соным? Ендеше бүгіннен бастап, мен сол жаққа қарай бет алайын. Оны да байқайық. Тек ендігі жерде маған сын көзбен қарама. Оданда батаңды бер де, ақ жол тілеп, құшағыңнан босат мені, әке. Қалғанын бір Жаратқанға тапсырайық.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 15.05.2020 | 20:01

Мұхтар аға, мақалаңыз өте жылы, жеңіл, әкеңізге еркелей отырып жазыпсыз. Әсіресе, қазіргі кезді, адамдардың ара-қатынасы, әлеуметтік желі, интернет туралы жазғаныңыз өте тамаша!
Маған қатты ұнады.
Әкеңіздің жатқан жері жайлы болсын. Артындағы ұрпақтарына Алла тағала баянды да ұзақ ғұмыр берсін.
Сіздей — әкенің атын өшірмейтін ұлы бар адам бақытты.

Аноним 15.05.2020 | 20:05

Керемет, әсерлі жазылған мақала екен!
Осындай айдар ашып, аға буынды ардақтап, еске алатын кішігірім жобаны бастаған ағамыз Дәурен Қуатқа мың алғыс!

Аноним 16.05.2020 | 01:17

Әдемі естелік!
«Қазақ әдебиеті» газеті, бәрекелді! Шығармашылық табыс тілеймін. Мына карантн кезінде сендер біздің ішімізді пысырмай, тың, жақсы дүниелер жасадыңдар, салып тұрдыңдар!
«Күй тыңдайық» жобасы да керемет!
Жарайсыңдар, балдар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір