Ақталған аманат
15.05.2020
1186
0

Үлкен істерді үндемей жүріп атқаратын адамдар болады. Мәжіліс депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері – Қуаныш Сұлтанов сондай адам. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ақпарат министрі. Ол және коммунистік идеология 70 жыл билеп төстеген ел (Қазақстан) азаттық алған тұста қоғамның ой санасын жаңа дәуірге бұру тетігін қолына алған құзырлы орында – Үкімет басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ежелгі көршіміз, тарихы мыңжылдықтарды қамтитын қазіргі Қытай Халық Республикасында алғашқы елші болды. Парламент мәжілісінің орынбасары дейтін заң шығарушы органдағы қызмет те Қуаныш Сұлтанұлының пешенесіне жазылыпты. Осы қызметтің бәріне ол атақ мансап үшін емес, мемлекет мүддесі үшін төккен тері мен қажыр қайратының арқасында қол жеткізді.
Ер қадірін ел біледі. Ел ісіне ерте араласқан азамат бүгінде саяси биліктегі патриархтардың бірі болып отыр. Әріптестері Қуаныш Сұлтанұлының мерейлі жасына орай лебіз білдіріп жатыр. Бұл лебіздерде мемлекетшіл тұлғаның жарқын келбеті туралы әңгімелер айтылады.

 

АҚТАЛҒАН АМАНАТ

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Мәжіліс депутаты

Қиналғанда таппайтының болмайтыны рас. Оның растығын карантин кезінде көрудей көріп келеміз. Мысалы, Мәжілістің кеңейтілген отырыстардан басқа іс-шарасының бәрі қашықтан ұйымдастырылуда. Комитеттердің жиындары, заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарының отырыстары Soom жүйесі арқылы өткізіліп жүр. Электронды поштаға салынған заң жобаларын, салыстырмалы кестелерді, талқыланатын мәселелердің материалдарын алдын ала бастырып аласыз да, әр бап бойынша талқылауға кірісе бересіз. Сіз жұрттың бәрін көріп, естіп отырасыз, сізді жұрттың бәрі көріп, естіп отырады. Айтылған сөз түгел стенограммаға түседі. Оны поштаңызға алдыртып, тағы оқи аласыз. Жұмысты осылайша оңтайлы ұйымдастырғанның арқасында соңғы екі айдың айналасында палата қабылдаған заң жобаларының санында да, сапасында да кемістік кетпеді. Соның өзінде де мерейтойды қашықтан атауды көре қоймаған екенбіз. Сейсенбіде, 12 мамырда ол да болды – Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапхана көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың 75 жасқа толуына орайластырған іс-шарасын ойлайн режимінде өткізді – әр адам ардақты азаматқа деген тілегін үйді-үйінде отырып-ақ ақтарылып айта алды. Осы айлардағы қаншама іс-шара карантинге байланысты кейінге ысырылып жатқанда да Қуаныш Сұлтановтың жетпіс бес жылдығының өз күнінде аталуы бұл азаматтың ел өміріндегі өзіндік орнын айғақтай алады ғой дейміз.

Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдығына орай «Егемен Қазақстанда» (2017 жыл, 24 мамыр) жариялаған «Мырза кен» атты мақаламызда: «Іргелі, ірі, игілікті істеріне сүйсінгендіктен де, Мырзекең елу алты жасына жаңа жетіп, бар жағынан кемеліне келіп тұрған тұста, аяқ астынан қызмет ауыстыратын болғанда ол кісіні шығарып салатын аппарат жиналысында бөлім атынан бірнеше шумақпен алғыс-тілек айтқанбыз. «Ойға кенен, сөзге шешен, мырза кен, Сіздей ұлға елі-жұрты ырза екен. Қимай тұрып тілеріміз жалғыз-ақ: Басыңыздан бақыт аумай тұрса екен!» деп аяқталатыны есте», дегенбіз. Шынтуайтында, Мырзекеңнің орнына тағайындалған жаңа басшымыз қатысып отырған сол жиында оқылған ұйқасты тілектің (өлең емес екенін өзіміз де білеміз) соңы былай бітетін: «Артық сөзге бармаймыз біз тұлданып. Ізгі ісің жалғасады – бұл да анық. Президент ел сенетін ұл танып, Орныңызға келіп жатыр Сұлтанов!»… Қазір ғой мұндай әзіл аралас әңгіменің жиналыста айтылуы еренсіз еркеліктей ерсі көрінетіні. Егемендіктің елең-алаңында Өзбекәлі, Мырзатай, Әбіш, Қуаныш, Сейіт, Төлен сияқты ағаларымыздың арқасында аппаратта сондай қазақы қалып орнап, халықтық мінез бойымызға да, ойымызға да әбден сіңісті болып қалған еді. Орталық Комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков мені өзіне көмекшілікке шақырып, мен берекесі кетіңкірей бастаған партиядан бетімді бұруға бейімделіп, жаңадан құрылып жатқан Президент Аппаратына ойысатын болғанымда біздің Идеологиялық бөлім меңгерушілігіне жаңа таға­йын­далған Қуаныш Сұлтанов хатшының алдына өзі алып барып, бәрін жөн-жобасымен жігін келтіріп, майда тілмен түсіндіріп, Өзағаңның бір өкпесін қайтарған. Соның арқасында сөзін жерге тастағандай болып, басқа жаққа ауысып кеткеніммен, Өзағаңмен ағалы-інілі қарым-қатынасымыз сақталып қалды.

Міне, вице-премьерліктен Мырзекең кетіп, бұл қызметке Қуаныш Сұлтанұлы келетін сол жиналыстан бері де жиырма жеті жыл өте шығыпты. Одан беріде біздің бәріміз Президенттің расында да ел сенетін ұл танығанын, сол қиын кезде мемлекет идеология­сының тұтқасын сенімді қолға тапсырғанын көріп келеміз. Қуа­ныш Сұлтанов екі жүйенің тұсында да өзінің орнын таба білді. Еңбек жолын аудандық газеттің корректорлығынан бастаған, комсомолдың нұсқаушылығынан бірінші хатшылығына дейінгі белестерінің барлық сатыларынан өткен, партияның Орталық комитетінің мәдениет, ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімдерін басқарған, желтоқсан оқиғасынан кейін Қонаевтың адамы ретінде, ең бастысы – атышулы пленумда Қонаевты сынап сөйлемеген адам ретінде Колбиннің кәріне ілігіп, облыстық партия комитетінің хатшысы күйінде Қарағандыға «жер аударылған» Сұлтанов ақыры Алматыға ақ боз атқа мініп оралды: 1990-1991 жылдарда Орталық комитеттің Идеология бөлімінің меңгерушісі, 1991-1993 жылдарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Баспасөз және ақпарат министрі болды. 1993 жылы біз әңгіменің басында айтқан лауазымға – Қазақстан Республикасы Пре­мьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Онан кейінгі атқарған лауазымдары барша жұрттың көз алдында: Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі, Сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы. 2012 жылдан бері – Мәжіліс депутаты.

Журналистік жолымыз бойынша Қуаныш ағамыз­бен талай рет шет елдерде сапарлас болғанбыз. Еуропа­дағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының көптеген жылдардан бергі мүшесі ретінде Қуаныш Сұлтанов ЕҚЫҰ-ның жүйелі өтіп тұратын сессияларына үзбей қатысып келеді. Кей сессияларға Қазақстан делегациясын бастап барғаны да есте. Солардың бәрінде де Қуаныш Сұлтанұлы ширақ ісімен, нұсқалы сөзімен есте қалып отыратын. Оның сыртында көптеген жылдар бойында «Егемен Қазақстанның» тұрақты әрі белсенді авторы ретінде аралас-құралас болғанымыз тағы бар. Қ.Сұлтановтың 2015 жылы шыққан «Елбасы және Қазақ мемлекеттілігі» атты 490 беттік кітабына енген қазақша (қалғандары – орысша) 31 мақаласының 29-ы «Егеменде» басылғаны түсіндірмені қажет етпейтіні анық. Газет үшін, халық үшін керек сөзді дер кезінде, зар күйінде жазып беріп отырғанына разылығымызды той тұсында тағы айтып қалғымыз келеді. Дәл сол жылдарда кей-кейде екі бетке дейін кеңінен көсіле сөйлеуге мүмкіндік алу арқылы ағамыздың өзі де публицист ретінде кемелдене түсті деудің артығы болмас.

Қуаныш Сұлтановтың Парламент депутаты ретіндегі қырын, әрине, кейінгі жылдарда жақы­нырақ біле алдым. Адамды тісіне емес, ісіне қарап бағалау жөн болатынының нақты бір дәлелі – Қуаныш Сұлтановтың заң жобаларын талқылауға арналған жұмыс топтарының жиналыстарындағы белсенділігі, Мәжілістің кеңейтілген отырыстарында сөйлейтін сөз­дері, лауазымды тұлғаларға қоя­тын сұрақтары, Үкіметке жолдайтын депутаттық сауалдары. Сауал демекші, оның салмағы жазылған сөзінде емес, көтерген мәселесінің өзінде. Сұлтанов сауалдарына қайтарылған жауаптардың нәтижелілігі, олар бойынша дәйім нақты шешімдер қабылданатыны депутат қозғаған тақырыптардың қашанда көкейкесті болып келетінін көрсетеді, ал бұл, әрине, мәселенің мәйегін ашып, терең зерттеудің арқасы.

Қуаныш ағамен ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассам­блеясының 2009 жылғы мамырда Вильнюсте өткен 18-ші сессиясында бірге болғаным бөлекше есте. Сессия біткен күні біздің Елшілік ұйымдастырған қабылдаудан кейін қонақүй маңындағы орманның елеусіздеу бір бұрышындағы орындықта екеуден екеу ұзақтан ұзақ отырып қалыппыз… Көңілінің құсы түскенде адамның бір ағыл-тегіл ақтарылатыны болады ғой. Ағамыз сол түні сөйтті. Әңгімелерінің бір тұсын айтып қана қояйын. Әкеден ерте қалған шиеттей ұл мен қыздың үлкені Қуаныш таңғы төртте апасымен бірге тұрып, сағат алтыға дейін мектептегі пештердің бәрін жағысып шығады екен. Үйге қайтар жолда ұлының еті тірілігіне разы болған анасы: «Ұйықтағандарды ұйқы алады, ұйықтамағандар бәйге алады. Менің Қуантайым бәйге алады», – дейді екен. Аяулы анасының аманаты ақталды, айтқаны айдай келді. Соғыс жаңа бітіп, дүн-дүние қуаныштан құлпырып сала берген күндерде туған, содан да аты Қуаныш қойылған жаралы майдангердің ұлы бейбіт күннің бәйгесінде талай-талай дара шауып, бәйге алды. Оның шабысты жолы әлі де шабытты жалғасып жатыр.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты

 

ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ

Кәрібай МҰСЫРМАН, Парламент Мәжілісінің депутаты

1992 жылы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болып жүргенімде, ойламаған жерден маған облыстық телерадиокомпанияның төрағалығы қызметі ұсынылып, бекітілу үшін Алматы қаласына, жаңадан құрылған Ақпарат министрлігіне баруыма тура келді. Министр – есіміне сырттай қанық мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов. Ол кісіні бетпе-бет көруім осы. Облыс әкімінің мен туралы ұсынымхатын оқып шығып:

– Бауырым, бұрын облыстық газет редакциясының бөлімін меңгеріп, екі-үш-ақ адамға ғана басшылық жасаған екенсіз. Ертең жүз отыз адамды қалай басқарасыз? Сіздің алдыңыздағы төрағаны комсомолдан бастап білуші едім. Іскер де тәжірибелі азамат еді. Соның өзін үстінен бір журналист қайта-қайта арыз жазып, шыдатпады ғой. Сол журналисті қызметінен шығарып жіберген екен, бірақ ол сотқа арызданып жатыр деп естідім. Сіз сол адамды не істейсіз? – деп, қадала қарады.

– Мен облыстық газет редакция­сының бөлім меңгерушісі ғана болғаныммен, бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде ұжымды басқаруға қатыстым. Адамдармен жұмыс істей аламын. Сіз айтып отырған журналисті жақсы білемін. Сот қалай шешсе, солай болады. Өз басым ол кісімен тіл табысып, бірге жұмыс істеуге болады деп санаймын. Әділетшіл журналистер ұжымын өзің әділ болсаң ғана дұрыс басқара аласың деп ойлаймын, – дедім. Қуаныш Сұлтанұлы:

– Жарайды, сіз сияқты өмірге өз көзқарасы бар жастарды да өсірген жөн шығар, – деп, алдында әзір жатқан бұйрық мәтініне қолын қойып, құттықтау білдірді.
Сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Ақпарат министрінің бата­­сын алып, Көкшетау облыс­тық телера­диокомпаниясын бес жыл басқар­дым. Көкшетау облысы Сол­түстік Қазақстан облысымен бірікті­рілген соң Қызылжарға қо­ныс аударып, сондағы телерадио­компа­ниялар мен газеттерге он сегіз жылдан аса уақыт бойы басшылық жасадым. Ал осыдан төрт жыл бұрын «Nur Otan» партиясының тізімі бойын­ша Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, «отызында орда бұзып, қырқында қамал алған», есімдері елге мәшһүр ағалармен қатар­лас қызмет істеу бақыты бұйырды. Со­лардың ішінде, әрине, Қуаныш Сұл­тановтың орны бөлек, шоқтығы биік.

Парламент Төрағасының орын­басары, Премьер-Министрдің орын­басары дәрежесіне дейін өсіп-өрле­ген Қуаныш ағаның қарапайым­дылығын, мінезінің биязылығын, сабырлылығын, мәдениеттілігін, парасаттылығын көре жүріп, өзің де оған ұқсап-бағуға, бойыңдағы кем-кетігіңді түзетуге тырысады екенсің. Кейде кейбір сақалын сыйлайтын, атағы дардай үлкендердің шенеунік кезіндегі дікеңдеген дөрекелігінен арылмаған өркөкіректігі мен өресіз­дігін аңғарғанда мұндай төмендікке ешқашан жол бермейтін Қуаныш ағаның қадірі тіпті арта түседі…

Ерінбей еңбектеп жылан да шығатын биік жартас – биік мансапқа қырандай екпіндеп ұшып шыққан Қуаныш ағаның соңынан ешқашан алыпқашпа сөз ермей, әмәнда абырой-беделі асқақтап жүргеніне айрықша тәнтімін. Ол – алтын көрген талай періште тура жолдан тайып, жаманаты шығып, немесе «қоңырауы сыңғырлап» жүрген қазіргі заманда ел басшылығында ірі қызметтерді атқара жүріп, бойына еш шаң жұқтырмаған сирек тұлғаның бірі.

«Мұның сыры неде?» дегенге келсек, бәрі де адамның адамгерші­лігіне, өмірлік таңдауына, жүрек қалауына байланысты сияқты. Оның үстіне Құдай қолына киелі қалам ұстатып, жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын журналист мамандығын таңдаған жанның асыл мұратынан бас тартып, арзан дүниеге қызығып алдануы екіталай. Қуаныш ағаның да әділдік пен адалдықты өмір бойы ту етіп ұстанып келе жатқандығының басты себебі осында болса керек.

Қуаныш аға Парламент Мәжілісі­нің мәртебелі мінберінен әрдайым әділдігімен көрініп, елдік пен бірлік сөзін әлі де жалындай айтып, өзекті мәселелерді өткір көтеріп, мемлекетшілдік, халықшылдық ұстанымының мықтылығымен дараланып жүр. Бір ғана мысал: ол осыдан біраз уақыт бұрын Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы жекешелен­діріліп, дүние-мүлкі мен әжептәуір аумақты алып жатқан жері аукционда сатылатындығы жайлы сөз шыққанда бірден наразылық білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдап, мұндай бассыздыққа жол бермеуді ашық талап етті. Ақыры бұл әңгіме мүлдем тыйылып қана қоймай, биыл депу­тат­тардың қарауына Үкімет ұсынған, «Қазақфильм» сынды бірегей мәдениет объектілерін жекеше­лендіруге тыйым салатын заң жобасы келіп түсті.

Қуаныш аға «Nur Otan» пар­тиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы төралқасының мүшесі ретінде мен сияқты әріптестерінің көкейкесті мәселелерді көтерген депутаттық сауалдарын үнемі қолдап, орынды жерінде ақыл-кеңесін жан­ашырлықпен айтып отырады. Заң жобалары талқыланатын жұмыс топтарында да өмірлік мол тәжіри­бесіне сүйеніп, дұрыс шешім­дерді қабылдауымызға ұйытқы болып жүр. Торқалы той, топырақты өлім кезінде де жөн-жоба көрсетіп, сөз бастайтын ақылшы ақсақалымыз да сол кісі.
Ақын Қадыр Мырзалиевтің: «Ха­лықтың ұлы болмасаң, менің де ұлым емессің!..» деп жазғанындай, Қуаныш ағамыздың халықтың ұлы деңгейіне көтерілген арқасүйер азамат, көрнекті қайраткер тұлға екендігі талассыз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің
депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір