«ФАТИМА» ҚАСІРЕТ-НАМАСЫНАН ТУЫНДАҒАН ОЙЛАР
03.05.2020
1007
0

Күнбе-күн заман өзгерген сайын бұрынғыны бағамдап, байыптау күрделене түсері белгілі. Әр адамның өміртанымына қоғам, қоғамдық сана ықпал ептей қалмайтыны және бар. Өміртаным деген де күрделі ұғым. Әдебиетші-ұстаз ретінде көркем шығарманы қабылдаудағы, танып, талғаудағы, саналуандық туралы шәкірттерге үнемі  айтып жүреміз. Жалпы кез-келген көркем дүнеге, сондай-ақ өмір құбылысына әркім әр қилы қарап, өзінше бағам жасайды. Ол – түсінікті жайт. Себебі әр пенде өз танымымен, өзі бағалаған құндылық тұрғысынан, өзінің өмір тәжіриесінен, өзінің көкірек көзімен қарайды. Айтпақ ойымызға дәйек ретінде Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесін келтіруге болады. Бұлақтың  су шығар жеріне қойылған қой тастың бетіне жазылған «Ей, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол!» деген бір ауыз сөзді үш жолаушы үш түрлі түсіндірмей ме!?

Рас, біз де кешегі заманның зобалаңын оқып, естіп, кинодан көріп өскен ұрпақпыз. Көруін көреміз, оқуын, оқимыз-ау, бірақ дәл сол күйді бастан кешпегеннен кейін (тәңірім, бетін аулақ қылсын!) түйсінбеуіміз мүмкін. Өмір мен өлім,  ождан мен опасыздық тайталасқан қасірет пен наланың заманы ғой ол. Сондықтан өткенге сын айтуға хақымыз да жоқ шығар.

Әйтсе де, «Фатима» қасірет-намасына барардан бұрын және қойылымды көру барысында, тіпті қойылымды көріп шыққаннан кейін де  екіұдай сезім билеумен болды.

Бірінші сезім, Аманхан Әлімұлы жазған «Өлмес өмір, өшпес ғұмыр» мақаласындағы оймен өзектес, Фатима-анаға деген құрмет. «Олар шын мәніндегі өртеңде өнген өмір иелері» екенін мойындау. Рухы берік, қайтпас қайсарлыққа, жігер мен күшке деген сүйсініс сезімдері. Алаштың ардағы Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды тұлғаларға деген құрмет. Асылдың сынығы Мұрат Әуезовтің анасына деген ыстық ықылас. Әрі қысталаң шақта оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, әдебиетшіге деген тағзым.

Иран-Ғайыптың авторлығымен  режиссеры М.Ахманов сахналаған қойылым сәтті жасалған туындылар қатарынан орын алары анық. Режиссердің еңбегі сахнаның безендірілуі мен сахнада туғызылған арнайы-әсер құралдарынан бастап қойылымның өн бойында шебердің мінсіз пішіп, үйлестірген құрауындай әдемі қиюластырылғаны байқалады. Қойылымда  сюжеттегі қанды қасірет жылдарын көркем монжаждап, көрерменнің сезіміне ықпал ететін тәсілдерді сәтті берген. Иран-Ғайыптың қысқа тармақты, атау сөзді өлең жолдары да қуатты сезілді. Арасында Абай өлеңдері де кірістірілген екен. Қайран Абай! Кімге де қай жерде де қол ұшыңды бересің-ау! Қойылымның  бір кейіпкері Абайтанушы Мұхтар Әуезов болуы себепті Абайдың өлеңдері кірістірілген болар.

Дегенмен, Иран-Ғайыптың «Жеңгесінің бір бұты қайнысынікі» дегендей бейәдеп сөздері де естіліп қалды. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған ақынымыздың өлеңдерінен туындаған айтыс-пікірді оқыған едім. Ойыма:

 «Қасиетті қазақтың қара өлеңін,

 Түсіріп жіберіпсің белден төмен» деген ақын апамыздың Иран-Ғайыпқа айтқан уәжді өлең жолдары оралды.

Автордың шығармаға төсек қызуы туралы ойларды да жанастырғаны байқалады. Ол ойлар Фатима кейіпкеріміздің аузымен де айтылады. Кім біледі, автор релистік көзқарас турғысынан артына әр түрлі лақап ерген Фатима бейнесін жасауда шынайылық тынытқысы кеп мақсатты түрде қолданып отырған тәсіл болар.

Жалпы, біздің екіұдай сезімімізді туғызатын да осы жайт. Бүгінде қазақ қоғамы үшін тән жалаңаштау, рух жалаңаштау дегендер аса таңсық дүниелер емес.  Кино, журнал, интернет желісі қанша десең сонша үйіп, төгіп жатыр. Ал иба, әдеп дегендерді «белсенділік» желеуі ығыстырып шығаруда. Бүгінгі бойжеткенге «Ибалы, инабатты бол, үлкенге тіктеп сөйлеме, ер адамға көз қадап қарама» дейтіндер азайған сияқты. Қазақ тәрбиесінде бар дүниелерді жүрдек қоғам жұтатып келе жатқаны көпшілікке аян. Күнбе-күн айтыс, тартыс, жанталас тірлікте  қыздарымыздың «пысық» болғанын, біреудің аузындағы сөзін жұлып алғанын дәріптей бастаған сияқтымыз. Бір алқалы отырыста үлкен ағаларымызға «Сіздер ескіні айтып маңырауды қоятын кез жетті» деп  сілкінген  журналист сіңілімізге қарап: заман осыларды «өткір ойлы» санап отыр-ау деп қынжылғаным бар еді. Қазақ қызының болмысында қайсарлық, ержүректік, өткір ойлылық, табандылық, адалдық, беріктік деген қасиеттермен қатар сезімталдық, ұяңдық, инабаттылық, төзімділіқ дегендер қатар өрілмеп пе еді!? Халық болған соң ала да, құла да болады, әйтсе де жалпы осы қасиеттер «Қазақ қызы» ұғымына тән еді гой. Халқымыз төсек қызығын төрге оздырып, төбел қоймап еді. «Жар міндеті», «ана қасиеті» дегендерге ықылас беріп, «Халық боламын десең, бесігіңді түзе» деген еді. Дініміз де, діліміз де қыз абыройын сақтауды көксейтін. Отбасылық бақытты бағалайтын.

Ал қасыретті заманда өмір кешкен Фатиманың бір-бірін жақсы біліп, араласқан үш азаматқа кезек жар болғанын қазақ қызы еместігіне жори беремін. «Рух еркіндігі» деп дәріптегенмен, мораль мәселесі санаңа сығаламай қалмайды.  

Мүмкін жас ұрпақ тәрбиесінің басы-қасында жүргендіктен болар, барлық ақпарат құралдары, өнер, театр, әдебиет әлемінен адами құндылықтарды іздейсің.

Бүгінгі күні өзіміз де орта буын өкілдері есептеліп, жаңа өсіп, қалыптасып келе жатқан  болашақ ұстаздарға, ертеңгі филологтарға қандай тәрбие береміз дегенде, сөз жоқ, өз ұстаздарымыздың тәлім-тәрбиесін  басты меже етемін.

Бүгінгі аға буын өкілдерінің бізге  көрсетіп кеткен өнегесі – өмірден алған үлкен сыбағам. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында оқып,  білім алғанымыз да мерей. Себебі біздер  қазақ филология ғылымының заңғар өкілдері, ұлы ұзтаздар Серік Сымайылұлы Қирабаев, Нығымет Ғабдуллин, Немет Келімбетов, Өжкен Тыныбаева, Серік Мақпырұлы, Теңізбай Рақымжанов, Асхат Әбілқаев,  Мереке Жаманов, Ғабдолла Қалиев сияқты аға буыннан дәріс тыңдап өскен шәкірт ретінде өз ұстазымыздың тәлім-тәрбиесі еріксіз ойына оралады.

…Бойын тік ұстап, сергек қимылмен  сәнді басып аудиторияға кіріп келетін ашаң  жүзді, ақ құба өңді ағайды ерекше ілтипатпен қарсы алатынбыз. Ол жастарға барлай қарап сәл езу тартып, бір сәт үнсіз тұрады да:

– Жігіттеріміз неге түкпірлеп кеткен? Алдыңғы қатарда қасқайып отырғаны жараспай ма жастарға, – деп бізге жылы шырай, мол  мейірім танытатын еді.  Содан соң әдемі даусын асықпай созып, әр сөзін баппен айтып, дәрісін бастап кететін. Әр сөзін  анық естуге  ынтығып, тына қалатынбыз. 

Ұлағатты ұстазымыз Нығымет Ғабдуллиннен дәріс алған шәкірттердің бәрінің пікірі бір жерден шығап жататын. Нығымет ағайдың бойындағы ізгілік – ізеттілігі  болатын. Адамға деген жылы шырайы мен  мәдениеті ерекшелеп тұрушы еді. Халық ауыз әдебиеті пәнінен дәріс бере жүріп, семинар сабақтарын да қызықты талдаулармен ұштастыратын. Бірінші курста оқылатын халық ауыз әдебиеті  сабағында көбіміз мектептегі әдетімізбен «мен айтайыншы», «мен айтайыншыға» басатынбыз. Өзі сабырлы жанның бізді сабырға шақырғаны да өзгеше болушы еді:

– Жарайды, Ер Тарғынды жақсы біледі екенсіңдер, ал Ақжүністің қандай екенін айтайын ба? – дейтін. «Ақжүніс ноғайлы қызы ғой. Артынан қуа келген Қартқожаға: «Базарға барсаң, пісте бар, пістені көріп, мұрным көр» демей ме?! Орыс, татар қыздары сияқты мұрнының ұшы көтеріңкі болғаны ғой. Қазақ қыздарының түрі де табиғаты да ноғайлы, татар қыздарындай емес,  өзгеше. Олар сабырлы, инабатты болады. Ақжүніс Ер Тарғынды  өзі бірінші ұнатып, шатырына өзі шақырып алады емес пе?! Бұл — ноғайлы қызының әрекеті. Шыдамсыз болсаңдар мен де сендерді ноғайлы қыздары сияқты деймін» дегенде бетімізге лып етіп ыстық көтерілетін де,  үніміз өше қалатын.  Білімге бөленіп берілген тәрбие деген осы болар.

Өмір тартысы сан алуан екені даусыз. Ой тартысы, сезім тартысы, сана тартысы толастамақ емес. Ажал өмірмен арбасып тұрған сәтте, ождан деуге орын қайсы!? Десе де, «Жаным – арымның садақасы» дегенді де айтқан қазақ қой. Кеіпкердің басынан өткен үш бірдей махаббат деуге де көңіл сенбейді. Қойылым сценарийіндегі кейіпкерлердің: «Махаббат құмарлықпен ол екі жол» деген Абай сөзін айтуында да астар бар шығар. Көрермен  терең ойланса, оң таныса дейміз.

«Базарға қарап тұрсам әркім барар,

Іздегені не болса сол табылар.

Біреу астық алады, біреу – маржан…

«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,

Сәулесі бар жігіттер бір ойланар, – деген Абай сөзі айтпақ оймызды шегелей түседі. Тарихи тұлға өмірінің өзіндік сабақтарын жаңылмай танып ой түйейік, ағайын!

Береке ЖҰМАҚАЕВА,

С.Демирель университетінің профессоры.

 

   

    

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір