«Кітап – Аманат» – әр азаматқа аманат болсын!
Бүгінгі таңда кітап шығару және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында түрлі көрме, жәрмеңкелермен қатар қол жетімді бағада кітап сататын сауда нүктелері де қайта жанданып келе жатыр.
Биыл Түркістанда өткен Құрылтайда мемлекет басшысы «Елімізді алға жетелейтін білімді ұрпақ тәрбиелеу» туралы арманын ортаға сала келе, «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі», – деген болатын-ды. Осы жолда Республикалық «Аманат» партиясымен Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоцациясының бірлескен «Кітап – Аманат» жобасы жолға қойылғанын құлағдар еткіміз келеді.
Бұған, бүгінге дейін еліміздің барлық облыс орталықтары мен бас қалаларында орналасқан «Аманат» партиясы ғимараттарында қолжетімді бағада саудаланатын кітап дүкендері ашылғандығы куә болса, Президентіміз айтқан «тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананың ашылуы» да халқымыздың рухани дамуында айтулы қадам болары айқын.
Өйткені адамзат тарихында кітап оқу мәдениеті ешқашан толастаған емес.
Кітап – рухани азық. Рухы мықты адам, руханият көкжиегі кең ұлт қана ұлы мақсаттар жолында ешкімге есесін жібермейді. Біз осы тұрғыда кітап шығару ісін, оны тарату жолдарын, халық арасында кітап оқу мәдениетін арттыру үшін тынбай жұмыс істеуіміз қажет. Бұл бір жекелеген адамның, белгілі компаниялардың мүддесі ғана емес, мемлекеттің тұтас бір жұмысына айналу керек. Себебі, кітапты қалқан, қару еткендер ғана рухани азат бола алады. Халқымызда «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген тәмсіл бар.
Міне, енді барлық облыс пен қалаларда, тіпті үлкен аудан орталықтарында да осы жылдың соңына дейін жергілікті «Аманат» партиясының кеңселік ғимараттары жанынан қол жетімді бағада түрлі бағыттағы кітаптар сату ісін жолға қою ниетінде «Кітап – Аманат» дүкендері ашылуда. Бұл тұрғыда Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы да үлкен қолдау білдіруде.
Қазіргі таңда еліміздің аудан орталықтарының бірде-бірінде кітап дүкендері жоқ деген сорақы мәлімет, тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл ішінде әбден күйреуге түскен кітап оқу мен кітап тарату ісінің деңгейінің нақты көрсеткіші болса керек.
Осы келеңсіздіктен арылу жолында қайта қолға алынып отырған мұндай ауқымды да, игілікті іс-шарадан тыс қалмасаңыздар екен. Бұл дегеніміз бір реттік қана өткізіліп қоятын науқандық іс-шара емес, халыққа, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей қызмет ететін және қазақ тіліндегі контентті толтыруға негізделген ауқымды жоба екенін де естен шығармағанымыз абзал. Газет сататын дүңіршектердің тұрақты жұмыс істемеуі немесе жабылып қалуы салдарынан орын алып отырған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында болашақта қазақ тіліндегі газет-журналдарды да осы дүкендер желісі арқылы сатылымға шығару туралы келіссөздер жүргізілуде.
Яғни осындай игілікті шара үздіксіз жалғаса берсе, болашақта бұл тек сауда нүктесі ғана емес, «Кітапсүйерлер клубына» айналуы да әбден мүмкін. Бұл жерлерде, әр өңірдің белгілі ақын-жазушыларымен түрлі форматтағы кездесу кештерімен қатар, кітаптарының тұсаукесерлерін де ұйымдастырып отыратын болады деп сенеміз.
Сол себепті ұрпағымыз кітап оқысын десек, аталмыш сауда нүктелерінің болмауы салдарынан, әр аймақтағы қалам ұстаған азаматтарымыздың үйлерінде де жатып қалған бағалы кітаптарын, әкеден мұраға қалған, классиктеріміздің еңбектерін, таңдаулы шығармаларын осы дүкендерге апарып, Келісім-шарт арқылы өткізіп берсе, әр кітап өз оқырманына жол табарына біз сенеміз. Бір-бірімізге кітап сыйлау мәдениетін үйренейік. Еңбектеріңіз жана берсін!
Әділ Қойтанов,
ҚР Ұлттық мемлекеттік
кітап палатасының
директоры