АРАЛДЫҢ АҚТАЛҒАН ҮМІТІ
Соңғы жарты ғасырдан астам уақыт басынан сын арылмай қойған Арал айдыны үстінде бүгін бір үміт толқыны көтерілгендей. Тым ұзақ уақыт орынсыз талқыға түсіп, ел көңілін әрі-сәрі еткен Солтүстік Арал теңізін (Кіші Арал, САТ) біртұтас көтерудің екінші кезеңі басталады. Ел үмітін көп толқытқан бір тарихтың қисынды нүктесі осылай қойылған сыңайлы.
Үлкен теңіз келмеске кетуге қараған жағдайда, Арал жұртшылығы «ең болмаса, өзімізге бейім Кіші Аралды сақтап қалайық!» деп сөз көтергеніне де 36 жыл шамасы өтіпті («Кіші Арал: үміттер мен ізденістер». «Қазақ әдебиеті» газеті.
1989. желтоқсан). Апатты Арал бойынан үдере көшкен елдің алыс-жақын көшіне ермей, «туған жер, ата-баба бейіті» деп, өз Отанын қимаған жұрттың дені осы кіші су төңірегіне табан тіреп қалған еді. Сол халық Солтүстік Арал айдынын көтеру сөзін алдыға салып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне Ашық хат жазды, техника ғылымдарының докторы, үлкен сушы-маман А.Тұрсынов сол идеяның оң болашағын саралап, білікті маман пікірін жазды («Қазақ әдебиеті». 1990. қаңтар). Ел тілегі табанды түрде айтылып, көп рет ұсынылып, жүйелі түрде қайталана берді. Сол кездегі аймақ басшылары С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев халық тілегін ел билігіне табанды сұраныс түрінде жеткізді. Ақыры, идея айтылған оншақты жылда, біртұтас Кіші Аралды көтеру ісі қолға алынды.
Алдында, 80-жылдардың орта шенінде Одақ орталығы Москва Солтүстік Аралдағы Сарышығанақ қолтығын бөлектеп көтеру ұсынысын қинала қабылдаған еді. Аралды түбегейлі өлтіру жолындағы «қызыл» империяның сол әрекеті сонау сұмдық экологиялық апатқа іштей наразы өз жұрты мен әлемдік пікірдің бетін қайтарып, күре жолдар өтіп жатқан Арал маңын сәл жылтыратып қойып, көз алдай тұрудың амалы болатын. Тарихи жағдай және халық наразылығы, ақыры, сол дүбәрә істі тоқтатты.
Содан кейінгі азат тарихымызда, демократиялық қоғам принципінде, әлемдік экологиялық үдерістер ағымында, ең кем дегенде, Аралдың осынау елеулі бір айдынын қайтарып алсақ деген ел үміті орынды еді. Сол халық талабы арқасында, кешегі екі ғасыр тоғысында қолға алынған Кіші Арал («Көкарал» бөгеті) ел мен жердің зор үміт нысаны болды. Бір әттеңі, шамасы, тағы да түрлі қитұрқы бір есептермен, «Көкарал» бөгеті халық сұрауынан өте төмен нұсқада салынды: бөгет «Қазгипросушар» жобасында, өте аласа – 42 м. су ұстау деңгейінде (БЖ бойынша) шықты. Су саласының ақсақалдары Н.Қыпшақбаев, А.Тұрсынов (марқұм) сол кездегі «Гипросушар» жобалау институтының бастығы Н.Дмитриевке «Кіші Аралдың су жиегін, ең кемі, 46 м. деңгейге жеткізе салу» туралы көп ұсыныс айтқан. Бірақ Н.Дмитриев «Сырдария бітті, енді су жоқ, әлем кеуіп бара жатыр!» деген қапылысты уәжбен бет бақтырмай қойған. Бірақ «Көкарал» салынғаннан кейінгі 15 жыл шамасында, сол тым аласа бөгеттен үміті жоқ Үлкен Аралға 48 млрд т.м. (кей есепте 44 млрд) Сырдың есіл суы босқа ағып кетті. Сол сумен кеткен мыңдаған тонна балық сол бетте ит-құсқа жем, рәсуә болды. Ол жобада балықтың қатынау жолдары да қаралмаған еді.
2005 жылы сол нысанның бірінші кезеңі біткеннен кейін, халық заңды түрде екінші кезеңнің жалғасуын күтті. «Көкарал» биіктетіледі, онда жіберілген кемшіліктердің барлығы жабылады, сөйтіп, Кіші Арал ел күткен 50-51 метр су деңгейіне жетеді деген үміт зор болды. Кіші теңізді Ақбасты ауылы маңынан Үлкен Аралға шлюзбен жалғау жолы айтылды. Бірақ «жаны сірі» екі деңгейлі САТ деген 2009 жылғы 11 наурызда Қызылордада өткен қоғамдық тыңдауда тағы да алдан шықты. Халық бұған түбегейлі қарсы болды. Баяғы, кеңестік «Сарышығанақ» идеясының авторы
Қ.Саржанов сол жиналыста «өзі бастаған сол істен» дәлелді түрде бас тартты. Ал 2013 жылы Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаев Республика басшылығы алдында «бір деңгейлі Кіші Аралдың тиімділігі 3 жыл бойы дәлелденгенін, сол нұсқа жүзеге асатынын» ашық мәлімдеді. Бірақ осы игі бастама түрлі себептермен ары жалғаспай қалды…
«Көкаралдың» бірінші кезегі салынғаннан бергі жиырмашақты жыл бедерінде екі деңгейлі САТ-тың ұсынылмаған жері жоқ. Бұл идеяны «Гипросушардың» кейінгі басшысы А.Рябцев, бұған кейінірек қосылған ХАҚҚ атқарушы директоры Б.Бекниязов, қызылордалық зейнеткерлер Н.Мұсабаев, А.Көшербаев және басқалар мейлінше дабыралатып бақты. Кеңестік дәуірмен бірге күні өткен сол екі деңгейлі САТ нұсқасының мұншама «сүйретілуі» халыққа күмәнді, түсініксіз әрі сүйкімсіз жайт еді. 2022 жылдың қаңтарында Аралға арнайы келіп, халық ойын тыңдаған ирандық «Веком» жобалаушылары ел пікірін біліп, түбегейлі нұсқамен жарты жылдан соң қайта оралатын болған. Ол да, міне, 3 жылдан асты, Аралға ат ізін салмастан кетті. Арал халқы айтса, 800 мың долларлық грантты жеңіп алған сол жобалаушылар сонау 1980 жылғы кеңестік дайын жобамен ғана шектеліп, оған сексеуіл егу мен бірер әлеуметтік жобалар «жаңалығын» қосып, екі деңгейлі САТ жағына шыққан сыңайлы. Сонда, жаңа жобаға бөлінген гранттың қомақты сомасы неге жұмсалған?.. Ал 2020 жылға шейін сонау кінәратты «Көкаралдан» үлкен сорға Сырдың көп суы мен балығы тоғытылып кетумен болды. Сондай өрескел рәсуаға жауап беруі тиіс жауапты біреу де көріне қоймады… Сол есіл су 48 млрд т.м. (тіпті 44 млрд т.м. болсын) Кіші Аралдың жиегін бүгінде қалаға, балықшы елге, баяғы 52-53 метрде жеткізіп, теңізді бір жарым еседей толтырып алатын су еді.
Табиғат мінезі толқымалы. 20-жылдар басында дария 2-3 жыл сусыз күйзелді. «Сырда су болмаса екен!» деген мысықтілеу болды деуге болмас. Бірақ «дүние кеуіп барады, су болмайды» деген уәждер қабатында, екі деңгейлі САТ ниетінің үні тағы шыға бастады. 2024 жылдың көктемінде ел арасында «екі деңгейлі САТ мемлекеттік сараптамаға ұсынылып кеткен, сол нұсқа бекітіліп кеткен» деген хабар тарап, халықтың көңіл күйін әбден түсірді. Бұл қалай деген сұрақ туды. Елдің табанды сұранысымен кеше ғана құрылған Су ресурстары министрлігі мыңдаған шақырым алыста жатқан халық сұрауын ескермей, орталыққа физикалық жақындықта жүрген кейбір мырзалар сөзін негізге алған ба, солар уәжін қабылдап жіберген бе?!.
Міне, осы жағдай халық сенімін арқалаған Республика Парламенті депутаттарының құзырына жетті. Мәжіліс депутаты М.Жайымбетов, Сенат депутаттары Р.Рүстемов, Н.Байқадамов, Мәжіліс депутаттары М.Әбенов, М.Ергешбаев бұл принципті мәселеде бейтарап қала алмады. Ел сенімін арқалаған азаматтар, расында да, елдік тұғырға тұрып, зор азаматтық үн көтерді. Депутаттарымыз, шын мәнінде, ерек халық үмітін ақтай алды. Әсіресе өткен жыл бойы Сыр-Арал жұртшылығының тілегін жіті саралаған, Су ресурстары министрлігі, Үкімет деңгейіне дейін көп сұрау салып, кей қалыптасқан мәселелер сеңін бұзған депутат М.Жайымбетовтің бұл орайдағы еңбегі орасан зор. Ел жақтан Арал халқының пікірін көтеруде ғалым З.Ермаханов, Ж.Арынғазиев, бөгендік Ж.Мұхамедиұлы сияқты азаматтар көп жұмыс істеді. Облыс орталығында И.Әбибуллаев, Д.Баялимов сияқты тұлғалар принципті сөздер айтты. Болашағы ауқымды іс облыс, аудан басшылығы тарапынан қолдау тапты.
Нәтижесінде, СРИМ министрінің Арал жұртшылығымен кездесуі жүзеге асты. 2025 жылдың 10 қаңтарында депутат М.Жайымбетов, министр Н.Нұржігітов және министрлік тобы Аралға келді. Ел тілегі ашық қойылған, бүкпесіз әңгіме болды. Халық біртұтас теңіз мәселесін табанды түрде алға тартты және «Көкарал» бөгетіне қатысты министр ұсынысына орай, 10.01 – 11.01.2025 күндері құрамында Арал ардагері
Қ.Саржанов, жазушы, осы мақала авторы, ихтиолог-ғалым З.Ермаханов және СРИМ өкілдері бар топ Бөген, Қаратерең, Ақбасты елді мекендеріне барды. Министр қауіп еткен, «Көкаралды» көтеруде Үлкен Аралға 7 млрд т.м. су тастау проблемасы, Кіші Аралдың суы өзінде қалып, мыңдаған балықшы өз кәсібін жалғастыра беруі шешімді екені анықталды. Ақбасты ауылының маңындағы Үлкен Аралға апатты су тастайтын бөгет орны да сәтті шешімге қолайлы. Ауыл тұрғындары сол нысанды тиімді басқару жұмыстарын оңтайлы атқарады. Жұмысшы топ осы ауылдан 30 шақырымдай қашықта жатқан құрылыс материалдары (теңіз екшеген ірі малта тас, көлемді қойтастар) жеріне барды. Бұл материалдар алыстағы Мұғалжар, Жаңақорған кен орындарынан тиімді түрде жақын. Бұл тастарды бөгеттің ішкі бөлігіне, жолға пайдалануға мол мүмкіндік бар. Мұндай кен орны қолайлы нұсқада, «Көкаралдан» 10 шақырымдай ғана Өндір тауынан табылуы да мүмкін. Бұл сапар барысында миллиардтаған ақшаға тұрғызылған «Көкаралдың» бұрынғы дене-көлемін бұзбай, жаңа бөгет құрамына тиімді пайдалануға болатыны дәлелденді. Көптеген ұтымды жолдар көрсетілді. Тек халық тілегіне ынталы көзқарас, ел-жерге деген жанашыр ықылас қажет.
Бұл жол бойында, күн райына қарамастан, осы жұмысшы топты күткен жергілікті тұрғындар, балықшылар бұл сапарды Кіші теңізді көтерудің үміт нышаны деп қабылдады. Халықтың бұл үміті қисынды да. Жасы 90-ға таяған ақсақал Қ.Саржанов, мақала авторы, зейнеткер, ғалым З.Ермаханов қыстың көзі қырауда, осы бір тәуекелді жолға бекерге шыққан жоқ, бұл оң іске талап деп ұйғарылды. Ел өз тілектерін көптеп айтып жатты. Қарлы дала, қиын жолсызбен, баруы – 350, қайтуы – 350 шақырым жол жүрілді. Шаршау, өкінішке бой алдыру болған жоқ. Бұл елдің, жердің тілегін арқалаған үміт жолы еді.
Бұдан соң да, 16.01.2025 күні министрлік тобы қайта келіп, Арал бойындағы 13 ауылды аралады. Халыққа Кіші Арал нұсқасын таңдау сұрағы тағы қойылды. Барлық елді мекен тұрғындары бірдеңгейлі теңіз тұғырында тұрды. 21.01.2025 күні министрлік тобы Аралға тағы келді. Бұл жолы Арал қаласындағы 7 мектепте, сайлау-учаскелік принциппен, енді нақты қаланың өз тұрғындарын тыңдау болды.
Айналдырған оншақты күн ішінде, солай Аралға үш «экспедиция» ұйымдастырылды. Министрліктің бұлай, «екі шұқып, бір қарауы» бір себептерден түсінікті де… Халық өз сөзінде тұрды. Арал қаласы – елден бөлек, балықшы ағайынға қарсы жақта тұрған жұрт емес. Тіпті Сарышығанақтағы Мергенсай ауылдық округі жұртының «алақандай шығанақ кімді асырайды, теңіз игілігін ағайынмен бірге көреміз, өле жегенше бөле же!» деп теңіз бойындағы ағайынмен үн біріктіруі биік саналылық еді. Министрлік шешіміне бұл елдік негіз еді. Демократиялық ұстанымды «тыңдайтын мемлекет» принципі де осында.
Ел күткен бірдеңгей Кіші Арал шешімі күн тәртібінде.
Бірақ… Халық тілеген 48-51 м. емес, 44 м. ғана деңгейде. Ел көңілінде бұл не деген заңды сұрақ туды. Халықтық шешім жолдары айтылған, Сыр мен тыңнан келер су көздері көрсетілген, Даму банкі Кіші Аралды биік көтеру қаражатын қарастырған. Соның бәрін «ұмытып», мұндай арзан жол іздеуде не мән бар? Сонша жыл, сонша ел күшімен жеткен бұл істің тым төмен шығуы қалай? «Бір берілген тарихи мүмкіндікте «Көкаралды» биік көтеріп алу, оны ары жоспарлы түрде суға толтыру – көрегендік іс» деген ел тілегін жеткізген депутаттар ұсынысына министрлік, «бұл – алғашқы арзан кезең» деген уәж айтқан. Депутат М.Жайымбетов біртұтас Кіші Аралды 48-51 м. көтеру ісін ары жалғауды талап етті: «Гипросушардың» ескі қатесін тағы да қайталаудың қажеті жоқ; жұмысқа жаңа жобалаушы тарту, шындық үшін бұрынғы есептеулерді тәуелсіз сараптамадан өткізу қажеттігін айтты. Расында да, бұл ретте сұрақ көп… Биік күтілген «Көкаралдың» перспективасы, оған су келтірудің өзіндік саясаты Арал халқының ел билігіне хатында, 10.01.2025 ж. кездесуде министрге тапсырылған. «Есітуші мемлекет» сол хат сөзін неге ескермей тұр?!.
Ел тілекті 48-51 м Кіші Арал күресі ары жалғасады.
Біртұтас теңіз идеясын аяқтан шалушылар «Аралға су келсе болды, кеше елбасы солай деген» деп, күні өткен сөз ұрандатты. «Екі деңгей не, бір деңгей не, Аралға су келсе болды» деген сауатсыз ой айтты. Арал халқын «қырдың жұрты, ойдың жұрты» деп алалауға жетті. Ел ауқымында ойлау емес, алақандай Аралды алатайдай етіп, жастарды тар, эгоистік сөзге тарту – оң тәрбие емес. Мұндай қоғамдық кесел, саяси тарөрістілік – әлеуметтік наразылықтар жолы. Аралдықтар – өз теңізін аңсаған жұрт.
Бұл заманда адами санасы, экологиялық санасы өскен жұрттар төл табиғатын қорғайды. Сол әлем үлгісін көріп, ел мұраты үшін, Сыр суы үшін біріге күресіп, Аралдың бір айдынын көтеріп алудың орнына, біздің кейбір шушыл «жанашырларымыз», айналып келіп, өз ішімізде, үні жоқ теңізді, дария аяғының аз сыбағасын қинай беру, яғни «әлсізге әлімжеттік» көрсете беру сияқты «ерліктен» аса алмады. Кеңірек ойлау жоқ. Балқаш көлі үшін үн көтерген ағайын, 1,5 миллиардтық көршімен Балқаш суы мәселесін шешкен іс – азаматтық ерлік, үйренер үлгі. Әлем мысалында 86 млн халқы бар Иран, 34 миллионнан астам Сауд Арабиясы және т.б. дамыған елдер жерінде бір өзен нұсқасы жоқ. Оларға қарағанда, жан басына суы ырғын елміз. Тоқымдай Кіші Аралға Сырдан 4-6 т.шм. сыбаға су таппау не?!. Кешегі ойлау жүйесінен әлі өсе алмағандық па?.. Әлде тағы да «екі деңгейді» тірілту жолы ма? Тарих күлдігіне тасталуы тиіс, күні өткен «екі деңгей» деген нұсқаны енді қайта «сүйретпелеудің» қажеті жоқ.
Сыр бойындағы жойдасыз су ысырабына тыйым болуы керек.
Әлемде суды табиғат үшін үнемдеу күш алуда. Тасқын суларды Аралға бағыштау, агросаланы әртараптандыру, су жүйесін цифрландыру, т.б. көп шара қолға алынды. Ел аумағында Сырдың Қызылқұм массивінен бастап, Қазалы жеріне шейін қашыртқы-қайтарымды суларын дарияға құю керек. Өзбекстан Әму суымен өз «Кіші Аралын» жасап алды. Ұлтанға сексеуіл егуге тек жерасты суын ғана жұмсайды. Осы үлгі Сыр еліне де керек.
Біртұтас Кіші Арал – ризықты су болады. Теңіз айдыны кеңейеді, балық аулау көлемі артады, экологиялық оң әсер күшейеді. Бұл айдынның географиялық және климат қалыптастырушы рөлін, тіпті ешкім ескермейді де. Ол – қырдағы-ойдағы Арал аумағының ауа райын жұмсартушы, Арал, Қазалы аудандарының шөлін қандырып отырған «Қосаман-Сарбұлақ» су қорларын демдеуші фактор. Кең ауқымда климаттың ысыну үдерісіне, Оңтүстік таулардағы өзендер бастауының мұздықтарына, яғни дариялар толымдылығына да оң әсер береді. Өлкеде теңіз факторы болады. Кіші Арал – бүкіл Аралдың су тіршілігін – балық-жануарлар, өсімдіктер әлемі ихтиогено қорын болашаққа жеткізе алатын теңіз акваториясы. Бұл теңіз Арал ауылдарына, екі-үш ауданға, тіпті төңіректегі бірнеше облысқа игі әсерін тигізеді. Бұндай игілікті Сарышығанақ қолтығы бере алмақ емес.
Сол теңіз игілігіне, ең алдымен, бәрінен бұрын қол созатын, теңіз талапты кәсіпкерлер мен іскер тұлғалар осындай халықтық істе иә бір моральдық, иә бір материалдық үн қоспастан қалды. Кіші Арал 18 телімге бөлінген. Әр участоктың жарты ғасыр есепті пайдаланушысы бар. Теңіз игілігін пайдаланудың заңдылық жолдары бар. Бірақ халық айтса, теңіз үстінде орын алған келеңсіз жағдайлар – браконьерлік, заңсыз әрекеттер, тек тұтынушылық, яғни теңізге жанашырлық емес, алушылық қана психология, төлі азып, балық қоры сарқылуы, су түбіне шөгіп жылдар бойы табиғатты улаушыға айналған аулау құралдары адамға аса тәуелді бұл суды пайдалану ережесін ерекше тұрғыда қайта қарауды, мүлде жаңа заңдылық жолдарын қарастыруды сұрап отыр.
Иә, әлемдік климат – проблемалы. Ауа ысынуы, сулар кебуі бар. Осыған ұқсас үрей осыдан ширек ғасыр бұрын да «Көкарал» салынарда айтылған. Бірақ содан бері дүние қурап қалған жоқ. Ал жоғалтқанымыз – жоғарыдағыдай. Біртұтас Кіші Аралға қарсы бүгінгі аргументтер де сол сарыуайымды еске салады. Табиғат өзінің дәстүр жолын сақтауға тырысады. Сырдың суы келмеске кеткен жоқ. Орталық Азияда еліміз бастап отырған жақсы көршілік, ағайындық қатынас қай тарапқа да игі әсерін беруде. «Ағайын тату болса…» игілік мол. Сырдан келер күтулі су көлемі үлкен. Ылғалды «мүшелдің» де оң әсері бар. Бұл үдеріс қатты құрғақшылықта да өзінің оң нәтижесінде қалары сөзсіз. Екіншіден, біз ішкі су пайдалану мәдениетін көтеруге кірістік. Оның берері ұшан-теңіз. Ал үнемделген су Аралға бағытталады. Саналы әлем осы күні, ең алдымен, судың экологиялық функциясын жоғары қойып отыр. Мейлі, ол үнемделген су ма, көктемнің тасқын суы ма табиғат тіршілігі үшін бағытталады.
«Каспий-Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру Халықаралық қорының» өткен жыл аяғында елге таныстырылған Есіл-Торғайдан Солтүстік Аралға су жеткізу идеясы жақсы жаңалық. Бұл – бірдеңгейлі теңіз үшін тағы бір үміт көзі. Мамандардың есебінше, төменгі Торғайда 5-7 млрд т.м. шамасында су жиналады. Бұған біз Астана маңына Ерейментау бағыты арқылы келуі мүмкін Ертіс-Қарағанды су жолының бір тармағы идеясын қосып айттық. Ол Шідерті нұсқасынан 150-200 м төменде Астанаға жетеді, өзіндік құны арзан су болады. Бұл, ең алдымен, Орталық Қазақстанның суға зәру аймағы үшін аса қажет. Солтүстік Аралдың да үміті осыған жалғанады.
Арал үстіне жақын көктемдей жақсы күндер келе жатыр. Бірақ Аралға деген кешегі кеңестік ойлау инерциясы сол жақсылықты әлі де кеудеден итеріп әлек. Келе жатқан оң өмір өзгерістерін кім тоқтата алар?
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, көсемсөзші, эколог
12.02.2025