Қартаева ТӘТТІГҮЛ, этнограф-ғалым: ҚҰДЫҚ КӨРСЕҢ ШЕГЕНДЕ
Қартаева ТӘТТІГҮЛ, этнограф-ғалым
Қазақ халқының ерте замандардан атадан балаға берілген халықтық гидротехникалық білімдер жүйесі «құдықшылық» деп аталған кәсіп түрін қалыптастырды. Далалық қуаң өңірлерде қазақтар арасында құдықшылар мен сушылардың беделі жоғары болды. Топырағына, судың көлеміне, су көзінің таяздан және тереңнен шығатынына байланысты құдық қазудың өзіндік әртүрлі әдіс-тәсілдері пайда болды.
Құдықтардың тереңдігі жер асты грунт (еспе) суларының жолдарымен, су қабатының деңгейімен, ал құдық ернеуінің кең немесе тар болуы топырақ құрамы, топырақ түрімен (құмды, сазды, тасты, қиыршық тасты т.б.) байланысты.
Тал бұрау немесе тал бума дайындау әдісі. БҚО,, Хан Ордасы.
Пайдаланатын мерзіміне қарай құдықтардың тұрақты, уақытша түрлері қалыптасты. Тұрақты құдықтар көш, керуен жолдарында, уақытша құдықтар мерзімдік қоныстарда қазылды. Тұрақты құдықтардың 4-5 метрге дейін таяз, 4-тен 10 метрге дейін орташа тереңдіктегі, 10 метрден асатын терең түрлері болды. Тұрақты құдықтардың барлық түрінің қабырғасы шегенделеді. Қабырғасы бекітілгендіктен ұзақ жылдар қызмет етеді. Олар – қабырғалары өсімдік түрлерімен, тас түрлерімен шегенделген құдықтар немесе құдық шегенін табиғи тасты қабат ауыстыратын құдықтар.
Талбұрау жасап шегендеуге алынатын шілік. БҚО., Хан Ордасы.
Уақытша құдықтар таяз қазылып, керек емес кезінде көміліп отырған. Уақытша құдықтарға орпа, таңқы, айбарқұдық, қарқұдық, құмқұдық, мұз суаттар жатты. Уақытша құдықтарды қыстау, көктеу, жайлау, күздеу сияқты мерзімдік қоныстарда отырғанда пайдаланған. Қазіргі таңда құдықтардың бұл түрлерінің барлығы қолданыстан шыққан.
Тереңдігіне қарай: терең, таяз; Терең құдықтардың – шыңырау, тас құдық, әйкел құдық, құрдым құдық; таяз құдықтардың – шеген (тас, тал, дүзген, жыңғыл, сексеуіл т.б.), еспе, орпа, таңқы, айбарқұдық, құмқұдық, ілме құдық, ойма құдық;
Құрылыс материалына қарай: тас құдық, тал құдық, дүзген құдық, көкбұта құдық, сексеуіл құдық, жыңғыл құдық, қыш құдық, т.б.
Суының дәміне қарай: ақсу (тұнық, тұщы, дәмді судың көне атауы) тұщы, алғау, алғаулы, ащы, ащылау, кермек, бал құдық.
Суының көлеміне қарай: суы мол, суы аз: суы мол құдықтардың – ақшелек, сүтті, сулы құдық сияқты түрлері болды.
Суының тартылып, қолданыстан шығуына қарай: құр құдық, құрланған құдық деп бөлінді.
Құдықтың барлық түрінің суы мөлдір, тұнық, таза болады. Суының алғау болуы шеген материалымен байланысты емес, жер асты су жолдарындағы судың құрамымен байланысты. Ертеде алғау суды ауызсуға пайдаланар алдында кенеп сүзгіден өткізген
Құдық қабырғасын өру, қалау, қиюластыру, сұрыптау әдісімен бекітілген құдықтардың жалпы атауы – шеген құдық/шегенді құдық. Құдық қабырғасын шегендеуге жергілікті жердегі материал қолданылып, оны игерудің өзіндік әдісі мен халықтық білімі қалыптасты.
Шеген материалына Қызылқұмда – сексеуіл, тораңғыл, Сырдарияның төменгі ағысы бойында – күйдірілген қыш, Арқадан әкелінген емен, Батыс Қазақстанның Нарын құмдарында – тал, шілік, қарағай, Батыс Қазақстанның Жаңақала өңірінде – жыңғыл, Аралдың солтүстігінде – дүзген, көкбұта, солтүстік шығысында – тас, Арал мен Каспий аралығындағы аймақта да – тас қолданған.
Тaл шегеннің қабырғасы.
Шегеннің барлық түрінің қызметі бір, құдық қабырғасын құмның опырылып құлауынан қорғайды, қабырғасын бекітеді, су көзі мен жер асты су жолындағы табиғи сүзгінің рөлін атқарады. Табиғи сүзгі топырақты ұстап, таза суды өткізіп қана қоймай, судың мол қорын береді. Құдық шегеніне суда шірімейтін өсімдік түрін қолданғанмен, дүзген, көкбұта, тал шегендерді 60-80-100 жылда бір рет ауыстырып отырады. Себебі өсімдіктің бұл түрімен топырағы сусылдақ жердің құдықтары шегенделгендіктен, жылдар бойына топырақ қысып, тал шегені бірте-бірте майысады, ал дүзген мен көкбұта уақыты жеткенде отырып, тығыздығы табиғи сүзгіге кедергі жасайды.
Шегенін ауыстыру үшін суын сарқып төгіп тастап, құдық түбіндегі топырағының бір қабатын алады. Құдық тазалау үшін шеген материалын алдын-ала дайындап, бірнеше жігіт асарлап тез арада қайта өріп, қалап шығады. Себебі құдықтағы су көзі тез өніп, шеген салуға кедергі жасайды. Таспен, қышпен, қарағай, еменмен шегенделген құдықтардың шегені мықты болғандықтан, бұл құдықтардың шегені ауыстырылмайды, тек құдықтың түбін (ұлтанын), суын тазалап отырады. Ертеде мерзімдік қоныстардағы құдықтардың, қонысқа келгенде суын сарқып төгіп тастап, жаңадан өнген таза суын ішкен. Себебі құдықтан су ұзақ уақыт тартылмай тұрып қалғанда су тұзданған. Құдық суын алған сайын орнына жаңа су өніп, тазарып отырған.
Тал шеген
Дәстүрлі әдіспен құдық қазу жүйесінің сақталған аймағының бірі Бөкей Ордасы, Нарын құмдары екені анық. Бөкей ордасы, Нарын құмдарында дәстүрлі құдықтың қабырғасын шегендеудің төрт түрі қалыптасқан: тал (шілік) буманы орай отырып, спираль түрінде өріп шығару; тал шыбықтарынан шарбақты құрсаулап жасап, төрт бұрыштап бекіту; құдықтың ернеуіне тал бума, түбіне ағаш тақтайдан төртбұрыштап сұрып салынған екі деңгейлі құдық; қарағай кесінділерімен сұрыптап, төрт бұрыштап немесе бес бұрыштап қалап шығару;
Талмен шегенделген құдықтың ернеуі.
Хан Ордасы мен Нарын құмдарындағы елді мекендерде ертеде табиғи су көзін тек құдық сулары қамтамасыз еткен. Нарын құмдарында құм сусылдақ болғандықтан, құдық ауқымын, қабырғасын, яғни диаметрін кең, шамамен 4 метр етіп қазады. Қабырғасын тар етіп қазса, топырақ сусылдап, қазынды қайта көміліп қалады. Құм қабаты алынған соң, сазды қабат шығады. Құдық ішіне жігіттер кезектесіп түсіп күрекпен құмды сыртқа атқылап, ал құдық сыртындағы жігіттер құдық ернеуін салмақпен жапырып кетпес үшін сол құмды жан-жағына жайып тұрады. Су көзі шығып өне бастаған уақытта шегеннің негізгі қабатын орнатып алып, шеген ішінен үңгіп қазады. Лайлы қайыр суды шелекке салып сырттағы жігіттерге төгуге беріп тұрады. Құдық табанын тазалаған сайын шегенін аяқпен таптап отырғызып, тал шегемен немесе тал қазықпен құрсаулап бекітеді.
Шегендеу үшін талдың шыбықтарын июге, бума жасауға қолайлы болу үшін жас шыбықтап тұрған кезінде шабады. Ал шілік шыбықтары иілгіш, өте жұмсақ келеді, бір жерде шоғырланып өседі. Тал бұрау үшін шыбықты ұзақ кептірмей, жұмсақ күйінде дайындайды.
Тал шыбығы болсын, шілік шыбығы болсын, тігінен, бір-біріне жалғай ішіне кіріктіріп тастай береді де, диаметрі 15-20 см болғанша толтырады. Бума ұзындығы 30-50 метр, кейді одан да көп болуы мүмкін. Екі үш адам қолымен бір бағытқа қарай ширатып бұрай отырып, шіліктің немесе жас талдың жас шыбығымен әр жерінен буады. Кейінгі кезде дайын жіпті қолданып жүр. Мұны «тал бума» деп атайды. Тал, шіліктің судан дәмі білінбейді. Қазіргі кезде су тереңдеп кеткендіктен, тал бұрау салу көп талды шабуды қажет етеді, әрі тал бұрауды құм қысып, ұзақ жылдарға шыдатпайды. Оның үстіне тал мен шілік ағашы қазіргі таңда қорғалатын өсімдік болғандықтан, жаңадан тал құдық шегендеу қолданыстан шығып келеді.
ХХ ғасырдың соңына дейін Нарын құмдарында су 70-80 см-ден 1-1,5 м тереңдіктен шыққан. Әсіресе жиде өскен жердің суы ерекше дәмді болған. Қазғанда түбінен шыққан суды қамыс түтігімен, құм сусылдап көміп қалғанша ішкен екен. Қазіргі таңда су тереңдігі 2-4 метрге дейін түскенімен, судың тұщылығы сақталған.
Тал құдықтардың ернеуі құдық қабырғасымен бірге бұрау салу арқылы өріліп шығарылады. Мысалы, тал шеген бумасын дөңгелете салып құдық қабырғасынан жоғары қарай жерден 80 см – 1 м биіктікке дейін көтере береді. Құдық ернеуіне айнала жерден ағаш қазықтар қағылып, бетіне ағаш тақтайдан қақпақ орнатылады. Тал ернеу мен ағаш қақпақ құдық ішінде таза ауа айналымын қамтамасыз етеді.
ПІКІРЛЕР4