Зейнеп АХМЕТОВА, этнограф: ТІЛ МЕН ДӘСТҮР — ЕГІЗ ҰҒЫМ
Ұлттық құндылықтарды жандандырып, тереңге тамыр тартқан салт-дәстүрді ел ішінде кеңінен насихаттап жүрген белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен сұхбаттасып, апайдың әңгімесін тыңдау көптен ойымызда жүр еді. Қаламгердің қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының тағылымды болмысын жаңа қырынан танытқан, халықтық педагогиканың озық үлгілері тұнып тұрған кітаптары оқырман қолынан түскен емес.
Жазушыны мейрамымен құттықтап, көкейіміздегі сауалдарды қойып көрдік. Ұлт руханиятының қара шаңырағы — Қазақстан Жазушылар одағына арнайы келіп, одақ табалдырығын аттамас бұрын иіліп сәлем салған Зейнеп апай талай ұлылардың ізі қалған құт мекенге сәлем салып барып кіру — атадан қалған игі дәстүр екенін жеткізді.

— Зейнеп апай, мерейлі сексен жасқа толғаныңыз, мейрамыңыз құтты болсын! Осы жастың биігінен қарап отырып, өмірден не түйдіңіз?
— Ертеде өткен Шал ақын:
Өттің, дүние, өттің-ай,
Теңселе басып кеттің-ай! — деген екен. Сол секілді, мына тоқтауы да, байлауы да жоқ уақыт керуені алға қарай озған сайын адамның жасын да ұлғайта береді ғой. Күні кеше бәрі болғандай, кеше ғана мөлдіреген жүзімдей жап-жас келіншек едік, бүгін бүріскен кішміштей болып қалдық, десе де кішміштің де пайдасы зор (күліп). Аллаға шүкір, өткен өміріме еш өкінішім жоқ. Әрине, бір қалыпқа түскен, зырылдап өте шығатын өмір еш жерде, ешқашан болмаған. Кез келген ғұмырдың өз өкініші, жеңісі мен ұтылысы болады. Оның барлығы бір адамның басынан өтпей қоймайды. Жалпы алғанда, мен маңдайлы адаммын. Өте керемет ата-ананың бауырында, үлкен отбасында өмірге келдім. «Жоқ» деген сөзді естімей, емін-еркін өстім. Оның үстіне, анам марқұм өмірінің соңына дейін қазақтың бүкіл салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үкісін қисайтпай ұстанған адам еді. «Қызы бар үй қандай болады екен» деп армандап жүргенде көрген «арпа ішіндегі бір бидайым», — деп еркелетіп, аялы алақанымен аялап тұрып, лезде сол алақаны жұдырыққа айналып шыға келетін. «Сен әкеңнің үйінде шолжаңдап жүргеніңмен, бұл үйге қонақсың. Ертеңгі күні бір босағаны аттап, бір үйдің отын жағасың. Сол кезде отыңның басында алдымен маған сөз келтірме», — деп кішкентай шағымыздан еркелете жүріп, қыз бала үйренуге тиістінің бәрін үйретті, болашақта қиналмай, бір әулеттің қазанын ұстап, бір үйдің тірлігін дөңгелетіп әкететіндей етіп тәрбиеледі. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дегендей, Құдайға тәубе, ата-анадан көрген мықты тәрбие қалыпқа сыймайтын, атаның өзі айтқандай, көктемдей құбылмалы мінезі бар ерекше жанның отының басына келін болып түскендегі ғұмыр жолыма алтын діңгек болды. Иісі қазаққа ортақ, алты алаштың ардақтысы болған адамның, аз уақыт болса да қолына су құйып беріп, шайын қайнату, ол кісінің ертелі-кеш үнін есту, дидарын көріп отыру Алла Тағаланың менің маңдайыма берген бақыты, үлкен ерекшелігі деп білемін.

— Анаңыз сұңғыла жан болған екен. Атаңыздың кемеңгерлігі мен көрегендігі, өткір болмысы анаңыздың да бойында болғанын аңғарамыз…
— Иә, анам ұлттық қадір-қасиетті бойына жинаған нағыз қазақ әйелі болды. Егер мен анамның тәрбиесін көрмегенімде ата секілді адамның тұрмыс-тіршілігіне төзу, сол шаңырақтың түтінін түзу шығару қолымнан келмес еді… Міне, ұлттық тәрбиенің пайдасы қайда жатыр. Бәкеңнен бір шапалақ жеп жылап үйге барғанымда, анам да бетімнен шапалақпен тартып жіберіп, үйден қуып шыққанын кітабымда да жасырмай жазғанмын. Ал егер сонда «ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды» десе, менің қалып қоятыным анық еді ғой. Сонда жүрегімнің астына жаңадан біткен баламның тағдыры не болар еді?.. Өмірім не болар еді? Бүгінгідей абыройлы күнге жетпес едім анам құшағына ала жөнелгенде. Ананың парасаты қайда жатыр, көрдің бе…
«Анаға қарап қызын ал» деген сөз де текке айтылмаған. Бізде қазір осы мәселе ақсап тұр. Қызын тәрбиелеудің орнына алдымен өзіне тәрбие керек әйелдер көбейді. Ұлттық тәрбиеден, ұлттық құндылықтардан айырылып бара жатырмыз. «Тасын ала берсе, тау да таусылады» дейді. Батыс келіп жалаңаштап, Шығыс келіп тұмшалап, екі ортада онсыз да тарыдай шашырап жүретін бір уыс қазақтың шақшадай басы шарадай болды. Ұлттың ұлттығын сақтап қалатын тетік — ең алдымен, қыздың тәрбиесі, осы мықты болуы керек. Анамыз: «Қызы тексіз, қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді, тұнығы лайланады, толысы төгіледі. Сөйтіп, ұрпақ жидіп-жүнжиді», — дейтін. Міне, қандай тәрбие! Қазір «Зәке» атанып, біреулерге «Зейнеп апа», «Зейнеп әже» болып азды-көпті қазақтың есігі мен төрін көріп, құрметке бөленіп жүрсем, соның бәрі — қасиетінен айналайын, қазақтың ұлттық тәрбиесі, ұлттық тағылымның әсері деп ойлаймын.
— Шығармашылығыңыздың арқауы күнделіктен бастау алғаны барша оқырманға аян. Жалпы, күнделік жазу дегеніміз не? Күнделік жазу адамға қалай әсер етеді?
— Күнделік жазу балалық әуестіктен басталды. Туысымыздың менен екі сынып жоғары оқитын қызының күнделігін көріп, қатты қызыққаным бар. Сыртына әдемілеп гүл салып қойған. «Не жазып отырсың?» — деп сұраймын ғой. «Күнделік», — дейді. «Күнделікті жазушылар жазбай ма?» — деймін қызыға түсіп, сонда бар-жоғы алтыншы сыныпта оқимын. «Жоқ, күнделікті кез келген адам жазады», — дейді ол. «Ол жерге не жазады?» — деп бастырмалата сұрағанымда: «Өзіңнің көрген-білгеніңді жазасың», — деп жауап берген еді. «Е-е, бұл қызық екен» деп есеп шығаруға арналған шақпақ көзді дәптердің төрт-бесеуін біріктіріп, түбін тіктім де, сыртына айбақ-сайбақ гүл салып, күнделік жазуды бастап кеттім. Әлі шала ми баланың күнделігіне не жазылар дейсің: «Ертеңгілікте тұрдым. Беті-қолымды жудым. Бантигімді тақтым, мектепке бардым», — деп не істеп, не қойғанымның бәрін тізе беретінмін. Тіпті біршама уақыттан кейін сабақ беретін мұғалімдеріме дейін күнделікке «кіріп» кетті. «Алиман апай бүгін ашуланып тұрды. Орманов ағайдың шалбары үтіктелмеген…» — деп кете береді. «Күнделікті тек өзің үшін жазасың, өзгеге көрсетуге болмайды» деген сөз ойыма сақталып қалған. Бұл бір рахат болды ғой, біреуді мақтасаң да, даттасаң да өзің білесің деймін. Дәл осы шимайларым қағаздың қарсылығын жоюға үйретті. Әдебиет пәнінің мұғалімі: «Сөйлемді дұрыс құрайды, ойын жақсы жеткізеді», — деп мақтайтын болды уақыт өте. Кейін ойласам, «қағаздың қарсылығы» деген қиын ғой, көкейдегі көрікті ой қағазға түскенде дәл ойыңдағыдай шықпай, шашырап кетеді. Күнделік жазуға әдеттенгенім ойымды жүйелі жазуға баулыған екен. Бірнеше жыл жазып жүрдім де, зерігіп, күнделік толтыруды тастап кеттім. Есейе келе қайта жаздым. Ол шақта күнде емес, ерекше әсер еткен, ұмытуға болмайтындай оқиғаларды ғана жазатын болдым. Ал атаның қолына келгенде: «Бұны ықтиятты түрде қолға алу керек. Өйткені атам — қайшылықтардан тұратын, қалыпқа сыймайтын адам. Өзге тұрмақ, өзі ертең не болатынын білмейді. Қашанғы қасында жүретінімді кім білсін?! Сондықтан әр сөзін, әр әрекетіне дейін қалт жібермей, жаза берейін» деп ойладым. Сәттерді ұстап қалғым келді. Сырты әбден май-май болған күнделік дәптерім асүйдің тартпасында тұратын. Ас әзірлеп жатсам да арасында қолымды сүртіп-сүртіп, «осыны ұмытып қалмайықшы» деп атаның әр қимыл әрекетіне дейін жазып жүрдім. Мақтанғаным емес, менің сол ұқыптылығым, саққұлақтығым қанша кітапқа негіз болды. Оқырман атаны «батыр», «жазушы» ретінде жақсы білгенімен, үй ішіндегі болмысын таныту менің ғана пешенеме бұйырыпты. Ең толымды етіп жазылғаны да атаммен тұрған жылдардағы күнделіктер еді.
Мен жазушы болуды ешқашан мақсат тұтқаным жоқ. Атамның қолына көшіп келгенімізде Бақытжанның бір-екі кітабы шығып үлгерген. «Қанша дегенмен, Бақытжан — жазушы. Ертеңгі күні әкесі туралы жазбай қоймайды. Сол кезде менің жазып алғандарым оған шикізат болсын» деген ой болды менде. Ата өмірден өткен соң араға уақыт салып: «Бұл — ешкімде жоқ материал. Мен ғана жазған дүниелер бар мұнда. Атаның оң қабағы көтерілгенде не болады, мұрты жыбырлағанда, шашы тікірейгенде не болады? Соның барлығын қағазға түсіріп алуға мүмкіндігім болыпты. Осында жазылғандарды керек кезде қолданарсың», — деп күнделіктерімді Бәкеңе бердім. Бәкең: «Болмайды. Бұл келіннің көзқарасымен жазылған әрі мен Алматыда туып-өскенмін. Орысша оқыдым, ормандай қалың орыстың арасында өстім, ал сен таза қазақи тәрбиеде өсіп, ауылдан келдің. Екеуіміздің психологиямыз сәйкес келмейді. Одан да бұны өзің жаз», — деп алудан бас тартты. «Қой! Мен жазушы емеспін, жазып көргем жоқ», — деп шошып кеттім. «Мен саған роман, повесть жаз деп отырғам жоқ қой. Оқиға да, әрбір сәт те күн-күнімен жазылып тұр. Бас жағына әуен беріп, соңына қорытындысын қоссаң, негізгі арқауы дайын тұр», — деген Бәкең, міне, осылайша, жазудың жауапты бір саласына жол салып берді. Кейіннен өзі де: «Мен саған ең қиын жанрды үйреттім», — дейтін. Онда да біраз уақыт жазуға жүрексініп, көнбей жүргенімде Бәкең: «Дап-дайын тұрған дүние. Мынаны жарыққа шығармау, жазбау күнә», — дейтін. Бір күні Бақытжанға мақала аудартуға Сейдахмет аға Бердіқұлов келіп қалды. Сөз арасында Бәкең: «Аға, келініңізде осындай керемет дүниелер бар, бірақ соны толықтырып жаз десем, көнбей жүр», — деді. Қанша дегенмен мықты журналист қой, Сейдахмет аға елең етіп: «Ой, оны көрейік те», — деді бірден. Ол сәтте де мән бермедім. Бақытжан аудармасын Сейдахмет ағаға алып кеткен. Келген соң: «Енді амалсыздан жазасың», — десін. «Не болып қалды» дегенімде: «Аға бұның бәрін жоспарға кіргізді. Жоспар бұзылса, ЦК Комсомолдан сөгіс алады», — деп төндіре жауап берді. Материалды көрмей тұрып жоспарға енгізбейтінін қайдан білейін, аңқаумын ғой, Бәкең де солай, аяғымның астындағын көрмей қалатын аңқаулығымды жақсы пайдаланған. Содан әлгі жерде қорқа-қорқа бес-алты эпизодты қолмен қағазға түсірдім де, Сейдахмет ағаға алып барып: «Аға, мынаны оқып көріңіз. Егер ұнамаса, ешкімге айтпаңызшы», — деп тастап кеттім. Көп ұзамай жазғаным «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») қатарынан төрт нөміріне «Келіннің күнделігінен» деген тақырыппен бірінен соң бірі шықты. Халық дүр ете түсті. Өйткені атаның дүиеден озғанына бір жыл болған, халық атаны сағынып жүр екен. «Лениншіл жастың» редакциясында «ар жағын жазсын» деген хат үйіліп қалыпты. Ары қарай, амалсыздан, былайша айтқанда, елден- жұрттан айналайын, көптің тілегімен қанаттанып, жалғастырып жаза бердім. Ол кітапқа айналып, алғашында шағын, сегіз баспа табақ кітап жарық көрді жиырма мың тиражбен. Халықтың атаға деген махаббатының мықтылығы сонда, кітап лезде таусылып, қайта толықтырылып, алпыс мың тиражбен оқырманға жол тартты. Кітаптың көп тиражбен шығып, оқырман ықыласына бөленуі менің мықтылығымнан емес, атаның мықтылығы, атаның өмірінің көпке беймәлім бөлшегін арқау еткенімнен еді. Сонымен қатар әдебиет тарихында досы, жары, баласы, қызы жазған естелік бұрыннан бар, ал келіннің қайын атасы туралы жазу ешқашан болмаған екен… «Шуақты күндер» — қазақ-совет әдебиеті тарихындағы келіннің тұңғыш естелік-эссесі. Атаның биік рухы, аруағы желеп-жебеді де, жай ғана қазан-ошағын ұстап жүрген қазақтың қарапайым келіні танымал болып шыға келді.

Күнделікте адамның әртүрлі күйі жазылады. Мен жылай алмаған кезде де, ренжіген шағымда да ішімдегіні ақ қағазға ақтардым. Сондай сәттерде мені күнделік құтқарды. Сол үшін де ішіндегі көпке жетуі керек, ұрпаққа үлгі болатындай ұлағатты дүниелерді алып болған соң «күнделіктерімді өртеймін» деп айтам. Өйткені айналасынан ілік іздеп жүретіндер оқыса: «Мынаның басында мынадай болыпты ғой» деп көбік сөзге айналдыруы мүмкін. Не керегі бар оның? Өмірден өтіп, баяғыда сүйегіне шөп шығып кеткен адамдардың аруағын қопарып, неше түрліні жазып жүргендер бар. Олай етудің түкке қажеті жоқ қой!
— Бақытжан Момышұлының ата туралы толымды туындылар қалдырғанын білеміз. Жазушының жары болу ауыр ма, жеңіл ме?
— Бақытжан әу баста өлең жазған екен. Жалпы, ақын-жазушы деген қауым бір қалыпқа сыймайтын, «бір аяғы сегіз, бір аяғы тоғыз» дейтіндей адамдар ғой. Көңіл күйдің адамдары. Жазғаны әдемі жүріп, ойындағысы орындалып жатса, сарымайдай еріп тұрады — одан жақсы ешкім жоқ. Ал ойлағаны болмай, «жазсам» дегенінің қисыны келмей, қиюы қашып жатса, сол үйдегінің бәрі оның қас дұшпаны сияқты болады (күліп). Жастайымнан кітапты көп оқып, жазу әлемінен хабарым болғандықтан ба, бұндай көңіл ауанына мен ерте үйреністім. Бақытжан айналасын, жазу үстелін, отырған орынын өте таза, ретті ұстайтын, бұған да тез қалыптастым. Анам марқұм тұрмысқа шығатын кезімде тойдың алдында жеке отырғызып алып: «Сен енді ұядағы балапан емессің, қарақанат құссың. Сен ұшасың енді, басқа тұғырға барып қонасың. Тілеуін тілейтін, ұрпағын өсіретін, түтінін түзу шығаратын үйің — күйеуіңнің үйі. Отыңды лаулатып жаға аласың ба, жоқ, түтіндетіп, бықсытып қоясың ба — ол саған байланысты. Күйеуіңмен тату-тәтті тұрам десең, ең қарапайым деген нәрселерді ұмытпа. Ең бірінші, үйің таза тұрсын. Күйеуіңнің жағасы кірлемесін. Тамағың дәмді болсын. Күйеуің даладан келгенде «қайда болдың» деме, «қош келдің» деп қарсы ал. Содан кейін тым тәтті болма, тәтті болсаң, жұтып қояды. Тым ащы болма, түкіріп тастайды, дәмді ғана бол», — деп өсиет айтқан еді. «Қалай дәмді, қалай ащы», — деп күлгенім есімде. Мәнін кейін түсіндім. Ер мен әйел — жаратылысынан екі бөлек әлем. Ер-азаматты жар, азамат ретінде сыйлау керек. Қазақта киіз үй тіккенде уығын шаншу, керегесін керу, жасау-жабдығын жөндеу сынды тірліктерді әйелдер жасағанымен, шаңырақты ешқашан әйел көтермейді, ер адам ғана көтереді. Осының өзі-ақ ерлердің орны қандай екенін дәйектейді. Әйел заты «шаңырақтың иесі, перзенттерімнің әкесі» деп ерін қадірлегені жөн. Анамның тағы бірде: «Сен оны тұңғыш баладай бағып ал», — дейтін. Бұл сөзге де күлгенмін. Сөйтсем, ер адамдар анасына бала болып еркелеу үшін жаралған, оларға ылғи әйел адамның аялы алақаны керек екен. Жасы алпыс-жетпіске келсе де, олар қашанда аялы алақанды аңсап тұрады. Ал әйел адам — ана. Өмірге адам келтіретін, ұлдың да, қыздың да — анасы. Ана сөзінің мәні осында екен. Егер де өзі сыйлауға тұрмайтын сорлы біреу болмаса, кез келген еркек ондай қамқорлықты түсінеді.
Анамның осындай ақылын ұстандым, содан жазушының да бабы келісті.
— Бақытжан ағаның шығармашылығы өз дәрежесінде ұлықталып жүр ме?
— Бақытжан жазушылардың ортасында көп бола қоймады. Өте сирек көрінетін. Оның бір себебі — денсаулығына байланысты, таяқпен жүретін еді ғой. Бір жағынан, қазақ жазушылары «ол орысша жазады» десе, орыстар Бақытжанды «қазақтың жазушысы» санады. «Мен сөйтіп ортада қалғанмын», — деп Бәкеңнің өзі де айтатын. Кеңес Одағы тұсында жазушылар кітабы орысша шықса ғана танылатын, әсіресе жинағы Мәскеуден жарық көрсе, төбесі көкке жеткендей қуанатын. «Ой, қойшы соны, орысша жазады», — деп тұрып, кітабын аудартуға жүгіріп келетіндер көп болды.
Бақытжан классиктерден Шерхан аға Мұртазаның бүкіл шығармасын орыс тіліне тәржімалады, ұйғыр жазушысы Шаим Шаваевтың кітаптарын, Болат Бодаубаевтың, Оралхан Бөкеевтің, Мәди Айымбетовтің, Қалдарбек Найманбаевтың, Кемел Тоқаевтың, Жайсаңбек Молдағалиевтің, Кәкімжан Қазыбаевтың туындыларын аударды. Жалпы саны қырықтан аса аудармасы бар.
Бақытжанның «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья Великого Волка» кітаптары қазақ оқырмандарына жетпей жатыр. Үш кітап та әкесіне арналған, әкесімен араласқан адамдарды арқау еткен. Қазақтың белгілі тұлғаларының атамен қарым-қатынасы суреттелген. Керемет дүниелер ғой. Орыстілділер тамсанып оқиды, қазақ тіліне аударылған жоқ. Мысалы, менің қолымнан келмейді оны аудару, өйткені мән-мағынасы өте терең шығармалар… Әлі күнге дейін дұрыс аудармашы болмай жүр, оған көбінің тісі бата бермейді. Осы жағынан алғанда орыстілділердің ішінде Бақытжан — белгілі, мақтап оқиды, алайда қазақ қауымы Бақытжанды әлі жете тани қойған жоқ.
«Когда ты рядом» деген бір кітабы ғана марқұм Сұлтан Қалиевтің тәржімасымен «Жанымның жарық жұлдызы» деген атпен жарық көрді. Сол жинақты қайтадан шығарғымыз келеді…
— Кітабыңызда жұбайыңыздың «төске ұстар қалқаны, алдында ақыл айтар ағасы, артында ат ұстар інісі жоқ жалқы» өскенін айтасыз. Ал Баукең қандай әке болды? Осы кілтипанның орнын толтыра алды ма?
— Бұл келін сөйлейтін тақырып емес, дегенмен әке мен баланың арасы бастапқыда өте күрделі болды. Неге десең, ата марқұм соғыс уақытын қосқанда, отбасына он төрт жылдан кейін оралған. Академияда сабақ берді, одан Кросноярск өлкесіне жіберді, солайша біраз уақыт сыртта жүрді. Нағыз әкенің қарулы қолы, мықты иығы керек шағында Бақытжан әке тәрбиесін көрмеген. Ата соғысқа кеткенде, анасының ішінде жеті айлық болып қалған. «Бізді тағдыр бір-бірімізді сирек көруге жазған екен», — дейтін атаның өзі де. Уақыт өте атаның басқа отбасылары болды. Мен бұл тақырыпқа жоламаймын, енелерім туралы айтқанды ұнатпаймын, келін айтуға лайық та емес бұл. Өйткені ол — атаның өмірі, атаның тағдыры, атаға серік болған апалардың тағдыры. Сондықтан бұл мәселеге кіріспеймін.
Кәмеш апай қайтыс болғаннан кейін өз өтінішімен атаның қолына көшіп келгенімізде, ұлымыз Ержан үш жаста, өзім жиырма бес жаста екенмін. «Қазақтың ұлы тұлғасына келін болып қызмет жасау бұйырып тұр, жұмыс табылады, өзім жаспын, жоғары білімім бар», — деп студиядағы жұмысымнан өз еркіммен кеттім. «Он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады», «Бір адамның жаққан отына он адам жылынады» дейді емес пе, сонда үш Момышұлының — әкесі, баласы, немересінің басын біріктіруге аз да болса септігім тиген шығар. Атам мен Бақытжан лезде шарт-шұрт кетісетін де, бір қарасам, өзара қарқылдап күлісіп, әңгімелесіп отыратын. «Алма сабағынан алысқа түспейді» деген рас. Қаны да, тәні де, жаны да бір жаралған жандар ғой. Ағаштың бұтақтары иір-иір болғанымен, тамыры бір. Сол секілді Бақытжан мен атаның ішкі жан дүниесі ұқсас, рухы бір. Бір-біріне деген өшпеген, сөнбеген мейірімі бар еді. Бақытжанның атаға арналған кітаптары да сондай кіршіксіз құрметтен туды.
Бақытжан өте салмақты еді, сирек ашуланатын, бірақ ашуы қатты болатын. Өзіне қанша иттік, жамандық жасаған адаммен де ешқашан бет жыртысып, ұрысып көрген жоқ. «Кінәсі болса, Құдай кешірсін, мен оны тізімнен өшіріп тастаймын», — дейтін, бітті. Ал ата бірден айтып салатын. Қатал болғанымен, қатыгез болған жоқ. Қаталдығының артында үлкен тәрбие жататын.
Ержан әкесіне тартқан, өте салмақты. Аса көп даурығып сөйлеу, «мен Момышұлының немересі едім» деп кеуде керу табиғатында жоқ. Отбасымыздағы атадан қалған үлкен ереже — қарапайымдық. Қарапайымдықты қарабайырлықпен шатастыруға болмайды, қарапайымдықтың артында ұлылық жатыр. Құдайға тәубе, екі немереміз бар. Үлкенінің өң-түсі де, мінезі де, көзінің өткірлігі мен «бар» немесе «жоқ» деп кесіп сөйлейтіні де атадан аумай қалған. Ата секілді мықты математик. Өз күшімен грантқа түсіп, IT мамандығын тәмамдады. Үлкен компанияның бірінде қызмет етіп жүр. Екінші немерем жылағысы келсе — жылай салады, күлгісі келсе — күле салады, өзіме ұқсаған.
Біздің үйде әзілдің орны зор. Күрделі нәрсенің өзін әзілге айналдырып жібереміз. У-шудан, «сен сондайсың», «мен мұндаймын» деген даурығудан аулақпыз. Бізде «сен», «мен» деген ұғым жоқ, «біз» деген сөз бар. Міне, осының бәрі — Момышұлы әулетіне тән, атадан тараған қасиеттер.
— Атаңызбен бір шаңырақ астында тұру алғашында күрделі болғанын тілге тиек етесіз. Сол шақтарда сіздің төзіміңіздің артында құрмет тұрды ма, жарыңызға деген сезім бе?
— Бұл жерде «төзім» деген түсінік онша келмейді. Төзім қашанға дейін шыдайды? Төзе беруге, төзе беруге Алланың шақтап берген өмірі де жетпейді ғой. Түсіну мен сыйластық шыңдады. Әрине, атаны бірден ұға қойдым десем, өтірік болады. Ол кісіні зерттей бастадым. Ата бір сөзің үшін сені мақтап отырып, келесі сөзің үшін быт-шытыңды шығаруы мүмкін. Ол кісі кез келген жаман адамның бойынан да бір қасиетті көре білетін, керемет деген адамның да пенделігін байқайтын. Алғашында қорқып жүрдім. Атаның дауысы шықса, тізем дірілдейтін. Сондықтан болар, жығылып-сүрініп жүріп бірдеңені қисайтып, тағы бірдеңені бүлдіріп алып дегендей… Бірте-бірте атаның болмысын тани түсіп, түсіністік сыйластыққа ұласқанда қаймықпай, қай жерде не айтуды, қандай да бір әрекет жасауды біліп тұратын болдым. Кейде үйге келген кісілердің бодауында кетіп, соларға ашуланғанда менің де қосақ арасында қоса кетіп қалатын сәттерім болатын. Түсінесің. Үйге келген адамға есік ашатын менмін. Ол адамдардың келуі бірдей болғанымен, кетуі әртүрлі. Кейбіреуінің кірген есігін таба алмай қалатұғын кездері болды. Оның бәрін кітаптарымда жазғанмын.
— Қазақы ғұрыптардың пайда болу негізін, әр дәстүрдің жөн-жоралғысын жан-жақты ашып, таныстыруда еңбегіңіз ерен. Осындай дәйекті зерттеулерді қалай жүргізесіз?
— Оның барлығы көзіміз ашылғаннан анамыздың бойымызға сіңіргені ғой. Анамыз: «Жоғары оқу орнында оқисың ба, оқымайсың ба, өзің білесің. Оқысаң, өзің үшін оқисың. Ал ұлттық дәстүрді ұстануға міндеттісің», — дейтін. Ес білгелі қазақтың ғұрыптары, ырым-тыйымы тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сол арқылы-ақ салт-дәстүрдің әр деталінің мән-мазмұнын танып өстік.
Қазір әсіредіншілдер қазақты шектен тыс шатастырып, дәстүрімізге шүйлігіп жүр. «Дін-дін» деп, небір ағымдағылар нағыз ислам дініне жат тірлік жасап, ғайбатты да, астамсуды да асырып көрсетіп келеді. Мен Құдайға шексіз сенетін адаммын. Қазақ «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген бір-ақ ауыз сөзбен Алланың құдіретін дәл берген. Қазақ ешқашан Құдайын ұмытпаған, дәстүрін де берік ұстанған.
Қоғамда менің көңіліме қонбайтын тағы бір нәрсе — өз елімізде, өз жерімізде отырып, Тіл комитетін құрып, тілді қорғауы. Осы намысқа тимей ме? «Тілді қорғау», «тілді қолдау» деп қыруар қаржы бөлінеді. Ол ақша тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатыр. Содан тілдің көсегесі көгеріп жатыр дегенге сенбеймін. Қолымда заң шығаратын билік болса, ана тілін білуді әр қазаққа міндет етіп бекітер едім. Күнделікті тіршілікке қатысты барлық тетік қазақ тілін білмейінше қолжетімсіз болса, бұл мәселе өздігінен шешілер еді. Халқымызда әл үстінде жатқан адамды «тілден қалды» деп айтады. Ал тұтас бір ұлт тілден қалса, не болмақ? Қазақтың тілі қай жағынан жұтап жатыр, осыны көпшілік аңғармайды. Ежелгі жырауларымыздан бастап, бүгінгі ақындарға дейін қазақтың «беташар» салтына жыр арнамаған ақын некен-саяқ. Ол жырларда қаншама сөздік қор бар. Әсіредіншілдер «нағыз мұсылман боламыз» деп келінге «беташар» жасауды тыйып әлек. Осы өсиет-өнегеге тұнып тұрған бір ғана «беташар» арқылы қаншама сөз жойылып, келмеске кетпек. «Орамалға келдім» дейтін сөз сәнге айналды. Айналайын-ау, қазақтың әйелдері ешқашан жалаңбас болған жоқ. Бірақ қазақтың қызы тұрмысқа шыққанша басына орамал салмаған. Жарастырып кәмшат бөрік, құндыз бөрік, моншақты сороба, шашақты қасаба, жырға, үкілі тақия — бірінен бірі өтетін сәнді баскиімдер киді. Соған лайықтап шашына күтіммен қарады. «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» дейтұғын қолаңшаш, сүмбілшаш, алтыншаш, қарашаш — бәрі қазақ аруларының шашына тән сипат. Шашқа тағатұғын шашбау, шолпылар, тіпті соның сыңғырына дейін ақындардың өлеңіне тиек болған. Сол үшін де айтам, мұсылман болу үшін араб болудың қажеті жоқ. Інісінің қызын ағасының баласына әперетін халықтан не үйренесің әрі-беріден соң. Дәстүрге неге қарадай тиіседі бұндай ұябұзарлар, дәстүрмен бірге тіл құрып кетіп жатыр. Дәстүр мен тіл — егіз. Айғайлап жүрген тіл жанашырлары осындай олқылықтарға тосқауыл болудың орнына, түрлі шаралармен уақытты бағаламай, қаржыны да шашып жүр.
— Баланың толыққанды пайда болу барысын, әр қырық күн сайын қалай дамып жетілетінін, қандай факторлар қалай ықпал ететінін ғылыми негізде жүйелеп бердіңіз. Қазір жаңа туған нәрестелердің түрлі диагнозбен (аутизм, ДЦП) дүниеге келуі жиілеп кетті. Осының себебі неде болуы мүмкін деп ойлайсыз?
— Бұл — біріншіден, экологияға байланысты. Екіншіден, бүгінгі нәрестелер уыз ембейді. Қазір баласын емізбейтіндердің саны артты. Уыздың қандай қасиеті барын «Күретамыр» атты кітабымда егжей-тегжейлі жазғанмын. Уызда жеті атадан бергі күллі қасиет жинақталады екен. Дәмнің неше түрін жасайтын ғылым уыздың құрамын әліге дейін толық анықтай алмай келеді.
Көбі ащы толғақтан қашады. Табиғаттың заңдылығы сонда, бала толғақпен өмірге келуі керек. Онда ана мен бала арасындағы байланысты нығайтатын көзге көрінбейтін күш жатыр. Босанған келіншектердің қырық күн күтінбейтіні, қалжа жемейтіні — бәрі-бәрі кері әсерін тигізбей қоймайды.
Қанша уақыттан бері тынбай айтып келе жатырмын, балабақшадан бастап, мектептерде, университеттерде халық педагогикасынан сабақ өтілуі керек. Құдайға шүкір, егемендік алғалы бері қазақ мектептері, қазақ балабақшалары көбейді, бірақ ұлттық мектеп, ұлттық балабақша әлі бір жолға түспей тұр. Ұлттық мектептер ашып, ары қарай дамытайын дегендерге, неге екенін, тосқауыл көп, сүйеу жоқ, тіреу жоқ. Соған қарамастан, ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілігінің мықтылығымен жұмыс істеп жүрген жандар баршылық.
— Жастайыңыздан әдеби ортада жүріп, қазақтың біртуар ақындарын жатқа оқыдыңыз. Шаңырағыңызда да талай ұлыларды қонақ етіп, талай таланттардың көзін көрдіңіз. Қандай шығармаларды жақсы көріп оқыдыңыз? Несімен ұнады?
— Мен үшін кітап — білімнің де, сананы кеңейтудің де қайнар көзі. Өлең оқыған ұнайды, шын өлеңді тани білем. Кейінгілер болмаса, бұрынғы жазушылардан мен оқымаған қаламгер жоқ деп айтуға болады. Бүгінге дейін Айгүлді (Айгүл Болатханқызы) кітапханаға жіберіп, өмірден өтіп кеткен, алайда артында іздеушісі жоқ жазушылардың кітабын алғызып оқып, шелпек салып, ең болмаса, сауабы тисінші деп, дұға бағыштайтыным бар.
Мен ғана емес, көпшілікте індетпен (короновирус) ауырғалы есте сақтау қабілеті нашарлап кетті. Содан ал келіп өлең жаттадым (өлең жаттағанды бұрын да жақсы көретінмін), крассворд шештім. Өйткені бұндай тәсілдер миды жұмыс істетеді. Қазір жаттайм, қазір ұмытам, қазір жаттайм, қазір ұмытам… Бірақ қоймай жаттай бердім. Кешкілік ел аяғы басылғанда далаға шығып серуендеуді әдетке айналдырдым. Сол кезде жаттаған өлеңдерімді қайталап жүрем. Осылайша, денсаулығымды қалпына келтірдім.
— Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағы берілді деп жалған жазылғанын мәселе етіп көтердіңіз. Осы жайттың жай-жапсары анықталды ма?
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен 2017 жылы шыққан «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының қырқыншы бетінде атаға «Халық Қаһарманы» атағы берілгені жазылған. Бұл — үлкен тарихи қателік. Энциклопедияға, оқулықтарға осы қалпында еніп жүр. Мектептерде: «2005 жылдан бастап Бауыржан Момышұлы Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атанды», — деп ұрандатып тұрады.
— Оны Елбасы, шынымен, қателесіп жазған ба? Жалпы, шешім шығып, құжат жүзінде берілмей қалуы мүмкін бе?
— Жоқ. Ол кітапты Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жазған жоқ деп ойлаймын. Олай жазуы мүмкін емес. Өзге — өзге, атаның «Кеңес Одағының Батыры» атағын, «Алтын жұлдызды» Бақытжанның қолына тапсырған сол кісі ғой, шындап келгенде. Ал бұл мәліметті өзі жазды деп ойламаймын. Себебі ол кісі кімге не бергенін біледі. Сол кездегі баспасөз беттерін де қарап шықтық, бұндай жарлық еш басылымда жарияланбаған.
Кезінде Ержанның атынан жоғары жаққа хат та жаздық. Ешкім анықтап жауап бермеді, ұмтылмады да. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына жазылып, осы жайды анықтауға күшімді салғым келеді. Бұл мәселені өзім шешіп кетпесем, менен кейін балалар, немерелер бұнымен айналыспауы мүмкін.
— Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толып отыр. Осы жыл қарсаңында қандай шаралар жасалуы керек деп ойлайсыз?
— Мен, ең алдымен, осы «Халық Қаһарманы» атағы төңірегіндегі мәселені көтерер едім. «Бұл — қателік» деп мойындау керек немесе ресми түрде берілгені жөн, солай емес пе…
— Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Мөлдір Райымбекова
ПІКІРЛЕР2