Қаңтардағы қасірет: қаламгерлер пікірі
23.02.2022
2705
0

Роза МҰҚАНОВА, жазушы

 УАҚЫТША САЯСАТКЕРЛЕР АЯҚ АЛЫП ЖҮРГІСІЗ КӨП…

Қазір БІРІГУ кезеңі.  Қаңтар оқиғасы қазақ қоғамының әлсіздігін, саяси элитасының да, зиялы қауымының да тұрақсыздығын әйгілегені  рас. Әркім әртүрлі бағытты ұстанған кезде, басын бұғып, көрпенің астына тығыла қалғанда  халықтың қайранда қалғаны, есі шыққаны, қырылып қан-жоса болуы осының айғағы. 

Халық пен билікті бір-біріне айдап салу қай пұшпаққа шығарар дейсіз. Ел басына күн туған бұл сәтте Мемлекет басшысы ешқайда бас сауғалап кетпейтінін, әрқашан  халқымен бірге қалатынын мәлімдеді. Қаңтар оқиғасында абдырап қалған халыққа  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бір ауыз сөзі ғана байыз таптырды. Мемлекет басшысының  бағыты мен  ұстанымына  халық үміт артты.

Менің таң қалғаным – қауіпті аймақта  халық және Президент қана қалды. Әншейіндегі көп шуылдақтың бірі жоқ, жым-жылас. Бәлкім, «қай жеңгенің –менікі» деген пиғыл… Бәлкім, қанға сіңген үркектік… Бірақ дәл осы сәт  мемлекетке төнген  дүлей дауыл тәуелсіздіктің астан-кестеңін бір-ақ шығаруға күш салып бақты. Соғыс өртінің жаңа бір аймағын айқындап, ошағын ортасына түсірудің аламан  дайындығын  көрсетті.  Қазақша айтқанда, қазақ халқын алдымен Құдай сақтады. Алматыдағы  ойда-жоқта басталған қанды атыс қайдан шықты?.. Полицияны жалаңаштап шешіндіріп, қорлау, ұрып-соғу, қарусыз әскерге оқ жаудыру, тірідей басын кесіп алу…  Осының астарында халық пен биліктің арасына өшпенділікті қоздатып, мемлекеттік төңкеріс жасау, ол ойлары  іске аспаған  жағдайда шаһарды күлге айналдыру мақсаты тұрды. Жендеттік тәсіл!

Халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайының сын көтермей кеткені де, ділдәлдәп, қалт-құлт етіп өмір сүріп жатқаны да, көңілінде қаяуы, мойнында қарыз-кредиті бар жұрттың қиындықтан жол іздеп отырғаны рас. Осы халдегі халықты ереуілге шақыру – ең оңай әдіс. Ат төбеліндейлердің халықты құрбандыққа матап беруі. Мемлекет басшысына көрсеткен қоқан-лоққысы, қарсылығы, ылаңы.  Халық бейбіт шеруге ғана  барады, бірақ қырыламын, оққа ұшамын деп бармайды.

Мемлекет басшысының халықтың қалауына құлақ асуы, халықтың Қ.К.Тоқаевқа сенімінің күш алуы ақшалы алпауыттарға ұнамайды. Оларға жаңа құрылып жатқан Қазақстанның қазіргі  сипаты да ұнамайды. Оларға қазақ деген ұлт та ұнамайды, тілі де, ділі де ұнамайды. Ондай ұлт олардың байыған үстіне байи беруіне, одан әрі қанай түсуіне  кедергі келтіреді. Қақтығыстың негізі қаңтар оқиғасынан   да бұрын  басталды ма деп ойлаймын. Арыстағы, Жамбылдағы әскери қоймалардың кезек-кезек жарылуы, каналдардағы судың ағытылып, елдің топан судың астында қалу сыры да – халықты қалайда көтеріліске ынталандыру.  Қазақты теспей сорып келе жатқандардың кім екендері айқындалған сайын Мемлекет басшысына қарсы әрқилы әдіс-тәсіл құрылымдары іске қосыла бастады. Халық өрмекшінің торына жіпсіз байланып қалғандай. Ол тор – түпсіз, қап-қара  АПАН!!!  Күллі халық апанға жұтылуға жақындап қалған. Тұрар Рысқұловтың: «Қазақ күлге айналып кетіп, өз күлінен өзі қайта жаралатын феникс құсы сияқты» деген сөзі бар еді. Тарихтың талай соқпағынан жойылып кете жаздап  жойылмай келе жатқанының себебі –  Алланың назарындағы халық болармыз. Бабалардың рухының жебеуімен аман қалып келе жатқан болармыз.

Қазір аузы бардың бәрі – «батыр», бәрі – айтқыш. Қарапайым халықты шатастыруға әлі де мүдделі орта бар. Оқ атқызған кім?.. Иә, бәсе… КІМ?.. Қарапайым халықтың тыныштығын күзеткен,  әскерилерге оқ жаудырған кім?.. Алаңға қарусыз келген халыққа оқ жаудырған  кім?.. Стратегиялық нысандарды басып алуға шабуыл жасағандар кім?..  Алаңға келген шерушілер ғана емес, әскери жап-жас  2000-2003 жылғы он екіде бір гүлі ашылмаған  бозбалалар ажал құшты. Елдің тыныштығын күзеткен әскерилердің бас сүйектерін шашып жіберетіндей оқ атқандар кім?  Аңырап ата-ана қалды соңында. Қырғын толастамас еді, Қ.Тоқаев саяси шешім қабылдамаса. Енді «халыққа ғана оқ атылды, қарапайым халық қана қамауда отыр» деген жала ойлап табылды.  «Жаптым жала, жақтым күйе» тәсілі әр-әр жерде бас көтеріп, қиғылық салуда.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген мақаласында да тәуелсіздіктің болашағына  қауіп барын, ішкі экономикалық дағдарыстардың  тым тереңдеп, етек алып кеткенін  ескерткен болатын.  Қаңтар оқиғасына байланысты берген сұхбатында да саясаткерлердің  үлкен мектеп көрмегендігін, тәрбиеленіп үлгермегендігін ашық айтты. Бұл – саясаткерлерге айтылған өткір сын.

Бірде Парламент мәжілісінен кеткен бір экс-депутат  дастархан басындағыларға күпініп отырды. «Осы ойыңызды депутат кезіңізде айтпадыңыз ба?» – дедім. Ол менің сөзіме ширығып қалды. «Ол кезде айтуға болмайтын. Қазір ешкімнен қорқатын жағдайым жоқ!»  – дегені бар. Осындай уақытша саясаткерлер қазақ қоғамында аяқ алып жүргісіз, тым көп…

Халықтың жүрегіне сенім ұялағанда көңіліндегі алаң да басылар. Қазір алаң сейіліп, жаңа кезеңге бір жұдырықтай бірігіп күресу алаңында тұрмыз, Алла үмітімізді қайырлы еткей!!!


Әбубәкір ҚАЙРАН, ақын

«ЕСКІНІ ЖӨНДЕГЕННІҢ ЕСІ КЕТЕДІ»

«Албасты қабаққа қарап бастады», «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»дейді қазақ. Айтыңыздаршы, қай салауатты елдің баласы өз қаласын қиратып, тонап, өртеуші еді?! Қай парасатты елдің баласы халқына қастандық ойлаған ішмерез  жаулардың айтағына жүгіріп, иесін қабушы еді? Меніңше, осының бәрі тәуелсіздік алып, өз қаламыз өзімізге жеткен отыз жылдың ішінде еліміздің жастары рухани аштықтан азғындап, ғасырлар бойы міз бақпаған ата-салтымызбен әдет-ғұрпымыздан алшақтап кеткендіктен болып отыр. «Елімізді экономикалық жағынан өркендетіп жатырмыз» деп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің өркендеуіне назар аудармақ түгілі, кеңес дәуірінде қалыптасқан көп таралыммен кітап шығару сияқты жақсылықтардан да жұрдай болған қазыналы Қазақстанның ел-жұрты жанбағыстың жолымен, бар ой балада емес, базарда болса, тәуір өмір сүретіндердің көкейін тескен бар мақсат баю болса, болашақтың иесі туралы ойлану қайдан болсын! Бағусыз өскен бала бағусыз кеткен малдан жаман. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, нағыз адамға, азаматқа тән ақыл-ойдан алыстап кеткен жастарымыздың көбі бүкіл болашағын тек табыспен ғана өлшейді. Бұл жанның жұтауына, рухтың азғындауына әкелетін апат.

Есі кіре бастаған баладан, еңкейген кәріге дейін смартфондағы алуан түрлі желілердің тұзағына байлануы да, ғаламтордың құзырына бас иіп, құлына айналуы да – біздің маңдайымызға бес елі сор екендігіне біреу сенер, біреу сенбес.

Тәуелсіздіктің отыз жылының ішінде отансүйгіштік деп аталатын тәрбие түрлерінің бәрі жасанды, жадағай түрде жүргізіліп келді, әлі де жүргізіліп келеді. Қаңтар қасіретін тартқан күнімізден бастап президентіміздің серпіні мен парасатты пәрмендерін естіп, қуанып отырсақ та, «Жаңа Қазақстанды  ой-қиялымызбен көз алдымызға елестетуге тырыссақ та, ел үшін істелетін шаруалардың шеті мен шегі көрінбей тұр. Батпандап  кірген дерттің мысқылдап шығатыны белгілі ғой. Алайда, ескі үрдістерін түбімен қопарып жоюымыз керек. Жаңасын орнатуымыз керек. «Ескіні жөндегеннің есі кетеді» дейді қазақ!


Анар ҚАБЫЛҚАҚ,  әдебиеттанушы

АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ ӘЛЕГІ ҮЛКЕН ҚАЙҒЫ ӘКЕЛДІ

Төңкерістің бірінші толқыны қанмен келді. Арты трагедияға айналды. Жүрегіміз қан жылайды. Бұдан былай 1937, 1986 туралы айтпай-ақ қойсақ болады екен. Қаңтар оқиғасы кезіндегі қатыгездік бәрінен де асып түсті. ХХІ ғасырда өз замандастарымыз осыншама қатыгез болады деп ойлаппыз ба?
Дамыған елдерде полиция қарапайым халықтың қорғаны дегенді естиміз, біз болсақ, бұл күні форма киген адамды көрсек, кәдімгідей тіксінетін халге келдік.
Адам баласын, өз қазағын сонша азаптау… реанимациядан алып кету, көрден қазып алу… басқа төбе құйқаңды шымырлатар әрекеттерін тіпті айтқым келмейді. Тарих бұл әрекеттерін ешқашан ақтап ала алмайды да кешірмейді. Өкініштісі, бұл айсбергтің көзге көрінер беті ғана.
Ал оның түбінде не боп жатыр? Бұл – біз үшін құпия һәм жұмбақ.  

30 жыл бойы қазақ халқы ауыр жолды жүріп өтті. Тәуелсіздік атты тәтті ұғым тіл ұшында ғана болған екен, шын мәнінде, одан сайын құлдық қамытын киіп, батпаққа бата беріппіз. Жемқорлықтың, пайдакүнемдердің, өзгенің бақай есебінің құрбаны болыппыз. Билік бастапқы кезеңде халықтың  патриоттық эмоциясымен ойнаса, кейінгі жылдары қазақты тіпті ашық езгіге салғаны рас. Материалдық құндылық үстем болып, руханиат кенжелей беріпті. Бәрі – сатулы: диплом, жұмыс орны, кресло… Ел көшбасшы дерлік, ел алдында беделі бар азамат қалдырмапты.  Фальшь, пафос тым көп боп кетті. Бүйректен сирақ шықты. Заман кері кетті.
Сондықтан қаңтар оқиғасындай төңкерістің бір болуы заңдылық еді. Алайда бейбіт митингінің шырқын бұзған арандатушылардың әлегі елге үлкен қайғы әкелді. Қазір бейбіт митингшілер ұсталып, жазалануда. Ал арандатушылар ізін жасырып үлгерді.
 Түсініксіз, сұмдық әрекеттер жалғасып жатыр. Міне, қырық күн өтті…
1991 жылы Тәуелсіздік күрессіз, оңай келді дейміз. Ол мүлдем олай емес. Толық тәуелсіздікке әлі қол жеткізген жоқпыз. Бостандық, еркіндік үшін әлі күресуіміз керек. Бұл – мылтықсыз майдан. «Мәңгүртті басқару оңай»  деген биліктің осы кезге дейін руханият, әдебиет, мәдениетті кенжелете беріпті. Спортшыларымыз олимпиададан жеңіске жетіп, рухты бір серпілтіп жатушы еді. Қазір ол да жоқ. Дегенмен қаңтар оқиғасы сананың оянып жатқанын көрсетті, қоғамда серпіліс бар.
Бұдан былай бәрі басқаша болады.
Қазақ халқы бақуатты, бостан өмір сүруге лайықты.
Бәрі өз қолымызда, сондықтан қалғымауымыз керек.


Қарлығаш ӘУБӘКІР,

филология ғылымдарының PhD докторы

 ОҚШАУ СӨЗ

Жыл басы қазақтың дат қамшысын алаңға тастауға мәжбүр етті және бұл даттың қапысы жоқ деп білемін. Аманат жүгі еңсе көтертпей, заңы бір бөлек, әділеті мың бөлек қызмет еткен тәртіпсіз қоғамның жүйесіздігі күндердің күні бір бұлқыныстың боларын мың мәрте ескерткен. Тек, көңілге күдік, санаға салмақ салған жайлар көп… Соған тоқталсақ…

Біріншіден, ел ішінде әскерилерге қарсы туындаған наразылыққа қатысты: 1918 жылы Семей шәрінде еш себепсіз орыс солдаттары жап-жас қазақ жігіті Қазы Нұрмұхамедұлын атып өлтіреді. Сол кезде Алаштың тұңғыш құрбаны  атанған Қазы жайында  Бейімбет Майлин: «Қазы марқұм жасы жиырма екіде еді… Семейде екі класты школды бітіргеннен кейін, бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде ҰЛТ ТІЛЕГІН ЗОР КӨРІП, бірге оқып жүрген достарымен милицияға жазылды», – деп «Абай» журналына шәйіт болған Қазының ерлігін тебірене отырып, Шәкәрім қажының сөзімен әрлеп, Міржақыптың жоқтауымен жылап отырып жария қылады. – Біз де жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек», – деп ой қорытады. Сондағы Бейімбеттің: «жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек», – дегендегісі қандай жүрек? Алаш жолында шәйіт болған, өз еркімен оқуын тастап, ұлт мұраты жолында әскер қатарына тұрған кешегі Қазылардың арманы-тілегі халқымен бір еді. Алаш әскеріне әр ауыл өз азаматын ер-тұрманмен, қару-жарақпен, киіммен қамтамасыз етіп, жүректеріне ұлтқа қызмет ету деген Ұлы Арманның дәнегін егіп, ақ батасымен жіберетін еді. Ауылда қалған кәрі әке-шешенің, сағынышты жардың,  балдай тәтті балапандарының мөлдіреген көз жанарын шырақ етіп жағып, сол шырақтың жылуымен жан жылытқан Алаш әскерилерінің тағдырын 100 жыл өткен соң зерттеп, зерделеп, сүйсініп,  оқып, көңілге тоқып отырмыз. Бұл – Алаш әскері. Ең қиын заманда қызмет еткен, елін қорғап, әділдік пен адамдық жолында жүрген асылдардың тарихта қалған ізі.

Ал біздің қазіргі әскерилеріміздің хәлі қандай? Біздің әскер мемлекетке қызмет етудің астарында халыққа  қызмет ету деген асыл мұрат барын біле ме деген сауалға жауап берерде, сәл кідіріп ойланамын, себебі күдік бар… Ең үлкен олқылық осы тұста. Қазіргі қоғамда қаңтар оқиғасына дейін де, кейін де біздің әскерилеріміздің, милиция, полиция, т.с.с. қай-қайсысының болмасын ел ішіндегі беделі түсті. Себебі өз беделін түсіруге келгенде олар алдына жан салмады. Жемқорлық пен қатыгездік, ашкөздік пен надандық, әдепсіздік пен сатқындық милицияның прототипіне айналды. Қауіпті құбылыс. Мемлекет өз әскерін тәрбиелей алмады.  Біздің милицияның заң аясында жұмыс істеуі, интеллектуалды деңгейі, халықпен араласуы, халық құрметіне бөленуі реформаны қажет етеді. Бұл реформаның негізі әскерилердің білімін көтеріп, идеология саласын реттеуге негізделуі керек деген пікірдемін.

Тағы бір түйткіл, біздің мемлекет ақпараттық соғыс жүрсе, міндетті түрде ұтылады. Егер қоғамды елең еткізген қандай да бір мәселе туындаса мемлекет тарапынан ресми жауап шыққанша  10 блогер пост жазып, 20 журналист мақала шығарып үлгереді. Тасбақаның жүрісінен баяу мемақпарат саласы сау адамның сабырын сарқып ішеді.  Бір күн ойланып, бір түн толғанып бергендегі жауабы бірер сөз болған соң қадірсіз болмағанда қайтеді? Осыншама ұрыншақ, осыншама  сылбыр болар ма еді деп ойлайсың? Әлде, біз білмейтін сырлары бар ма екен? Қалай болғанда да мен секілді «мемлекет не дейді екен?»  деп күткен қарапайым адамдардың да көңілі қайтып қалатындай. Күту дегеннің өзі күйдіргі хәл…

ХХ ғасыр  ғылымы дамымаған, әскері қалыптасып үлгермеген (кәсіби, қарулы атты әскер), дархан даланың төсінде бағзының салтымен өмір сүремін деп аңғал көңіліне дақ түсірмеген қазақты аяған жоқ. Демек, бізге әскер керек, ғылым керек, тіл керек, діл керек. Бірақ, ең бастысы, осы керектің бәрін бір арман-тілекпен түйіндеу керек. Ол түйін – МЕМЛЕКЕТШІЛДІК идеясы. Бұл түйіннің бір тілекке қосылу алғышарты – Тіл мәселесі. Қазақтың тілінде қазақтың тарихымен сусындаған азамат отаншыл, мемлекетшіл, халықшыл болады. Мысалы, кешегі қаңтар шеруінде халықпен шығып сөйлесуге жарайтын қазақтілді билік басында азаматтар аз болды. Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ. Бәріміз де шеруге шыққан халықтың негізі қазақтілді аудитория екенін көрдік. Қазақтілді аудиторияға ұлттық рухта сөйлей алатын азаматтар керек. Орыстың тіліне еш қарсылығым жоқ (сүйікті жазушым Толстой мен Пушкинді туғызған орыс жұртының өз қадір-қасиеті бар), алайда біз үшін, орыс тілі кешегі Алаш арыстарын абақтыда қинап, 37-де атып, тың игеруде қорлап, 86-да қиянат қылған, жанымыздың жарасына тұз себетін, Жириновский секілді ессіздері жүйкемізді тітіркендіріп тұратын тіл. Сондықтан қай уақытта болмасын, орыс тілінде айтылған ақпаратқа қазақтілді аудитория тіксіне қарайды. Тіл мәселесін кейінге ысырған сайын, көптеген мәселелер қордалана бермек.

Кезінде «Мұсылман, еврей, христиан сынды түрлі дін өкілдерінен тұратын халықтардың басын біріктіріп, билеу үшін барлық халықтың ертеңгі күнге деген үміті мен сенімі Ресей империясымен байланысты болуы керек»,  – деген  саясатты ұстанған. Бізге де тұтас халықтың үміті мен сенімін мемлекетпен байланыстыру қажет. Мемлекетшілдік идеясы ең асыл, сакральды мәнге ие болу керек.  Қажет болса, Алаш идеясын күн талабымен интеграциялап, Әлихан мен Ахметтердің ұлтжандылығы үлгі ретінде насихатталып, мемлекет жолындағы қызмет ар ісі саналса, бағыт-бағдарымыз айқындалып қалар еді. Әлихандар өнеге қылған оқу мен ғылым әр адамның құбыласына айналуы қажет. Білім – адамзат тарихын өзгерткен ұлы күштің бірі.  «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», – деген хәкім Абай сөзі өмір бәйгесіндегі ойтұмарымыз болса дейсің. Адамзат баласының небір ұлы ойшылдары мен ғұламалары бір ойға тоқайласқан болатын. Ол: «Барлық зұлымдықтың бастауы – надандық», – деген. Жемқорлықтың да, қатыгездіктің де, бейберекетсіз қоғамның да, керек десеңіз, терроризмнің де төркіні – надандықта. Надандықтың емі – әдеп пен оқу-ғылым.  

Терреризм деп жаңа айтқанымыздай, қаңтар оқиғасына қатысты терроризм мәселесі қайта бой көрсетті. Бұрынырақта бізге қатысы жоқтай көрінетін осы сөз соңғы уақытта қайта-қайта қос құлағын қылтитып, бәлелі жерде көріне береді. Осыған қатысты өзімнің сүйікті шығармаларымның бірі Халед Хуссейннің «Батпырауық қуған жан» шығармасынан мысал келтіргім келеді. Деталь.  Жас бала: «Егер бұл мемлекеттің билігіне сақалдылар келетін болса, онда Ауған мемлекеті жоқ деп білу керек», – деген профессор әкейдің сөзін шекарадан өтіп, өз елінен қашқанда есіне алады. Көрмеген қорлығы жоқ. Көсе болғандықтан өтірік сақал жабыстырып күн көрген, медициналық мақсаттағы спирт т.б өнімдерді пайдалануға тыйым салып, баланы анасының құрсағынан жарып алған байырғы жабайы тәсілді қолданған Ауғанстанның трагедиясын тек осы шығармадан ғана емес, тарихи мысалын Сириядан, Ливиядан көрдік. Қазіргі таңда БҰҰ мәліметіне сенсек, Ауғанстанда 20 млн адам ашаршылық жағдайын бастарын өткеріп жатыр. Бір тілім нанға зәру қарапайым халық ішкі органдарын саудаға салып, кейбірі тіпті балаларын саудалап жатыр дейді. Осының бәрін көріп, біліп отырып, дәл қазір мен мемлекетіме қарсы пікір білдірмеймін, сын айтсам, шын айтсам, оң ниетпен айтсам деймін. Менің жүрегімдегі тыныштық ел тыныштығымен бір. Мемлекетшілдік идеясы билік пен халықтың мүддесін бір мақсатқа жұмылдырамаған кезде қасіреттің оты тұтанады. Қазақстан үлкен қауіптен аман шықты десек те, терроризм мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. 5  күн интернет өшіп, қосылған кезде Президент неге бейберексіздікке тоқтау салмайды деген халықтың жыларман өтініші мен көзжасын көріп, көп тілеуі қабыл болып еді. 40 күн өтпей жатып,  ұмытылып барады. Ұмытшақтықтың кесапаты зор.

Сөз соңын рухани құбылама айналған «Алаш» мысалынан келтіргім келеді. Алаштықтардың: «Ел қорғау құрғақ сөздің желісіне байланбайды, қаласты көңілден, жігерлі қолдан шыққан іске байланады», – дегені бар еді. Ендеше, осы сөз әрқайсымыздың жүрегімізде мөрленіп, жұрт үшін қылар ісіміз берекелі болсын деген тілектемін. Арыстарымыз айтып кеткен Ұлт мұраты жолында «бай малымен, молда уағызымен, ғалым оқу-білімімен» Алаш идеясына қызмет етсе, ақиқат таңының атқаны сол болмақ! Әзірге ой орамы осы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір