МЕНІҢ АҒАМ
10.05.2020
2091
3

Мен Мейірхан ағаны тұңғыш рет 1991 жылдың күзінде, Бауыржан Үсеновті еске алу кешінде көрдім.

Ағалары Бауыржан Жақып екеуін еркелетіп, «Екі жирен» деп атайтын Бауыржан өте талантты ақын еді. Інісі Біржан бізбен бірге оқығандықтан, жатақханамызға жиі келетін. Баяғы сал-серілердің сарқытындай Баукең келгенде бәріміз еріксіз Біржанның бөлмесіне жиналатынбыз. Амандық-саулықтан соң ән сұраймыз. Баукең бәлсінбейді, домбырасын қолға алады. Біраздан соң, қазіргі тілмен айтқанда, біздің жатақхананың хитына айналған өз әндеріне ауысады. Өлеңдерін оқып, өз қатарластары туралы қызықты әңгімелер айтады…

Баукеңнің қазасын мен ауылда, каникулда жүргенде естідім. Талақтай жабысқан бүйрек дерті ақыры алып тыныпты. Уағында рингте кез келген қарсыласына «бесінші бұрышты» іздетіп жіберетін қайран аға тағдырдың соққысына шыдамай небары 30 жасында жалғанның жарығынан көшіп кете барды…

…Кеш өте әсерлі өтті. Сахна төріне Баукеңнің бірнеше досы жайғасыпты. Әсіресе, қақ ортадағы сөз тізгінін ұстаған дембелше сары жігіттің ләмі бәрімізді баурап барады. Кейде қыздарға өлеңдерін өз атымыздан оқып жіберетін Мейірхан Ақдәулетұлы осы кісі екен.

Баукеңнің өлеңдері, достарына жазылған хаттары оқылған осы кеш оның әке-шешесі мен келіншегін, бауырларын қатты толқытты. Біздің қыздар да қол орамалдарын көздеріне жиі апарып отырды. Сол тұста жалғыз ұлынан айрылған Иран-Ғайып Баукеңнің әке-шешесіне қаратып: «Сендерден де жағдайы төмен адамдар бар, шүкіршілік қылыңдар…» басу айтып, күркіреп өлең оқыды.

Біржанның айтуынша, осы іске мұрындық болған Мейірхан аға екен. Кештен соң ол кісі елден келген кісілер мен Баукеңнің достарының бәрін үйіне шақырып, қонақасы беріпті. Мұны естіген біз Мәкеңді қатты жақсы көріп кеттік.

Жалпы, біздің алдымыздағы буын Мейірхан ағаны қатты қадірлепті. Светқали мен Әбубәкірлер (Қайран — ред.) «көке» деп еркелесе, Гүлнар Салықбайдың «Менің жалғыз сыйласым, Мираш аға, Екеуміздей осы жұрт сыйласа ма?…» дейтін өлеңі бар. Ал «Терең терең, тереңге телміргелі кеп едім, Құлап өлді құрдымға қыз қызығар өлеңім…» деп әу баста-ақ жылтырақтан бас тартқан ақынның өлеңін біздің буын жастанып жатып оқыды. Сәндібектер (Жұбаниязов — ред.) «Мейірхан ағамның үйінен келдім» дегенді мақтанышпен айтатын. Кейінірек менің өлеңдерімді «Қазақ еліне» жариялаған Байбота Серікбайұлының «Мейірханды көп оқитының көрініп тұр…» дегені бар.

… Кеңес өкіметі құлап, тәуелсіз ел атандық. Бірақ мұның да шытырманы көп екен. Көзге көрінбейтін мылтықсыз майдан басталды. Әсіресе, есіктен кіріп, төрден бір-ақ шыққан «Караван» тайраңдай бастады. Ұлттық мүддеңіз ойыншыққа айналды. Қақпайды көп көрген қазақ газеттері көбіне қорғанып әлек. Қарсы шабуылға шыққан Аманхан Әлімді сотқа сүйреп, қаңғытып жібере жаздады. Міне, сол кезде «Қазақ әдебиетінде» Мейірхан Ақдәулетұлының Аманханды қорғаған мақаласы жарқ ете қалды. Сексеуілді сексеуілмен ұрып сындырғандай бұл мақала биліктің де есін жиғызып, «Караванның» да аптығын басты…

Әрине, «мылтықсыз майданның» да жазылмаған заңдары бар. Қисыны мықты, жазылуы тастай мақалаға «өзің — дорақ» сыпатындағы мақаламен жауап беру танкке қарсы шолақ мылтығыңды шошаңдатқанмен бірдей. Ал қарсыласыңнан тізесін дірілдету үшін мықты интеллект, мол тәжірибе һәм мұқалмас қайрат керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлт мүддесін осылай жанын сала қорғаған шоғырдың алдыңғы шебінде менің ағам жүрді.

Жалпы, біз, тоқсаныншы жылдардың орта шенінен асқанда журналистикаға келген жігіт-қыздар, Мейірхан Ақдәулетұлы мен марқұм Марат Қабанбайдың жазғандарын қалт жібермей оқыдық. Екеуі аянбай соғыс салды. Жазғандары айызыңды қандырады. Сол кезде «Қазақ әдебиетін» тек қана Мәкеңнің мақаласы үшін алып оқитындар болған.

Біз де әр нөмір шыққан сайын бір-бірімізге звондаймыз: «Оқыдың ба?». «Оқыдым, мықты, ә!». Біздің де сондай мықты мақала жазғымыз келеді. Бірақ, қайдан…

1996 жылы «Жазушы» баспасынан 7 жас ақынның кітабы шықты. Сол кез үшін бұл үлкен оқиға болатын. Баспаға директор болып барған Есенғали Раушановтың ерлігі еді. Сол жеті кітап туралы «Жалын» журналында Мейірхан Ақдәулетұлы керемет мақала жазды. Бұл да оның жанының елгезектігі, жастарға деген тілектестігі еді.

Міне, осылай қатты қадірлейтін ағам бір күні «Ана тілі» газетінде» жұмыс істеп жүрген маған қолқа салды. Ақтөбеден газет ашпақ екен. Идеялары ғажап. «Жас Алаштағы» Дәурен Қуат екеумізге таңдауы түсіпті.

Не істеу керек? Қатты толқыдым. Басында үйі, орнықты жұмысы бар, тұңғышы бірден енді ғана асқан, келіншегі екінші баласына аяғы ауыр болып, «аузы-мұрнынан шығып отырған» жігіт мұндайда не істеуі мүмкін?

Әрине, «есі дұрыс» адам мұндайда жылы орнын суытпайды. Ал мен қатын-баланы Аллаға тапсырып, ағама еруге бел байладым. Дәуренге хабарлассам, оның да «шегесі босап» отыр екен… Міне, біз Мейірхан ағаға осылай сендік!

«Алтын Ордадағы» алғашқы айлар қатты ауыр болды. Мәкеңнің талабы қатты екен. Бір адамға бірнеше бет мақала жазуды тапсырады. Онысы және шұғыл дайын болуы керек. Мәкеңнің түсінігінде, «дайын болу» деген сөз, материал жазылып қана қоймай, оны бас редактор һәм корректор оқып, бет болып шығып тұруы керек. Оның үстіне Дәурен екеуміз жұрттың материалын да қараймыз. Бірдеңе айтайын десең, Мәкеңнің өзі одан да көп жұмыс істейді.

Қазіргідей интернет жоқ, орталық газеттердің өзі бірнеше күннен кейін келетін аймақта республикалық газет шығару оңай болған жоқ. Теледидардан «ақпарат аңдып» отыратынбыз. Бір қызығы, кіл жастар болғасын ба, қиындықты да елеген жоқпыз. Сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеу немесе түн ортасына дейін жүре беру қалыпты жағдай болып көрінетін. Кейде қабағымыз кіржие қалса, «ауыздықты тістеп алып, жұмыс істеуіміз керек!» дейді Мәкең. Біз қайта кірісеміз…

Еңбегіміз зая кеткен жоқ. «Алтын Орда» алғашқы нөмірлерінен бастап, жұртшылықтың назарына ілікті. Орталық газеттер «баса алмайтын» материалдар бізде шыға бастады. Тіпті кейбір тақырыптар жөнінен орыс басылымдарының да алдын орап кеттік. Мысалы, жасырын капиталды легализациялау керек деген ойды бірінші Мейірхан Ақдәулетұлы айтты. Сенбегендер «Алтын Орданың» тігіндісін қарап, «Мемлекеттік жасырынбақ» атты мақаланы оқуына болады. «Қоғамдық пікірдің қары талғанда жер бәрібір сатылады. Тек оны қазағымен қоса сатайық…» деген ащы пікір айтқан да Мәкең. Ал оның «Пайғамбары көп ел» деген мақаласы зиялы қауымның арасында ашық күнде жай ойнатты. Жетім балалар саудасы жөнінде де бірінші болып «Алтын Орда» сөз қозғады…

Мәкең бас редактор ретінде сол кезде бір қулыққа барып, орталықтағы мемлекеттік және оппозициялық газеттердің қытығына тиетін материалдар жазды. Көп ұзамай олардың бәрі бізді «ұра бастағанда» «Алтын Орда» ең танымал газетке айналып шыға келді. Орыстардың «Плохая реклама — тоже реклама» дейтіні тегін емес екен.

Бірге жұмыс істегендер біледі, Мәкең — қатты мазасыз адам. Газет жұмысын «ішек-қырындысына» дейін білетін ол барлық жұмысқа өзі араласты. Көп материалдар Мәкеңнің қолы тигесін құлпырып шыға келетін. Тіпті біз жарамсыз деп тапқан хаттың өзінен кішкентай «дән» көрсе ол соны, өзі айтпақшы, «конфетке» айналдыратын.

Макет жасайтын кезде ол беттеуші Қайрат Сарқұловтың жанында отырады. Бұрын газетте жұмыс істеп көрмеген Қайрат, әрине, бірден бас редактор талабының үдесінен шыға алған жоқ. Бірде қатты күйіп кеткен Мәкең: «Әй, сендердей нақұрыстармен газет шығарам деп жүрген мен де…» деп қолын сілтеп, сыртқа шыға жөнелді. Қазақшаға орашолақтау Қайрат түк түсінер емес. — «Нақұрыс» деген не сөз? — дейді бізге қарап. Біз күлкіден жарылайын деп тұрмыз. Дәурен тауып кетті: «Нақұрыс деген — молодец деген сөз, Қайрат». Көп ұзамай Мәкең қайта кірді. Жүзінде бағанағы реніштің ізі де жоқ. Келе жұмысқа кірісті. Қайраттың да «кілтін» тапқан сияқты, әлгі коллаж жарқырап шыға келді. Сол күнгі нөміріміз де өте сәтті шықты. Өз-өзіне қатты риза болған Қайрат, таңертең үйге бара жатып, бізге тастап кеткен газетінің бірінші бетіне: «Міне, нақұрыстар, газетті осылай шығару керек!» деп жазып кетіпті…

Кейінірек біз облыстық газетке кетіп бара жатқанда Дәурен жақсы ой айтты: «Бауке, Мәкең бізді жұмыс істеуге үйретті». Шынында да солай еді.

Ал ағамыз біз кеткеннен кейін де «Алтын Орданы» төрт жыл сүйреді. Газет көп жетістіктерге жетті. «Алтын жұлдызды» иеленді, бас редактор Президент сыйлығын алды. Ең бастысы, «Алтын Орда» жаңа тұрпаттағы журналистикаға жол ашты.

Тәуелсіздік алған жылдан бергі кезеңде жарық көрген мақалаларының бірсыпырасын Мәкең бертінде «Жел өтіндегі тағдыр» деген атпен кітап етіп шығарды. Оқып отырып ішің ұлиды. Біздіңше, әрбір мемлекетшіл азаматтың қойын дәптеріне айналуға тиіс-ақ дүние. Бірақ бізді тыңдап жатқан кім бар….

2004 жылдың аяғында екі облыстық газеттің басын біріктірген «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның тізгінін ұстағанда Мәкең бұрынғы облыс әкімінің қаһарына ұшырап, мемлекеттік тілді дамыту басқармасына «жер аударылған» Сәтжан екеумізді дереу шақырып алды. Ертай ағам бар, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан жігіттер бар, бәріміз етек-жеңімізді жинап, жұмыс істеуге кірістік. Облыстық газеттер өңірде болып жатқан оқиғалардың идеологиялық ұстынын жасайтын орталыққа айналды.

Көп ұзамай аудандық газеттер де бізге қосылды. Олар «листовка» түрінен арылып, А-3 форматымен шығып, кәдімгі газетке ұқсап қалды. Мазмұны жағынан байып, дизайны құлпыра түсті. Өз аяғына тұрғандары қазір еншісін алып та жатыр. Бұл да ең алдымен Мәкеңнің еңбегі!

Жалпы, қандай да бір оқиға халық жадында кітап арқылы қалады. Ішкен-жеген, басқа да салтанат белгілі бір уақыттан кейін ұмытылады. Ал тасқа басылған дүние — тарих. Осыны терең түсінген облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың осы бір мұратты шаруаны Мейірхан Ақдәулетұлына тапсыруы тегін емес. Соңғы алты жылда «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның жанынан шығарылған «Әлия» атты қос томдық кітап пен фотоальбом, «Ахмет Жұбанов» атты кітап пен фотоальбом, облыс тарихын бейнелейтін «Ақтөбе» атты фотокітап, 15 ғасырдан бергі кезеңдегі Ақтөбе топырағында өмір сүрген ақын-жазушылардың еңбектері жинақталған «Жәдігер» антологиясы, қос тілде жарық көрген «Қобыланды» жыры мен Ақтөбедегі ұлық сәттің күнделігіндей «Қобыланды тойы» атты фотоальбом һәм екі мемлекет басшының топырағымызға табаны тигенін сыпаттайтын «Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының 5 форумы» атты кітаптар жалғыз Ақтөбе өңірінің емес, жалпы ұлттың қазынасына қосылатын кітаптар.

…Мейірхан ағаның әкесі Ақдәулет өте тентек адам болыпты. Бір күні көрші ауылға барса алдынан еңгезердей үш-төрт жігіт шыға келеді. Келе дүрсе қоя береді: «Не істеп жүрген адамсың?» Ақыры «мүйіз шайқаспай» болмайтынын білген Ақаң сонда: «Жігіттер, ауылдарыңда жатқан-тұрған төбелес бар ма деп іздеп шығып едім…» дейтін көрінеді, жарықтық.

Мәкең де «жатқан-тұрған» төбелестің біразын «тілеп алып» бастан кешкен адам. Бетің бар, жүзің бар демей турасын айтатын адам кімге ұнасын?! Мінезінің қисықтығы ғой, Фариза апамның «Пионерден» төрт рет жұмыстан шығарып жүргені. Бірақ өзінің де «оңып тұрған» мінезі жоқ екенін мойындайтын апай сәлден кейін сабасына түсіп, қайта шақыртады екен…

Өзі жазғандай, «жанға қонса жалғыз шаң, арланға айналатын» Мәкең ешкімге намысын таптатқан емес. Баяғы Желтоқсан оқиғасынан кейін партия қатарынан шығарылғанда бірден КСРО президенті Михаил Горбачевқа жеделхат жолдауы да екінің бірінің қолынан келе беретін әрекет деп айта алмайсыз.

Жалпы, пенде болғасын жұрттың бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Ал біраз адамның «аяғын басып кеткен» менің ағамды жаратпайтындар тіпті көп. Әуелден қара қылды қақ жарған Жаныс атасын идеал тұтатын Ақдәулеттің баласы да көпке ұнауға тырысып жатпайды. Бірақ ұнатпаудың да түр-түрі бар. Ертеректе Мәкеңді аса жақсы көрмейтін бір жігіттің оның өлеңін іздеп жүріп тауып, жатқа оқып жүргенін көріп, таңғалғаным бар. Ал бертінде тіпті қызық оқиға болды. Өзінің менің ағамнан зәбір көргенін жиі айтып жүретін бір ақсақал оның шығармашылық кешіне барыпты. Қорғасындай ауыр ойлары бар, жусандай кермек поэзияны тыңдап отырып тамсанған әлгі кісі қасындағыларға бұрылып: «Өлеңдерінің бәрі жақсы! Тек өзі жаман…» деп бас шайқайтын көрінеді. Ал өзін осылай жек көретін «дұшпандары» бар ақын бақытты болса керек!

Қазақ оқырманы М. Аджидің «Қыпшақ даласының жусаны» атты кітабымен Мейірхан Ақдәулетұлының аудармасы арқылы танысты. Кезінде «Жалын» журналында жарияланған бұл дүниені кейін бірталай басылымдар көшіріп басқан-ды.

Сондай-ақ оның А. Вознесенский, А. Ахматова, А. Блок секілді «қиын» ақындарды һәм адамзаттың ортақ қазынасына айналған Т.Буркхардтың «Шығыс пен Батыстың киелі өнері», Э.Фроммның «Психоанализ және дзен-буддизм», Ф.Шюонның «Исламды ұғыну» атты кітаптарын тәржімалап, қазақы дүниетанымды кеңейте түсті.

Белгілі қаламгер, Мейірхан ағаның досы Мереке Құлкеновтің бірде «Біздің буын балаларын түгел қазақша оқытты» дегені бар. Шынында да қай бұрышта пәтерде жүрсе де, балаларын Алматыдағы сол кездегі жалғыз қазақ мектебіне тасып жүріп оқыту, біздіңше, үлкен ерлік. Бұл буынның жұрттың көзіне тіке қарап тұрып әңгіме айта алатыны да содан шығар?!

…Мейірхан аға да алпысқа келіп қалыпты. «Осынша әнмен алпысқа баратсың ба, ей, Мен сенің қартайғаныңа түсінбеймін…» дейді Төлеген ағам Ғарекеңе арнаған өлеңінде. Мен де Мәкеңнің «қартайғанына» түсінбеймін…

Осы мақаланы жазып отырғанда «Хабардың» «Таразы» бағдарламасы белгілі демограф Мақаш Тәтімовпен жасалған сұхбатты көрсетті. Жетпіске келіпті. Кәдімгідей шау тартып қалған. Сұхбат аяқталар сәтте жүргізуші ортаға Махаңның құрдасы Ескендір Хасанғалиевті шақырды. «Жетпісті тіпті сезінер емеспін. Бірқатар облыстарда концерт қойдым. Енді соны жалғастырмақ ойым бар» дейді атақты әнші. Содан екеуі қосылып «Атамекенді» айтты. Қатар тұрғанда анық көрінеді екен, Есахаң тіпті жап-жас…

Бұл жетпістегі «жігіттің» әңгімесі, Мәке. Ал сізге оған дейін қайда… Әрі сіздің «запаста» бір жасыңыз бар ғой.

Жасыңыз құтты болсын, өз жасыңыздың патшасы болыңыз! Жазар көбейсін!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
«Ақтөбе» газеті. 17 тамыз. 2010 жыл

ПІКІРЛЕР3
Аноним 11.05.2020 | 16:06

Ой, бөспебайларым-ай. Тауға шығып алыпсыңдар енді қайтып түсесіңдер.

Аноним 11.05.2020 | 16:06

Мақтаншақ адамдап екен бұлар.

Аноним 11.05.2020 | 16:07

Өз қадірін өстіп кетіреді екен ғой адамдар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір