Ақтаңдақ тарих беттері: Ақталған ғұмыр
Қазақтың белгілі ақыны, ұлттық поэзиямызға «Тұтқын жыры», «Лагерьдегі өлеңдер» атты жаңа сүрлеу салған Бүркіт Ысқақовтың туғанына ғасыр толып отыр. Алаш зиялыларының жолын жалғастырып, қазақ жастарының рухын ояту жолында аянбай күрескен, «Үкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүр» деген жаламен жазықсыз жазаланып, сандаған жылын нақақтан-нақақ абақтыда өткізген қаламгерге академик М.Қаратаевтың: «Ақындарымыздың абақтыда отырып жазған өлеңдері бізге жеткен жоқ, сол олқылықтың орнын олардың ақын ұрпағы – Ысқақовтың жырлары толтырғандай. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады», – деп баға бергені көпке мәлім. Ақынның туғанына жүз жыл толуына орай, қызы Айгүл Ысқақованың әкесі хақындағы жүрекжарды естелігі мен ғалым Айгүл Ісімақованың мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Биыл, 2024 жылдың 4 қарашасында қазақтың танымал балалар ақыны, ізденімпаз ғалым, әдебиет зерттеушісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, қуғын-сүргін құрбаны, түрлі басылымдарда, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ұзақ жыл қызмет атқарған Бүркіт Ысқақов 100 жасқа толып отыр. Мен, Айгүл Бүркітқызы – ақынның тұңғыш қызымын. Әкем Нұра өңірінің табиғаты ғажап, атына сай Көкмөлдір атты ауылында дүниеге келген. Бала кезінен оқуға зерек болып, әдебиет пен өнерге деген ынтасы ерте байқалды. Әкесі Ысқақ баласының білімге құштарлығын аңғарып, он жасар ұлын Қарағанды қаласында тұратын қарындастары – Дәржан мен Балжанға әкеліп оқытады. Сол кезден бала Бүркіт қазақтың зиялыларымен етене араласып өседі. Балалық шағынан Сәкен Сейфуллинің шығармаларын оқып, өзіне үлгі тұтатын. Ақын болуға ұмтылған арманы да сол шақтан бастау алды.
1936-1937 жылдары Кеңес одағында репрессия науқанының басталғаны баршамызға белгілі. Көкірек көздері ояу, білімді ұлт қайраткерлері сол науқанның құрбанына айналды. Солардын ішінде Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды «Алаш» партиясының мүшелері сотталып, жазаланып, өлім жазасына кесіледі. Оларға «халық жауы» деген жазықсыз жала жабылып, жарыққа шыққан шығармалары өртелді. Жас та болса зерек Бүркіт сүйікті ақыны Сәкеннің қолынан тастамай қойнына салып, оқып жүрген бір кітабын жасырып, ауладан шұңқыр қазып, көміп тастайды. Көп ұзамай Нұрада тұратын әкесі Ысқақты да ұстап, бас бостандығынан айырып, Қиыр Шығысқа, Владивосток қаласынан шалғай орналасқан «Океанский» деген лагерьге қуғындайды. Бір жыл бұрын анасы Қаймақ қайтыс болған еді. Әкесі балаларын өзінің туыстарына аманат етеді. Бүркіттің атасы Ыбраим немересін Казгородок интернатына оқуға жібереді. Бүркіт сол мектепте оқитын Махмет Теміровпен танысып, аралары ажырамастай өмірлік достарға айналады. Мектепте Бүркіт өзінің алғашқы өлендерін жазып, жергілікті газет беттеріне шығып, ақын-бала атанып үлгереді.
1940 жылы мектепті ойдағыдай бітірген жас ақын Қарағандының оқытушылар институтына түседі. Студенттер мен профессорлар арасында беделі жоғары болды. Білімге құштар жігіттің қолынан кітап түспейтін. 1942 жылы оқуын бітірісімен, ауылына оралады. Осы жерде бір мәліметті айта кету керек шығар. Бүркіттің үлкен атасының шын есімі Ыбраим екен. Бірақ ауылдастары ол кісіні Томпақ деп атап кеткен. Себебі басының бір жағы томпиып тұратын көрінеді. Осы есім кейін балалары Ысқақ, Исақ, Ермек, Серік, Сейілбектің фамилиясы болып, Томпақовтар әулеті атанады. Ал Бүркіт пен інісі Нариман әкелерінің атымен Ысқақовтар болды. Сол кезде Нұра ауданында Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезінде өңірдің ер-азаматтарын майданға жіберіп жатқан еді. Томпақовтар әулетінен алты адам – Ысқақ, Исақ, Ермек, Серік, Сейілбек және солармен бірге 18 жастағы Бүркіт те соғысқа аттанады. Ал әкесін інілерімен бірге Украина майданына әкеткен. Сол Бүркіттің білімділігін ескеріп, Ресейдің Ульянов қаласындағы әскери училищеге жібереді. Бір жылдан кейін офицер Бүркіт Ысқақов соғысқа қатысады. 1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталғанда, сол алты адамнан тек қана Ысқақ, Исақ және Бүркіт елге аман оралды. Ал шені полковник –Ермек, інілері – Серік пен Сейілбек майданда қаза табады. Сол жылы Бүркіт «Орталық Қазақстан» газетінде жұмыс істей жүріп, халық ақыны Доскей Әлімбаевтің хатшысы болады. Қарт ақынның үйінде бойжеткен немересі Мәрмәрмен танысып отау құрады. Ал 1946 жылы Алматыға келіп, Қазақ Ұлттық университетінің тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Жоғары білім алып, атақты да ұлағатты ұстаздарының ақыл-кеңесі бойынша, шығармашылық пен ғылымға бет бұруды ұйғарып, Қазақ Ғылым Академиясының аспирантурасына түседі. Жас ғалым «Қазақ балалар әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыптағы диссертациясын аяқтап қалған болатын. Сонымен қатар мектеп сахнасында қоюға арналған тәрбиелік мәні зор пьесалары, өлеңмен жазылған ертегілері қолдан-қолға таралып жүрен кез еді. Сол жылдары ақын «Лениншіл жас» газетінің хатшысы болып қызмет атқарды. Жастармен көп араласып, олардын рухани санасын, білімін, өресін көтеруге тырысып, қазақ тарихының қасіретті жылдары жайында, Алашорда қайраткерлері туралы әңгімелер айтып, олардың шынайы мақсаттары мен шығармашылығын таныстырып жүрді.
1950-жылдары тағы да саяси науқан басталып, Қ.Жұмалиев, Е.Бекмаханов, Е.Исмаилов сынды профессор-тарихшылар мен тағы басқа игі жақсылар 25 жылға абақтыға айдалды. Соттың үкіміне келіспеген Б.Ысқақов пен М.Теміров «Правда» газетіне беделді ғалымдарды ақтап мақала жазады. Көп уақыт өтпей, 1951 жылдың қаңтар айында науқан иелері Б.Ысқақов пен М.Теміровті де өзге зиялы, көзі ашық жастармен бірге айыптап, 25 жылға бас бостандығынан, онын үстіне, 5 жылға азаматтық құқығынан айыру жазасына кесті. Әкеміз жазасын Жезқазғандағы «Степлаг» лагерінде өтеп жүріп ауыр жұмыс жасап, өлеңдерін ауызша шығарып жүрді. Өйткені ол жақта қалам-қағаз ұстатпайтын. Жағдайы ауыр болса да, ешқашан жақсылықтан үмітін үзбеді. Әкемнің:
«Жазығым болмаса да, жұртқа
қылған,
Басыма бұғалық сап, түстім
зындан.
Нақақтан жаламенен
жазаландым.
Салыңдар таразыға ақ-қарамыз…
Шындықтың түгін қоймай
ақтарармыз.
Ақыры әділ үкім айтып елім,
Паш етер ақтығымды әлі-ақ менің.
Берілер сазайларың сендердің де,
Көз жастар нақақ аққан кетпес тегін», – деген өлең жолдары сол тұста жазылды. Артында қайғы жұтып әке-інілері қалды. Ал Алматыда тұратын жары Мәрмәр екі баласымен Қарағандыға жер аударылды. Інісі Нариман Ысқақов ҚазМУ-дің тарих факультетін, балдызы Мәпішкен Аупейісова Қыздар институтының қазақ филология факультетін сол жылы бітіріп, аспирантураға түсіп тұрып, бастарына түскен ауыр жағдайға байланысты екеуі де Жезқазғанның ең шалғайында жатқан Қарсақпай мен Қаражалға жұмысқа кетуге мәжбүр болады.
Әкем қиындыққа толы 5-6 жылын абақтыда өткізеді. 1956 жылы елімізде елеулі өзгерістер орын алады. КССРО-ның бәрімізге жақсы таныс ХХ съезінен кейін партияның саясатымен үкіметіміздің заңында жаңа бетбұрыс пайда болды. Сол өзгерістердің жылы лебі адамдардың тағдырына да елеулі әсерін тигізеді. Сөйтіп, 1956 жылы 17 қарашада Бүркіт Ысқақов толық ақталып, еліне оралады. Орала салып, алғашқы жары Мәрмәрдан қалған Қызыл құдық ауылындағы балаларына келеді. Бүркіт жары Мәрмәрдің қайтыс болғанын абақтыда отырған кезде, Қарсақбайда жұмыс істеп жүрген балдызы Мәпішкеннен естіген болатын. Мәпішкен әйтеуір бір жолын тауып, сол жерде жұмыс істеп жүрген жерлесі арқылы әкеме хат жазып, осы суыт хабарды жеткізеді. Ол кісі Идаят Оразбаев деген НКВД-ның офицері еді. Кейін Мәпішкен сол кісіге тұрмысқа шығады.
Бүркіт Ысқақов Алматыға келіп жұмыс іздей бастайды. Көпке дейін газет, журнал мен баспаханалардың басшылары сотталған ақыннан сескеніп, жұмысқа алмайды. Содан кейін достары халқымыздың заңғар жазушылары – Мұхтар Әуезовпен, Ғабит Мүсіреповпен таныстырып, солардың қолдауымен өзінің бұрын қызмет істеген «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасады. Нағыз тұлғалар ғана заманның ағымына қарамай, өздеріне жауапкершілік алып, азапты көп көрген, тағдыр тауқыметін басынан өткізген жас ақынға үлкен көмек жасады. Бір-екі жылдан кейін әкем үйленіп, ауылдағы Дәметкен деген нағашы әжесін қолына алыпты. Екінші жары Қатипадан Сырым есімді ұл және Назым деген қызы бар. Сырым ҚазМУ-дің қолданбалы математика факультетін үздік бітіріп, жұмыс бабымен Қарағандыда тұрды. Еліміз үшін ең бір ауыр кезең болған тоқсаныншы жылдары көптеген қазақ жастары сияқты кәсіпкерлікпен айналысты. Қазір Сырым да бұл фәниде жоқ. Жары Ботагөз, Жәнібек деген ұлы мен қыздары Қарағандыда тұрады.
Сол кездері зиялылардың көбі пәтер жалдап тіршілік ететін. Кейін мені де Алматыға алып келді. Мектепті Алматыда 1966 жылы бітіріп, нағашыларымды сағынып, Қарағандыға қайта оралдым. Осындағы педагогикалық институттың орыс-филология факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тамамдадым. Араға алты жыл салып қайтадан Алматыға келіп, 35 жыл Қазақ радиосында қызмет еттім. Осы киелі қара шаңырақ менің өмірімнің ең бақытты кезеңі деп санаймын. Анасыз өскендіктен болар денсаулығым нашар, әлсіз болдым. Жылдар бойы ауруханада жататынмын.
1983 жылдың жазында қатты науқастанып, бір жылдан астам уақыт ауруханада жаттым. Хәлім өте нашар болды. Күрделі ота жасалды. Жан сақтау бөлімінде жатқанымда таңғы сағат жетілер шамасында жаныма атақты профессор Г.Н.Денягина келіп ыдыспен су ұсынды да, былай деді: «Девочка моя, выпей немного минеральной воды. Эта твой отец принес, может его молитва облегчит боль и вернет жизнь… и еще он книжку оставил». Кейін есімді жинаған соң қарасам, әкем маған өзінің 1979 жылы жарыққа шыққан өлең жинағын қалдырып, алдыңғы бетіне: «Тұла бойы тұңғышым, қысыла қалсам – үмітім» Айгүлге, әкеңнен», – деп жазыпты. Ол кезде мен 36 жаста болатынмын, ал әкем 59 жаста еді. Сонда мен таңғалдым, өлім ауызында жатқан баласына неліктен үміт артады? Жеті жылдан кейін 1991 жылдың 21 қаңтарында әкем ұйқысынан оянбай қалды. Жүрегі тоқтап қалыпты…
«Тар жол, тайғақ кешудің» барлығынан өткен әкем бейбіт заманда да көптеген әділетсіздіктің құрбаны болғаны рас. Осының бәрі жүрекке ауыр салмақ салатыны заңды нәрсе емес пе?! Соғыс, репрессия, отбасынан айырылу, ақталып келсе де, он-жиырма жылдай бақылауда жүрді. Әкем қалған өмірін тек қана шығармашылыққа, ғылымға арнап, көптеген рухани еңбектер қалдырды. Әкемнің бейнесі көз алдымда, қолынан кітабы, қаламы, қағазы түспейтін бейнеде қалды. Бас алмай жұмыс жасайтын. Ғылым Академиясындағы әріптестері қажет деректердің анық-қанығын білмесе немесе араларында талас бола қалса: «Тірі энциклопедияға барып сұрайық», – дейді екен.
Ал мен, әкем маған жазып қалдырған екі жол сөздің мағынасын енді түсінгендеймін. Өмірімді сол кісінің маған артқан үмітін ақтауға арнап келемін.
Айгүл ЫСҚАҚОВА